Қоғамдық тамақтандыру
саласындағы франчайзингтік жүйені
құруға қажетті ең басты фактор –
технологиялық деңгейді қалыптастыру.
Осы мақсатпен «росинтер Алматы»
компаниясы келесідей іс-шараларды жүзеге
асырады: франчайзингтік кәсіпорын тұжырымдамасы
тиімділігін дәлелдеу, оның беделінің
параметрлерін анықтау, әзірлейтін тағамдар
мен ұсынатын қызметтер сапасын талдау,
жұмыс әдістерін, қолда бар жүйесін басқа
кәсіпорындарға ұсыну мүмкіндігін айқындау,
роялтиді өтеуі, еңбек ақыны, франчайзердің
құрылған жүйеден алатын пайдасын есептеу.
4- сурет – «РосИнтер
Алматы» компаниясы франшизасының компоненттері
Франчайзингтік
қатынастар бойынша франчайзер қолданыстағы
«ноу-хаудың» күрделі пакетін
сататындықтан оған франчайзингтік
жүйе құрылғанға дейін осы пакеттің
өткізу қабілеттілігін дәлелдеу қажет,
себебі франчайзи роялти төлеу және
нарықтағы өзіндік қызмет стилін
сақтау қажеттілігінен франчайзерге тәуелді
болады.
Франчайзингтік
жүйенің сәтті дамуында маркетингтің
рөлі зор. Осыған байланысты қоғамдық
тамақтандыру нарығындағы тұтынушылардың
талғам талаптарын анықтау үшін пікір
сұрау арқылы маркетингтік зерттеулер
жүргізілді. Мақсаты – 18-65 жас аралығындағы
Алматы қаласы тұрғындарының қоғамдық
тамақтандыру кәсіпорындары қызметтерін
тұтынудағы талғамдарын айқындау. Оның
әдістемелік негізі ретінде зерттеу
жүргізудің әдістері, кезеңдері, тәсілдері
алынды. Зерттеудің репрезентативтілігі
іріктеме мөлшерімен анықталып, 385 адамды
қамтыды. Қоғамдық тамақтандыру кәсіпорындарына
тұтынушылардың келу жиілігін; респонденттердің
мейрамханаларды таңдауына теріс
ықпал ететін факторлар белгілеу;
қызмет көрсетудің тартымды әдістері
мен түрлерін айқындау зерттеудің негізгі
міндеттері ретінде қарастырылды. Мәліметтерді
жинау пікір сұрау әдісі арқылы
жүзеге асырылды. Респонденттерді жынысына
байланысты рангтерге бөлу негізінде
олардың 83,2%-ы әйелдер, ал 16,2% еркектер
екені айқындалды, олардың ішінде
мейрамханаларға келушілердің негізгі
бөлігінің жас шамасы 20-49 жастағылар
69,6% болды. Келушілердің нақты мейрамхананы
таңдау себептері мен жеке жағдайлардағы
факторлардың ерекшелігін 5-суреттегі
мәліметтер негізінде қарастырамыз
5-сурет
– «Жанұяның нақты мейрамхананы
таңдауында қандай фактор басты
рөлді атқарады?» сұрағына респонденттердің
жауаптары
Суретті
талдай келе, «жанұяның нақты мейрамхананы
таңдауында қандай фактор басты рөлді
атқарады?» деген сұраққа респонденттердің
83 %-ы – «тағамдардың бағасы» критериін
негізгі ретінде атап өтті, ал 66%-ы
– «тағамдардың дәмдік қасиеттері
(ас үйі)», 61,7% – «мейрамханадағы
қызмет көрсету сапасы», респонденттердің
55,3%-ы – «желдету жүйесінің болуы»
және 48,9 %-ы – «сауда орталықтарында
орналасуы» көрсеткіштерін де атап өтті.
Маңыздылығы төмен факторлар
ретінде респонденттердің 4,3%-ы –
«мекеменің беделін», 4,3%-ы – «алкогольді
сусындардың кең ассортиментін»,
10,6%-ы – «мейрамханалардың осындай
түрлеріне сәннің болуы» факторларын
көрсетті.
Зерттеулердің
нәтижелері фаст-фуд мейрамханаларының
жақсы жақтарының әлі де танылмағандығын
сипаттайды. Жүргізілген бағалаулар
бойынша мейрамханалар тағамдардың
бағасы, дәмдік қасиеттері, қызмет көрсету
сапасы факторларына басты назар
аударулары керек. Зерттелген тұтынушылардың
83%-ы франчайзингтік қоғамдық тамақтандыру
орындарында сұралды, бұл зерттеулердің
нәтижесі осы мейрамханалар мен
фаст-фудтарға жеткізілді.
Франчайзингтік
компаниялар өкілдерінің қызметіне
кедергі келтіретін факторларды
айқындау мақсатында маркетингтік зерттеулер
жүргізілді. Іріктеме мөлшері 20 компания
болды. Респонденттер ретінде қызмет
көрсету салаларындағы франчайзингтік
компаниялардың менеджерлері алынды.
Кәсіпорындардың
мақсаттарын жүзеге асыруға кедергі
болатын негізгі фактор ретінде
«қаржы-қаражаттардың жетіспеушілігі»
көрсеткішін қоғамдық тамақтандыруда
респонденттердің 73%-ы, ғылым және ғылыми
қызмет көрсету саласында - 70%-ы, ақпараттық-есептік
қызмет көрсетуде - 57%-ы және тұрмыстық-коммуналдық
шаруашылықта - 55%-ы атап өтті. Қоғамдық
тамақтандырудағы франчайзингтік кәсіпорындардың
мақсаттарын іске асыруына кедергі
болатын факторлар ретінде: 42% - мекемені
жалға алу шарттарын, 36% - заңның тұрақсыздығын,
27% - салықтардың жоғары болуын, 26%
- несие беру шарттарын, 12% - қоғамдық
тамақтандыру қызметіне сұраныстың
төмендеуін атап өтті. Сонымен қатар,
бәсекенің жоғары болуы, құрал-жабдықтардың
тозуы және технологияның артта
қалуы, жабдықтау мәселелері, басқарудағы
қиыншылықтар, жұмыскерлердің біліктілік
деңгейінің төмендігі сияқты факторлар
аса маңызды деп қарастырылмаса
да, компанияның қызметіне әсер ететін
факторлар қатарында.
Келесі
кезекте франчайзингтік компаниялардың
іс-әрекетіндегі маркетингтік стратегияларды
қолдану тәжірибесіне тоқталып өтейік
(6-сурет).
Бостон
Консалтинг групп матрицасы негізінде
«росинтер Алматы» компаниясының мейрамханалары
желісі нарықтағы салыстырмалы үлесі
мен сату көлемінің өсу қарқыны бойынша
жіктеліп, олардың әр қайсысына қатысты
даму стратегиясын әзірлеу мүмкін болды.
Матрицадағы ұқсас позицияларда орналасқан
мейрамханаларға жиынтық стратегия мен
маркетингтік шаралар қолданылады.
Матрица
мәліметтері бойынша «Ростик’с»,
«IL Патио», «Амбар» «Жұлдыздарға»
жатады – бұл келешекте жылдам
өсуші мейрамханалар, нарықтың толысуы
мен қарқынды дамуы жағдайында желіге
тұрақты табыс әкеледі, ал шығынды
болса «Қиын балалар» жағдайына
ауысуы мүмкін, яғни, инвестицияның
көп мөлшерін талап ететін, бірақ
пайдасы төмен кәсіпорындар қатарына
өтеді. «Планета суши» мейрамханасы
«Сауынды сиыр» квадрантында орналасқан
– бұл мейрамханалар компанияның
басқа кәсіпорындарын инвестициялау
мүмкіндігі жоғары, олар компанияның
нарықтағы көшбасшылық жағдайын
қолдаушылар болып табылады. Ал «Мокка
Локка» «Қиын балаларға» ауысты, бұл
мейрамханаларды көбінесе компанияның
нарықтағы үлесін сақтап қала алады
және өсу мүмкіндіктерін пайдаланып
«Жұлдыздарға» ауысуы мүмкін. «росинтер
Алматы» компаниясының мейрамханалары
негізінде құрылған БКГ матрицасы бойынша
келесідей қорытындылар жасауымызға болады:
1)
Мейрамханалар желісіндегі «Планета
Суши» және «Мокка Локка» мейрамханалары
ағымдағы нарық конъюнктурасының
әсерінен орындарын ауыстырды.
Осыған орай бүгінгі таңда
олардың неғұрлым табысты болуы
үшін «Планета Суши» мейрамханасы
қазіргі позициясын сақтап, франчайзердің
қолдауымен тұтынушыларды тартуы қажет.
Ал «Мокка Локка» мейрамханасының жағдайы
оның нарыққа жаңадан келуіне байланысты,
сондықтан тұтынушылардың сұранысы мен
қызығушылығын арттыру үшін ақпараттық
жарнама жүргізілуі керек.
- Нарықтағы
орны нақтыланған кәсіпорындар ұзақ мерзімде
ғана өзгеріске ұшырауы мүмкін, оған
«Ростик’с» мейрамханаларының нарықтағы
орнының өзгермегендігі дәлел болады.
Бұл мейрамхана қызметінің ауқымы жанұялық
сегментте кеңінен таралуда, сол себепті
оның балаларға арналған ас мәзіріне қосымша
сыйлықтар беру және тұрақты келушілерге
жинақтау жүйесі негізіндегі дисконт
карталарын ұсыну тиімді болуы мүмкін.
- Ал «IL Патио»
және «Амбар» мейрамханаларына нақты
маркетингтік шаралар қолдану арқылы
нарық үлесінің неғұрлым тұрақты бөлігіне
қарай ығысуы қажет. Оған франчайзер жүргізетін
мерзімдік жарнама шараларын жандандыру
арқылы қол жектізуге мүмкіндік бар.
Осыған
орай компания «Ростик’с», «IL Патио»,
«Амбар» мейрамханаларында «Түсімді
жинау» стратегиясын қолданады, оның мақсаты
– ғылыми-зерттеу жұмыстарына, маркетингке
жұмсалатын шығындарды тұрақты түрде
қысқарту есебінен қысқа мерзімде ақшалай
түсімдерді ұлғайту. «Мокка Локка» кофеханасының
тиімділігін арттыру мақсатында өндірісті
кеңейту стратегиясы қолданылады, ол кәсіпорындардың
нарықтағы үлесін ұлғайтып, жұлдыздарға
айналдыруды көздейді. Сақтау стратегиясы
«Планета суши» мейрамханасының нарықтағы
үлесін және даму қарқынын сақтау мақсатында
қолданылады.
«росинтер
Алматы» компаниясының мейрамханалары
желісін ары қарай дамыту мен жетілдіру
мақсатында жүргізілген маркетингтік
зерттеулер, SWOT-талдау мен оның нарықтағы
орнын айқындаушы стратегияларды қолдану
нәтижесінде қоғамдық тамақтандыру саласындағы
франчайзингтік қызметтің тиімділігі
дәйектелінді.
Өнімді
немесе қызметті өткізу үрдісінде туындайтын
проблемалардан басқа, франчайзингтік
кәсіпорындардың көпшілігі қаржы
ресурстарының жеткіліксіздігіне
тап болады. Осыған байланысты қаражаттарды
тарту франчайзингтік кәсіпорындарындағы
қаржы саясатының аса маңызды
бағыты болып табылады. Пікір сұраудың
нәтижелері бойынша франчайзинг
механизмін қоғамдық тамақтандыру саласында
таратудың келешегі олардың қаржылық
жағдайының айқындылығымен, франчайзингтік
желіде қаржы ресурстарын ұтымды
бөлумен анықталады. Франчайзингтік
бизнестің рентабельділігі шығындылықты төмендету,
өндірістің көлемін арттыру және капитал
салымының қайтымдылығын тездету сияқты
факторларға тәуелді болатыны анықталды.
Тамақтандыру
кәсіпорындарында франчайзинг үлгілерін
ұйымдастыру ерекшеліктері франчайзинг
механизмін әзірлеудің қаржылық және
басқармашылық аспектілерін жүзеге
асыру жағдайларын талдау негізін
құрайтын франчайзингтік кәсіпорынды
ұйымдастыру мүмкіндіктерін бағалаудан
бастап, олардың сыналатын кезеңдеріне
дейін байқалады. Франчайзингтік компанияның
қызметіндегі шаруашылықты жүргізу
механизмі шеңберінде франчайзинг
жүйесін әзірлеу стратегиялық тұрғыдан
аса маңызды.
Франчайзер
қызметінің тиімділігін жоғарылату
үшін бөлімшелер негізінде бизнес-бірліктер
құру қажет, олар негізгі қызметімен
қатар тысқары ұйымдарға қызмет
көрсетіп, соның нәтижесінде жалпы
франчайзинг жүйесінің тиімділігін
арттырады. «росинтер Алматы» компаниясының
маркетинг, логистика бөлімшелері өз қызметтерін
нарықта бәсекелік бағамен ұсынады.
Қорыта
келгенде, франчайзинг механизмі
дамуының негізгі бағыттары франчайзерге
неғұрлым төмен шығындармен аз уақыт
аралығында жылдам дамуға мүмкіндік
береді. Бұл үрдіс дами келе ғаламдық
деңгейде, бір жағынан, франчайзидің
рөлі мен мәртебесін жоғарылатса, екінші
жағынан жұмыс орындарымен қамтамасыз
етеді.
Қазақстандағы
франчайзингтік кәсіпорындардың қызметіне
маркетингтік талдау барысында олардың
іс әрекетіне кедергі болатын
факторлар анықталып, оларға мемлекет
тарапынан жан-жақты қолдау шараларын
жүзеге асыру қажеттілігі айқындалды.
Бұл шаралар франчайзингтің Қазақстандағы
қалыптасуы мен дамуының келешегін
белгілеуге мүмкіндік береді. Франчайзинг
жүйесіне қатысты мемлекеттің саясатын
ұйымдастырудың маңызды бағыттары ретінде
келесілерді атап көрсетуге болады:
- Қажетті нормативтік-құқықтық
базаны құру. Елімізде франчайзингтік
бизнесті жүргізуді реттеуші бірқатар
заңнамалық актілерге қоса, нарық субъектілерінің
іс-әрекетін қорғайтын халықаралық деңгейдегі
санаткерлік меншікке, кәсіпкерлікке
қатысты бірқатар заңнамалық құжаттарды
атап өтуімізге болады, олар: Қазақстан
Республикасы мен Санаткерлік меншіктің
Дүниежүзілік ұйымының арасындағы ынтымақтастық
бағдарламасы, ҚР «Инновациялық қызмет
туралы заңы», «ҚР патент туралы заңы»,
«ҚР Инвестиция туралы заңы», «ҚР Лицензиялау
туралы заңы». Бірақ бұл заң актілері әлі
де болса франчайзингтің мазмұнын толық
ашпайды және бірқатар түзетулерді талап
етеді. Сонымен қатар «Кешенді кәсіпкерлік
лицензия (франчайзинг) туралы» Заң нақты
«Франчайзинг туралы» Заң ретінде қайта
қарастырылып, мазмұны жоғарыда аталған
заңдармен сәйкестендіріліп, жаңаланып,
бір жүйеге келтірілуі қажет. Франчайзинг
саласы мен монополияға қарсы заңнамада
мемлекеттің шектен тыс реттеуге бағытталған
заңдары мен нормативтік актілерін өңдеп,
толықтыру керек.
- Франчайзингтік
іс-әрекетті жүзеге асыру барысында әкімшілік
кедергілерді төмендету шаралары жоғарыда
атап өткен нормативтік-құқықтық базаны
жетілдірумен тығыз байланысты, өйткені
франчайзингтік қызмет заңнамалық актілерге
сәйкес жүзеге асырылады. Сонымен қатар
басты қиындық франчайзингтік компаниялардың
ешбір әкімшілік органдарда тіркелмеуінен
туындайды. Аймақтық және қалалық әкімшіліктердің
кәсіпкерлікті қолдау департаменттерінде
франчайзингті тіркеу және қолдау бөлімдерін
құру тиімді болар еді.
- Франчайзинг
субъектілерінің несиелік және қаржылық
ресурстарының жетіспеушілігі франчайзинг
негізінде бизнесін жүргізуге талпынған
кәсіпкерлер үшін ең негізгі кедергі болып
табылады. Өйткені қазіргі кезде кәсіпкерлікпен
айналысуға бел буған кәсіпкерлерге банктен
несие ресурстарын алу қиындығы, тіпті
қаржы институттарының бұл салаға деген
қызығушылық танытпауы басты мәселе болып
тұр. Бұл мәселені шешудің басты жолы франзайзердің
кепілдемесімен франчайзиге несие беру,
Шағын бизнесті дамыту қорының франчайзингті
несиелеу бағдарламасын жергілікті органдардың
көмегімен жүзеге асыру.
- Франчайзиге
салық салу жүйесін жеңілдету мәселесін
қарастыратын болсақ, отандық франчайзерлердің
жұмысын ынталандыру үшін корпоративтік
табыс салығын роялтидің мөлшеріне төмендету
және жергілікті франчайзилерді жер салығы
мен мүлік салығынан босату керек.
- Франчайзинг
туралы бірыңғай мәліметтер базасын әзірлеу
қажет. Осы мәселеге қатысты франчайзингке
қызығушылық танытқан кәсіпкерлерді қажетті
ақпаратпен қамтамасыз ету үшін франшизалық
мәліметтер базасын құру, қызмет етуші
және әлеуетті франчайзер мен франчайзилердің
қатысуымен форумдар ұйымдастыру. Франчайзингтік
бизнестің артықшылықтарын, тәжірибелік
франчайзингке қатысты материалдарды
баспасөзде жариялау.
- Халықаралық
тәжірибеге негізделе отырып франчайзингтік
жүйені пайдаланушы отандық кәсіпкерлік
қызметті дамыту мен олардың тиімділігін
қамтамасыз ететін оңтайлы критерийлерін
келесідей қарастырамыз: а) отандық кәсіпкер
қызмет ету саласын дұрыс таңдауы керек,
ә) франчайзингтік қатынастардың құқықтық
аспектілерін, артықшылықтары мен кемшілігін
жете білуі міндетті, б) франчайзингтік
жүйені басқару үшін дұрыс бизнес стратегияны
айқындай білуі, в) отандық франчайзер
компания франчайзиының оңтайлы және
табысты қызметін қамтамасыз ету әдістеме
мен бағдарламаларды әзірлеуі қажет, г)
франшиза пакетін, оның өнімдері мен қызметтеріне
баға белгілеудің тиімді саясатын бекіту,
ғ) франчайзер жүйені кеңейту мақсатында
табысты стратегияны әзірлеп, франчайзиді
таңдау мен олардың қызметін дұрыс жүргізуін
бақылауы қажет.