Автор работы: Пользователь скрыл имя, 18 Марта 2012 в 13:49, автореферат
Екiншi өзгерiстермен толықтырылған монография әлемдік қауымдастықта жаңа саяси-құқықтық шындықтың туындауымен тығыз байланысты, сонымен қатар ұлттық заңнаманың шұғыл дамуымен, халықаралық құқықпен ұлттық құқық аспектілерінің, кеңеюімен байланысты шығарылып отыр. Кiтапта халықаралық және ұлттық құқық арақатынасы нысаны талданған, халықаралық шарттарды конституциялық қамтамасыз ету, халықаралық құқық нормаларының сот-құқықтық реформасына тигізіп отырған ықпалы, халықаралық құқықтық нормалар және қағидаларының ұлттық құқық сәйкестiгiнiң жетiлдiруіне бағытталған ұсыныстар енгiзiлген.
КСРО құлағаннан кейін Қазақстан ядролық қарудың көп бөлігіне ие мемлекет болып қалды (ядролық қару жағынан әлемде 4-орында болды, оның ядролық қаруының саны Франция мен Ұлыбританияның ядролық қаруларының жалпы санынан асатын). Еліміздің аумағында 1400 ядролық соғыс қарулары бар СС – 18 атты 104 ракета, ядролық соғыс қарулы 240 қанатты ракеталары бар 40 стратегиялық бомбалауыштар болды. Әлемдік қауымдастық ядролық қарудың таратылмауына мүдделі болды және Қазақстан ядролық қаруды таратпау туралы Шартқа қол қоюға дайындала бастады, ол үшін көптеген шаралар өткізіп, бірнеше халықаралық шарттарға қол қойды:
- 1992 жылы 6 шілдеде Достастық мүше – мемлекеттер (Грузия мен Молдавадан басқа) «Ядролық қаруды таратпау туралы Шартқа Достастыққа мүше мемлекеттердің қатысуы туралы» шешім қабылдады. Онда олар өздерін КСРО-ның құқықмирасқоры мемлекеттері ретінде бұрыңғы КСРО қабылдаған «Ядролық қаруды таратпау туралы Шарттың» қатысушысы болып Ресей Федерациясының қала беруін қолдады. Осы шешім негізінде Ресей осы шарттың депозитарийі қызметін де жалғастыра беретін болды. Ал қалған мемлекеттер «Ядролық қаруды таратпау туралы Шартқа» ядролық қаруы жоқ мемлекеттер ретінде қатысатындықтарын жариялады.
- 1993 жылы Қазақстан ядросыз мемлекет мәртебесін иеленетіндігі, ядролық қаруды кезең-кезеңмен бөлшектейтіндігі, шығаратындығы және жоятындығы туралы саяси шешім қабылдады.
- 1993 жылы 13 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Жоғары Кеңесінің «1968 жылдың 1 шілдесінде Лондон, Вашингтон және Мәскеу қалаларында қабылданған Ядролық қаруды таратпау туралы Шартқа қосылу туралы» № 2593 – ХІІ Қаулысы қабылданып, Қазақстан оған ядросыз мемлекет ретінде кірді.
- 1993 жылы 13 желтоқсанында Қазақстан Республикасы мен Америка Құрама Штаттары арасында «Құрлықаралық баллистикалық ракеталарды шахталық ұшыру құрылымдарын жою, апат зардаптарын жою мен ядролық қарудың таралуын болдыртпауға қатысты Келісім» жасалды. Осыған байланысты Америка Құрама Штаттары Қазақстан Республикасына ядролық қаруды жою мен ядролық қарудың таралуын болдыртпауға қатысты әр түрлі мақсаттарға жетуіне көмектесетіндігі айтылды. Соның ішінде құрлықаралық баллистикалық ракеталарды шахталық ұшыру құрылымдарын жою, Қазақстан Республикасынан ядролық қарудың, сонымен бірге осы қаруға қатысты технологиялардың, материалдық техникалық құралдар мен білімнің таралуына қарсы тексеру шараларын орнатуға, Қазақстан Республикасынан жою мақсатында ядролық қарудың шығарылуы кезінде болуы мүмкін апаттың зардаптарын жоюға және Қазақстан Республикасының аумағында бар басқа да стратегиялық басып алу қаруларын жоюға көмектесу бар.
- 1994 жылы 28 наурызда Мәскеу қаласында Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасы арасында Қазақстан Республикасының аумағында уақытша орналасқан Стратегиялық ядролық қүштер туралы келісім жасалды.
- 1994 жылы «1968 жылы 1 шілде қабылданған Ядролық қаруды таратпау туралы Шарт» ратификацияланды. Бұған Қазақстан Республикасы ҚР Жоғары Кеңесінің 1993 жылы 13 желтоқсандағы № 2593-ХІІ Қаулысына сәйкес ядролық қаруға ие емес мемлекет ретінде қосылды.
- 1994 жылы 26 шілдеде Алматы қаласында Қазақстан Республикасы мен Атомдық энергия бойынша Халықаралық Агенттік арасында 1994 жылы 19 маусымдағы Қазақстан Республикасы Президентінің №2344 Жарлығымен ядролық қаруды таратпау туралы шарттың ратификациялануына байланысты кепілдіктер қолдану туралы Келісім жасалды. Ол бойынша Қазақстан кепілдікке жататын барлық ядролық материалдардың есебін жүргізу мен бақылау құрып, оны жүргізуге міндеттенді. Ал Агенттік өз кезегінде, Қазақстанның ядролық материалдарды бейбіт пайдаланудан ядролық қару жасауға ауысып кетпеуін бақылау мақсатында бұл жүйесін тексеру мүмкіндігіне ие болу үшін бұл кепілдіктерді қолданады. Агенттіктің тексеруі Келісімде айтылған процедураларға сәйкес Агенттік жүргізетін өлшемдер мен байқаудан тұрады.
- 1994 жылы 5 желтоқсанда Ресей Федерациясы, Ұлыбритания мен Солтүстік Ирландия Біріккен Королдігі және Америка Құрама Штаттары Қазақстан Ядролық қаруды таратпау туралы Шартқа қосылуына байланысты Қауіпсіздік кепілі туралы Меморандум қабылдады және онда ЕҚЫК Қорытынды Актісінің қағидаларына сәйкес Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін, егемендігін және мемлекеттік шекарасын сыйлайтындықтары және Қазақстан Республикасының аумақтық тұтастығы мен саяси тәуелсіздігіне қарсы күш қолдану қаупін туғызбайтындықтары туралы міндеттенді.
Кейін әлемде болып жатқан саяси процесстер мен елдің қабылдаған халықаралық міндеттемелері талап еткен, Қазақстанның ядролық қаруды таратпау жөніндегі қатаң ұстанымын бекітетін бірнеше құжаттар пайда болды:
1997 жылы 18 қарашада Вашингтонда Қазақстан Республикасы мен Америка Құрама Штаттары арасында ядролық энергияны бейбіт мақсатта қолдану саласындағы ынтымақтастық туралы Келісімге қол қойылды, оны Қазақстан Республикасы 1999 жылы 13 шілдеде № 420-1 Заңмен ратификациялады.
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі мен Америка Құрама Штаттары Елшілігі арасында 1993 жылы 13 желтоқсанда жасалған Құрлықаралық баллистикалық ракеталарды шахталық ұшыру құрылымдарын жою, апат зардаптарын жою мен ядролық қарудың таралуын болдыртпауға қатысты Келісімнің мерзімін ұзарту мәселесі бойынша нота алмасу нысанында Келісім жасалды, бұл Келісімді Қазақстан Республикасы 2002 жылы ратификациялады.
Айта кететін жайт бұл құжатта Қазақстандағы АҚШ елшісі «Егер Қазақстан Үкіметі осы Шарт бойынша өзінің қазіргі халықаралық міндеттемелерін орындау үшін ұлттық заңнама бойынша қосымша шаралар енгізу керек деп тапса, біз Қазақстан Республикасының тез арада осы шараларды қабылдауын өте өтінеміз. Сонымен қатар ұлттық заңнаманың кез келген талаптары Қазақстан Үкіметінің осы Шарт бойынша халықаралық міндеттемелеріне өз әсерін тигізбейді, бұл міндеттемелерді орындамау Шарт бойынша көмек көрсетуді тоқтата тұруға немесе тоқтатуға алып келеді» деп тікелей мәлімдеді.
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Қазақстандағы АҚШ Елшілігіне ішкі заңнама бойынша және Қазақстан Республикасында Келісім күшіне енуінің барлық қажетті процедураларын сақтау үшін Қазақстан жағы тиісті ішкімемлекеттік процедуралар жүргізуі керек деп жауап берді.
2001 жылы 14 желтоқсанда Ядролық сынаққа жаппай тыйым салу туралы Шарт (ары қарай ЯСЖТШ) ратификациялады. Бұл құжатқа қол қойған мемлекеттер саны әлемдік үш ядролық державаны – Франция, Ресей және Ұлы Британияны қосқанда 160 болғанына қарамастан, Қазақстан бұл құжатты ратификациялаған 77-мемлекет болды. Ратификациялауды тездетуге БҰҰ Бас Хатшысы Кофи Аннанның Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевқа ратификациялауды тездетуге шақырып, тікелей өтініш жасауы себеп болды.
Мына фактіге көңіл аударуға болады, Қазақстанның ұлттық заңнамасында сол кездің өзінде ядролық сынаққа тыйым салуға қатысты тиісті нормативтік құқықтық акт – 1990 жылы 30 қарашада қабылданған ҚазКСР Жоғары Кеңесінің «Семей облысындағы ядролық полигон туралы» Қаулысы болды. КСРО кезінде қабылданғанына қарамастан құжатта «одақтас үкіметтің көп жылғы ядролық сынақ нәтижесінде адамдар өміріне келтірілген залалдарды өтеу бойынша, республика халқының полигонда қызмет ететін контингентпен шиеленіске түсуі нәтижесінде болуы мүмкін күтпеген жағымсыз салдарға қатысты шаралар қабылдамауы... Аталғандарды ескере отырып, ҚазКСР егемендігі туралы Декларация қабылдануына байланысты КазКСР Жоғары Кеңесі қаулы етеді: Семей облысы мен КазКСР аумағындағы басқа да сынақ полигондарында ядролық қару мен басқа да жаппай қырып жою қаруларының барлық түрлерін сынауға тыйым салу». Қазір Ядролық сынаққа жаппай тыйым салу туралы Шартты ратификациялаған сәттен бастап, БҰҰ бақылау органдары Қазақстанның Шарт ережелерін бұзуға қатысты әрекеттерін болдырмау үшін тиісті инспекциялар мен басқа да шарттан туындайтын әрекеттер жүргізуге құқылы.
1997 жылы 18 қарашада Шарт ережелерін тиімді орындау үшін Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Ядролық сынаққа жаппай тыйым салу туралы Шарт Ұйымының (ары қарай ЯСЖТШҰ) Дайындық комиссиясы арасында Қазақстанда ядролық сынақты сейсмикалық мониторинг станциясын орнату және экплуатациялау туралы Келісім жасалды. Осы Келісімге сәйкес Қазақстан Республикасында станциялар (Мақаншыда негізгі жүйенің сейсмикалық станциясы, Бурабай, Ақтөбе, Курчатовта көмекші сейсмикалық станциялар, Ақтөбеде инфрадыбыстық станция) орнату басталды. Олар ЯСЖТШ орындауды бақылау бойынша мониторингтің Халықаралық жүйесіне (ары қарай МХЖ) енді.
Негізгі жүйенің сейсмикалық станцияның (әлемде саны 50) алғашқы, неғұрлым маңыздыларының қатарына Мақаншы станциясы жатқызылды. Оның салуды Уақытша Техникалық Хатшылық қаржыландырып, 2000 жылы маусымда салынып бітті.
ЯСЖТШ аясында ядролық сынақтарды өткізуге бақылау әдістемесін дамыту мен көрсетумен байланысты жобаларды жүзеге асыру:
- тұрақты әлемді сақтау мақсатында ЯСЖТШ бақылау технологияларын дамытуға ат салысады;
- мүше мемлекеттердің үкіметтеріне өздерінің ядролық сынаққа тыйым салу стратегиясын ұстанатындықтарын, бұрынғы қорғаныс кешендерін бейбіт мақсатта пайдалануға болатындығын көрсету арқылы ЯСЖТШ бақылау саласында алғашқы орындарда болуға мүмкіндік береді;
- арнайы жер асты шахталары мен құрылғыларын салуға қаражат жұмсамай-ақ ЯСЖТШ қолдау үшін кең ауқымды калибрлі және басқа да тәжірибелер жүргізуге мүмкіндік береді;
Қазақстан Республикасының ЯСЖТШ қосылуы осы Шарт бойынша негізгі міндеттемелерді орындаумен қатар БҰҰ жарнасы шкаласы бойынша жылына 50000 АҚШ доллары шамасында жыл сайынғы жарна төлеуін қарастырады.
2001-2002 жылдары ЯСЖТШ Факультативтіларына сәйкес МХЖ енген Қазақстандық станцияларды салу мен модернизациялау жұмыстары жалғасты. Олардың ішінде:
-МХЖ көмекші станцияларына қойылатын талаптарға сәйкес Курчатов сейсмикалық топтары мен Ақтөбе Станциясын модернизациялау;
-МХЖ негізгі станцияларына қойылатын талаптарға сәйкес Бурабай сейсмикалық топтарын модернизациялау (негізгі станцияларға қосалқы ретінде);
-Ақтөбеде инфрадыбыстық станция салу;
-МХЖ негізгі станциясы ретінде Мақаншы станциясын сертификациялау;
-Станцияларда және Алматыдағы мәліметтер Орталығына Ұлттық және Халықаралық Орталықтарға мәліметтер жинап жіберу үшін спутниктік құрылғылар орнату;
Қазақстан қабылдаған, қосылған құжаттардың толық емес бұл тізімі Қазақстан қарусыздандыру процесіне белсене қатысатындығын, ядролық қаруды жою мен ядросыз ел деген мәртебесін бекіту саласындағы халықаралық құқықтық міндеттемелерін орындап отырғанын көрсетеді.
ХХ ғасырдың аяғында адамзат жарылыс құралдарын пайдалану арқылы іске асырылып жатқан лаңкестік әрекеттердің белең алуына және бар халықаралық құқықтың көпжақты ережелерінде бұл мәселе толық қарастырлмағанына алаңдаушылық білдірді. Сондықтан БҰҰ деңгейінде лаңкестікпен күрес бойынша бірнеше құжаттар қабылдады. 1994 жылы 9 желтоқсандағы Бас Ассамблеяның «Халықаралық лаңкестікті жою бойынша шаралар туралы Декларация» атты 49/60 Қарарының Қосымшасында былай делінген: «Біріккен Ұлттар Ұйымының мүше мемлекеттері лаңкестіктің барлық актілерін, әдістері мен практикасын қай жерде іске асқанына қарамастан, қылмыстық әрекет кінәлайтындықтарын және ешқандай ақтауға жатпайтындығын салтанатты түрде жариялайды. Ондай актілер ішінде мемлекеттер мен халықтар арасындағы достық қатынастар мен мемлекеттердің аумақтық тұтастығы мен қауіпсіздігіне қауіп төндіретін актілер де бар. 1996 жылы 17 желтоқсандағы Бас Ассамблеяның 51/210 Қарары мен оның Қосымшасындағы Декларация Халықаралық лаңкестікті жою бойынша шаралар туралы Декларацияны толықтырды.
Осы халықаралық құқықтық құжаттың негізгі ережелері Қазақстанның ұлттық заңнамасына енгізілді. 1997 жылы 16 шілдеде қабылданған Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің «Қоғамдық қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпке қарсы қылмыстар» атты 9 тарауында лаңкестік үшін өлім жазасы немесе өмір бойы бас бостандығынан айыру жазаларына дейін қарастырылған баптар бар. 233 бапта лаңкестікке анықтама берілген: «Жарылыс жасау, өрт қою немесе адамдардың қаза болуы, елеулi мүлiктiк зиян келтiру не қоғамға қауiптi өзге де зардаптардың туындау қаупiн төндiретiн өзге де iс-әрекеттер жасау, егер осы iс-әрекеттер қоғамдық қауiпсiздiктi бұзу, халықты үрейлендiру не Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органдарының, шет мемлекеттiң немесе халықаралық ұйымның шешiм қабылдауына ықпал ету мақсатында жасалса, сондай-ақ аталған iс-әрекеттердi дәл сол мақсатта жасаймын деп қорқыту»
Өзін құқықтық деп жариялаған мемлекетте лаңкестік үшін мұндай қатал жаза жекелеген адамның ғана емес, бүкіл адамзаттың құқығын қорғау идеясына негізделген халықаралық құқық талаптарына сай келеді.
Лаңкестік мәселесі 2001 жылы 11 қыркүйекте Америка Құрама Штаттарының Вашингтон, Нью-Йорк, Пенсильвания қалаларында болған лаңкестік актілерден кейін бүкіл адамзатқа қарсы жаңа қарқынмен белең алды. Әлемдік қауымдастық бұған жауабы тез арада болды. Әлемнің көпшілік мемлекеттері лаңкестікті айыптады, ал Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесі 2001 жылы 28 қыркүйекте 1373(2001) Қарарын қабылдады, онда лаңкестік актілерді айыптап, бұдан былай мұндай актілерді болдырмайтындығы туралы шешімін жариялады. Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының VII тарауына сәйкес БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі мемлекеттерді мынадай негізгі әрекеттерді жасауға міндеттеді:
олардың аумағында немесе сол мемлекеттердің азаматтары лаңкестік әрекеттер жасауға қасақана қаржы бергені немесе жинағаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізу;
лаңкестік актілер жасамақшы болған немесе жасаған, немесе лаңкестік әрекеттерді жасауға қатысқан, немесе көмектескен тұлғалар мен ұйымдардың қаржылық активтерін, экономикалық ресурстарын дереу жауып тастау;
өз азаматтарына немесе өз аумағындағы басқа да тұлғалар мен ұйымдарға актілер жасамақшы болған немесе жасаған тұлғалардың мүддесі үшін қаржылық активтер мен экономикалық ресурстарды беруіне тыйым салу;
БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі барлық мемлекеттерді 1999 жылы 9 желтоқсанда қабылданған лаңкестікті қаржыландырумен күрес туралы Конвенциямен қоса лаңкестікмен күрес туралы тиісті халықаралық конвенциялар мен хаттамалардың қатысушылары болуға үндеді;
лаңкестікке қатысты тиісті халықаралық конвенциялар мен хаттамаларды, Қауіпсіздік Кеңесінің 1269 (1999) и 1368 (2001) Қарарларын толық жүзеге асыру және бұл саладағы ынтымақтастықты және басқа ережелер қатарын кеңейту.