М.Мағауин повестерінің

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 23 Марта 2013 в 14:21, реферат

Описание

«М.Мағауин повестерінің көркемдік ерекшеліктері» деп аталатын тарауында жазушының повестеріне көркем талдау жасай келе, ондағы ұлттық идеяның көрінісіне назар аударамыз. Повестері кеңестік жүйе кезінде жарық көргендіктен, ондағы автордың ұлттық мәселелерге дендеп бара алу мүмкіншіліктеріне, символдық, астарлы ойлардың айтар шындығына, ұлттық характер, ұлттық психология, ұлттық сананың көркемдік көрінісіне тоқталамыз. Өйткені ұлттық идея алдымен ұлттық мінезі, санасы қалыптасқан қаһармандардың рухани болмысы арқылы көрінеді. М.Мағауин қандай кейіпкерді нысанаға алса да, қандай тағдырды талдауды ойласа да, ұлттық мінез, ұлттық орта, ұлт жағдайынан ғана туындар әлеуметтік ой айтады.

Содержание

КІРІСПЕ...................................................................... 4


І ТАРАУ. Жазушылық шеберлік
қырлары.................................................. 7

ІІ ТАРАУ. М.Мағауиннің повестерінің
көркемдік ерекшеліктері..................... 30

ҚОРЫТЫНДЫ........................................................... 53


ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР.................... 58

Работа состоит из  1 файл

М.МАҒАУИННІҢ ПОВЕСТЕРІНІҢ.doc

— 234.00 Кб (Скачать документ)

М.Мағауин  қаһарманның  ішкі  дүниесінің   сұлулығын  ашуда  кейіпкерді  өмірдің  бірыңғай  күнгей  бетіне  шығара  бермейді.  Қаһарман  бірде  қуанса,  бірде  ренжиді.  Кейде  жаны  жәбірленіп,  қатты  күйініп  кеткенде,  өзін  өзі  ұстай  алмай,  шарасынан  асып  төгілетіні  де  бар.  Ал,  кейде,  тіпті,  жұқарып,  өте  жүдеп  отыратын  кездері  де  болады.  Мұның  бәрі  де  адамның  табиғатына  тән  құбылыстар.  М.Мағауин  осы  күйлердің  сырын  ашып,  сол  арқылы  ұнамды  қаһарманның  ішкі  әлемінің  әдемілігін  таныта  біледі.

Қытымырлау  шешенің  ырқымен  кете  бермей,  адамға  ылғи  жақсылық  жасауды  тілеп  тұратын  қайырымды  Марат  («Шешей»  әңгімесі),  жетім көжекті,  жаралы  балықты аяп,  жүрегі  елжірейтін,  мініп жүрген  ақсақ атының  үркіп,  жардан  құлап,  мойыны  қайырылып,  артқы аяғын әлсіз  соғып  өлгелі  жатқанын  көргенде,  еңіреп  жылап  жіберетін  Едіге  («Жыланды  жаз»  повесі)  бізге  жан-дүниелерінің  айнадай  тазалығымен  ұнайды. 

М.Мағауиннің  жаңа  кітабындағы  шығармаларының  және  бір  жақсы  сапасын  атап  айтуды  мақұл  көреміз.  Жазушы  шығармада  адамгершілік  мәселесін  әлеуметтік  өмірдің  және  бүгінгі  уақыттағы  адамдар  тұрмысының  проблемаларына  шебер  қабыстыра  біледі. 

Мәселен,  «Көк  кептер» әңгімесінде биік  мұнаралы  музей үйінің  күнгей  жағындағы кішкене  алаңға  күнде  келіп,  қолындағы  нанынан  там-тұмдап  үзіп  алып,  жыпырлаған  көгершіндерді  үн-түнсіз  жемдеп  отыратын  ақсақалдың  не  ойлағаны  бар?  Құстардың  жемге  ұмтылып,  шүпірлегенін  қызық  көре  ме?  Әлде  уақыт  өткізу  үшін  тапқан  бір  ермегі  ме?  Бірақ  өңі  неге  ылғи  томсарыңқы  тартып  отырады?  Бақсақ,  бұл  ақсақал  жалғыз  баласының  бір  кездегі  сәби  шағын,  күнде  қызметтен  қайтқанында  еркелеп  алдынан  шығатын  тәтті  мінезін  сағынады  екен.  Ұлы  ер  жетті,  институт  бітірді,  үйленді.  Қазір  өз  семьясымен  бөлек  тұрады.  Қызыметі  де,  тұрмысы  да  жақсы.  Бірақ  бір  кезде  бала  боп,  ата-анаға  еркелегенін,  ата-ана  оның  сол  мінезін  сағынатынын  ұмытып  кетіпті.  Шығармада  әке  мен  бала  проблемасы  алға  тартылады. 

Халық  өнерпаздарының  небір  тамаша  күйлерін  көкірегінде  сақтаған  қарт  домбырашы  Тоқсаба  сол  асыл  қазынаны  кейінгі  ұрпаққа  қалдыру  үшін  қам  жеп,  өзі  білетін  саздарды  пластинкаға  жаздыртпақ  болады.  Бірақ  жоғарғы  ғылыми  мекеменің  өнер  саласын  басқарып  отырған  Жолдыбаев  көне  күйлерді  бағаламайды,  оларды  тозған,  бүгінгі  күннің  қажетіне  жарамайды  деп  санайды.  Тоқсабаның  тартқан  күйлерін  тым  салғырт  тыңдайды.  Қарт  домбырашы,  әрине,  мұндай  жайға төзе  алмайды,  домбырасын  орап  алып,  аулына  тартып  отырады.  Жазушы  бұл арада халықтық  мұраны  қастерлеу  және  оны бүгінгі өмірде  жарасымды пайдалана білу  туралы  келелі  мәселені  қозғаған.  Әңгіме  тек күй жөнінде ме?  Айталық,  медицинада  халықтық  емді  пайдалану  проблемасы  да  осы  мәселеге  сабақталып  жатыр.

Тоқсабаның  күйзелісіне  байланысты  және  бір  жағдайға  оқырман  назар  аударды.  Бүгінгі  кейбір  жастар  халықтың  терең  сырлы,  толқынды,  шымырлаған  асыл  саздарына  құлақ  қоймай,  шетелдің  қайдағы  бір  даңғырлаған,  қиқылдап-шиқылдаған  әуендеріне  әуестенеді.  Соның  әуеніне  келтіріп,  қиқалақтап,  қол-аяқтары  ербелеңдеп,  талма  ауруы  ұстаған  адамша  беттері  қисайып,  селкілдеп  билейтіні  бар.  Тоқсабаның  өз  баласы  Айдабол  да – сондайлардың  бірі.  Даңғырақ  музыканы  дарылдатып  қойып,  қиқалақтап  билеп  жүрген  баласын  көргенде  Тоқсаба  шошып  кетеді.  Сіз  оны  жаңаны  түсіне  алмады  деп,  жазғыра  алмайсыз.

Ал,  осындағы  «жаңа»  дегеніміздің өзі не?  Даңғырлаған музыка  мен селкілдеген би  ме?  Кейбір  жақтаушылар мұны  «мода»  дегісі  келетін шығар.  М.Мағауин қарт  күйшінің  жан күйзелесінің  себебін ашып  туған елдің дәстүрін  жоғары  ұстау Отанға  деген ыстық махаббатты  білдіретін  асыл  қасиет  екендігін,  бұл  қасиеттен  ада  болу  ездікке  жататынын  дәлелдейді. 

Оқырман  қауым  әр  жаңа  шығарманы  бағалағанда,  үш  шартты  басшылыққа  алатынын  білеміз.  Жазушы  не  айтқысы  келеді  екен?  Шығарманың  мазмұны  мәнді  ме?  Көркемдік  сапасы  қандай?  Осы  үш  сауал  тұрғысынан  қарағанда,  М.Мағауиннің  жаңа  кітабы  оқырмандар  көңілінен  шығатынына  сенеміз.  Сонымен  қатар,  айта  кетер  бір  ескертпеміз  бар:  жазушының  авторлық  баяндауындағы  бейнелеу  тілі  мен  қаһармандардың  сөйлеу  тілі  көп  реттерде  бірсарындылау  көрінеді,  кейіпкерлердің  сөз  саптау  ерекшеліктері  (әсіресе,  бірінші  жақтан  жазылған  шығармаларда)  ескеріле  бермейді.  Кейіпкердің  сөз  саптасынан  оның  ақыл-ойының,  сезімнің,  мінез-құлқының,  бір  сөзбен  айтқанда,  ішкі  әлемнің  қалпын  танытатын  белгілері  көрініп  отырмақ.  Демек,  бұл  образ  қырларын  ашу  үшін  қажет  компонент  екенін  ұмытпау  керек.

Қандай  да  болмасын  прозалық  шығарманың  негізгі  обьектісі  – адам  екендігі  белгілі. Адам  образын  жан-жақты  ашып  көрсету,  оның  рухани   жан-дүниесін,  әлеуметтік  іс-әрекетін,  адамгершілік  әлемін,  бойындағы  ұлттық  қасиеттерін  т.б.  аспектілерді  бейнелеу – суреткердің  негізгі  міндеті  болып  табылады.

М.Мағауиннің  «Жүйрік»  повесіндегі  ұлттық характер  мәселесіне   үңілсек,  одан  біз  автордың  өзіндік  дара  суреткерлік  қолтаңбасын  жазбай  танимыз. Ұлттық  характер  туралы  мына  пікірге  тоқталып  өтейік.  Мәселен, «Ұлттық  характер  - халық  өмірі  тарихының  нәтижесі  деп  қараймыз; оның  сипатынан  халықтың әлеуметтік  шындығын  көреміз» (21,97). Демек,  адам  қоғамнан,  ұлт  тарихынан  тысқары  дамымайды; ол  туған  халқының  әр алуан  қасиеттерін  бойына  жинақтаған,  өзі  өмір  сүріп  отырған  кезеңнің  әлеуметтік   шындығының  көрсеткіші  болып  табылады.

Айтылған  пікірімізге  байланысты  М.Мағауиннің  «Жүйрік»  повесіндегі орталық бейне – Мамай қарт  образын қарастырайық. «... Мамай - аңыздағы  Толыбай сыншының  төңірегіндегі адам.  Қай аттың  қандай  жағдайда  қанша жерге  жүгіретінін,  қайсысының  нешінші  болып келетініне  дейін  алдын-ала  қапысыз  біліп  отырады-мыс» (6,405). Әрине, Мамай – осы  күнге  аңыздан  жеткен  адам  емес, ол  өз бойына  туған  халқының   ұрпақтан-ұрпаққа  мирас   болып  келе  жатқан  атбегілік   қасиетін  сіңірген  қарапайым ауыл ақсақалы.  Оның  әрбір қимыл-әрекеті арқылы,  ойы,  наным-сенімі  ықылым  замандардан бері  қалыптасқан қазақи  ерекшеліктердің жиынтығы  ретінде көрініс тапқан. Яғни,  адамның  тұлға ретінде көрінуінің  басты талаптарының  бірі  көзі  туған халқының  тарихымен өзінің  тығыз байланысын  сезінуінде  жатыр.

Жазушы  повесінің  кейіпкері  - Мамай  осы  байланысты  берік  сақтай   білген.  Қазақтың   ежелгі  кәсібі  ат  баптап,  бәйгеге қосу – атбегі  қарттың туған халқының   тарихи   даму  жолында қалыптасқан өмір  мектебінен  үйренген  өнері. Оның  жылқы малын ерекше  қадір тұтып,  жақсы көруі ежелден малмен  күнін көрген,  «төрт аяқты пендені»  өлеңге  қосып қастерлеген  қазақ  халқының  өзіндік  мінезін   танытады. Нулы  ормандар  мен  шүйгінді  жерлерді,  мөлдір  сулы  өзендер  мен  көлдерді  жағалай  көшіп  қонған  қазақ  табиғатпен  тығыз  бірлікте  өмір  сүрген,  өз  балаларын  жастайынан   табиғатты  сүюге  баулыған. Мамай да - осы игі дәстүр  жолында тәрбиеленген  халықтың  өткені  мен бүгіні  арасындағы  дәнекерші. Алайда  шығарма   финалындағы қарияның  қаза  болуымен  бірге атадан  мирас болған  атбегілік өнер  де  өткен еді. 

Атбегінің  дүниеден    өтуі  Нарқызыл  аттың  басындағы  трагедияны  туғызды.  Бәйгеден  ақсап  шыққан  жүйріктің  дауасы   табылмады. Бұл - жалғыз  сәйгүліктің  ғана  емес,  өткен  тарихы,  салт-дәстүрі  мен  әдет-ғұрпын  ұмыта  бастаған  халықтың  да  трагедиясы  болса керек. Осыдан  жазушының адам  мен табиғат арасындағы  байланыстың жоғалуын  көрсетпекші болған  ойын  аңғарамыз.

«Ат  шаппайды,  бап  шабады»,  «Ердің  атын  ат  шығарады»,  «Тұлпардың  тегі  ұмытылмайды»,  «Жүйрік  ат – жалпы  жұрт  еншісі»  деген  сияқты  халық қазынасы – мақалдарды  жиі қолдануында Мамай қарттың қазақ қазақ болғалы «ер қанаты – атты» қастерлеген қасиетін  сіңірген  нағыз ұлттық  кейпі танылып-ақ  тұр.  Сонымен бірге бар жанын салып баптаған  Нарқызыл  аты жарыс жолында тұрғанда:  «Я,  аруақ!..  Беліне  бекем күш,  тұяғына талмас  қуат  бер!  Жебей көр!  Абыройын  асыра көр!  Я,  жануарым!  Бауырыңды жаза,  барыңды сала  шап!  Жаным құрбан  жолында!» (6,439) – деген қарияның  монологынан аруақ  пен  тәңіріні  аузына  алып  сыйынуында  діни  ұғым  емес,  қазақи  наным,  ұлттық  ерекшелік  көрініс тауып тұр.

 Немесе  повестің  басындағы  екі  жылқышының  әңгімесін  еске  түсірейікші.  Нарқызылды  сойылдың  астына  алған  әріптесіне  қарт  жылқышының:  «Киесі  атады  тұлпардың!»  (6,402) – деп,  оның  дөрекі  қылығына  тиым  салуында  да  ұлттық  наным  басым.  Бірі  атбегі,  бірі  жылқышы  қарттардың  осы  айтылған  сөздерінің  ар  жағында  жүректерінің  дархандығын,  ниеттерінің  тазалығын  аңғарамыз.

Ұлттық  тақырыпта  жазылатын  шығармалардың  көпшілігінде  кездесетін  ұлттық  салт-дәстүр  элементтері  аталмыш  шығармада  да  айқын  көрінген:  Солардың  негізгісі,  әрине – бәйге.  Повесть сюжетінің желісі  де  осы ат  жарысына  байланысты  эпизодтар  арқылы  өрбіп  отырады.  Шығармада  соғыстың  ауыр  жылдарынан  кейін  қайта  жаңғырған  қыз  қуу,  теңге  алу,  аударыспақ,  балуан  күресі сияқты  ұлттық  ойын  түрлері де  көрініс береді.  «Тойдың болғанынан  боладысы  қызық»  демекші,  шопандар тойына  жиналған  «Жаңа дәуір»  жұртының  киіз  үй  тігу  үстіндегі әзіл-қалжыңы,  шат-шадыман күлкісі ертеңгі келер күннің  мерекесін көтеріңкі көңіл-күймен  қарсы алуда – халық болмысына тән болашақтан  тек жақсылық  күтетін сенімінің ұшқыны  жатыр.  Халықтың  тарихи  өмірінің  бір  көрінісі  шопандар  тойының  соғыстың  салған  ауыр  жарасынан  айғып  келе  жатқан  қоғамдағы  маңызын  жоққа  шығара  алмаймыз.  Жұрттың  қамыққан  көңілін  көтеріп,  жабырқаған  жанын  жадыратар  мұндай  тойлар  қазақта  жиі  жасалып  отырған.

Мерекелі  отырыстарда,  жиын  тойларда  көңіл  көтеріп  ән  айту,  ән  арқылы  көңілдегі  шерді  тарқату  қай  халыққа  болмасын  тән.  Солай  дегенмен  де,  «Хан  Шаған  қош  айтамын  биігіңе,  Баурыңда  ойнақ  салған киігіңе…» (6,435), - деген сырлы әуеннен қазақтың  ежелден келе  жатқан  қоштасу әндерінің сырынан айна  қатесіз танимыз.  Майданға  аттанарда туған жерге деген іңкәрлігін  білдіріп  жолдаған  сәлемдерінде  ауыл  жастарының  өз  халқының  бай  әдеби мұрасын қастерлегендіктерінің белгісі бар.

Қазақтың  ұлттық  мінезіне  тән  тағы  бір  ерекшелік - өздері  баптап  сынға  түсетін  жүйріктерге  ат  қою.  « - Қызыл  ат  деген…  қызыл  емес,  көкшіл  боз,  сауырында,  омырауы  мен  мойнында  қызғылтын  түктері  бар…  Қазақтың  қызыл  ат  дегені  осы»  (6,405).  Нарқызылдың  Нарқызыл  деп  аталуының  себебі  де  міне – осында.  Қалған  сәйгүліктердің  де  өз  бойларындағы  ерекше  қасиеттерімен  ерекше  белгілеріне  сәйкес  аталғандарын  (Ақтабан,  Шаңтимес,  Ортеке,  Қасқырқұлақ…)  тану  қиын  емес.

Повестегі  ерекше  тоқталып  өтетін  мәселе – «әдебиеттегі  шарттылық»  мәселесі.  Бір  қарағанда,  бір-біріне  дес  бермеген  бәйге  аттары  шығарманың  негізгі  объектісі  сияқты  көрінеді.  Алайда  жүйріктер  әдеби  фон  ғана,  оларды  суреттеудің  арғы  жағында  адам  тағдыры  елес  береді.  Халқымыз  тарихындағы  талай  дарабоз  тұлғалардың  тіршілік  бәйгесіндегі  күресін  жылқы  малының  ішіндегі  нағыз  жүйріктері  арқылы  образды  бейнелеу  шығарманың  көтерген  ауыр  жүгінің  бірі  болса  керек.

«Біз,  әдетте,  ұлттық  колоритті  тек  көкпар  мен  бәйгеден,  саяткерлік  пен  құсбегіліктен,  өнерпаз  жандар  бойынан  ғана  іздейміз.  Бұл  дұрыс  емес.  Оны  халқымыз  басынан  кешірген  ащы  да, тұщы  да  шындықтардан,  ғасырлар  бойғы салт-санадан да  іздеген жөн сияқты» (22,125).    Сыншының  осы пікірінде айтылған  ащы шындықтың бірі – күншілдік сияқты  пендешілік – шығарманың  негізгі өзекті  ойы.  Бағы  жанып,  жұлдызы жарқырап  тұрған  шағында  Нарқызылдың  тілектестерінің  саны  саусақпен  санарлық.  Мінсіз,  нағыз  бабына  келген,  әлі  де  талай  бәйгеден  озып  шығар  жүйрік  қара  ниет  пендешіліктің  құрбаны  болды.  Ат  тағдыры  адам  тағдырымен  үндесіп  тұр.  Нарқызылдың басындағы қасірет арқылы  автор өз  азаматтық позициясын  айқын танытып отыр.

Жазушы  Мұхтар  Мағауиннің  «Шақан – Шері»,  «Көкбалақ»,  «Жыланды  жаз»  сияқты  шығармаларында  да  ұлттық  ерекшеліктер  мен  ұлттық  сипат  сөз  болады.

М.Мағауиннің қай шығармасын  алсаңыз да,  ол  ұлттық  проблемаларды көтеріп отырады. Дара  сомдалған ұлттық  характерлер негізінде ұлттық  идея  көтеріп,  ой  айтады. Оның  туындылары   сюжет,  композициясымен ғана  жаңалықты    емес,  айтар ойларының тереңдігімен,  жүрек  қайнарынан  шымырлап  шыққан  парасатты  талғамдарымен,  яғни  интеллектуалдық,  ұлттық  идеясымен  көкейге  қонымды.

 

Қ О Р Ы Т  Ы Н Д Ы

Қарымды  қаламгер  Мұхтар Мағауиннің қазіргі  қазақ  прозасының  көркемдік даму  деңгейін  айқындайтын  шығармалардың қатарынан саналатын біртуар туындылары – көркем  сөз өнерінің  табысты жемісі. Оның  қай шығармасын  алсаңыз да,  айтар ойын  ұлттық  характерлерге негіздеп  отырады.

Ұлттық  характер - әрбір  халықтың  тарих  беделінде,  түрлі  өтпелі  кезеңдерде  қалыптасқан  мінез  ерекшелігі.   Кейбір  сыншылар  ұлттық  характерді  көркемдік  шарты  ретінде  алға  ұстап,  кейбір  жазушылардың  творчестволық  өресін  осы  проблемаға  қатынасы  арқылы  анықтауды  міндетті  деп  есептейді. 

Көркем  шығармадағы  ұлттық  идея  осы  ұлттық  характер  арқылы,  оның  ұлттық  санасы  арқылы,  танымы,   көзқарасы  арқылы  көрінеді.  Ендеше  ұлттық  характердің  жасалу  ерекшелігі  автордың  шеберлігіне  сын  болу  керек.

Біз жазушы  Мұхтар Мағауиннің  повестеріндегі  ұлттық  идеяның  көрінісін  зерделеуді  жөн  көрдік. Осы  мақсатта  повестеріне  көркемдік  талдау  жасауға  тырыстық. Автордың  «Тазының  өлімі»,  «Көкбалақ»,  «Жүйрік»  атты  повестеріндегі  аталмыш  проблеманың  көркемдік  көрінісіне  мән бере  келе,  қаһармандардың  болмысына,  танымына,  қоғам мен адамның арасындағы  қарым-қатынасқа ерекше  назар аудардық. 

Информация о работе М.Мағауин повестерінің