Ұлттық спорт пен ойындардың теориялық және педагогикалық негіздері

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 01 Марта 2013 в 14:58, автореферат

Описание

Дене тәрбиесі басқа да тәрбие құралдары сияқты жас баладан бастап, барлық жастағы адамдар тәрбиесінде кеңінен қолданылады. Дене тәрбиесін игеру кезінде оның теориялық және тәжірибелік бағыттары негізге алынып, оқу-жаттығу жұмыстарының жоспарлары мен бағдарламалары түзіледі. Осы бағдарламалар негізінде педагогикалық жұмыстардың принциптері мен әдістемелері жасалады.

Работа состоит из  1 файл

Автореферат Алимханова.doc

— 1.60 Мб (Скачать документ)

Қазақ халқының ішінде таралған балуан күрестерін төмендегідей бірнеше түрлерге бөлуге болады: қазіргі еркін күреске ұқсас кеуде жалаңаш, жалаң аяқ, белбеусіз күресу түрі, шапан киіп, белдік буынып күресу, белдік буынып, кеудені жалаңаштап күресу, аяқ киімді шешпей күртеше немесе шапан киіп күресу, отырып күресу халық арасында кеңінен таралғандығын көруге болады. 

Бүгінгі таңда дүние  жүзінде 250 тарта жылқы тұқымы бар, оның 17 түрлі таза қанды тұқымы Қазақстандағы ат заводтарында дамытылған. Кеңес Одағы кезінде Қазақстанда 12 ат заводы, 32 асыл тұқымды жылқы фермасы болған. Қазір соның «Луговой» және Қостанай, Көкшетаудағы ат заводтары ғана қалды.

Он тоғызыншы ғасырдың екінші жартысында ұлттық ат спорты жарыстарын ұйымдастырып, оны «еуропалық үлгіде» өткізуге көп күш салды. Оның негізі 1860 жылы Бөкей ордасында қаланды. Ат спорты ойындары мен жарыстар 3 жылда бір рет өткізіле бастады.

Спорттық жарыстардың  жаңа түрлерінің дамуы  мен нығаюына Қазақстанның Ресейге қосылғанынан кейінгі жәрмеңкелер де елеулі ықпал  етті. Мәселен, 40-шы жылдарда әйгілі Қарқаралы  жәрмеңкесінің де негізі қаланды, ал, арада 8 жыл өткен соң, Қазақстандағы ең ірі Қоянды жәрмеңкесі құрылды. XIX ғасырдың екінші жартысындағы Түркістан өлкесіндегі ең ірі жәрмеңке Әулиеата жәрмеңкесі болды.  Жәрмеңкелерге 50 мыңнан астам адам жиналды. Бұлардың бәрі де спорттық жарыстардың өзіндік ортасы болып саналады. Бұларда шабандоздар, мергендер, палуандар өнер көрсетті.

Ұлы Отан соғысы жеңіспен аяқталғаннан кейін қазақтың ұлттық спорт түрлерінен өткізілген жарыстар 1945 жылы Абайдың 100 жылдығына, 1946 жылы Жамбылдың 100 жылдығына арналып, оған Қазақстанның әр аймақтары мен ауылдарынан мыңдаған спортшылар қатысты. Осы спорттық мерекені ұйымдастыруға көрнекті қазақ жазушылары М. Әуезов пен С. Мұқанов және басқалар белсене араласты. Сондай-ақ, ат спортының классикалық түрлерінің өкілдері де үлкен табыстарға қол жеткізді. Шабандоз С. Қалмұрзин «Каток» сәйгүлігімен бір тәулікте 281,9 шақырымды шауып өтіп, теңдессіз нәтиже көрсетті. Бұл бүкілодақтық жаңа рекорд еді.

Тоғызқұмалақтың пайда  болуын осыдан төрт мың жыл бұрын болған деген  көзқарас бар. Осы ойынның және осы ойынға ұқсас ойындардың таралу аймақтарына қарасақ оған Таяу Шығыс, Орта Азия, Европа, Ресей, Монголия, Қытай деп тарата беруге болады. Осы географиялық атаулардан тоғызқұмалақ ойынын Ұлы Дала жеріне көршілес жатқан елдердің бәрі білетіндігін байқауға болады.

Орта Азия көлемінде тоғызқұмалақ туралы алғашқы құнды еңбекті жазған  түркітанушы С. Аманжолов болды. Оның 1936 жылы шыққан «Тоғызқұмалақ» кітабында, ғалым ойынның қазақ пен қырғыз халықтарының арасында көп ұшырасқанын, көшпенділердің салт-дәстүрінінің негізінде шыққанына тұжырымды деректер келтіреді.

С. Аманжоловтың [1936] «Асыра сілтемей айтқанның өзінде бұл ойын шахмат ойынынан кем емес, әрі қызықты әрі маңызды. Сонысына қарағанда, бұл тез араның ішінде жалғыз Қазақстан емес, бүкіл Кеңестер одағына тарап кетуіне күмәніміз жоқ» - деп ХХ ғасырдың басында айтқан еді. Бірақ Кеңестер Одағы кезінде тоғызқұмалақ ойыны басқа ұлттық ойындар сияқты теріс идеологияның салдарынан тоқырауға ұшырады.

Рессей зерттеушілерінің ішінде тоғызқұмалақ туралы жазған этнограф Н. Пантусов болды. Оның «Киргизская игра тогузкумалак» атты мақаласы 1906 жылы Қазан қаласында  жарыққа шықты. Бұл еңбек туралы түркітанушы С. Аманжолов; «Пантусовтың жазған ойыны тым жабайы, кей жері дұрыс емес, сондықтан да ол бұрын  көңілін тартпаған, тарта алмаған болуы  керек» -деп ойынның мазмұнын дәл бере алмағандығын атап өтеді.

Бұдан кейінгі ресейлік этнографтардың ішінде тоғызқұмалақты зерттеген А. Попова болды [1956].  Ол Монғолияның шығысындағы Баянөлгейдегі қазақ ауылдарын аралап, Қазақстанға беймәлім тугулаах, есонкоргоол және тоғызқұмалақ ойындары туралы материалдар жинақтады.

Ғалым аталған  ойындардың барлығын қазақтардың мұрасы деп  есептеген.  Сонымен қатар зерттеуші  тоғызқұмалақты Ауғанстанда да ойналады деп, ойынның таралу аймағын кеңейтіп көрсетеді.

Археологиялық материалдарда  кездесетін садақ қалдықтары, адырна сүйектер, жақтың кішкентай модельдері, көне Түркілердің бейнелеу өнерлерімен ескерткіштеріндегі бұл садақтың суреттері оның формасын, көлемін, белге тағыну әдісін толық қалпына келтіруге мүмкіндік берді.

Кейін жақтың серпіні  күшті болу үшін ұзын сүйек адырнаның  екі иініне ішкі жағынан бекітіліп, белімен бастарына сүйек қолданылмайтын болды. Садақтың бұл жаңа үлгісі Монғол шапқыншылығы кезіне сәйкес келгендіктен, бұл садақты шартты түрде Монғол садағы деп атайды.

Қазақтардың тұрмыс-тіршілігінде, жауынгерлік өнерінде, ұлттық ойындарында садақты қолдану кең тараған. Садақ негізінен соғыс қаруы ретінде қолданылып, қолдану мақсатына, қолданушының жас ерекшелігіне, жасау түріне және қолданылған заттарына қарай көптеген түрлерге бөлінеді.

Садақ түрлері: «Сақ садағы», «Гүн садағы», «Түркі садағы», «Монғол садағы», «Қазақ садағы»,  «Саржа садақ», т.б.

Жебе түрлері туралы зерттеуші Ерлан Карин: [2010] «Қазақ ауыз және жазба әдебиетіндегі жебе түрлерінің атаулары» деген еңбегінде,  «Біздің анықтағанымыздай садақ жебесінің 100-ге жуық түрлері белгілі, ал осы жүз түрлі жебенің 40-қа тарта ғана атауларының жиырмаға жетер-жетпес түрлері сәйкестендірілді», - дей келіп, көшпелі әскери өнер мен дәстүрдің қазақ даласында қаншама күрделі даму кезеңдерінен өткендігін көрсетеді.

Қазақтың қару-жарағын  зерттеуші Қалиолла Ахметжан  [1996] садақ оқтарын, оқ ұшының формасы және жасалу материалдарына байланысты топқа, жебе басының пішініне байланысты типке, қимасына байланысты нұсқаға бөледі.

Жебелерді түр-түстеріне  қарай: сырлы жебе, сұр жебе, сары жебе, ақ жебе, көк жебе, қызыл жебе, т.б. деп атайды.

Жебелердің сабының  түрлеріне және жасалған материалдарына қарай: «қу жебе», «қайың оқ», «тобылғы сапты», «қамыс оқ», «ағаш оқ», «ши  оқ», атаулары кездеседі. (Мысалы, «темір оқ»), кейінгі кезде жаңа материалдарды қолдануға байланысты жаңа аттар пайда болды.

Қазір Қазақстан бойынша  ұлттық садақ атудан республика бойынша, Алматы қаласы бойынша «Алтын жебе» федерациясы жұмыс істейді. Федерация дерегі бойынша садақ атудан 2 жаттықтырушы, 20 жаттығушы бар.

Ұлттық ойындар мен  спорттың даму тарихына шолу қазақ  халқы арасында ойындар мен әртүрлі  жарыстар өткізу ежелден дәстүрге айналғандығын дәлелдейді, ас-тойларда, жәрмеңкелерде ойындардың көптеген түрлерінен жарыстар өткізіліп тұрған. Қазақ жеріне Кеңес Одағы орнағаннан соң, көптеген жаңа спорт түрлері еніп дамыды.

 

Ұлттық спорт  пен ойындардың педагогикалық негізі

Халықтардың ғасырлар бойы ұрпақ тәрбиелеуде жинақтаған бай тәжірибесін халықтық педагогика деп атайды. Педагогикалық- энциклопедиялық сөздікте [1966]: «Халық педагогикасы дегеніміз – ұлттар мен ұлыстардың әлденеше ғасырларға созылған ұрпақ тәрбиесіндегі ұлттық әдет ғұрыптары мен дәстүрлерінің, мәдени ойлау процесінің эмпиристикалық негіздегі озық үлгілерінің жиынтығы. Халық педагогикасының негізгі түйіні – еңбек тәрбиесі және өндірістік білім, дағды, шеберліктерді жас ұрпақтың бойына дарытып, адамгершілік, имандылық рухында тәрбие беру» деген анықтама берілген.

Осыған қосарымыз адамгершілік, имандылық деген сөздің алдына елін- жерін сүйетін патриот адамды тәрбиелеу деген сөзді енгізу қажет деп білеміз.

Қазақ халқының өзіне  тән мәдени, рухани, әдеби дәстүрі, тарихы көптеген мыңжылдық уақыт аралығында қалыптасты. Шығыс мәдениетінде өзіндік үлкен орны бар Ұлы Даланы мекендеген түркі тектес халықтар бір тілде сөйлеп, әлем мәдениетінің қалыптасуына теңдесі жоқ үлес қосты.

Педагогика  халықтың ұрпақ тәрбиелеудегі жинақтаған тағлымдарын ғылыми жүйеге келтіріп зерттейтін, оны өмірде қолданудың әдістемелік тәсілдерін теориялық және тәжірибелік тұрғыдан негіздейтін сала болып табылады.  

Халықтық педагогиканың  бір саласы-этнопедагогика. Ғылымда этностардың өмір сүру ұзақтығын 1200-1500 жыл деп мөлшерлейді. Тарих сахнасында этностардың бір-бірімен қосылып араласуы салдарынан бір этностардың жоғалуы кейбірінің жаңадан пайда болулары туралы мысалдар көптеп кездеседі. Бірақ бұл мерзім экономикалық, әлеуметтік, географиялық жағдайларға байланысты бірде ұзақ, бірде қысқа болуы мүмкін.

Қазақ халқының өзіне  тән мәдени, рухани, әдеби дәстүрі тарихы көптеген мыңжылдық уақыт аралығында қалыптасты.

Шығыс мәдениетінде өзіндік  үлкен орны бар Ұлы Даланы мекендеген түркі тектес халықтар бір тілде  сөйлеп, әлем мәдениетінің қалыптасуына теңдесі жоқ үлес қосты.

Дене тәрбиесіне арналған жаттығулардың ішінде ең маңыздысы халық ойындары болып табылады. Ойындардың пайда болуын дене тәрбиесі тарихы алғашқы қауымдық құрылыс дәуірінен бастау алып, оның адамдар тұрмыс– тіршілігінде  негізгі бір маңызды орны болғандығын дәлелдейді.

Қазақтың халықтық педагогикасының дамуын ғалым п.ғ.д., профессор С. Қалиев [2003] шартты түрде төмендегідей кезеңдерге бөледі:

  • бірінші дәуір: б.д.д. тас, қола замандары. Алғашқы қауымдық құрылыс кезіндегі тәрбие;
  • екінші дәуір: б.д.д. VII –III ғ.ғ. б.д.v ғ. дейін. Сақтар мен гундердің жауынгерлік тәрбиесі;
  • үшінші дәуір: VI-IX г.г. аралығы. Ұлы түрік қағанаты кезіндегі тәлім-тәрбие;
  • төртінші дәуір Х-ХV ғ.ғ. аралығы. Араб-шығыс мәдениеті, орта ғасыр ойшыл-дарының тәлімгерлік ой-пікірлері;
  • бесінші дәуір ХV-ХVIII ғ.ғ. аралығы. Қазақ хандығы кезіндегі ұлттық-тәлім. тәрбие көріністері/жыраулар поэзиясын-дағы тәлімдік ойлар;
  • алтыншы дәуір ХVIII ғ.-дан xx ғ.ғ. 20-ж. дейін. Қазақстанның рессейге қосылу кезіндегі ұлт -азаттық козғалысы мен ағартушылық –демократиялық бағыттағы тәлім-тәрбие;
  • жетінші дәуір 1920-1990 жж. Аралығы. Кеңестік дәуірдегі ғылыми педагогиканың қалыптасуы;
  • сегізінші дәуір 1991 ж. кейінгі егеменді ел. Тәуелсіз Қазақстандағы ұлттық тәлім-тәрбиенің өркен жаюы.

Жоғарыда айтқанымыздай, халықтық педагогиканың негізгі бір саласы дене тәрбиесі болып табылады, осы дене тәрбиесі педагогикасының көне бастауы ұлттық ойындардан бастау алады да, бала тәрбиесінен бастап, ел қорғауға қажетті адамдар тәрбиелеуге дейінгі маңызды жұмыстар осы халықтық дене тәрбиесі педагогикасының  тәжірибелерінде жинақталған.

Педагогикалық теорияда ойындар түрлері, оның ішінде ұлттық ойындар баланың ақыл-ойының және денесінің дамуына қажетті негізгі қызмет түрі ретінде қарастырылады. Ойын балаға қажетті қозғалыс пен эмоциялық серпілісті қанағаттандыратын іс-әрекеттер туындатып, бала психикасының дамуына себепші болады.

Осы ғасырлар бойы жинақталған бай халықтық дене тәрбиесі, оның ішінде ұлттық ойындар тәжірибесі Қазақстан Егеменді ел болғанға дейінгі уақытта жүйелі түрде зерттеліп, этнопедагогиканың маңызды бір саласы ретінде танылмады. Дене тәрбиесіне байланысты жинақталған мол тәжірибелер мектепке дейінгі мекемелерде, орта мектеп, орта және жоғары оқу орындарында негізгі пәндердің бірі ретінде қарастырылып  оқытылмады.

Кеңестік дәуірдің алғашқы жылдарында  1918 жылы Ташкент қаласында өткізілген Түркістан аймағының халыққа білім беру сьезінің маңызы үлкен болды. Осы сьезде  халықтың жаппай сауатсыздығын жою мақсатында мұғалімдер даярлау, мектептер ашу мәселелері көтерілді. 1921 жылы Қазақ Орталық Атқару Комитеті жасы 16 мен 51 аралығындағы білімі бар адамдарды сауатсыздықты жою мәселесіне жұмылдыруға шақыру жұмыстары қолға алынды. 1921 жылы Түркістан аймағында төрт институт ашылды. 1921 жылдары 2410 бастауыш және орта мектептер болды, бірақ осы мектептердің көпшілігі 1922 жылдан бастап жабыла бастады. 1925 жылы өткізілген 5-ші Жалпықырғыздық (Қазақтық) сьездегі Халық ағарту комитетінің мәліметі бойынша осы кезеңдерде халық ағарту саласында айтарлықтай жетістіктер болмағандығын атай келе, оқыту тілі бойынша орыс тілінде -1183, қазақ тілінде-649, өзбек тілінде-33, неміс тілінде-24 болды деп деректер келтіреді К.Кунантаева [2006].

1924 жылдан бастап мектептерге дене шынықтыру сабағы енгізіле бастайды, бірақ мамандардың жетіспеуі салдарынан дене шынықтыру сабақтары өткізілмеді. Осы кезеңдерде Халық ағарту комитетінен басқа дене тәрбиесі мен спортты дамытуға арналған кәсіподақ үйірмелері ашыла бастады. 1926 жылы жоғары оқу орындары ректорларының жиналысында студенттер арасында дене тәрбиесі жұмыстарын өткізу туралы шешім қабылданды. Жоғары оқу орындарында аптасына 1-2 курс студенттері үшін 2 сағат, техникумдарда аптасына 1 сағат дене шынықтыру сабақтары өткізіле бастады, сабақтар жеңіл атлетика, шаңғы, спорттық ойындар, бокс, мылтық ату сияқты түрлерден өткізілді.

Қазақ жетіжылдық мектептерінде 1925-1926 оқу жылдарына арналған оқу  бағдарламасында дене шынықтыру  сабағы енгізілгенін көреміз, бірақ  дене шынықтыру сабағына арналған бағдарлама туралы дерек әзірге табылмағандықтан, біз сабақ мазмұны туралы мағлұмат келтіре алмадық.

1929 жылы қаңтардың 24- де Қазақ  алфавиті латын қарпіне ауыстырылды.

1940 жылдың қаңтар айында қазақ  алфавиті латын әрпінен орыс  графикасына «Қазақ халқының  өтініп сұрауы бойынша» ауыстырылды.

1929 жылы Бүкілодақтық Коммунистік партияның Орталық комитеті Қаулысында «дене тәрбиесі коммунистік тәрбиенің түрі ретінде оның басты бағыттары барлық саяси, мәдени және білім беру мемлекеттік мекемелерінің жұмыс жоспарларына енгізілуі қажет» деп шешім шығарылды.

1931 жылы Қазақстанға  Бүкілодақтық дене тәрбиесі комплексі  (БГТО,ГТО) енгізіледі. Осы комплекс  Қазақстандағы барлық дене тәрбиесі  жұмыстарының негізі болып саналып, 1934 жылдардан бастап әртүрлі жарыстар, спартакиадалар өткізіле бастайды. БГТО және ГТО арналған жарыстар бағдарламаларына ұлттық ойындар түрлері енгізілмеді. Осы жылдары Қазақстандағы барлық  педагогикалық техникумдарда сабақтар орыс тілінде өткізілді.

Информация о работе Ұлттық спорт пен ойындардың теориялық және педагогикалық негіздері