Республикасының ұлттық құқығы мен халықаралық құқықтың арақатынасы (басымдылықтың қалыптасу мәселелерi)

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 18 Марта 2012 в 13:49, автореферат

Описание

Екiншi өзгерiстермен толықтырылған монография әлемдік қауымдастықта жаңа саяси-құқықтық шындықтың туындауымен тығыз байланысты, сонымен қатар ұлттық заңнаманың шұғыл дамуымен, халықаралық құқықпен ұлттық құқық аспектілерінің, кеңеюімен байланысты шығарылып отыр. Кiтапта халықаралық және ұлттық құқық арақатынасы нысаны талданған, халықаралық шарттарды конституциялық қамтамасыз ету, халықаралық құқық нормаларының сот-құқықтық реформасына тигізіп отырған ықпалы, халықаралық құқықтық нормалар және қағидаларының ұлттық құқық сәйкестiгiнiң жетiлдiруіне бағытталған ұсыныстар енгiзiлген.

Работа состоит из  1 файл

sootn.doc

— 1.51 Мб (Скачать документ)

Ратификациялау және санкциялаудың басқа да түрлері – егеменді құқықтық жүйені басқа жат нормалардың тікелей енуінен қорғаушы механизм.

Құқық нормасы - бірнеше реттік әрекет ережесі. Сондықтан жат нормалар егеменді ұлттық құқықтық жүйеге бейімделіп, оның құрамдас бөлігі болу үшін, басқалармен сәйкес болу үшін мемлекеттің қолдауына ие болуы тиіс. Басқа қоғамдық қатынастардан тыс жеке реттелетін қатынастың болуы мүмкін емес сияқты, тәжірибеде екінші нормалармен келісілмеген бір норманың қолдану мүмкін емес. Сондықтан да халықаралық-құқықтық ереже оның орындалуы мемлекетішілік қатынастарда қажет болғанда ғана ұлттық құқықтық жүйеге енгізілуі тиіс /15, 65б./. Басқаша айтқанда, барлық құқықтық жүйе, барлық нормативтік құқықтық актілердің жиынтығы, соның ішінде ұлттық құқықтық жүйеге енгізілген халықаралық құқықтың  нормалары үйлесімді түрде бірге жұмыс жасауы керек. Тек сонда  ғана «заңдар соғысынан» немесе көбіне кездесіп отыратын «заңға тәуелді актілердің агрессиясынан» (егер соғыс терминологиясын қолданса)  құтылуға болады.

Халықаралық конвенция ережелерінің маңызды бөлігін өз бетінен орындалмайтын нормалар құрайды. Оны келесі сөз тіркестері көрсетеді: «мүше-мемлекеттер міндетті», «мемлекеттер шара қолданады» және т.б. Халықаралық құқық ғылымында қалыптасқан пікірлер бойынша мемлекеттің сот және басқа да органдары қызметінде осындай нормаларды қолдануы үшін халықаралық құқық нормаларын ұлттық заңнамаға алдын ала имплементациялау қажет. Осыған байланысты С.В.Поленина құқыққолданушы органдар өз бетінен орындалмайтын конвенциялар ережелеріне сілтеме жасай ала ма және, ең бастысы, халықаралық конвенцияның өз бетінен орындалмайтын ережелері ұлттық заңнама нормалары алдында басымдықты пайдаланады ма деген сұрақтарды қояды. Жасап отырған алдау нәтижесі халықаралық-құқықтық құжатты мемлекеттің ресми тануға қатысты арнайы шараларды жүзеге асырмай-ақ халықаралық құқық нормаларын іске асыруы мүмкін екендігін көрсетеді және жоғарыда аталып өткендей, бұл көбінесе инкорпорация мен рецепция дәрежесінде болуы мүмкін.

Заңнамада «тікелей» қолдану туралы, халықаралық құқық нормасының «тікелей» әрекеті туралы жиі айтылады. Мысалы Қазақстан Республикасының Азаматтық Кодексінің 3-бабының 8-тармағында көрсетілгендей, «Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шартта осы Кодекстің кеңістікте қолданылуының өзгеше ережелері белгіленсе, халықаралық шарттың ережелері қолданылады, Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шарттардың осы Кодекстен басымдығы болады және халықаралық шартта оны қолдану үшін заң шығару қажет  екендігі айтылған жағдайларды қоспағанда, тікелей қолданылады».

Ратификациялауға тек елдің дамуына стратегиялық маңызы бар халықаралық шарттар жатуына байланысты қазақстандық ғалымдар мен практиктер Ғ.С.Сапарғалиев, Б.А.Мұхамеджанов, Л.Жанұзақова, Р.Сақиева ұлттық құқық жүйесі мемлекеттің  егеменді құқықтарының іске асу процесінде қалыптасады және мемлекеттік егемендікті қамтамасыз етуге қызмет етуі тиіс болғандықтан мұндай халықаралық шарттар ұлттық құқық жүйесінің ішкі бірлігін бұзып жатқан жоқ па, егемендікке қауіп тудырып отырған жоқ па деген сияқты сұрақтарды қояды /16,312б./. Шынында да А.К.Котов көрсеткендей, қоспалаталы Парламенттің 1996 жылдың қаңтарынан 1999 жылдың желтоқсаны аралығындағы бес сессиясының нәтижесінде олар әрекет етіп отырған құқыққа қатысты мыңнан жоғары актілерді қабылдады. Оның ішінде Республика Парламенті ратификациялаған 193 халықаралық-құқықтық шарттарды, конвенцияларды, Парламенттің және оның палаталарының сәйкесінше қабылдаған ережелерін қосқанда 506 заңдар бар /17, 135 б./.

Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісінде де, Сенатында да халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік бойынша комитеттер құрылған. Осы комитеттерден Үкімет Парламентке енгізген барлық заңнама жобаларының 40 % астамы өтеді. Бұл Парламенттің қазіргі сатыда қабылдаған халықаралық-құқықтық құжаттардың үлкен көлемін, Қазақстанның халықаралық аренада күшеюін көрсетеді. Жүріп жатқан осы процесс ұлттық құқықтық жүйенің ішкі бірлігін бұзуға потенциалды мүмкіндікке ие екенін көрсетіп отыр. Кей зерттеушілердің байқауынша, заң жобасы жұмыстарының салалары бойынша Үкімет жоспарлары әрқашан негізделген және шынайы сипатқа ие емес. Оның дәлелі ретінде Үкіметтің заң жобасын дайындаудағы әртектілік мен шашыраңқылықты, олардың Парламентке жүйесіз енгізілуін айтуға болады /17,136б./.

Нормалардың бір – біріне қайшы келуі және келіспеуі құқықтық реттеудің бұзылуына әкеліп соғады және соған орай оның тиімділігін ел көлемінде ғана емес, халықаралық құқық тәртібінде де төмендетеді. Заңгер-практиктерге жиі өзгеріп отыратын заңнаманың кей тұстарын көру қиынға соғады, ал кейбір жаңа нормативтік құқықтық актінің (әсіресе, заңға сәйкес актілер) пайда болу сәтін байқап та үлгермейді.

Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келмейтін халықаралық шарттардың ратификациялануының мүмкіндігі әбден аз десе де болады. Себебі Негізгі Заңда халықаралық-құқықтық қызметтің негізділігі мен оның дәлдігіне жауап беретін мемлекеттік органдардың шегі көрсетілген.

40-баптың 1 тармағы Қазақстан Республикасының Президентін мемлекеттiң басшысы, мемлекеттiң iшкi және сыртқы саясатының негiзгi бағыттарын айқындайтын, ел iшiнде және халықаралық қатынастарда Қазақстанның атынан өкiлдiк ететiн ең жоғары лауазымды тұлға ретінде анықтайды. Конституция бойынша, Президент «келiссөздер жүргiзедi және Республиканың халықаралық шарттарына қол қояды; ратификациялау грамоталарына қол қояды» ( 44 бап, 11 тармақ). Сонымен бірге, Президент - халық пен мемлекеттiк билiк бiрлiгiнiң, Конституцияның мызғымастығының, адам және азамат құқықтары мен бостандықтарының нышаны әрi кепiлi ( 40 бап, 2 тармақ), ол тек ғана Конституция шегінде қызмет етуге міндетті.

1995-жылы 30 тамызда Конституция қабылданғаннан бастап Парламент өз жұмысын бастағанға дейін 1995-жылдың 6 қыркүйегіндегі «1995-жылы 30 тамызда өткен референдумда Конституция қабылдануы байланысты Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарының қызметін қамтамасыз ету және Республиканың халықаралық шарттық міндеттемелерін орындау бойынша шаралар туралы» Қазақстан Республикасының Президентінің Жарлығына сәйкес бірінші шақырылымдағы Республика Парламентінің бірінші сессиясы өз жұмысын бастағанға дейін Қазақстан Президенті мемлекеттік маңызы бар көптеген өкілеттіліктерді жүзеге асырды. Олардың ішінде, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрін, Бас Прокурорын, Ұлттық Банкінің Төрағасын, Ұлттық қауіпсіздік Комитетінің Төрағасын лауазымдарына тағайындау, Қазақстан Республикасы Жоғары Сотының Төрағасын, Жоғары Сот алқаларының төрағаларын, судьяларын лауазымына тағайындау мен оларды лауазымынан босату, Республиканың Конституциялық Сотының Төмен судьяларын, Республиканың Жоғары Арбитраждық Сотының Төрағасы мен судьяларын лауазымынан босату, Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясының Төрағасын, оның орынбасарлары мен хатшысын, мүшелерін лауазымына тағайындау мен оларды лауазымдарынан босату, Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры мен соттарының судьяларын қолсұқпаушылығынан айыру және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын ратификациялау мен денонсациялау бар.

Халықаралық шарттардың Конституцияға сәйкестігіне кепіл болатын, оларды «сүзгіден» өткізетін Парламент мен Конституциялық Кеңес бар. 54-баптың 1-тармағына сәйкес «Парламент палаталардың бөлек отырысында мәселелерді әуелі - Мәжілісте, ал содан кейін Сенатта өз кезегімен қарау арқылы 1) заңдар қабылдайды, ...7) Республиканың халықаралық шарттарын ратификациялайды және олардың күшін жояды.

Конституциялық Кеңес Қазақстан Республикасы Президентiнiң, Сенат Төрағасының, Мәжiлiс Төрағасының, Парламент депутаттары жалпы санының кемiнде бестен бiр бөлiгiнiң, Премьер-Министрдiң өтiнiшi бойынша: Парламент қабылдаған заңдардың Республика Конституциясына сәйкестiгiн Президент қол қойғанға дейiн қарайды (72-бап, 1-тармақтың 2-тармақшасы); Республиканың халықаралық шарттарын бекiткенге дейiн олардың Конституцияға сәйкестiгiн қарайды (72-бап, 1-тармақтың 3-тармақшасы); Бұл жағдайда Конституцияның 73-бабының 2-тармағына сәйкес «тиiстi актiлерге қол қою не оларды бекiту мерзiмiнiң өтуi тоқтатыла тұрады». Конституциялық Кеңес өтiнiштер түскен күннен бастап бiр ай iшiнде өз шешiмiн шығарады. Егер мәселе кейiнге қалдыруға болмайтын болса, Республика Президентiнiң талабы бойынша бұл мерзiм он күнге дейiн қысқартылуы мүмкiн. Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес емес деп танылған заңдар мен халықаралық шарттарға қол қойылмайды не, тиiсiнше, бекiтiлмейдi және күшiне енгiзiлмейдi (74-бап, 1-тармақ).

Егер Республика Конституциясына қайшы келетін халықаралық шарт ратификацияланып қойған болса, соның нәтижесінде белгілі бір қайшылықтар туындаса, Конституцияны қорғауға үшінші билік - сот билігі шығады. Ол Республика Конституциясының, заңдарының, өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнiң, халықаралық шарттарының негiзiнде туындайтын барлық iстер мен дауларға қолданылады (76-бап, 2-тармақ). Соттар шешiмдерiнiң, үкiмдерi мен өзге де қаулыларының Республиканың бүкiл аумағында мiндеттi күшi болады (76-бап, 2-тармақ). Соттардың Конституциямен баянды етiлген адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтiретiн заңдар мен өзге де нормативтiк құқықтық актiлердi қолдануға хақысы жоқ. Егер сот қолданылуға тиiстi заң немесе өзге де нормативтiк құқықтық акт Конституциямен баянды етiлген адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтiредi деп тапса, iс жүргiзудi тоқтата тұруға және осы актiнi конституциялық емес деп тану туралы ұсыныспен Конституциялық Кеңеске жүгiнуге мiндеттi. Мұндай жағдайда Конституциялық Кеңес соттың өтініштерін (72-бап, 2-тармақ) белгіленген мерзімде қарастырады, бірақ Конституциялық Кеңеске өтініш пәні болып ратификацияланған немесе кез келген басқа халықаралық шарттар табыла алмайды және бұл Конституциялық Кеңестің құзіретін шектейді.

Конституцияның 4 бабының 4 тармағында жазылғандай, заңдылықтың негізгі кепілдерінің бірі - ол жариялылық. Оған сәйкес, барлық заңдар мен Республика мүшесі болып табылатын халықаралық шарттар жарияланады. Азаматтардың құқықтары, міндеттері мен бостандықтарына қатысты нормативтік құқықтық актілердің ресми жариялануы оларды қолданудың міндетті шарты болып табылады.

Қазақстанның ұлттық құқықтық жүйесінің, азаматтарының құқықтары мен міндеттерін сыртқы факторлардан Конституциямен осынша қорғалуы әбден түсінікті. Тіпті Ресей секілді жағымсыз алып держава өз елінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеттері мен заңнаманың сәйкестілік мәселесіне мазасызданады. Ресей мамандарының көрсетуі бойынша, отандық ауылшаруашылықтағы дағдарыстың негізгі себептерінің бірі: «Ресей заңгерлері Халықаралық қайта құру және даму банкінің Ресейдің тағамдық қауіпсіздігін бұзуға бағытталған талаптарын заңды түрде ресімдеуге асығыс қадам жасады Ауылшаруашылығындағы дағдарыс сапалы түрде белгілі бір мақсаттармен ұйымдастырылған»./18,21-22бет/. Еуразияшылдықтың алғашқы идеологы Н.С.Трубецкийдің мына сөздері еске еріксіз түседі: «Ресейге көмек көрсететін романо-германдық державалар бұны филонтропиялық тілек-ниеттерімен жасамайды және бұл көмекке айырбас ретінде Ресейді өзінің колониясы ретінде алуға тырысады»/19,18 бет/.

Шартқа отырған кезде мемлекеттер шарттың күшіне ену мерзімі мен тәртібін алдын ала келіседі. Мұндай ереже немесе келісім болмаған жағдайда келісімге қатысушы барлық мемлекеттер осы шарттың міндеттемелігіне келісім берген кезден бастап күшіне енеді. Егер мемлекеттің шартқа қатысты міндеттілікке келісімі шарт күшіне енгеннен кейін белгілі бір мерзіммен анықталса, егер шартта өзгеше көзделмесе, шарт бұл мемлекет үшін олар көрсеткен мерзім ішінде енеді. Конвенция, егер бұл шарттың өзінде көзделсе, немесе келісімге қатысушы мемлекеттер бұл туралы басқалай келісімге келсе шарттың немесе бір бөлігінің уақытша қолданылуын да қарастырады.

Халықаралық құқық барлық жағдайда халықаралық құқықтың ұлттық құқықтан бұлтарыссыз, сөзсіз басымдығын талап етпейді. Әрбір мемлекет өзі үшін халықаралық құқық пен өзінің ұлттық құқығы арақатынасының деңгейін, тәртібін, нысанын орнатады. Міне осы жағдайда мемлекеттің егемендігі көрінеді. Дегенмен, халықаралық шартқа кіргеннен кейін, өзіне белгілі бір міндеттерді ала отырып (барлық шарт бойынша немесе бір бөлігі бойынша), мемлекет оларды адал орындауға міндетті. Міне осыдан мемлекеттің халықаралық аренадағы өркениетті тәртібі көрінеді.

Осылай, Қазақстан Республикасының Конституциясы жеткілікті мөлшерде Қазақстан Республикасында халықаралық шарттардың орындалуын қамтамасыз етеді және сыртқы жағымсыз әсерлерді жоюға кепілдік береді.

 

2.2.Халықаралық құқық нормалары мен қағидаларының Қазақстан Республикасының қазіргі құқығы иерархиясындағы орны

Қазақстан Республикасының қазіргі құқығының иерархиясындағы халықаралық құқық нормалары мен қағидаларының орнын қарастыра отырып, біз теориялық және практикалық мағынадағы екі аспектіні көрсеттік:

1.теориялық аспект, саяси құқықтық сипатқа ие: жалпы мойындалған халықаралық құқық нормалары мен қағидалары және Қазақстан Республикасының Конституциясы арақатынасы мәселесі.

2.практикалық аспект, халықаралық шарттардың Қазақстан Республикасының қазіргі құқығының иерархиясындағы орны.

Бірінші мәселенің өзектілігі мына жағдаймен байланысты: посткеңестік елдерде құқықтық жүйе орнығып, ұлттық заңнама сәтті әрекет етуіне қарамастан, халықаралық құқық нормалары мен қағидаларының елдің ұлттық құқығының негізгі қайнар көзі  Конституция арақатынасына қатысты даулар жиі туындайды. Бұл мәселеге екі түрлі тұрғыдан қарастыру 1996 жылы Нижний Новгород қаласында өткен «Ресейлік құқықтық жүйе және халықаралық құқық: өзара қарым қатынастың қазіргі мәселелері» атты ғылыми-практикалық конференцияда талқыланды. Бірінші аспектіге сәйкес, халықаралық құқық нормалары Ресей Федерациясының Конституциясынан және ұлттық заңнамадан басым болады. Екінші аспектіні жақтаушылар халықаралық құқық нормалары мен қағидаларына қатысты ұлттық құқықтың басымдылығы айқын деп санады. Конференция соңында қатысушылар Ресейдің қазіргі құқықтық жүйесінде халықаралық құқық нормалары мен Ресей Конституциясы және басқа да актілердің арақатынасын анықтайтын заңды әдіс тәсілдер жоқ деп көрсетті.

Қазақстанда Конституцияның 4 бабының 2  тармағына сәйкес, Конституцияның ең жоғары заңды күші бар және Республиканың бүкіл аумағында ол тікелей қолданылады делінгенмен, халықаралық құқық нормалары мен конституциялық нормалары арақатынасына қатысты ғалымдардың көзқарастары кереғар келеді.

Информация о работе Республикасының ұлттық құқығы мен халықаралық құқықтың арақатынасы (басымдылықтың қалыптасу мәселелерi)