Автор работы: Пользователь скрыл имя, 18 Марта 2012 в 13:49, автореферат
Екiншi өзгерiстермен толықтырылған монография әлемдік қауымдастықта жаңа саяси-құқықтық шындықтың туындауымен тығыз байланысты, сонымен қатар ұлттық заңнаманың шұғыл дамуымен, халықаралық құқықпен ұлттық құқық аспектілерінің, кеңеюімен байланысты шығарылып отыр. Кiтапта халықаралық және ұлттық құқық арақатынасы нысаны талданған, халықаралық шарттарды конституциялық қамтамасыз ету, халықаралық құқық нормаларының сот-құқықтық реформасына тигізіп отырған ықпалы, халықаралық құқықтық нормалар және қағидаларының ұлттық құқық сәйкестiгiнiң жетiлдiруіне бағытталған ұсыныстар енгiзiлген.
Ұлттық құқықтық жүйелердің өзара байланысын зерттеу өзекті болуда, өйткені ол болашақта адамзаттың бейбіт, үйлесімді қатар өмір сүруіне негіз болатын құқықтың жаңа түрінің, яғни метақұқықтың пайда болуына алып келуі тиіс. Метақұқық түсінігі ғылымға жақында ғана енді және шетелдер ғылымында (Америка Құрама Штаттарында, Ресейде) кеңінен қолданылуда. Қазақстандық ғалымдар ішінде метақұқық мәселелерін қарастыру бойынша даусыз басымдылық атақты құқық теоретигі, ғалым С.Ф.Ударцевқа тиесілі, ол «құқықтық эволюцияның жаңа кезеңінде құқықты түсінудің концепциясына мағыналық және құндылық түзету қажеттілігін» негіздеп, метақұқық деп аталатын құқық эволюциясының сатысын көрсетеді. Бұл жерде ғалым «құқықтық дамудың планеталыққа дейінгі деңгейінен кейінгісі ретінде метақұқықтың екі деңгейін: а) планетарлық немесе планеталық (нақтырақ өркениеттік) және б) гипотеттік өркениетаралық» бөледі. С.Ф. Ударцевтың пікірінше, «метақұқық – құқықтың терең табиғаты мен масштабын планеталық және ғарыштық деңгейде ашатын, құқық эволюциясы фазасының заңды және аяқтаушы құқықтық даму циклі» /29/.
Метақұқық туралы ғылымның дамуы ХХ ғасырдың басында «ноосфера» туралы идеяның пайда болуының заңды жалғасы болып табылады. В.И.Вернадский қазіргі адамзат Л. Агассистің (1807-1873) идеясын қайта жаңғыртқан А.П. Павлов (1854-1929) антропогендік (антропологиялық) эра деп атаған эрада өмір сүріп жатыр деп көрсетеді. Павловпен қатар, бірақ одан тәуелсіз Калифорниядағы Le Conte мен Жаңа Англиядағы К. Шухерт қазіргі эраны «психозойлық» деп атады. Мұны В.И. Вернадский ноосфераның (бұл сөзді ғылыми айналымға ХХ ғасырдың басында Леруа енгізді және гректің «ноос» - сана, «сфера»-жердің сыртқы қабаты деген сөзінен шыққан «сана патшалығы» деген мағынаны береді) пайда болуын білдіретін дәл анықтама деп санайды. Және тарих адамзатты бірігуіне, ноосфераға – біртұтас планеталық құрылым ретіндегі адамзат ұйымының болашақ бірлігіне алып келе жатыр дейді. А.Тойнби В.И. Вернадскийдің биосфераны ноосфера алмастырады деген гипотезасы түріндегі әлеуметтік эволюция идеясын қолдайды. Шынында да, ХХ және ХХI ғасырларда қатты белең алған жаһандану процестері осы ойшылдардың болжамын нақтылайды. Адамзат неше рет, өткір түрде дилеммаға жолықты: не ол жойылады, не әлемнің еш мемлекеті шет қалмай жалпы планеталық мәселелерді бірігіп, келісіп, контаминациялық шешу жолын табу. Сондықтан адамзат болашағы бізге жаһандық мәселелерді бірлесе шешетін әлемдік қауымдастықтың халықаралық құқықтың нормалары мен қағидалары негізінде үйлесімді, қатар өмір сүруі түрінде көрінеді.
Солай, кез келген ұлттық мәдениет басқалармен байланысты екен, олар тікелей қатынасқа түседі, әр түрлі нысандағы өзара әсері жүреді екен. Н.М. Карамзин былай деп жазады: «Халықтар үшін білім немесе ағарту жолы біреу; олардың барлығы ол жолмен бір бірінің артынан жүреді... Қандай халық екіншісінен қабылдамады? Асып түсу үшін қатарласуы керек емес пе?» /30/.
Қазіргі заманда басқа халықтардың «асып түсуі» өзектілігін жойды. Ол халықаралық қатынастарда ұлттық құқықтың жоғары болуы кезіне, халықаралық қатынастар күш арқылы шешілетін кезге тән болатын. Қазір халықаралық құқықтың жалпыға танымал қағидалары мен нормаларына негізделген әлемдік қауымдастықты құру міндеті тұр. Сондықтан халықаралық құқық пен ұлттық құқықтың арақатынасы нысандары – тәжірибелік қызмет процесінде үнемі дамудағы, жетілудегі құбылыс.
1.3 Салыстырмалы құқықтанудың салыстырмалы әдісі мен әдістемесі
Ұлттар, халық, өркениет арасындағы байланыстың дамуымен салыстыру және салыстырмалы әдіс ғылымдағы өнімді әдіс ретінде қарқынды дамып келеді. Құқықтану да осындай сипатқа ие. М.Т. Баймаханов «салыстырмалы құқықтану мен мемлекеттану тек жеке ғылыми ғана емес, жалпы ғылыми әдістермен және көптеген зерттеу құралдарының жиынтығымен толықтырыла отырып жеке (салыстырмалы) әдіс шеңберінен асып, заң ғылымына бағытталған кең бөлімдердің біріне айналып отыр» деп жазады /31/.
Салыстыру арқылы құқықтағы даралық, ерекшелік және жалпылылық танылады, құқықтық құбылыстардың генезисі мен динамикасы танылады, салыстырылатын объектілердің жіктелуі мен жүйеленуі жүргізіледі. Құқықтық құбылыстарға салысырмалы тәсіл мәнісі құқық қолдануға бағытталған салалық құқықтанудың прагматикалық сипаттамасына қол жеткізуге және жеке заң институттарының ғылыми зерттеуге мүмкіндік беретін түсініктер мен категориялар деңгейіне көтерілуге жол беруінде жатыр. Салыстырмалы құқықтану кең етек жайып жатыр, өйткені қазіргі әлемде құқыққа талап өсіп келеді, мемлекетішілік және халықаралық сияқты қоғамдық процестердің жалпы танылған реттеушісі болып табылады. Құқықтың жалпы әдістері түрлі елдердің құқықтық жүйелері сипатымен ерекшеленеді, олардың мәні әлемдік интерграциялық процестер жағдайында төмендемейді. Жалпы және ерекше құқықты зерттеу мен білу, құқықтық жүйелерді салыстыру, ұлттық заңнамаларды жақындату жолын талдау тәжірибиелік маңызы арта түсуде.
Компаративистика Ресей Федерациясының жоғары оқу орындарында оқу пәні ретінде дайындалып жатыр. Бұл баяғы тарихи дәстүрмен байланысты. Англия және басқа да батыс еуропалық университеттерге қарама қарсы Ресейде құқықты зерттеу мен оқыту XVІІІғ бастап (одан кейінірек Қазақстанда да) салыстырмалы әдіс басымдылығымен негізделген. Өйткені Петр І құрған Ғылым академиясында 1758 ж құқықты зерттеу ғылым ретінде ресми түрде басталды, заң факультеті ашылды. Онда неміс ғалымдары шақыртылып, курстар оқыды: Бекенштейн – рим құқығы, Штубе – құқық теориясы және халық құқығы. Барлық ресейлік университеттерде (Мәскеу, Казань, Харьков) рим және батыс еуропалық құқықты неміс профессорлары латын, неміс, итальян тілдерінде оқыды, сондықтан ол жергілікті студенттерге түсінікті болмады. Тек 1768 жылы. неміс профессоры Дилтей мен Германияда білім алған оның шәкірті, алғашқы ресейлік құқық профессоры С.Е. Десницкий дәрістерді орыс тілінде оқи бастады.
Тарихи шындықтарға көз салсақ Ресей және басында Ресей империясы құрамына енген, кейін Кеңес Одағында болған жаңа мемлекеттер құқық жағынан дамыған батыс елдерін «қуалаушы» жағдайында болды. Бұл салыстырмалы құқықтанудың қарқынды даму қажеттілігіне әкелді және классикалық рим құқығы мен шет елдер құқығын зерттеу отандық заңнамалармен салыстыру үшін материал ретінде қызмет етті.
Кеңестік уақытта бұл айрықша сақтықпен және ыждағарлықпен жүзеге асты. Шетелдік мамандардың табысты жетістіктерін ескере отырып, кеңестік заңгерлер «салыстырмалы құқықтанудың басты мақсаты дамыған капиталистік мемлекеттердің құқық жүйесін тарату екенін буржуазиялық компаративистер жасырмайды» деп көрсетті және атақты француз ғалымы Р.Давидтің «Қазіргі кездің негізгі құқықтық жүйесі» кітабын сынай отырып, ол зерттеген құқықтық жүйелер классификациясын «эклектикалық», тіпті «ғылыми қалыптаспаған» деп атаған. (33, 150 б.). Бақытымызға орай, ол кезеңдер аяқталып, қазіргі кезде салыстырмалы құқықтану посткеңестік мемлекеттерде қарқынды дамып келеді, яғни қазіргі құқықтанудың және сол мемлекеттердің өзіндерінің құқық жүйесінің қалыптасуына әсер етуде. «Қазіргі құқық» ұғымы анықтамасы және мағынасы тұрғысынан диахроникалық аспектіні қамтиды: ол «қазіргі емес» (бұрынғы, алдыңғы) құқықтың диалектикалық дамуының нәтижесі болып табылады және «болашақ» құқықты қалыптастыратын негіз болып табылады.
Салыстырмалы құқықтанудың маңызды ерекшелігі оның ұлтішілік емес, ұлтаралық сипаты, ол жүйе ішіндегі (әр ұлттық құқық жүйе ішіндегі) мәселелерді зерттеуге және әр түрлі құқық жүйесінің салыстырмалы анализі тұрғысындағы ұлтаралық мәселелер анализіне бағытталған. /35, 81-84 б./.
Халықаралық және ұлттық құқық арақатынасын талдауда басым әдіс болып салыстырмалы құқықтану үшін негізгі болып табылатын салыстырмалы әдіс табылады. Сонымен қатар салыстырмалы-құқықтық материя мен ғылыми әдісті көрсету үшін бірқатар терминдер қолданылады. Мысалы, И.Я.Киселев «салыстырмалы құқық», А.Х.Саидов және К.Цвайгерт және Х.Кетц сияқты белгілі неміс ғалымдары «салыстырмалы құқықтануды» қолданады. Басқа да анықтамалар кездеседі: «салыстырмалы заңтану», «құқықты салыстырмалы зерттеу», «құқықтық актілер мен жүйелердің салыстырмалы анализі», «заңнаманы салыстырмалы зерттеу» және т.б. Ю.А.Тихомировтың айтуынша, «салыстырмалы құқықтану» термині «салыстырмалы құқық» терминімен салыстырғанда бай және мазмұны бойынша көлемді және кешенді сипатқа ие, ал ғылыми көзқарас бойынша «салыстырмалы құқықтану» термині мен түсінігіне «компаративистика» термині жақын. М.Н.Марченконың пікірінше, салыстырмалы-құқықтық материя мен процестер атауына аса келісімді, шындықты барабар көрсететін «салыстырмалы құқық», және «салыстырмалы құқықтану» терминдері. Сонымен қатар, оқулық атауына қарағанда, ғалым «салыстырмалы құқықтану» терминін артық көреді.
Біздің ойымызша, құқықты салыстырмалы зерттеу мазмұнына сәйкес келетін екі термин: «салыстырмалы құқықтану» және «компаративистика». Компаративистика зерттеу бағыты ретінде барлық ғылым салаларында дамитындығын ескере отырып, біз «құқықтанушылық компаративистика» сөз тіркесінің орын ала алатынын мойындаймыз, дегенмен ғылымда тұрақты қолданылатын «салыстырмалы құқықтану» терминін жоғарырақ бағалаймыз. Құқықтық құбылыстарды салыстыру процесі кезінде ұлттық құқықтық жүйелердің ұқсастықтары мен айырмашылықтарының терең себептерін түсінуге мүмкіндік беретін қоғамдық өмірдің бірқатар аспектілеріне салыстырмалы анализ жасалады, нақтырақ айтатын болсақ, өркениеттік фактор – құқықтың тарихи, этникалық, географиялық және әлеуметтік-экономикалық даму ерекшеліктері, геосаяси фактор –жаhандық және аумақтық саяси-құқықтық процестер. Осындай кең анализ нәтижесінде нормативті құқықтық актілер және бірқатар ұлттық, шетелдік, аумақтық және халықаралық құқықтың жекелеген нормаларын салыстырмалы зерттеуге мүмкіндік туады.
Салыстырмалы құқықтану табиғаты мен мәртебесін анықтау мәселелерін шеше отырып, М.Н.Марченко: «ол өзіндік әлеуметтік мақсаты,өзінің жеке пәні, әдісі, қолдану аясы бар, заңи білім және заңи білім алу жүйесінде өзінің жеке ролі бар құрылымдық және функционалды тұрғыда басқа гуманитарлық ғылымдардан бөлек және оқшауланған заңи, ғылыми және оқу пәні» деп жазады.
Ю.А.Тихомировтың айтуы бойынша, салыстырмалы құқықтану ғылыми заң білімін саласын кеңейтеді және құқық жүйесіндегі теориялық-әдістемелік пәнмен қатар қолданбалы заңнаманың әдістемесін білдіреді.
В.С.Нерсесянц айтуы бойынша, жеке заң ғылымының әдісі (сонымен қатар салыстырмалы құқықтану әдісі) – бұл осы ғылым объектілеріне жататын мемлекеттік-құқықтық құбылыстарды түсіндіруге қатысты қолданылатын жалпы заңдық әдіс. Салыстырмалы құқықтану объектісі – кез-келген бір-бірімен салыстырылатын мемлекеттік-құқықтық құбылыстар. Бұл жерде заң ғылымы объектілеріне жататын кез-келген құбылыс туралы айтылған. Салыстырмалы құқықтану пәні – салыстырылып отырған мемлекеттік-құқықтық құбылыстардың түсіндірмелі-құқықтық қасиеті және мағынасы және формалды теңдік қағидасының нысаны ретінде олардың ұқсастықтары мен айырмашылықтары. Салыстырмалы құқықтану әдісі - формалды теңдік қағидасын білдіретін әр түрлі нысандар ретінде бір бірімен салыстырылатын әр түрлі мемлекеттік-құқықтық құбылыстарды түсіндірмелі-құқықтық тануға қатысты қолданылатын жалпы заңдық әдіс. басқа заңды пәндердегіндей салыстырмалы құқықтанудың екі негізгі құрылымдық бөлігі, яғни жалпы және ерекше бөлімдері болады. Жалпы бөлімінде салыстырмалы құқықтанудың тарихы, теориясы, пәні және әдістемесінің мәселелері, жоғары білім және заң ғылымы жүйесіндегі салыстырмалы құқықтанудың орны мен ролі көрсетіледі, сонымен қатар отандық құқық жүйесінің салыстырмалы құқықтық зерттеулерінің негізгі бағыттары мен өзекті ғылыми міндеттерін олардың әлемдік құқықтық картадағы, шетелдік заң компаративистикасының жетістіктері, тенденциялары мен тәжірибесінде алатын орнын ескере отырып қарастырады. Ерекше бөліміне әртүрлі құқықтық (мемлекеттік-құқықтық) құбылыстардың нақты салыстырмалы-құқықтық зерттеулерінің барлық тақырыптары жатады, отандық және шетелдік құқықтың жеке нормаларын салыстырмалы (синхрондық немесе диахроникалық) талдаудан бастап ұлттық құқықтың бұрынғы және қазіргі негізгі жүйелерінің барлығын салыстырмалы-құқықтық зерттеулерге дейін және құқықтың жекелеген салаларын салыстырмалы-құқықтық зерттеуіне дейін (мысалы, конституциялық құқықтың, еңбек құқығыныңң жеке құқықтың салыстырмалы-құқықты зерттеуі) және т.б жатады. Қазіргі салыстырмалы құқықтану орбитасына жаңа обьектілер тартылуда. Салыстырмалы құқықтанудан шетелдік және халықаралық тәжірибе туралы ақпарат көруге болады, құқықтың жеке нормаларымен бірге құқықтық институттардың, салалардың және құқықтық жүйелердің жақындасуына (гармонизация, унификация, синхронизация) алып келуде. М.В.Погудинаның “Халықаралық құқықтың және ұлттық қылмыстық заңнаманың өзара әрекеттесуін зерттеудегі салыстырмалы әдісі” атты кандидаттық диссертациясында халықаралық құқық нормаларының ұлттық заңнама нормаларынан басым екендігін тануымен салыстырмалы әдістің мазмұны ашылады. Зерттеуші халықаралық құқықта салыстырмалы әдістің қолдану мақсаты тек қана айырмашылықтар мен ұқсастықтарды табумен ғана байланысты емес, сонымен қатар халықаралық құқықтың қағидалары, нормалары және институттарының қолданылуының әмбебаптылығы мен тиімділігіне байланысты деген Д.И.Фельдманның пікірін қолдайды және дамытады.
Бұл өте маңызды пайымдауды біз де қолдаймыз және зерттеу барысында толығырақ тоқтаймыз.
Құқық теориясының жаңа әдістемесі адамзаттың дүниені меңгерудегі әр түрлі және бай философиялық-әдістеме тәжірибесінің негізінде қарқынды дамуда. Әр бір философиялық-әдістеме мектебінің өзіндік бітіспейтін қарама-қайшылық тарихы бар (біреулері осы уақытқа дейін сақталған). Айтыстың өткірлігі уақыт өткенде жоғалады, бірақ әдістемелік қойнауында ғылымға сәйкестігі уақыт сынағымен тексерілген, яғни алалықсыздықты, жан-жақтылықты және зерттеудiң объективтiгін білдіретін тек қана маңыздысы қалады.
Құқық әдістемесі осы ғылым құқықтың пайда болуы, қызмет етуі, дамуын қандай әдістер мен тәсілдердің көмегімен және құқықты зерттеу негізінде қандай қағидалар мен әдістер жатқанын зерттеумен айналысады. Бұл жерде кез-келген әдістер мен құралдар жиыны болмайды, ол нақты ғылыми зерттеудің мақсаты және міндеттерімен анықталады.
Ғылыми зерттеудің әдістемесін анықтау ғылыми зерттеудің маңызды шарты болып табылады. Негізінен абсолютті ғылыми тұрғыда жасалуы тиіс бұл процедура Кеңес Одағы кезінде идеологиялық және саяси тұрғыдан жасалды. Сол себепті 1917 жылғы Қазан төңкерісінен кейін кеңес заңгерлері марксизм-ленинизмнен бастау алатын, іргесі диалектика мен тарихи материализмге негізделген құқық ғылымының жаңа теориясын ұсынды. Сол кезден бастап әдістеме тек қана ғылыми зерттеулер әдістерінің жиынтығы ғана емес, қолданылатын әдiстердiң саяси негізі ретінде айқындалды. Осыдан бастап кеңестік құқықтану әдістемесінің «марксистік-лениндік дүниетануды қолдану туралы және оның теориясының, ұғымдарының гносеологиялық және идеялық қағидаларына негізделген, танудың әдіс-тәсілдеріне сай келетін ғылым» деген анықтамасы таралды /38, 17б/.
Осыған ұқсас анықтамалар тіпті 1980 жылдардың аяғында, «қайта құру» дәуірінде саяси жағынан өте ұстамды прибалтика заңгерлері мен кейбір шетел ғалымдарының еңбектерінде көрініс тапқан. Құқық туралды ғылымда кең тараған, идеологияға бағынбаған анықтаманы В.П.Казимирчук берген: «Ғылым әдістемесін құқықтық құбылыстарды зерттеуде логикалық әдістер мен арнайы құралдарды жүйенің материалистік диалектиканың теориялық қағидаларына негіздеп қолдану деп анықтауға болады».
Кеңес кезінде әдістеме түсінігі екі мағынаны білдірген десе де болады: 1. Зерттеушінің саяси ұстанымын білдіру; 2. Ғылыми зерттеудің жолдары мен тәсілдері.
Дегенмен біздің көзқарасымыз бойынша және посткеңестік ғылымның даму кезеңінде де осы екі жағдай өзінің ерекшелігін сақтаған. Ғалымдар көп жағдайда маркстік-лениндік бағыттағы өз көзқарастарын білдіреді (әдетте, жағымсыз, бірақ та осы ғалымдардың көбі осы бағытта ғалым ретінде қалыптасқанына қарамастан), өздерінің ғылымға, ғылыми мектепке және т.б. бағытқа ұстанымдарын нақтылайды. Бұл түсінікті де, себебі адамзат объективтік шындықты жан-жақты түсіну кезінде әр түрлі әдістер ойлап тапты және әлі де зерттеудің нәтижелі әдістерін іздестіруде. Сол себепті әр ғалым өзінің зерттеу объектісі мен бірге оны зерттеудің әдістерін көрсетеді.