Республикасының ұлттық құқығы мен халықаралық құқықтың арақатынасы (басымдылықтың қалыптасу мәселелерi)

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 18 Марта 2012 в 13:49, автореферат

Описание

Екiншi өзгерiстермен толықтырылған монография әлемдік қауымдастықта жаңа саяси-құқықтық шындықтың туындауымен тығыз байланысты, сонымен қатар ұлттық заңнаманың шұғыл дамуымен, халықаралық құқықпен ұлттық құқық аспектілерінің, кеңеюімен байланысты шығарылып отыр. Кiтапта халықаралық және ұлттық құқық арақатынасы нысаны талданған, халықаралық шарттарды конституциялық қамтамасыз ету, халықаралық құқық нормаларының сот-құқықтық реформасына тигізіп отырған ықпалы, халықаралық құқықтық нормалар және қағидаларының ұлттық құқық сәйкестiгiнiң жетiлдiруіне бағытталған ұсыныстар енгiзiлген.

Работа состоит из  1 файл

sootn.doc

— 1.51 Мб (Скачать документ)

А.А.Черняков Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шарттардың республика заңдарынан басымдығы болады деп жазды /20, 47-60 б./, М.Т. Баймаханов керісінше, ұлттық құқықтық жүйеде бірінші орында республика бекіткен халықаралық актілер емес, Конституция тұру керек деп есептейді /21/. Халықаралық құқық пен ұлттық құқық арақатынасындағы Конституцияның үстемдігі туралы жаза отырып, А.К.Котов «Елдің Конституциясынан халықаралық шарттардың басымдығын көрсету мемлекеттер немесе халықаралық ұйымдардың ерікті келісімі негіз болатын халықаралық құқықтың өзіндік табиғатының беделін түсіру... Халықаралық құқық нормаларының абсолютті басымдығын әлемдегі бірде бір мемлекет мойындамайды» дейді /22/. Шынымен, Негізгі заң ережелеріне сәйкес, Қазақстан Республикасының Конституциясы ең жоғары заңды күшке ие, конституциялық нормалар халықаралық нормалардың басымдылық пайдасына қайта қаралмайды және ратификацияланған халықаралық шарттардың нормалары одан басым күшке ие бола алмайды.

Конституцияның басымдығы  туралы ережелер посткеңестік елдердің Негізгі заңдарында да кездеседі. Өзбекстан Конституциясының «Конституция мен заңдардың басымдығы» атты ІІІ бөлімнің 15 бабында былай көрсетілген: «Өзбекстан Республикасында Өзбекстан Республикасының Конституциясы мен заңдарының сөзсіз басымдығы мойындалады». Ал 16 бап осы ережені нақтылай түседі: «Бірде бір заң немесе нормативтік құқықтық акт Конституция қағидалары мен нормаларына қайшы келе алмайды».

Тәжікстан Конституциясының 10 бабына сәйкес, Конституция ең жоғары заңды күшке ие және оның нормалары тікелей әрекет етеді. Конституцияға қайшы келетін заңдар мен өзге де құқықтық актілердің заңды күші болмайды. Сонымен бірге, Тәжік Конституциясының «Тәжікстан мойындаған халықаралық құқықтық актілер республика құқықтық жүйесінің негізгі құрамдас бөлігі болып табылады және республика заңдары мен халықарлық құқықтық актілердің арасында сәйкессіздіктер туған жағдайда, халықаралық құқықтық актілердің нормалары қолданылады» делінген ережесін халықаралық шарттардың нормаларының Конституциядан емес, мемлекет заңнамасынан басымдығын мойындау деп бағалауға болады. Қырғыз Республикасы Конституциясы II бөлімінің 12 бабына сәйкес, Республика бекіткен мемлекетаралық шарттар мен басқа да халықаралық  құқық нормалары Қырғыз Республикасы құқықтық жүйесінің негізгі және бөлінбес бөлігі болып табылады.

Ұлттық құқық пен жалпы мойындалған халықаралық құқық нормалары мен қағидаларының арақатынасы жеткілікті түрде Ресей Федерациясы Конституциясының 15 бабында бекітілген. Онда ел Конституциясы жоғары заңды күшке ие және мемлекеттік билік органдары, жергілікті өзін өзі басқару органдары, лауазымды тұлғалар, азаматтар және олардың бірлестіктері Ресей Федерациясы Конституциясы мен заңдарын сақтауға міндетті және сонымен бірге, жалпы мойындалған халықаралық құқық нормалары мен қағидалары, Ресей Федерациясының халықаралық шарттары оның құқықтық жүйесінің ажырамас бір бөлігі делінген.

Сонымен, егер ұлттық Конституцияның посткеңестік елдердің жаңа даму сатысында жалпы алғанда барлық нормалардан, соның ішінде ел бекіткен халықаралық шарттардан басымдығы айқын болса, Конституция мен жалпы мойындалған халықаралық құқық қағидалары арақатынасындағы басымдылық туралы сұрақтар туындайды және бұл олардың уақыт бойынша ерте пайда болуымен және кейбір халықаралық құжаттарда халықаралық құқық қағидаларының бекітілуімен байланысты. БҰҰ–ң 2000 жылы болған саммитінде қабылданған Декларацияда мемлекеттердің құқықтық жүйесін жалпы қабылданған халықаралық құқық нормалары мен қағидаларына сәйкес дамытуды басып айтылды.

Қазіргі кезде бұрынғы Кеңес Одағы елдері, соның ішінде Қазақстан Республикасы өздерінің құқықтық жүйесін жалпы мойындалған халықаралық құқық қағидаларына сәйкестендіруді қажет деп санайды.

«Жалпы мойындалған халықаралық құқық нормалары мен қағидалары» түсінігіне талдау жасаған кезде белгілі бір қиындықтар туындайды. А.И.Зыбайло «жалпы мойындалған халықаралық құқық қағидалары» түсінігіне анықтама беруде ғылыми әдебиеттерде де, соынмен қатар халықаралық және мемлекетішілік актілерде көзқарастардың бірлігі жоқтығынан, халықаралық құқық пен ұлттық құқық арақатынасын бағалауда елеулі қиындықтар туады деп көрсетті /23,23б./. Б.Л.Зимненко жалпы мойындалған халықаралық құқық нормалары мен қағидалары түсінігіне негізгі қайнар көздері халықаралық әдет ғұрып болатын көптеген мемлекеттер мойындаған жалпыға міндетті тәртіп ережелерін жатқызуды ұсынды /24/. Ю.А.Тихомиров «халықаралық құқық қағидалары оның нормалары болып табылады, және халықаралық құқықтың әдеттегі нормаларынан өзінің айрықша белгілерімен және халықаралық қатынастардың басты мәселелерін қозғауымен ерекшеленеді» деп есептейді /3/.

Жалпы қабылданған халықаралық  құқықтық қағидалардың пайда болу тарихы олардың Еуропада, Азия кеңістігінде де қалыптасқанын көрсетіп отыр. 1954 жылы 29 сәуірде Үндістан мен Қытайдың Тибет ауданы арасындағы сауда және байланыс туралы келісімінде алғаш рет Джавахарлар Неру құрған «панча шиланың» бейбіт өмір сүруінің бес қағидасы атап көрсетілді: 1. аумақтық тұтастық пен егемендікті өзара құрметтеу 2. басып кірмеу 3. Бір бірінің ішкі істеріне араласпау 4. теңдік және өзара табыс 5. бейбіт өмір сүру/25, 353 б./.

Ең алғаш рет хинди тілінде айтылған осы бес қағида әлемде кең мойындалып, қолдауға ие болды және кейін халықаралық құқықтық негізгі қағидаларының қалыптасуына негіз болды. Халықаралық құқықтың осы қағидалары заңды түрде 1970 жылы 24 сәуірдегі БҰҰ-ң мемлекеттер арасындағы достық қатынастар және ынтымақтастыққа қатысты халықаралық құқық қағидалары туралы Декларациясында бекітілді. Декларацияда негізгі қағидалар қатарына мыналарды жатқызды: күш қолданбау, дауларды бейбіт жолдармен шешу, ішкі істерге араласпау, ынтымақтастық, ұлттардың өзін өзі билеу және тең құқықтылығы, егемендік теңдігі, халықаралық құқық бойынша міндеттерді адал орындау. 1975 жылы 1 тамызда Хельсинкиде Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық Кеңесінің Қорытынды Актісінде осылардан басқа үш қағида бекітілді: аумақтық тұтастық, шекаралар мызғымастығы, адам құқығы мен бостандығын құрметтеу. Сонымен қатар, қағидаларға БҰҰ Бас Ассамблеясының арнайы қарарлары арналған.

Егер халықаралық құқықтың жалпы мойындалған қағидаларының негізі қайнар көзі БҰҰ Жарғысы болса, онда халықаралық құқықтың жалпы мойындалған нормаларының бөлінуі 1969 жылы қабылданған Халықаралық шарттар құқығы туралы Вена Конвенциясының 53 бабына негізделуі керек. Бұл баптың қалыптасуына қарай халықаралық құқықтың жалпы міндетті нормасы болуы үшін ол барлық мемлекеттердің халықаралық қауымдастығында бірауыздан қабылданып, мойындалуы міндетті. Біздің елдің әдебиеттерінде, шет ел ғалымдарының еңбектерінде де «барлық» деген сөз әлемдегі барлық мемлекеттер дегенді білдірмейді, себебі 200 мемлекеттің барлығы және басқа субъектілер бірауыздан келісімге келу мүмкін емес. Халықаралық құқықтың осы қағидалары мен нормаларын халықаралық қауымдастықтың көпшілік бөлігі мойындауы, пайда болуы мен мәртебесіне қарамастан, осы қағидалар мен нормаларды жалпы мойындалған деп айтуға болады.

Халықаралық құқық қағидаларларының нақты санын айту қиын, мысалы, 1978 жылғы шарттарға қатысты мемлекеттердің құқықмирасқорлығы туралы Вена Конвенциясы жалпы мойындалған екі қағиданы көрсетті: ерікті келісім және адалдық және pasta sunt servanda (курсив біздікі -А.Е.). Бұл қағидалар жоғарыда аталған қағидаларға қайшы келмейді, керісінше оларды толықтыра түседі.

Халықаралық құқық ғылымындағы түсініктерді жинақтай келе, халықаралық құқық қағидалары мен нормаларына барлық мемлекеттерге міндетті болатын және императивті күшке ие қағидалар мен нормаларды жатқызуға болады.

Құқық қағидасының «мойындалуы» оны нақты сақтау мен орындаудан білінеді. Бұл жерде Қазақстан Республикасы Конституциясының 8 бабы біздің ойымызша сауатты емес сияқты. Ол бапта: «Қазақстан Республикасы халықаралық құқықтың принциптері мен нормаларын құрметтейді, мемлекеттер арасында ынтымақтастық мен тату көршілік қарым-қатынас жасау, олардың теңдігі мен бір – бірінің ішкі істеріне араласпау, халықаралық дауларды бейбіт жолмен шешу саясатын жүргізеді, қарулы күшті бірінші болып қолданудан бас тартады» делінген.

Бұл конституциялық ереженің дамуы 2001 жылы 12 сәуірдегі Қазақстан  Республикасының Конституциялық Кеңесінің «Қазақстан Республикасы Конституциясының 6 бабының 1,3 тармақтарына, 8 бабына, 66 баптың 5 тармағына ресми түсінік беру туралы» №1/2 Қаулысында былай делінген: «Қазақстан Республикасы Конституциясы 8 бабының Республиканың халықаралық құқықтың нормалары мен принциптерін құрметтеу туралы нормасы мемлекеттің ішкі құқықты қалыптастыруда осыларды есепке алуға тырысуды білдіреді. Сонымен бірге, Қазақстан Республикасының әрекеттегі заңы Республика Конституциясының нормаларына сәйкес болуы міндетті және заңдардың алдында тек Республика ратификациялаған халықаралық шарттар ғана басымдыққа ие».

Біздің ойымызша, Қазақстан Республикасы Конституциясының 8 бабындағы дипломатиялық сипатқа ие «құрметтейді» (себебі «құрметтеп», бірақ орындамау мүмкін ғой) сөзінің орнына заңды нақты «ұстанады» немесе «сақтайды» деген сөздерді қолдану дұрыс болар еді. Өйткені 1991 жылы 16 желтоқсанда қабылданған «Мемлекеттік тәуелсіздік туралы» Конституциялық Заңның 2 бабында бекітілген: « Қазақстан Республикасы барлық мемлекеттермен өзінің қарым қатынасын халықаралық құқықтық қағидаларға сүйене отырып орнатады»; ал Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 1 бабында былай делінген: «осы Кодекс Қазақстан Республикасы Конституциясы мен халықаралық құқықтың жалпы мойындалған нормалары мен қағидаларына негізделеді».

Соңғы уақытта халықаралық құқық саласындағы ғалымдар халықаралық құқықтың қағидаларының жиынтығы жалпыадамзаттық конституцияны /26/ қалыптастырады, мемлекеттер оның нормаларын басшылыққа алуы тиіс және құқықтың қағидалары әмбебап мәнге ие болады, демек ол «жоғарғы құқық», әсіресе, адамның құқықтарын сақтау саласында болып табылады деп қарастырады. Ғалымдар жаһандық заң жүйесін қарастыра отырып, ұлттық заң жүйесі және мемлекетаралық заң жүйесі негізге алынатын жалпы құқықтың қағидаларын шығарады /27/.   

Бұның барлығы ұлттық конституциялардың қалыптасуында көрінеді. Халықаралық құқықтың жалпыға бірдей қағидалары көптеген елдерде конституциялық деңгейде бекітіледі. Сондықтан біз Қазақстан Республикасының қазіргі Конституциясының алдындағы басымдығы туралы емес, тек қана априорлық, халықаралық құқықтағы қағидалардың Конституцияға дейінгі пайда болуының біріншілігі туралы ғана айта аламыз.

1969 жылғы халықаралық шарттар құқығы туралы Вена Конвенциясының 46 бабында: «Мемлекет шарттың міндеттілігіне келісім беру кезінде халықаралық шарттарды жасауға қатысты ішкі құқық бұзылғандығын келісім берудің жарамсыздығына негіз деп сілтеме жасай алмайды» деп көрсетеді де, бұдан кейін дереу ескертпе жасайды: «...егер де бұл бұзылушылық анық болмаса және аса маңызды ішкі тәртіпті бұзбаса...». Әрбір елдің Конституциясы аса маңызды нормаларды қарастыратын құжатқа жататыны белгілі.

Қазақстан Республикасының Конституциясының негізінде, көптеген елдердің конституцияларындағыдай, халықаралық құқықтың жалпыға белгілі қағидалары мен нормалары бар, ал Конституцияның мәтініне халықаралық құқық қағидаларының «құрметтелуі» жайлы норма енгізілген. Сондықтан «жалпыадамзаттық конституцияны» ұлттық Конституцияға, мемлекеттік биліктің бірден бір бастауы халық өз еркімен жалпыұлттық референдумда қабылдаған Конституцияға қарсы қою немесе одан жоғары қою дұрыс емес.

2005 жылдың жазында өткен ҚР Президентін сайлау күнін анықтау туралы сөз туған жағдайда Конституцияның нормалары бірдей заң күшіне тең еместігі және өзіндік ішкі сатылардан тұратыны анықталды. 2005 жылғы 19 тамыздағы Конституциялық Кеңестің №5 Қаулысы бұл дауға соңғы нүкте қойды, яғни бұл Қаулыда былай деп баяндалған: «Негізгі заң конституциялық тәртіпті бірнеше иерархияға бөлетін арнайы норманы мазмұнға алмайды. Бірақ, кейбір жағдайларда қандай да бір конституциялық нормаларға артық көңіл бөлінуі мүмкін». Конституциялық Кеңестің 1999 жылғы 29 қазандағы № 20/2 Қаулысы және 2000 жылғы 7 маусымдағы №4/2 Қаулысы бойынша конституциялық құрылымның және басқа да негізгі ұстанымдар жайлы І тарау «Жалпы ережелердің» нормалары басқа конституциялық нормаларға қарағанда артықшылыққа ие екендігі туралы айтылған. Конституциялық нормалардың талқылауы барысында олардың бір біріне деген бағыныштылығы туралы мәселе негізгі заңның барлық нормаларының жүйесі белгілі бір жағдайға байланысты қолданғанда шешіледі.

Ішкі иерархияға қарамастан Конституцияның барлық нормалары халықаралық құқықтағы жалпыға бірдей қағидаларына қарағанда артықшылыққа ие. Себебі, бұл халықаралық құқықтың нормалары елімізде оған Конституция рұқсат берген жағдайда ғана қолданылады.

Конституция халықаралық құқықтың қағидаларының және нормаларының бас трансформаторы ретінде қолданылады. Сондықтан заңгерлер мен саясаткерлер Қазақстанның Конституциясының әлі де жүзеге аспаған потенциалы бар екенін айтқанда, бұл пікірге қоғамның ұзақ дамуына арналған құқықтық қағидаларды, соның ішінде халықаралық құқықтық қағидаларды жүзеге асыру процесі дәлел бола алады.

Конституцияның халықаралық құқықтың нормаларына қарағандағы басымдығы алда Негізгі заңға енгізілетін толықтырулар мен өзгертулер енгізу арқылы және өзгеріп отырған объективтікті шындыққа сәйкес конституциялық түсіндіру негізінде жүзеге асырылады.

Қазақстан Республикасының Парламентінің жанындағы арнайы ғылыми зерттеу институтының жалпыәлемдік процестер жағдайында мемлекет және қоғамның дамуына үздіксіз мониторинг жүргізуі қазақстан мемлекеттілігінің даму талаптарына сай келетін толықтырулар мен өзгертулер Конституцияға енгізуі туралы жан жақты негізді ұсыныстар енгізуге мүмкіндік береді.

Халықаралық құқықтың нормалары лттық нормативтік құқықтық актілердің нысанында құрылмайды. Хартиялар, декларациялар, пактілер және тағы да басқа халықаралық құжаттар мемлекеттің ішіндегі нормативтік  құқықтық актілер қатарына жатпайды. Дегенмен, олар мемлекет мойындайтын құқықтық нормалардан құрастырылған. Сондықтан біз халықаралық шарттардың Қазақстан Республикасының қазіргі қолданыстағы құқығы иерархиясындағы орнын анықтаумен қатысты екінші аспектіні бөліп алдық. Бұл ең алдымен, елде соттардың құқыққолдануымен, «Нормативтік құқықтық актілер туралы» Заңның 4 бабында көрсетілген нормативтік құқықтық актілердің иерархиясын жетілдіруден туындаған, себебі аталған бапта Қазақстан Республикасындағы құқықтың барлық қайнар көздері, мысалы Конституция бойынша тікелей қолданылатын ратификацияланған халықаралық шарттар көрсетілмеген.

Сондықтан қазіргі таңдағы заңтануда халықаралық және ұлттық құқық табиғатының шектелген өзара байланысы мен бірлігі туралы түсінік қалыптасқан. В.Г. Буткевичтің ойынша бұл екі жүйенің (халықаралық және ұлттық құқық) арақатынасында әрбір жүйенің өзіне тән бөлек қасиеттері емес, керісінше екі жүйенің де ортақ қасиеттері бас мәнге ие, өйткені екеуінің арасыда жүйеаралық байланыстар пайда болып, дамиды.

Ал халықаралық және мемлекетішілік құқықтың жекеленуіне әрбір жүйенің өзіне тән арнайы қасиеттері мен байланыстары септігін тигізеді/28/. Е.Т. Усенко құқықтану аясында «Құқық туралы жалпы ілім» деп аталатын мүлдем жаңа ғылыми пәнді ашуды да ұсынған. Бұл пән екі жүйенің ортақ тұстарын қарастыруы тиіс болған еді/29,46б./. Ал А.М. Васильев керісінше, жалпы құқықтың теориясының кемшіліктері халықаралық құқықты оқуда өз зиянын тигізеді, ал бұның барлығы жаңа пәнді ұсынуға әлі ерте, оның орнына жалпы мемлекеттің құқық теориясында халықаралық құқықтың мәселелерін қарастыра отырып арнайы түзетушілік жұмыстарын жүргізу керектігін айтты/30/. Екі ғалым да халықаралық және ұлттық құқықтың дамыған жүйелерінің бір біріне жақындауы туралы дұрыс пікір айтты және де бұл екі жүйе қазіргі таңда екі бөлек жүйе ретінде  қарастырылуы мүмкін емес. Демек, құқықтың жалпы теориясын құқықтың теориясы мен тарихы атты және халықаралық құқық теориясы атты екі пән құрайды.

Информация о работе Республикасының ұлттық құқығы мен халықаралық құқықтың арақатынасы (басымдылықтың қалыптасу мәселелерi)