Автор работы: Пользователь скрыл имя, 14 Марта 2012 в 11:30, дипломная работа
Қазақстанның саяси өміріндегі аса елеулі кезеңде ұлт тұтастығына қол жеткізу, сөйтіп ұлттық мемлекеттікті бекем негізге орнату және қалыптастыру жолында жүргізілген күресті идеологиялық бүркемелерден ажыратып, объективті түрде зерттеу; БК(б)П құрып қойған қатаң да қасаң шектеулер ішінде әрекет еткен республика басқарушы элитасының осы уақытқа дейін "ақтаңдақ" боп жабық жатқан қызметін көрсету; күрестің даму барысын, жетістігі мен кемшілігін, құлдырау себептерін талдау; сөйтіп, тарихи шындықты қалпына келтіру арқылы бүгінгі ұлттық мемлекеттігіміз сабақтасатын тамырларды және аталған кезеңнің қазіргі тәуелсіздік дәуіріне қызмет ететін тағлымды тұстарын айқындау
ҚЫСҚАРТЫЛҒАН АТАУЛАР...........................................................................5
КІРІСПЕ....................................................................................................................15
I ТАРАУ. ОРТА АЗИЯ РЕСПУБЛИКАЛАРЫНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ-ТЕРРИТОРИЯЛЫҚ МЕЖЕЛЕУДІҢ БАРЫСЫ.............................................24
ІІ ТАРАУ. СЫРДАРИЯ ЖӘНЕ ЖЕТІСУ ОБЛЫСТАРЫНЫҢ ҚҰРЫЛУЫНЫҢ ҚЫСҚАША ТАРИХЫ ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ ХАЛҚЫ МЕН АУМАҒЫ .......................................................................................................27
ІІІ ТАРАУ. СЫРДАРИЯ ЖӘНЕ ЖЕТІСУ ОБЛЫСТАРЫНЫҢ ҚАЗАҚСТАНҒА ҚОСЫЛУЫНЫҢ ТАРИХИ ЖАҒДАЙЫ............................51
IV ТАРАУ. 1924 ЖЫЛҒЫ ҚАЗАҚ РЕВОЛЮЦИЯЛЫҚ КОМИТЕТТІҢ СЫРДАРИЯ ЖӘНЕ ЖЕТІСУ ОБЛЫСТАРЫН ҚАЗАҚСТАНҒА ҚОСУ ӘРЕКЕТТЕРІ............................................................................................................60
V ТАРАУ. КЕҢЕС ДӘУІРІ КЕЗІНДЕ ҰЛТТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК МЕЖЕЛЕУДЕН КЕЙІНГІ ҚАЗАҚСТАН ШЕКАРАСЫНДАҒЫ КЕЙБІР ӨЗГЕРІСТЕР............................................................................................................67
ҚОРЫТЫНДЫ........................................................................................................69
ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ..........................................................72
Көрнекті ғалым, қоғам қайраткері С.Асфендияров өз сөзінде Қарақырғыз автономиялы облысын құрудың заңдылығын дәлелдеді. Бұны өз сөзінде Атабаев қолдады. Орта Азиялық экономикалық кеңестің төрағасы М.А. Посуцкий “аймақтың экономикалық бірлігі қолайлы” дегенге сүйеніп, Орта Азияның барлық республикаларын біріктіруді талап етті. Ол шындығында межелеуге қарсы шықты. Сұлтанбек Қожанов “түркі тайпалары бірыңғай түркі тілдес халықты құрайды, оны жасанды түрде айыруға болмайды”,-деді. Кеңес Пасутский мен Қожановтың пікірлерін қабылдамай тастады. Ол Рақымбаевтың Орта Азияны межелеу туралы баяндамасының негізгі тезистерін мақұлдады. Жергілікті ұйымдардың пікірлері анықталғаннан кейін мәселені талқылау РК(б)П ОК-нің Орта Азия бюросы мен орталық партия органдарына көшірілді.
Сонымен қатар, С. Қожанов 1924 жылғы 10 наурызда өткен ұлттық-территориялық межелеуге байланысты мәжілісте Орталық Азияны федерацияға, экономикалық жағынан емес, саяси әкімшілік жағынан біріктіру туралы ұсыныс жасады.
Ал 1924 жылы 26 тамыздағы РК(б)П Киробком Төралқасының мәжілісінде Меңдешев Түркістан АКСР-і мен арадағы шекараны межелеуге байланысты баяндама жасайды. Меңдешев республикалар арасындағы шекараны анықтауға әр елден үш адамнан өкіл қатысқан коммисияның күрделі және келісімді жұмыс атқарып жатқандығы жайлы хабардар етіп, біраз қарама-қайшылықтар тудырып отырған мәселелерге ерекше тоқталып, комиссияның ұлттық-территориялық межелеуге қатысты шешімдерінің қорытындысымен таныстырды. Ташкент уезінің ұлттық құрамы төрт белбеуден тұратын, Біріншісі – Ангрен өзені бойында орналасқан 8 болыстан тұратын Құрамыс рулары мекендейтін шығыс белдеуі, ол қазақ делегациясының пікірінше, қазақ ұлты өкілдері болып саналады, ал өзбек делегациясы, керісінше, олардың өзбектерден тарайтындығын дәлелдеді. Екіншісі – Шыршық өзенінің сол жағалауында қазақ халқы басым тұратын 8 болыстан құрылған белбеу. Үшіншісі – 4 болыстан тұратын, халқының құрамы талас тудырып отырған, 1920 жылғы халық сынағына сүйенген өзбек жағының пікірінше, мұнда өзбек халқы басым, ал қазақ өкілдерінің ойынша, бұл жерде қазақ халқы басым тұратын орта белбеу. Төртінші белбеу – тұтастай қазақ халқы мекендейтін Ташкент уезінің батыс бөлігі. Комиссия құрамында жұмыс жасаған қазақ бюросының жобасы бойынша, бүкіл Ташкент уезі Қырғыз (Қазақ) АКСР-і құрамына өтуі тиіс болды. Ал Өзбек бюросының жобасы бойынша, Қазақстанға тек төртінші белбеуді беру қарастырылған. Комиссияның қарауына осындай 2 жоба ұсынылды. Екі жақты пікір алысудың нәтижесінде комиссия Ташкент пен оның айналасын 30 верст радиус көлемінде Өзбек Республикасына беру жөнінде шешім шығарды. Ташкент уезінің қалған территориясын межелеу жобасы айтарлықта талас тудырмайды.
Екінші талас тудырған мәселе – Мырзашөл уезі болды. Бұл уездің барлық территориясы көшпелі қазақ елін суландыруға бағытталған бір арнаның жүйесімен шектелді. Қазақ делегациясы 3 өзбек болыстарынан басқа уездің барлық территориясын Қазақстанға қосуды ұсынды, ал өзбек делегациясы, керісінше, мүлде қарама-қайшы ұсыныстар жасады. Комиссия бұл мәселені қарастыра келе, қазақ делегациясының ұсынысын қабылдады. Қазақтар мен түркмендер арасындағы шекара сол қалпында қалдырылды. Экономикалық межелеуге қатысты жұмыс бұл кезде әлі жүріп жатты. Комиссия межелеу бойынша барлық дайындық жұмыстары 15 қыркүйекке дейін, ал 20 қазанда межелеу белгіленген тәртіппен толық аяқталуы тиіс деген шешім шығарды. Межелеу туралы ереже қабылдау мақсатында қыркүйек айында Орталық Азия республикалары Орталық Атқару Комитеттерінің кезектен тыс сессиялары шақырылсын деген қаулы қабылдайды. РК(б)П Киробкомы Төралқасы мәжілісінде Меңдешевтің жасаған баяндамасы негізгі алынсын деп, мәжіліс Ташкент қаласының айналасы қазақтармен қоршалған, сондықтан Орталық комитеттен оны Өзбек республикасына жатқызу жөніндегі шешімін қайта қарау жөнінде өтініш білдіру керек деген қаулы қабылдайды.
С. Қожанов “Түркістан” газетінің 1924 жылғы 18 тамыздағы санында жариялаған мақаласында Орталық Азияда сол тұста жүргізіліп жатқан ұлттық-территориялық межелеу саясатына өз көзқарасын білдірді [17, 59 б.]. “Біріктіру үрдістері, −деп жазды ол, ұлттық-территориялық межелеудің маңызын төмендете алмайды, оның үстіне олар қайта құрылған республикалар тарихында оңтайлы рөл атқаруға негізделген, келешекте олар Кеңестік республикалар одағының толыққанды мүшелігіне өтетін болады. Мұның өзі Кеңестердің ұлт саясатының іс жүзіндегі шынайы сипатын куәландыратын болды...”.
Егер С.Қожановтың айтқандай, бірігу үрдісі жүргізілсе, онда Ембінің мұнайы, Каспийдің балығы, Риддер мен Екібастұздың көмірі, алтыны, Қазақстан мен Орталық Азияның табиғи байлықтары Түркістан-Сібір шойын жолы арқылы Ресейдің алақанына түспес еді.
Ал С.Сәдуақасов 1924 жылы “Қызыл Қазақстан” журналының № 7,8,9, сандарына “Қазақстанды қалай құрған жөн? Орта Азияда ұлтаралық шекара жүргізу және Қазақстан Республикасының құрылуы” атты мақаласын жариялайды [24, 81 б.]. Мақалада С. Сәдуақасов: “Осы күнгі алдымызда тұрған мәселенің үлкені: Орта Азиядағы республикалардың шекарасын бөлу туралы. Бұл мәселе жөнінде жұрттың көбі қараңғы. Қазақстан Республикасы да бұл әңгімеге жуырда ғана кірісті. Орта Азия деген қай жер? Онда қандай халықтар, қандай мемлекеттер бар? Қазақстан Республикасында болып жатқан әңгіменің қаншалықты қажеттілігі бар? Орта Азия ұлттарының шекараларын бөлу Қазақстан өміріне қандай өзгерістер әкеледі? Қандай жаңалық бар?” деген сұрақтар қойып, сол сұрақтарға жауап тапқан жағдайда ғана біз оны іс жүзеге асыруға кіріскеніміз абзал деп жазады.
С.Сәдуақасов мақаласында сол кезеңдегі халық арасындағы сауатсыздықтың әлі тым жоғары екенін, халық, әсіресе кедей өзінің ауылынан басқа дүниеден мақұрым, жұрттың бәрі жағрапия, шаруашылық ғылымын оқымағандығын баяндайды. Сондықтан болып жатқан әңгіме жалпы елге ұғымсыз, түсініксіз қалуы мүмкін. Сол себептен Орта Азия, Қазақстанға қатысты жүріп жатқан іс шаралармен жалпы еңбекші табы мен бұқара халық танысып, білуі қажет. Мақалада автор қазақ жерлеріне, соның ішінде Қазақ АКСР-іне қосылатын Жетісу мен Сырдария облыстарына, оның ішінде олардың республикаға қосатын шаруашылық-экономикалық пайдасына шолу жасайды. Сонымен С.Сәдуақасов: «... қай дәлелді алсақта, барлық қазақ жұрты бір республикаға қосылу керек деген пікірге келеміз. Қазақ халқы бірігеді, бір республика туының астына жиналады », - деп тұжырымдайды.
1924 жылы 9-сәуірде РК(б)П ОК-нің саяси бюросы жергілікті ұйымдардың ұсыныстарын қарап, ұлттық мемлекеттік межелеудің жүргізілуін негізінен мақұлдады. РК(б) П ОК-нің Орталық Азия бюросына Орталық Азияның жаңа құрылатын республикалары мен облыстарының этнографиялық, саяси және экономикалық карталарын қосып, барлық материялдарды әзірлеп, партияның орталық комитетінің қарауына беру тапсырылды.
1924 жылы сәуірдің соңында РК(б)П ОК-нің Орта Азия бюросы мен Түркістан компартиясы ОК-нің бірлескен мәжілісінде Орта Азияны межелеуді әзірлеу және жүргізу жөнінде комиссияның мәселені зерттеу, жүргізу жұмысының барысы қаралды. Орта Азияны межелеуді әзірлеу және жүргізу жөніндегі қазақ, өзбек және түркімен қосалқы үш комиссиясы құрылғандығын біз жоғарыда айтқан болатынбыз. Комиссияның кейбір мүшелері Орта Азиялық республикалар федерациясын құруды ұсынған еді, бірақ мұқият талқыланғаннан кейін межелеуді федерация құрмай-ақ жүргізу керек деп шешілді. Орта Азияны межелеу туралы комиссияның материялдарын қарап, РК(б)П ОК-нің Орта Азия бюросы 1924 жылы 12 мамырда одақтық екі республика - Өзбек пен Түркімен және автономиялы екі облыс – Қарақырғыз және Өзбекстан құрамында болатын Тәжік автономиялы облыстары құрылсын, ал Түркістанның қазақ аудандары Қазақ АКСР-і құрамына қосылсын деген шешім қабылдады. Комиссияның шешімдері мен РК(б)П ОК-нің Орта Азия бюросының шешім партияның орталық комитетіне тапсырылды.
1924 жылы 12 маусымда РК(б)П ОК Орта Азия да ұлттық-мемлекеттік межелеуді жүргізу туралы тарихи шешім қабылдап, онда межелеудің басты принциптері мен оны жүзеге асыру жөніндегі нақты ұсыныстарды мақұлдады. Осы қаулының бір тармағында КСРО ОАК-нің ұлттар кеңесі мүшелерінің бірінің төрағалық етуі мен Орта Азияның барлық ірі ұлттарының өкілдерінен РК(б)П ОК-нің Орта Азия бюросы жанынан арнаулы территориялы комиссия құру көзделді [23, 118 б.].
Территориялық комиссия саяси, экономикалық, статистикалық және бірнеше ұлттық қосалқы комиссиялардан тұрды. Олар саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени бағыттарда жұмыс жасап, ел жағдайын жандандыруға бағытталды.
1924 жылы 24 қыркүйектегі РК(б)П Киробком Төралқасының мәжілісінде қарақалпақ халқы атынан келген делегацияның өтініші тыңдалды. Мәжілісте қарақалпақ делегациясы өкілдері Досназаров пен Бекімбетов баяндама жасады. Баяндамашылар бұрын патша заманында қарақалпақтардың жапа шеккенін және оның кеңес үкіметі орнаған күннің өзінде тоқтамай отырғанын баяндайды. Олар межелеу басталғанға дейін өкіметтің олармен санаспай келгенін өкінішпен еске алып, Орталық Азия ОК бюросы қарақалпақ автономиялы облысын құру жөнінде мәселе көтергенін, бірақ оны қай республикаға бөлетіні жайлы нақты шешім қабылдамағанын айтты. Делегация өкілдерінің негізі көтерген мәселесі жаңа құрылғалы жатқан автономиялы облысын оның көрші өзбек және түркімен республикаларындағы тиісті территорияларын өзіне қаратып алып, географиялық, тілдік, тұрмыстық жағынан жақын Қазақ АКСР-нің құрамына қосу жөніндегі өтініштері еді. Яғни, олар Мәскеу алдында көтермес бұрын, осы ұсынысқа байланысты республика басшылығының пікірін білгісі келді. Бұл ұсыныстарын мәжіліске қатысып отырған Жангелдин, Меңдешев, Қожанов және т.б. бірден қолдап, оны жүзеге асыру жөнінде пікірлерін білдіріп, ұсыныстарын жасады. Осы мәжілісте, сонымен қатар, Бұхара қазақтары делегациясы өкілдері де тыңдалған болатын. Делегация өкілі Наурызбаев баяндама жасады. Олардың ұсыныстары Өзбек республикасы құрамындағы Бұқара қазақтарынан автономиялы облыс құру жөнінде, Орталық Азия межелеу комиссиясында қазақ делегациясын қолдау туралы мәселе көтерді. Делегация өкілдері автономиялық облыс құрудың негізгі себептерін Бұхарадағы қазақ халқы өкілдерінің тұрмыс-тіршілігінің төмендігімен, олардың өзбек халқымен аралысып жойылып бара жатқандығымен және ондағы негізгі ұлт өкілдері тарапынан қазақтарға жасалынып отырған қысымшылық пен қуғын-сүргіннен туындап отырғанымен түсіндірді. Мәжіліс екі делегация өкілдері тарапынан жасалған баяндамаларды қолдап, оның негізінде қаулы қабылдап, тиісті құзырлы органдарға тапсырмалар берді.
1924 жылы Орта Азия бюросы Орта Азиядағы ұлттық-мемлекеттік құрылыстың күрделі мәселелерін шешуге байланысты межелеу кезінде күрделі қиындықтармен кездесті. Үлкен қалалардың бірі республикаға өтуі талас тудырып, республикалар мен облыстар ішінде “автономиялы қалалар”, ұлттық анклавтар мен автономиялы ұсақ бөлшектер құру жобалары ұсынылды. Сонымен қатар, осы кезде Ташкент қаласының айналасында екі республика комиссиялары арасында үлкен талас туды. С.Қожанов бастаған топ Ташкентті қазақ автономиясына қарату керек деген ұран тастады. Ол осы қаланың тарихында Ташкенттің он екі қақпасын қазақтар билеген, Төле би және қазақтың басқа да атақты билерінің осында жерленгенін тілге тиек етті.
Ұлттық-территориялық межелену негізінде ТАКСР-ның бұрынғы Жетісу және Сырдария облыстарының көптеген жерлері Қазақ АКСР-іне қарайтын болды. 1924 жылы қарашадан бастап бұл облыстарды басқару ісін республика үкіметі құрған революциялық комитет жүргізді. Қазақ АКСР-іне қосылған жеке уездер мен болыстардың шекарасын анықтау бірнеше айға жалғасты. Межелеудің қортындысы бойынша Қазақстанға Қазалы, Ақмешіт, Түркістан, Шымкент уездері және Әулиеата уезінің көбі, Сырдария облысындағы Ташкент және Мырзашөл уездерінің бір бөлігі, Самарқанд облысы, Жизақ уезінің көшпелі алты болысы өтті. Жетісу облысынан Алматы, Жаркент, Лепсі, Қапал уездері, Бішкек уездінен Георгиев, Шу, Қарақоныс болыстары қосылды. Осының нәтижесінде Қазақ АКСР-інің территориясы 797,9 мың шаршы шақырымға жуық, яғни үштің біріне ұлғайып, 2,7 млн. шаршы шақырым құрады. Ол Орталық Азияның межеленген жерлерінің 45,7% еді (оның ішінде 112мың шаршы шақырым Қарақалпақ автономиялы облысының жері болды). Ал халқы 1млн. 468 мың адамға өсіп, оның жалпы саны 3 млн. 986 мыңға жетті. Жаңа шекарадағы Қазақ АКСР-інің жері Өзбек КСР-і жерінен 5,5 есе, Түркімен КСР-і жерінен 4 есе үлкен, халқы тиісінше 1,5 және 5 есе көп еді. “Сондықтан да соңғыларымен тең дәрежеде, тәуелсіз республика ретінде, келісімшарттар негізінде, КСРО құрамына кіруі керек”, − деді Қазобком пленумының қаулысында. Пленум аяқталған күннің ертесінде, 29 қыркүйекте ҚазОАК-тің 3 сессиясы ашылды. Сессияда Қазақстанның Түркістан республикасындағы толық өкілетті өкілі Т.Жүргенов баяндама жасап, межелеу нәтижелерін шешуі күрделі болып тұрған жәйттерді түсіндірді. “Егер Ташкент туралы мәселені шешу кешіктірілген жағдайда үкімет Қырғыз (Қазақ) республикасының орталығын ауыстыруға шара қабылдауы керек”, - деген ұсыныс айтып, оны жан-жақты дәйектеді. Сессияның қаулысымен бұл ретте үкіметке тиісті тапсырма берілді. “Ташкент алқабы мен Ташкент қаласының бүкіл қазақ даласы үшін маңызы зор екенінін және елеулі ықпал тигізетінін ескере отырып КСРО орталығына Ташкент қаласын беру БОАК-тің 2сессиясынан сұралсын”,- деген қаулы қабылданды. РК(б)П ОК Орталық Азия бюросы мен оның территориялық комиссиясындағы дау-дамай, пікір таласты ескергендіктен, қаулыға: “Өзбектердің Ташкент қаласымен “Ескі бөлігі” жайындағы талаптарын әділ деп таба отырып, оны Өзбек КСР-іне беруге болады деп саналсын, бұл ретте Қазақ АКСР-іне Ташкенттің “Жаңа бөлігі” берілетін болсын ”, -деген шешім жазылды. Алайда, Қазақстанның ең жоғарғы билігі шығарған үкіметтік-партиялық қаулыларды Мәскеу ескерусіз қалдырды.
Қазақстан және Орта Азия республикалары мен облыстарының партия ұйымдары барлық ұлттардың еңбекшілеріне кеңес мемлекетінің ұлттық саясатында шағын ұлттарды кеміту, олардың мүдделердің тежеу дегенің ешқандай формада мүмкін емес екендігін және территорияны шамадан тыс бөлшектеу ұсақ-ұсақ автономиялы бөлшектерді қолдан жасау шағын ұлттардың өздерін экономикалық әлеуметтік жағынан өркендетуіне теріс әсерін тигізетіндігін түсіндірді. ТАКСР-ін ұлттық территориялық межелеуді бүкіл халық болып талқылау барысында қарақалпақ еңбекшілері Хорезм республикасы Ходжелі облысының қарақалпақтармен қосылуға, Қазақ АКСР –інің құрамында Қарақалпақ автономиясын құруға тілек білдірді. 1924 жылы 16 қыркүйекте Түркістан ОАК-тің ІІІ төтенше сессиясында ТАКСР-ін ұлттық-территориялық межелеу барысында, оның құрамында қазақ облыстарына Қазақ АКСР-і құрамына қосылу құқық берілді.
Информация о работе 1924-1926 жылдарғы ұлттық мемлекеттік үшін күрес