Республикасының ұлттық құқығы мен халықаралық құқықтың арақатынасы (басымдылықтың қалыптасу мәселелерi)

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 18 Марта 2012 в 13:49, автореферат

Описание

Екiншi өзгерiстермен толықтырылған монография әлемдік қауымдастықта жаңа саяси-құқықтық шындықтың туындауымен тығыз байланысты, сонымен қатар ұлттық заңнаманың шұғыл дамуымен, халықаралық құқықпен ұлттық құқық аспектілерінің, кеңеюімен байланысты шығарылып отыр. Кiтапта халықаралық және ұлттық құқық арақатынасы нысаны талданған, халықаралық шарттарды конституциялық қамтамасыз ету, халықаралық құқық нормаларының сот-құқықтық реформасына тигізіп отырған ықпалы, халықаралық құқықтық нормалар және қағидаларының ұлттық құқық сәйкестiгiнiң жетiлдiруіне бағытталған ұсыныстар енгiзiлген.

Работа состоит из  1 файл

sootn.doc

— 1.51 Мб (Скачать документ)

Халықаралық құқықтың элементтері өте ерте замандарда қалыптаса бастады. Бірақ көбінесе ол жеңуші халықтардың құқықтарын қамтамасыз ету үшін қалыптасқан болатын. Бұл қасиет Еуропа елдеріне де тән болды және ХVI-XVII ғасырларда осы ортада қазіргі халықаралық құқық туындады.

М.А.Сарсембаев тек орта ғасырларда егемендік, бейтараптық, тұрақты елшіліктер мен консулдық өкілдіктер сияқты ұғымдар пайда болғанын айтады, дегенмен, антикалық дәуірде Ежелгі Рим мемлекеті халықаралық шарт жасады және онда өздері бағындырған немесе әлі де болса бағына қоймаған халықтардың тағдырын шешті. Олар «мәңгілік бейбітшілік», мәмілеге келу, достық қатынастар орнатып, одақтар құра алды. Және олардың көпшілігі тараптардың теңсіздігіне негізделді, Рим оларды басқа халықтарға күшпен таңды, Ежелгі Римнің халықаралық құқығы ізгілікке сүйенген жоқ. Оларды тұтқындарды өлтірді, құлдарға айналдырды, басып алған қалаларын тонап, жойып жіберіп отырды.

Өзінің қалыптасып дамуының алғашқы сатыларында-ақ мемлекетішілік құқық халықаралық құқыққа әсер ете алды және керісінше халықаралық құқық та мемлекетішілік құқыққа әсер етті, халықаралық құқықтың бір түрі ретінде аймақтық құқық, сонымен бірге, дамыған мемлекеттердің құқықтары көрші елдердің құқығының пайда болуына, қалыптасып дамуына әсер етті. Мысалы, еуропа (әсіресе, неміс) құқығы Ресей құқығының қалыптасуына, ал орыс құқығы өз кезегінде ХІХ ғасырдың басында Қазақстанның еуропаланған құқығың пайда болуына әсер етті. Бұл үрдіс осы күнге дейін жалғасуда, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев айтқандай, француз заңнамасы, соның ішінде Франция Конституциясы 1995-жылы қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясын дайындауға әсер етті /13, 18 б./.

ХІХ ғасырдың соңы ХХ ғасырдың басында неміс ғалымы А.Цорн «Халықтар құқығының (халықаралық құқық) негіздері», Венцель «Юриспруденция негізгі мәселелері» атты жұмыстарында халықаралық құқықты «мемлекеттердің сыртқы құқығы» ретінде қарастырады және олар ұлттық құқыққа енгізілген бөлігінде ғана заңды болады деп айтты.

Қазіргі неміс ғалымы Ф.Куниг халықаралық құқықтың ашықтығы «Offenheit», оның мемлекеттер мен халықаралық құқықтың басқа субъектілерінің арасындағы достық қатынастардың «Völkerrechtsfreundlichkeit» қалыптасуына бағытталуына қатысуы туралы жазады.

Егер ұлттық заңнаманың жаңа халықаралық құқықтың нормаларының пайда болуына әсері туралы сөз етсек, Н.В.Мироновтың пікірінше, мемлекеттердің заңнамасында халықтар арасындағы қатынастардың жаңа қағидалары жарияланады және осыдан кейін олар халықаралық практика кезінде халықаралық-құқықтық нормашығармашылық нәтижесінде міндетті халықаралық-құқықтық сипатқа ие болып, халықаралық конвенциялық немесе әдет-ғұрыптық нормаға айналады.

Сонымен бірге, ұлттық заңнама деңгейіне көтерілген бұл қағидалар тиісті сыртқы қатынастардың ұлттық органдары үшін жүріс-тұрыс ережесіне айналып, олардың қызметінің бағдарына айналады, осы мемлекеттің сыртқы саяси ұстанымын айқындайды оның халықаралық тәжірибесі арқылы халықаралық-құқықтық нормашығармашылыққа әсер етеді. Ішкі құқық халықаралық құқыққа әсер етуі елдің сыртқы саясатының қағидалары арқылы да жүзеге асырылады /15, 76 б./.

Қазақстандық зерттеуші О.Н.Сафонова мемлекетішілік құқық пен халықаралық құқықты қағаз жүзінде ғана бөлуге болады, ал іс жүзінде олар ұлттық құқықпен де, халықаралық құқықпен де реттелетін қатынастардың біртұтас жүйесі деп өте дұрыс айтады /16, 22 б./.

XIX-XX ғасырда неміс ғалымы Трипельдің «Халықтар құқығы (халықаралық құқық) және ел құқығы» атты еңбегінде дуализм теориясын қалыптастырды. Дуализм теориясы әлемде, соның ішінде Кеңес Одағында кең тарады. Кеңестік уақытта ғылымда халықаралық құқық пен ұлттық құқықтың арақатынасының деңгейі мен нысаны туралы әр түрлі пікір болды.

Ұлттық заңнама мемлекет ішіндегі қатынастарды реттейді, сондықтан ол мемлекетішілік құқық, ал халықаралық құқық нормалары мемлекеттік егемендіктің иесі ретінде мемлекеттер мен халықаралық құқықтың басқа субъектілерінің арасындағы қатынастарды реттейді деген пікір кең тараған болатын.

Халықаралық құқықтық жүйе мен ұлттық құқықтық жүйенің табиғатын түсінуге олардың дамуы мен арақатынасының тарихи тәжірибесін ескеру көмектеседі. КСРО-ның оқшаулануы мен «қырғиқабақ соғыс» жылдарында әлемнің екіге бөлінуі кезінде халықаралық құқық пен ұлттық құқықтың қатар өмір сүруі кеңестік саясаткерлер мен халықаралық құқық мамандарына халықаралық құқықтың ұлттық құқықтан жоғарылылығын мойындамауға негіз болды. Олардың өзара тәуелділігі де мойындалмады. Сондықтан бұл екі жүйе дербес, олар бір-бірінен туындайды деген шетелдік ғалымдардың еңбектерін қолдады.

Р.А.Мюллерсон бұл пікірді қолдай отырып ары қарай дамытады. Ол халықаралық құқық пен ұлттық құқықтың арақатынасына тән ортақ заңдылықтар туралы айтады. Формацияның пайда болуы кезеңінде ұлттық құқықтың басымдығын мойындау тенденциясы байқалады, өркендеп дамуы кезінде халықаралық құқық пен ұлттық құқықтың теңесуі, яғни дуалистік теорияға сәйкеседі, кейін формацияның құлдырауы, дағдарысы кезінде халықаралық құқықтың басымдығы теориясы қалыптасады және оны практикада іске асыруға тырысу байқалады дейді /17/.

ХХ ғасырдың екінші жартысында австриялық ғалым Г.Кельзен ұсынған халықаралық құқықтың басымдығы теориясы кең тарады. Мемлекетішілік заңнамада бұл теорияның қолданылуы бір қатар елдердің Конституциясында халықаралық құқық ішкі құқықтан басым екендігі туралы норманы енгізуден көрінеді. Қазақстан Республикасының Конституциясының 4 бабының 3 тармағында Республика бекіткен халықаралық шарттардың Республика заңдарынан басымдығы болады және халықаралық шарт бойынша оны қолдану үшін заң шығару талап етілетін жағдайдан басқа реттерде, тікелей қолданылады делінген. Бұл ереже өзгеріссіз Қазақстанның көптеген нормативті құқықтық актілерде көрсетілген. Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 24 наурыздағы «Нормативті құқықтық актілер туралы»  Заңының 42 бабының 1 тармағы  Қазақстан Республиакасының нормативті құқықтық актілерінің әрекеті Қазақстан Республикасының азаматтары мен заңды тұлғаларына, сондай-ақ заңнамалық актілер мен ҚР-сы ратификациялаған халықаралық шарттар қарастырылған жағдайларды қоспағанда, Қазақстан аумағындағы шетелдік тұлғалар мен азаматтығы жоқ тұлғаларға да таралады. Дипломатиялық өкілдер және шетелдік мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың мемлекеттік органдарының кейбір қызметкерлеріне Қазақстан Республикасының нормативті құқықтық актілері халықаралық шарттармен және  халықаралық құқықтың жалпыға танылған қағидалары, нормаларымен қарастырылған шегінде таралады (дипломатиялық иммунитет). 1995 жылғы 28 маусымдағы «Мұнай туралы» Заң күшін иеленуші ҚР-сы Президенті Жарлығының 2 бабының 4 тармағында ҚР-сы мүше болып табылатын халықаралық шартта осы Жарғыда көрсетілгеннен өзге ережелер бекітілсе халықаралық шарттың ережелері қолданылады деп көрсетілген. Бұған ұқсас ереже Қазақстан Республикасының 1994 жылғы 17 желтоқсандағы «Шетелдік инвестициялар туралы» Заңында да бекітілген. Осы Заңның 3 бабының 4 тармағында «Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда қарастырылғаннан өзгеше ережелер бекітілсе, халықаралық шарт ережелері қолданылады» деп жарияланған. Бұл ереже 1999 жылғы 10 желтоқсандағы «ҚР-ғы еңбек туралы» Заңда өзгешелеу көрсетілген. Заңның 3 бабының 2 тармағында Заңның әрекеті, егер Конституциямен, заңдармен, ҚР-сы ратификациялаған халықаралық шарттармен өзге ережелер қарастырылмаса, Қазақстан Республикасында еңбек қызметін жүзеге асырып жатқан шетелдік тұлғалар мен азаматтығы жоқ тұлғаларға таралады.

Қазақстан Республикасының қылмыстық заңнамасының ерекшелігі, Қазақстан Республикасының  ҚК-нің 1 бабында белгіленгендей, оның Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінен құралуында. Қылмыстық жауапкершілікті қарастырушы өзге заңдар олардың осы Кодекске қосылуынан кейін ғана қолданылуға жатады. Сондықтан Қылмыстық кодекстің кейбір баптары ұлттық және халықаралық құқықтың болуы мүмкін коллизияларына сілтемелерді қамтиды және басымдылықты халықаралық құқық нормаларына береді. Мысалы, ҚК-тің 6 бабының 3 тармағы бойынша Қазақстан Республикасының портына тіркелген Қазақстан Республикасының шегінен тыс ашық су немесе әуе кеңістігінде жүрген кемеде қылмыс жасаған адам, егер Қазақстан Республикасының халықаралық шартында өзгеше көзделмесе, осы Кодекс бойынша қылмыстық жауапқа тартылады. Тағы осы бап бойынша шет мемлекеттердің дипломатиялық өкілдерінің және иммунитетті пайдаланатын өзге де азаматтардың қылмыстық жауаптылығы туралы мәселе, егер осы адамдар Қазақстан Республикасының аумағында қылмыс жасаған жағдайда халықаралық құқық нормаларына сәйкес шешіледі.  Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 30 қаңтардағы «Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» Кодексінің 1 бабының 4 тармағында да Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шарттар осы Кодекс алдында басымдыққа ие болады және халықаралық шартты қолдану үшін заң шығару қажет болатын реттерді қоспағанда, тікелей қолданылады деген конституциялық ереже қарастырылған. Егер Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шартта Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңдарында көзделгеннен өзгеше ережелер белгіленген болса, онда халықаралық шарттың ережелері қолданылады. 1994 жылы 27 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесінің Қаулысымен күшіне енген Қазақстан Республикасының  Азаматтық Кодексінің Жалпы бөлімінің 3 бабында егер Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шартта Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарындағыдан өзгеше ережелер белгіленген болса, аталған шарттың ережелері қолданылады деп бекітілген. Халықаралық шарттан оны қолдану үшін республика ішінде құжат шығару талап етілгеннен басқа жағдайларда, азаматтық қатынастарға Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттар тікелей қолданылады. Осылайша азаматтық заңнама ұлттық құқықтық нормалар үстінен тек қана Парламентпен ратификацияланған нормалардың ғана емес, Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шарттардың өзге де нормаларының басымдығына жол береді.

Кейбір нормативтік құқықтық актілерге жасаған шолу ратификацияланған халықаралық шарттар нормаларының ұлттық заңнамадан басымдығы туралы конституциялық ережені салалық заңнамалар түрліше іске асыратындығын көрсетті. Бір қарағанда үлкен емес көрінетін бұл айырмашылық халықаралық шарт нормаларын ішкі мемлекеттік құқықта іске асырудың екі жолы бар екендігін көрсетеді: 1. Ұлттық нормативті құқықтық актілерге сәйкес өзгертулер мен толықтыруларды міндетті түрде енгізу жолымен (Қылмыстық кодекс, Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекс); 2. Халықаралық құқық нормаларының тікелей әсер етуі жолымен (азаматтық құқық).

Бірақ ұлттық нормативтік құқықтық актілерде «егер Қазақстан Республикасы қатысушы болып табылатын халықаралық шарттарда осы заңда көрсетілген ережелерден өзге ереже көзделсе, халықаралық шарт ережесі қолданылады» деп көрсетеді.

Бұл жерде мынадай сұрақ туындайды: егер бұл ереже елдің Конституциясында бекітіліп қойған болса, нормативтік-құқықтық актілерде қайталап көрсету артық емес пе?

Біздің ойымызша артық емес. С.В.Поленина пікірінше, мұндай норманың берілуі тиісті заңды a piori тиісті халықаралық стандарттарға сай деп жариялау арқылы сот немесе басқа да құқық қолдаушының сол заңды халықаралық конвенция нормаларына сай екендігін тексеру мүмкіндігін жоққа шығарады /18/. Шынымен, халықаралық ұйымдардың тиісті органының ұлттық заңнаманы халықаралық құқықтың жалпыға танымал нормалары мен қағидаларына сәйкестігін тексеру процедурасының өзі мемлекеттің беделіне жағымсыз әсер етуі мүмкін. Сондықтан, жоғарыдағыдай ескерту мұндай жағдайдың болуын жоққа шығарады, өйткені заң шығарушының өзі ұлттық заңнаманың халықаралық құқыққа сәйкестігіне кепілдік беріп тұр.

Құқық жүйелері арасындағы қатынастарды жалпы түрде халықаралық құқықтық жүйенің құрылымына сай келетін үш типке бөлуге болады. Қазіргі ғалымдардың пікірінше, халықаралық-құқықтық жүйенің ядросын барлық мемлекеттерге міндетті жалпы халықаралық құқық құрайды. Сонымен бірге, мемлекеттер тобының арасындағы қатынастарды реттейтін аймақтық халықаралық-құқықтық кешендер бар. Көптеген нормалар екіжақты қатынастарды реттейді. Аймақтық және екіжақты нормалар жалпы халықаралық құқыққа сәйкес болуы керек және олардың жиынтығы жаһандық халықаралық құқықты құрайды /19, 100б/.

Бірақ әлемдік құқықтық тәртіптің стратегиялық мәселелері халықаралық құқықтың жалпыға танымал қағидалары мен нормаларының және әлемнің көптеген мемлекеттері қатысатын көпжақты шарттардың негізінде шешіледі, ал аймақтық деңгейдегі стратегиялық мәселелер мен тактикалық мәселелер екіжақты (мемлекетаралық) шарттар негізінде шешіледі.

Бұл концепциялардың өзектілігі дау тудырмайды. Қазіргі әлем қарама қайшы тенденцияларға толы: бір жағынан ХХ ғасырдың ортасынан бастап соңына дейін саяси аренада ондаған тәуелсіз мемлекеттердің пайда болуы, қазіргі күні олар өздерінің ұлттық мемлекеттілігін қалпына келтіруде немесе жаңадан қалыптастыруы бұл мемлекеттерді сыртқы жағымсыз процестерден қорғауы мүмкін халықаралық құқықтың нормалары мен қағидаларының олар үшін маңыздылығын айтады.

Соның нәтижесінде бұл жас мемлекеттер халықаралық құқықтың ішкі ұлттық құқықтан басымдығының жақтаушысы болады, ал бұл өз кезегінде ішкі ұлттық құқық нормаларын құруға әсер етеді. Керісінше, әлемнің мықты елдерінде, экономикалық жағынан дамыған державаларда өз елінің құқығын жетілген, үлгілі деп санайтын, сондықтан басқа елдердің ішкі құқықтары мен халықаралық құқық соған сәйкес қалыптасуы тиіс деп есептейтін идеологтар да табылады. Бұл ұлттық құқықтың халықаралық құқықтан басымдығы туралы теорияның қазіргі жақтаушылары. Әлемнің көпшілік мемлекеттері іс жүзінде халықаралық құқықтың қағидалары мен нормаларын ішкі ұлттық құқықпен икемді үйлестіріп, дуалистік концепцияның өзектілігін көрсетеді.

БҰҰ Бас Ассамблеясының 1989 жылы 17 қарашада ХХ ғасырдың соңғы он жылдығын (1990-1999 жж.) Халықаралық құқықтың Онжылдығы деп жариялауы қазіргі әлемде оның рөлін біршама көтерді. 1989 жылы 17 қарашада қабылданған БҰҰ Бас Ассамблеясының 44.23 Қарары бойынша Халықаралық құқықтың Онжылдығының басты мақсаттары болып табылады: а) халықаралық құқықтың қағидаларының қабылдануы мен құрметтелуіне көмектесу; б) мемлекеттер арасындағы дауларды бейбіт шешу құралдары мен тәсілдеріне, соның ішінде Халықаралық Сотқа жүгіну және оны толық сыйлауға көмектесу; в) халықаралық құқықтың прогрессивті дамуы мен кодификациялануын көтермелеу; г) халықаралық құқықтың оқытылуын, зерттелуін, таратылуын және кең танылуын көтермелеу;

1997 жылы 30 қаңтардағы 15/157 Қарарында Бас Ассамблея Халықаралық құқықтың Онжылдығына байланысты әлемнің мемлекеттерін халықаралық құқыққа, бірінші кезекте, БҰҰ Жарғысына сәйкес қызмет етуге, халықаралық құқықтың қағидаларының қабылдануы мен құрметтелуіне көмектесуг е, бар көпжақты шарттарға, соның ішінде халықаралық құқықтың прогрессивті дамуы мен кодификациялануы саласындағы шарттарға қосылуға шақырды.

Жоғарыда айтылғандарды қорытындылай келе, халықаралық қатынастардың күрделі жүйесіндегі тәртіпті сақтайтын қажетті құрал ретінде халықаралық құқық әлемнің құндылықтар жүйесінде алғашқы орынға жылжығанын айтуға болады. Ол әлемдік қауымдастықтың мүдделерін ескере отырып, жаһандық дамудың маңызды факторы бола алады. Бұл жайтты Біріккен Ұлттар Ұйымы бірнеше рет атап өткен болатын. Құқықтың үстемдігін, саясатта құқықтың басымдығын қамтамасыз ететін, құқыққа негізделген қауымдастық, яғни халықаралық құқықтық қауымдастық құрылуда. Құқықтық қауымдастық құрудың маңыздылығы сондай, халықаралық құқық Комиссиясы өзінің алғашқы жобасында — 1949 жылғы мемлекеттердің құқықтары мен міндеттерінің Декларациясында «мемлекеттер халықаралық құқық басқаратын қауымдастық құрады» деді. Бұл ережені БҰҰ Бас Ассамблеясы 1949 жылы 6 желтоқсанда қабылдаған Қарарында бекітті.

Халықаралық құқықтың ұлттық құқықтан басымдығын бекіту ең алдымен ұлттық құқықта халықаралық құқықтың қағидаларын, нормалары мен түсініктерін қолданумен қатар жүреді. Бұл мемлекеттердің халықаралық құқықтық нормалар мен шешімдерді қабылдауға қатысуы мен оларды орындау үшін жауапкершілік механизмі халықтар мен мемлекеттердің егемендігін қамтамасыз етумен қатар үйлесуі қажет.

Даулы жағдайлар жекелеген елдердің құқықтарын бұзбайтын арнайы механизмді талап етеді. Әсіресе, бұл ХХІ ғасырға аяқ басқан әлемдік қауымдастық үшін өте өзекті, себебі халықаралық саяси жүйеде «әр түрлі полюстілік» күшейіп, мүдделер векторы мен олардың соқтығысы кеңеюде.

Информация о работе Республикасының ұлттық құқығы мен халықаралық құқықтың арақатынасы (басымдылықтың қалыптасу мәселелерi)