Республикасының ұлттық құқығы мен халықаралық құқықтың арақатынасы (басымдылықтың қалыптасу мәселелерi)

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 18 Марта 2012 в 13:49, автореферат

Описание

Екiншi өзгерiстермен толықтырылған монография әлемдік қауымдастықта жаңа саяси-құқықтық шындықтың туындауымен тығыз байланысты, сонымен қатар ұлттық заңнаманың шұғыл дамуымен, халықаралық құқықпен ұлттық құқық аспектілерінің, кеңеюімен байланысты шығарылып отыр. Кiтапта халықаралық және ұлттық құқық арақатынасы нысаны талданған, халықаралық шарттарды конституциялық қамтамасыз ету, халықаралық құқық нормаларының сот-құқықтық реформасына тигізіп отырған ықпалы, халықаралық құқықтық нормалар және қағидаларының ұлттық құқық сәйкестiгiнiң жетiлдiруіне бағытталған ұсыныстар енгiзiлген.

Работа состоит из  1 файл

sootn.doc

— 1.51 Мб (Скачать документ)

1980 жылдардың ортасында Е.Т.Усенко кеңес ғылымдары кезіндегі құқық түсінігінің өзі халықаралық құқыққа сай келмейтіндігін айтты, яғни оның пайымдауы бойынша халықаралық және ұлттық құқықтарда ешқандай ортақ қасиеттер жоқ немесе жоқ дерлік /29/. Бұған халықаралық және ұлттық құқықтың арақатынасы бойынша танымал зерттеуші Г.В.Игнатенко қарсы пікірде болды. Оның айтуы бойынша «бұл пікір бір құқық жүйесіне тән жалпы құқықтық қасиеттерге диссонанс, яғни үндеспеушілік туғызады және тек арасында және құқық жүйелері ретіндегі халықаралық құқық пен ұлттық құқық арасындағы өзара әрекет туралы мәселені мүлдем жоққа шығарылуына алып келеді» /31/. Г.В.Игнатенконың ұстанымын А.М.Васильев қолдайды, оның ойы бойынша халықаралық шарттар және оның құқықтық  нормалары мүше мемлекеттерге «бөтен», «жат» нормалар емес, керісінше, белгілі дәрежеде мемлекеттің қажеттіліктерін анықтайтын құқықшығармашылық құралы болып табылады.

Ғалым өзінің пікірін дамыта келіп, «реттеу пәніндегі айырмашылықтар, халықаралық және ұлттық құқықтың ерекшелігін түсіндіруде және талдаудағы басқа  да тұстар халықаралық және ұлттық арасында шыңырау туғызбайды» деп жазады. Бұл айырмашылықтар тек бір ғана құбылыста /курсив біздікі –А.Е./. Демек, қарастырылып жатқан жүйелер құқықтың екі жағы болып келеді, бірақ олар бірдей деңгейде құқықтық қасиетін сақтайды. Сондықтан халықаралық және ұлттық құқық арасындағы айырмашылықтар олардың тектік ортақтығын жасырмайды. Зерттеуші бұл екі жүйенің ортақтығының мынадай тұстарын атап көрсеткен:

а) Мемлекеттік орнатылым және мемлекеттік мойындалу;

б) Нормативтік құқықтық табиғат;

в)Заңдық орнатылымдар мен мемлкеттік қызметтің қажетті байланысы;

г) Барлық заңгерлерге тән кәсіби құқықтық идеология /15/.

Біз сонымен қатар құқықтық жүйелердің өзара әрекеттестігі құқық шығармашылық және құқық қолданушылықта да көрінетіні туралы Г.В.Игнатенконың пікірімен келісеміз. Демек, бұл жерде үздіксіз әрекеттестік жүріп жатады. Құқықтық жүйелердің әрекеттестігінің құқық қолдану сатысы зерттеушілердің аса үлкен назарына ие болуы тиіс, себебі бұл сатыда халықаралық және мемлекетішілік құқық жүйесінің байланысы келісілген, мемлекет ішіндегі кең қатынастарды көбіне ортақ реттеуде көрінеді, алол бұл мәселенің практикалық маңызын алдын ала анықтайды /курсив біздікі –А.Е.//31/.

Мәселе қазіргі таңдағы қолданыстағы құқықты соттардағы қолдануы жайлы болмақ. Қазақстан Республикасында қазіргі таңдағы қолданыстағы заңдар болып Конституция нормалары, оған сәйкес заңдар, басқа да нормативтік құқықтық актілер, халықаралық шарттар мен өзге міндеттемелер, сонымен  қатар Конституциялық Кеңестің пен Жоғарғы Соттың нормативтік қаулылары табылады.

1996 жылғы 28 қазандағы Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің «Қазақстан Республикасы Конституциясының 4 бабының 1 тармағы  және 12 баптың 2 тармағына ресми түсінік беру туралы» Қаулысына сәйкес, 4 баптың 1 тармағында айтылғандай, қазіргі қолданыстағы заңдар болып нақты осы сәтте күші жойылмаған Конституцияның нормалары және осы баптағы көрсетілген басқа да нормативтік құқықтық актілер, сонымен қатар бұзылмаған халықаралық міндеттемелер табылады. Бұрыннан келе жатқан нормативтік құқықтық актілерге өзгертулер мен толықтырулар енгізілген жағдайда және жаңадан қабылданған заңдар қосылған жағдайда олар аталған тізімге кірістіріледі, ал егер аталған тізілімдегі заңдар заңдық мәртебесін жоғалтса немесе жойылса, бұл тізімнен де жойылады».

Халықаралық шарттар, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің нормативтік қаулылары, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулылары Негізі Заңда қазіргі таңдағы қолданыстағы құқыққа жатқызылғанымен, олар 1998 жылы 24 наурызда қабылданған «Нормативтік-құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасының заңында нормативтік құқықтық актілердің иерархиясы қатарына қосылмаған.

Қазақстан Республикасын Жоғарғы Сотының бұрынғы төрағасы Қайрат Мамидың айтуы бойынша қазіргі таңдағы қолданыстағы құқықтың қолданылуы маңызды ұсыныс. Бұл бұрыннан қалыптасып қалған заңдық стереотиптерді қайта қарауға әкелуі тиіс. Қолданыстағы заңнаманы емес, қолданыстағы құқықты қолдану істерді шешу кезіндегі соттық қараудың ммүмкіндігін арттырады, себебі қолданыстағы заңнама мен қолданыстағы құқық түсініктері біркелкі түсініктер емес. Осыны мойындай отырып, біз соттық құқық қолданыстың жаңа белестеріне тап боламыз... /32/.

Құқықтық нормалардың иерархиясын құрудың практикалық маңыздылығын басшылыққа ала отырып, нормативтік құқықтық актілер болып ресми мойындалмаған құқықтың қайнар көздерін ескере отырып, біз мемлекеттің қолданыстағы құқығы қайнар көздерінің иерархиясының схемасын ұсынбақпыз. Ұсынылып жатқан иерархияға біз Конституцияның нормаларын, оған сәйкес заңдарды, басқа да нормативтік құқықтық актілерді, халықаралық шарттар мен Республиканың басқа да міндеттемелік құжаттарын, сонымен қатар Конституциялық Кеңес пен Жоғарғы Соттың нормативтік қаулыларын кірістірдік.:

1. Ең жоғарғы заңды күші бар және «халықаралық құқықтың жалпыға бірдей қағидалары мен нормаларын құрметтейтін» Қазақстан Республикасының Конституциясы;

2. Конституцияға өзгертулер мен толықтырулар енгізетін заңдар;

3. Конституциялық Кеңестің нормативтік қаулылары;

4. Конституциялық заңдары мен конституциялық заң күші бар Қазақстан Республикасы Президентінің жарлықтары;

5. Ратификацияланған халықаралық шарттар (заңдық күші жағынан конституциялық актілерден төмен, бірақ заңдар мен басқа да нормативтік құқықтық актілерден заңдық күші жоғары);

6. Қазақстан Республикасының Кодекстері;

7. Қазақстан Республикасының заңдары, сонымен қатар Қазақстан Республикасының Президентінің заң күші бар жарлықтары;

8. Жоғарғы Соттың нормативтік қаулылары;

9. Ратификациялауға жатпаған халықаралық шарттар (заңға сәйкес актілердің тізімін бастайды);

10. Қазақстан Республикасының Парламентінің және оның палаталарының нормативтік қаулылары;

11. Қазақстан Республикасының Президентінің нормативтік жарлықтары;

12. Қазақстан Республикасының Үкіметінің нормативтік қаулылары.

(Одан әрі Қазақстан  Республикасының «Нормативтік құқықтық  актілер туралы» Заңының 4 бабының мәтініне сәйкес жалғасады)

Конституциялық Кеңестің нормативтік қаулылары Конституцияда аталып өткендей, тек қана Қазақстан Республикасының Конституциясына  негізделеді және ешқандай да басқа  нормативтік құқықтық актілер оған қайшы келмеуі тиіс. 2001 жылдың 13 желтоқсандағы Конституциялық Кеңестің «Қазақстан Республикасының Конституциясының 52 бабының 1 және 5 тармағын, 72 баптың 1 тармағының 4) тармақшасы, 74 баптың 3 тармағын ресми талқылау туралы» №19/2 Қаулысында былай деп көрсетілген: «Конституцияның нормаларын ресми түсіндіруде Конституциялық Кеңес тәуелсіз және тек қана Конституцияға бағынады. Конституцияның нормаларына ресми түсіндірме беру құқығының нәтижесінде шешімдер шығады, бұл шешімдердің заңдық күші түсіндірілген нормалармен тең болады. Конституциялық құқықтың нормалары Конституциялық Кеңестің қаулыларымен қатар қолданылады, ал бұлар Конституцияның 4 бабының 1 тармағына сәйкес Қазақстан Республикасындағы қазіргі кездегі қолданыстағы құқығының қайнар көзі болып табылады. Конституциялық норманың тоқтата тұрылуы, жойылуы немесе өзгертілуі сәйкесінше Конституциялық Кеңестің Конституцияны ресми түсіндіру туралы Қаулысының тоқтата тұрылуына, жойылуына немесе өзгертілуіне әкеліп соқтырады».

Сондықтан да Конституциялық Кеңестің нормативтік қаулылары Конституцияның қызметін, өмірін қалыптастырады, демек, Конституциялық Кеңестің шешімдерінің заңдық күші конституциялық нормаларға тең болып табылады. Дегенмен, біздің ойымызша, Конституциялық Кеңес қаулыларының заңдық күші Қазақстан Республикасының Конституциясының нормаларына қарағанда төменірек. Бұның барлығы Конституциялық Кеңес қаулыларының кейбір уақытша, жеке ережелері Конституцияның нормаларына сәйкес болмай қалуы мүмкін екендігімен түсіндіріледі. Себебі, конституциялық нормалардың тоқтата тұрылуы, жойылуы немесе өзгертілуі Конституциялық Кеңес қаулыларының автоматты түрдегі тоқтата тұрылуын, жойылуын немесе өзгертілуін қамтамасыз етпейді, оның орнына жаңа қаулы шығуын талап етеді.

Сонымен 1997 жылғы 6 наурыздағы Конституциялық Кеңестің №3 қаулысының дәлелдеме бөлігінің 7 тармағы екінші және үшінші абзацтарында былай делінген: «Аталған жарлықтың 8 бабының 1 тармағында көзделгендей, бірінші инстанциядағы соттарда істің шешілуі судьяның жеке өзі арқылы, ал ерекше жағдайларда тұрақты үш судьяның құрамымен жүзеге асырылады.

Қолданыстағы заңнамада көзделген тұрақты судьялардан тұратын соттардан бұрынғы кездегі халық қосшы билерден тұратын соттар мен қазіргі уақытта басқа елдерде кездесетін алқа соттарының айырмашылығы соңғылар тұрақтылық және кәсібилік сияқты қасиеттерге ие емес»

Қаулы етуші бөлімнің 7 тармағына сәйкес: «7. Конституцияның 79 бабының 1 тармағы және сот құрылымы туралы заңнама кәсіби, тұрақты судьялардан соттарды құруды көздейді. Ал басқа құраммен соттарды құруға Республиканың қолданыстағы заңнамасы тыйым салған».

Аталған ресми түсіндірме 1998 жылғы 7 қазандағы «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» №284 Конституциялық заңына дейін қабылданған. Бұл толықтырулар мен өзгерістерге сәйкес Ата заңның 75 бабының 2 тармағы былай толықтырылған: «заңда көзделген жағдайларда қылмыстық сот ісі алқа заседательдерінің қатысуымен жүзеге асады», бірақ бұл қаулы Конституцияға қайшы келгеніне қарамастан өзгертілген жоқ. Конституциялық Кеңестің 1997 жылғы 6 наурыздағы №3 қаулысындағы 7 бөліктің жетінші екінші және үшінші абзацтары алты жыл бойы 2004 жылғы 18 маусымдағы №7 Қаулымен күші жойылғанға дейін 1998 жылғы 7 қазанда өзгертілген Қазақстан Республикасының Конституциясының 75 бабының 2 тармағына сәйкес болған жоқ.

Құқық нормаларының иерархиясын көрсететін тағы бір факт бар. Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 1996 жылғы 28 қазандағы Қаулысына сәйкес Қазақстан Республикасының Конституциясының 4 бабының 1 тармағын талдағанда, Конституциялық Кеңес нормативтік құқықтық актілерге Қазақстан Республикасында ратификацияланған халықаралық шарттарды, Конституциялық Кеңестің нормативтік қаулыларын және Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының нормативтік қаулыларды жатқызады. Бірақ, бәрімізге белгілі, халықаралық шарттар, Конституциялық Кеңестің нормативтік қаулылары және Республика Жоғарғы Сотының нормативтік қаулылары нормативтік құқықтық актілерге жатпайды. Ал «өзге нормативтік құқықтық актілерге» 1997 жылғы 6 наурыздағы Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің қаулысына сәйкес құқық нормаларынан құралған келесі актілер жатқызылады: республикалық референдумде қабылданған актілер,  Қазақстан Республикасы Президентінің 1995, 1996 жылдары қабылданған заң күшіне, соның ішінде конституциялық заң күшіне ие жарлықтары, сонымен бірге Қазақстан Республикасы Конституциясының 61 бабының 2 тармағына сәйкес қабылданған Қазақстан Республикасы Президентінің заң күшіне ие жарлықтары, Президент жарлықтары, Парламент пен оның палаталарының, Үкіметтің қаулылары, министрліктердің және мемлекеттік комитеттердің актілері, Қазақстан Республикасының Үкіметінің құрамына кірмейтін орталық атқарушы органдардың актілері, сонымен қатар Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасы Үкіметі туралы» конституциялық заң күшіне ие Жарлығының 23 және 24 баптарына сәйкес салааралық үйлестіруді, басқа да атқарушы және басқарушылық функциялар, арнайы атқарушы және бақылау мен қадағалау органдарының функцияларын жүзеге асыратын ведомстволардың актілері, жергілікті атқарушы органдардың шешімдері, жергілікті өзін өзі басқару органдарының шешімдері, сонымен қатар шығарылуы заңнамамен көзделген басқа да актілері жатады».

Республика ратификациялаған халықаралық шарттардың заңды күшін анықтау туралы мәселе де оңай емес. 2005 жылғы 30 мамырдағы Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» Заңына сәйкес келесі халықаралық шарттар ратификациялануға жатады: нысанасы адам және азаматтың құқықтары мен бостандықтары болып табылатын; орындалуы қолданыстағы заңдарды өзгертудi немесе жаңа заңдарды қабылдауды талап ететiн, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында көзделгеннен өзге ережелердi белгiлейтiн; Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасының өтуi туралы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының ерекше экономикалық аймағын және құрлықтық қайраңын межелеп бөлу туралы халықаралық шарттарды қоса алғанда, Қазақстан Республикасының басқа мемлекеттермен аумақтық межелеп бөлiнуi туралы; мемлекетаралық қатынастардың негiздерi туралы, қарусыздану немесе қару-жараққа халықаралық бақылау жасау, халықаралық бейбiтшiлiк пен қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi мәселелер бойынша, сондай-ақ бiтiмгершiлiк халықаралық шарттар мен ұжымдық қауiпсiздiк туралы халықаралық шарттар; Қазақстан Республикасының мемлекетаралық бiрлестiктер мен халықаралық ұйымдарға қатысуы туралы, егер мұндай халықаралық шарттар Қазақстан Республикасының егемендiк құқықтарының бiр бөлiгiн жүзеге асыруды оларға берудi көздейтiн болса немесе олардың органдары шешiмдерiнiң Қазақстан Республикасы үшiн заңдық тұрғыдан мiндеттiлiгiн белгiлесе; мемлекеттiк қарыздар туралы; гуманитарлық көмектi қоспағанда, Қазақстан Республикасының экономикалық және өзге де көмектер көрсетуi туралы; қол қою кезiнде келiссөздерге қатысушы тараптардың кейiннен оларды ратификациялау туралы келiскен; егер халықаралық шарттарда мұндай келiсiм ратификациялау арқылы бiлдiрiлетiнi көзделсе, халықаралық шарттар;

Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттардың орнын қарастыра  отырып, қазақстандық зерттеуші Б.Қадыров оларды нормативтік құқықтық актілердің иерархиясында Конституция мен республикалық референдумда қабылданған басқа да актілермен қатар бірінші қатарға қоюға бәсекелесе алады дейді/33/. Біз ратификацияланған халықаралық шарттарды конституциялық заңдардан кейін, ратификацияланған шарттардың ұлттық заңдардан басымдығы туралы конституциялық ережелерді ескеріп, кодекстер мен заңдардан бұрын орналастырдық. Мұндай реттілік барлық ТМД елдеріндегі конституцияларда бірдей емес.

Г.М.Даниленко Ресей Конституциясын талдай отырып былай дейді: «Өкінішке орай Конституцияның 15 бабында РФ ратификациялаған халықаралық  шарттары туралы емес, РФ халықаралық  шарттары туралы айтылған. Осыған байланысты мынадай мүмкіндік туады, Федералдық Жиналыс ратификацияламаған халықаралық шарттардың өздері де өкілетті заң шығарушы орган қабылдаған заңдардын басым болады. Мұндай тұрғыдан келу құқықшығармашылықтың демократиялыққағидаларына қайшы келеді, соның ішінде барлық заңдар мен басқа да жоғары деңгейдегі актілер құқықтық жүйеге тек парламентпен және оның бақылауымен ғана қабылданып, енгізілуі тиіс деген қағидаға қайшы келеді» /11,123б./. Осы себепті ресейлік зерттеуші А.Б.Панина еңбек құқығы қайнар көздерінің иерархиясын талдай отырып, бірінші орынға РФ Конституциясын, кейін халықаралық  құқықтың жалпы мойындалған қағидалары мен нормаларын, РФ халықаралық шарттарын, одан кейін Федералдық конституциялық заңдарды, федералдық заңдарды, РФ субъектілерінің заңдарын (конституциялық және ағымдағы), Президент жарлықтары және т.б. қойды /34/. Зерттеуші шынымен ратификацияланған және ратификацияланбаған халықаралық шарттарды шектемейді. Халықаралық шарттардың өзіндік иерархиясы туралы мәселе бөлек үлкен зерттеуді қажет етеді, бұл біздің міндеттерімізге жатпайды. Кейбір жағдайларда ғана мемлекеттер басқа халықаралық шарттарға қарағанда басымдыққа ие қандай да бір шартты мойындау туралы өзара келісімге келуі мүмкін екендігін ғана айтамыз. Бұл жағдайды Қазақстан Республикасы мен Америка Құрама Штаттары арасындағы 2003 жылы жасалып, 2004 жылы 4 қазанда Қазақстан ратификациялаған «Тұлғаларды Халықаралық қылмыстық сотқа беру туралы» Келісімді көрсетеді. Келісімде тараптар геноцид, адамзатқа қарсы қылмыстар, әскери қылмыстар жасаған тұлғаларды сотқа тарту маңыздылығын көрсете отырып, мынаған келісті: бір тараптың аумағында жүрген екінші тараптың азаматтары  екінші тараптың жазбаша келісімінсіз Халықаралық қылмыстық сотқа кез келген тәсілмен берілмейді, немесе басқа халықаралық ұйымға, үшінші мемлекетке Халықаралық қылмыстық сотқа беру мақсатымен берілмейді, жіберілмейді. Осы келісімнің ережелерін қолдануда немесе талқылауда туындайтын даулар мен қайшылықтар тараптар арасындағы консультациялар жолымен шешіледі, бұларды реттеуде тараптар қандай да бір үшінші тарапқа немесе халықаралық сотқа жүгінбеулері керек.

Информация о работе Республикасының ұлттық құқығы мен халықаралық құқықтың арақатынасы (басымдылықтың қалыптасу мәселелерi)