Автор работы: Пользователь скрыл имя, 18 Марта 2012 в 13:49, автореферат
Екiншi өзгерiстермен толықтырылған монография әлемдік қауымдастықта жаңа саяси-құқықтық шындықтың туындауымен тығыз байланысты, сонымен қатар ұлттық заңнаманың шұғыл дамуымен, халықаралық құқықпен ұлттық құқық аспектілерінің, кеңеюімен байланысты шығарылып отыр. Кiтапта халықаралық және ұлттық құқық арақатынасы нысаны талданған, халықаралық шарттарды конституциялық қамтамасыз ету, халықаралық құқық нормаларының сот-құқықтық реформасына тигізіп отырған ықпалы, халықаралық құқықтық нормалар және қағидаларының ұлттық құқық сәйкестiгiнiң жетiлдiруіне бағытталған ұсыныстар енгiзiлген.
Кеңес Одағы ыдыраған соң жаңа тәуелсіз мемлекеттер алдында, соның ішінде ең соңғылардың бірі болып тәуелсіздігін жариялаған Қазақстан Республикасының алдында ұлттық мемлекеттілікті қамтамасыз етудің кең ауқымды мәселелері пайда болды. Оған қоса мемлекет тәуелсіздігін сақтау және нығайту, адамзат тарихында болмаған социализмнен капитализмге, тоталитарлық режимнен либералдыққа өту жағдайында қоғамдық өмірді түпкілікті өзгерту, әлемдік кеңістікке интеграциялану мәселелері де болды.
Осы орайда жаңа тәуелсіз мемлекеттердің ең басты мәселелерінің бірі жариялау мен оны нақты саяси және заңнамалық дәрежеде бекіту болды. Адам және азамат құқықтары мен бостандықтарының идеологиялық мазмұны адамзаттың өмір сүруіне құқықтық, моральдық тұрғыдан келумен алмасты. Саяси өзгерістермен қатар құқықтық идеология да өзгере бастады. Онда адамды ең үлкен құндылық ретінде бекіту туралы және бұл әлемдегі барлық сандық және бағалы, моральдық түсініктердің бәрі адаммен байланысты деп тұжырымдалды. Әлем объективті түрде өмір сүреді, бірақ адам санасы болмаса оны ешкім бағаламайды, оның еш мәнісі жоқ. Ал қазіргі таңда адамзатта басқа формадағы материяның бар болуы туралы нақты дәлелдемелері болмағандықтан, барлық әлем, барлық кеңістік және оны түсіну антропоцентрлік болып табылады.
Бұл ойдың дәлелдемесі ретінде Р.Тагор және А.Эйнштейн сияқты ғұламалардың осы аспект бойынша толық бірдей пікірге келуі табылады, олардың танымның шынайы табиғаты туралы әңгімесі 1931 жылы болды. Оған қоса үнді ойшылы Р.Тагор ұсынған «Дүниенің адамзат Тұжырымдамасын» А.Эйнштейн қолдады. Бұл тұжырымдамаға сәйкес әлем шындығы адам санасына байланысты. Мәңгілік әлемге тек қана адамның мәнін қамтыған Мәңгілік (Жоғары, Әмбебап) Адам ғана жете алады /43/. Бұл көзқарасты қазіргі ғалымдар да қолдайды. Мысалы, И.И.Лукашук қауымдастықтың қазіргі құқығының негізгі сипаттарының бірі ретінде гомоцентризмді санайды, ол алдыңғы қатарға адам құқықтары мен мүдделерін қою деген сөз /44, 15-33б/. Т.Н.Нешатаеваның ойы бойынша құқықтың табиғи субъектісі – адам. Барлық қалған субъектілер – бұл тұрғыдан құқықтық фикция, құқық жасаған және құқықтан тыс бола алмайтындар. Мұндай субъектілерге мемлекеттер де, ұлттар да, әлемдік ұйымдар да жатады /45,70б./.
Антропоцентризм теориясын қолдай отырып, адам құқығы дегеніміз – әрбір халықтың ұлттық ерекшелікке құқығының, елдің егемендікке құқығының, барлық адамзаттың тек жердегі ғана емес, оған қоса ғарыштағы да бейбітшілік пен қауіпсіздікке құқығының негізгі, органикалық бөлігі болып табылатын санат деп санаймыз. Сондықтан да адамзат ғарыштағы адамның қызметі туралы бірнеше халықаралық құжаттар қабылдады. Көпетеген елдер осы шарттарға қосылды, олардың қатарында Қазақстан да бар. Ол 1997 жылы 15 мамырдағы №108-І Заңымен 1975 жылы 14 қаңтарда Нью-Йоркте қабылданған ғарыштық кеңістікке жіберілетін объектілерді тіркеу туралы Конвенциясына қосылды. 1997 жылы 15 мамырдағы №105-І Заңымен 1979 жылы 18 желтоқсанда қабылданған Ай мен басқа аспан денелеріндегі мемлекеттердің қызметі туралы Келісімге қосылды; 1997 жылы 15 мамырдағы №107-І Заңымен 1972 жылы 29 наурызда Мәскеу, Лондон және Вашингтон қалаларында қабылданған ғарыш объектілері келтірген залалдары үшін жауапкершілік туралы халықаралық Конвенцияға қосылды.
Қазіргі заман тарихында адам құқығын қорғау мен сыйлау ережесі Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталысымен БҰҰ Жарғысына енгізілді. Содан кейін 1948 жылы 10 желтоқсанда «Адам құқығы туралы жалпы Декларацияда» адам құқықтары жайлы мәлімделді. Ол 1966 жылы 16 желтоқсанда қабылданған Адам құқығы туралы Халықаралық Пактілердің мәтініне негіз болды. Бұл құжаттың көлемі мен маңыздылығын атаған В.А.Карташкин «Адам құқығы туралы жалпы Декларациясы» 100-ден астам елдің Конституциясын жасауға үлгі болды дейді. Оның нормалары мен ережелері Негізгі заңдарда бекітілген және оның әсерімен жасалған. Оған қоса белгілі бір себептерге байланысты адам құқықтары туралы Пактілерге қосылмаған елдер, оның ережелеріне бағынады, себебі олардың үлкен бөлігі jus cogens, яғни барлық елдер үшін міндетті нормалар. Ғалымның пікірі бойынша адам құқығы халықаралық құқықтың жаңа саласы ретінде дамуда, оған мыналар тән: 1) оның қалыптасуы жағынан басқа құқық салаларының алдында келе жатуы; 2) қабылданған нормаларды орындаудың әмбебап халықаралық және аймақтық бақылау механизмдер санының өсуі; 3) құқықтың басқа да институттарына өзгерушілік әсері (егемендік, қолсұқпаушылық және т.б.) /46/.
БҰҰ Жарғысының 1-бабы бойынша бұл ұйым келесі мақсаттарды көздедйді:
1. Халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау...;
2. Ұлттар теңдігі мен өзін-өзі анықтау қағидасы негізінде ұлттар арасындағы достық қатынастарды нығайту...;
3. Адамның ұлты, жынысы, тілі мен дініне қарамастан адам құқықтарына және негізгі бостандықтарын сыйлауды дамыту мен көтермелеудегі...халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыру
Бұдан көретініміз, БҰҰ Жарғысын жасаушылардың ойынша, бұл ұйымның негізгі, маңызды мақсаттарын, яғни Жер бетінде бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен мемлекеттер егемендігіне кепілдік берілгеннен кейін ғана жеке тұлғаның құқықтары мен бостандықтары нәтижелі болмақ.
Осылайша, адамзат тарихындағы ең қанды соғыстан кейін қабылданған бұл құжатта, бір жағынан жеке адам құқықтары 3-ші орында тұр деуге де болады. 2000 жылы БҰҰ қызметі туралы жылдық баяндамасында Кофи А.Аннан «ХХІ ғасыр қарсаңында барлық елдер мен халықтар үшін тұрақты бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау БҰҰ-ның жарты ғасыр бұрын ұйым жаңа құрылған кездегідей ең маңызды мақсаттарының бірі болып қалып отыр» деді /47/. Тек 1975 жылы Хельсинки Қорытынды Актісінде ғана адам құқығын қорғау халықаралық-құқықтық дербес қағидаларының бірі болды, яғни барлық мемлекеттер: а) кез келген мемлекеттің аумағындағы адам құқықтары мен бостандықтарын сыйлауы тиіс; ә) адамның саяси, азаматтық, экономикалық, әлеуметтік құқықтарын қандай да бір кемсітушіліксіз іс жүзінде орындауы тиіс; б) жалпы адам құқықтары мен бостандықтарын сыйлауға ат салысу, адам құқықтары бойынша барлық халықаралық міндеттемелерді орындауы тиіс. Бұл қағиданың мәні құқықтары мен бостандықтары бұзылған немесе шектелген жағдайда жеке тұлға қазіргі халықаралық құқықтың қорғау объектісі болып отыр деген сөз.
Мұның да өз логикасы бар. Себебі кез келген тарихи уақыт аралығында адам құқығы саласындағы құндылықтар өзгеріп отырады. Ал ол өз алдына жоғарыда аталып өткендей үш негізгі тығыз байланысты бөліктерден құралады (адамзат қауіпсіздігі, мемлекет дербестігі, жеке тұлғаның құқықтары мен бостандықтары). Оған қоса жеке тұлғаның құқықтары мен бостандықтары әрқашан бірінші кезекте бола бермейді, көптеген жағдайларда шектелген түрде көрсетіледі, мысалы, мемлекетке әскери және басқа да қауіп төнсе, адам құқықтары конституцияға сәйкес белгілі мөлшерде шектеледі, бірақ заң шығарушы мұны уақытша әрекет деп түсіндіреді.
Мемлекет үшін қиын кездерде адам құқығы объективті түрде шектеледі. Мысалы, халықаралық тәжірибеде ең төменгі жұмыссыздық деңгейі (жұмыссыздарды әлеуметтік қорғалуы қалыпты жүйеде) 10%. Елдердің тәжірибесі реформалар кезінде ол әдетте 15-20%-ға дейін көтерілетіндігін көрсетеді, бірақ ол 3-5 жылдан аспайды. Қазақстан Республикасында бұл көрсеткіш 1995-1999 жылдар аралығында 40%-ға (жасырын жұмыссыздықты қосқанда) дейін өсті, бұл еңбек нарығындағы апаттық жағдайды, адамның табиғи құқықтарының қатарына жататын еңбек ету құқығының өрескел бұзылуын көрсетеді. Бірақ дәл осы жылдары егемендік нығайып, мемлекеттің халықаралық аренада бекітілуі жүрді, ұлттық құқықтық жүйе орнатылды.
Қазақстандық мемлекеттіліктің қалыптасуының қиын кезеңінде 1993 жылғы Конституция терең талқыланып жатқанда Жоғары Кеңес сессиясында Жоғары Кеңес депутаты А.Кекілбаев: «Ұлттардың өзін-өзі анықтауға құқығы болмайынша жеке тұлға құқығын қамтамасыз ету мүмкін емес, себебі халқы қуғындағы адам еркіндік бола алмайды» - деді /49/. Төрт жылдан кейін, 1997 жылы Қазақстан халқына Жолдауында Қазақстан Республикасының Президенті Н.А.Назарбаев тікелей былай деді: «Бұған дейінгі кезеңнің негізгі мәні жеке дара мемлекет ретінде басталған өтпелі кезеңде орнығу болды». Ол кезде басым мақсат болып жаңа тәуелсіз мемлекетті құру, оның егемендікке деген құқығын халықаралық деңгейде дәлелдеу, барлық саяси, экономикалық және құқықтық жүйені бұрын болмаған, жаңа дәрежеге көтеру табылды. Бұл кезде жеке тұлға құқықтары екінші орынға қойылады, себебі мемлекеттік егемендігін құруға басым көңіл бөлінді, тіпті адамдар оны сақтау үшін өз өмірлерін беруге дайын болды.
ХХІ ғасыр басында Жаңа Тәуелсіз Мемлекеттердің мемлекеттілігі даусыз факт ретінде болды, сондықтан бұл мемлекеттер үшін Адам құқықтары туралы Халықаралық Билльде көрсетілген адам құқықтарын толық жүзеге асыру мәселесі туды. Адам құқықтары туралы Халықаралық Билльге бес құжат жатады: Адам құқығы туралы Жалпы Декларациясы (1948 жылы 10 желтоқсанда Бас Ассамблеяның 217А (ІІІ) қарарымен қабылданып жарияланған); Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы Халықаралық Пакт (1966 жылы 16 желтоқсанда Бас Ассамблея 2200 А(ІІІ) қарарымен қабылданып, қол қою мен ратификациялауға, қосылуға ашылған); Азаматтық және саяси құқықтар туралы Халықаралық Пакт және оған Факультативті Хаттама (1966 жылы 16 желтоқсанда Бас Ассамблея 2200 А (ХХІ) қарарымен қабылданып, қол қою мен ратификациялауға, қосылуға ашылған); Азаматтық және саяси құқықтар туралы Халықаралық Пактіге өлім жазасын алып тастауға бағытталған Екінші Факультативті Хаттама (1989 жылы 15 желтоқсанда 82 пленарлық отырыста қабылданған).
Егер мемлекет осы барлық халықаралық құжаттарды ресми мақұлдап, ұлттық заңнамаларды осыларға сәйкестендірсе ғана адам құқықтары туралы билль тиімді жұмыс істейтін болады. Бұл құжаттардың мәні, мемлекет бұрыннан келе жатқан мемлекет пен азаматтың мемлекетішілік қатынастарына қоғамдық қарым қатынастың үшінші бір маңызды субъектісі – халықаралық қауымдастық қосылуына саналы түрде келеді. Мысалы, Бірінші Факультативті Хаттама бойынша, азамат өз мемлекетінің заңсыз іс әрекеттеріне қатысты шағымдана алады. Мұндай шағымдар өте көп, ол тек дамушы елдердің азаматтарынан ғана емес, сонымен қатар, демократиялық салт дәстүрі тұрақты қалыптасқан елдердің азаматтары да шағымдануда.
2003 жылы 17 қарашадағы ҚР Президентінің Жарлығы бойынша біздің мемлекетіміз осы Пактілерге қосылды, бірақ ТМД елдері ішінен осы құжаттарды ратификацияламаған жалғыз ғана ел болып қалып отыр. Қазақстан адам құқығын қорғау аясындағы басқа да құжаттарға бұрыннан қол қойып, қосылғанына қарамастан, бұл біздің еліміздің әлемдік аренадағы құқықтық мемлекет құрудағы имиджін бекітуге, біздің азаматтарымыздың еркіндігі мен құқығын қамтамасыз етуге еш септігін тигізбейді. Олардың қатарында бала құқығы туралы, әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық нысандарын жою туралы, қинауға, жазаның басқа да қатыгез және адами емес, намысты қорлайтын түрлеріне қарсы халықаралық конвенциялар бар. Біздің мемлекетіміз сонымен қатар, геноцидтің алдын алу және жазалау туралы; босқындардың мәртебесі туралы; Женева гуманитарлық конвенциялары мен олардың Факультативті хаттамаларына қосылған.
Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары И.И.Рогов Президент Жарлығына қатысты түсініктемесінде былай деді: «Қазақстан Халықаралық пактілерді ратификациялау кезінде оларға ескертпе, нақты айтсақ, еңбек етуге қатысты адам құқықтары, бейбіт шерулерге қатысуға қатысты адам құқықтары (ҚР Заңдары бойынша мемлекеттік қызметкерлер бейбіт шерулерге қатысуға құқығы жоқ) қарастырылған баптарға жасамақшы. Сонымен бірге, әрбір 18 жасқа толған тұлғаны өлім жазасына кесу туралы АҚШ ескертпесіне қарсылық білдіреді, өйткені Қазақстанда әйелдер өлім жазасына кесілмейді. Егер біз өз қарсылығымызды білдірмесек, онда олар АҚШ аумағында қылмыс жасаса, оларға бұл қылмыстық жаза тарайды/50/. Шынында да И.И.Рогов, Қазақстанда объективті себептерге байланысты күші болмайтын (еңбек ету құқығы) немесе басқа мемлекеттің заңнамасына қарағанда, мысалы Америка Құрама Штаттарға қарағанда (кейбір штаттарда әйелдерді өлім жазасына кесу қарастырылған) қазақстандық заңнаманың ізгілік сипаты бар баптарды дәл атап көрсеткен.
Үкіметтің 2005 жылы 21 маусымдағы №598 және 2005 жылы 25 маусымдағы №625 Қаулылары бойынша Парламентке «Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы Халықаралық Пактіні ратификациялау туралы» заң жобасын ескертпесіз және «Азаматтық және саяси құқықтар туралы Халықаралық Пактіні ратификациялау туралы» заң жобасын ҚР Бас Прокуроратурасы тарапынан ұсынылған ескертпемен енгізді. Шарттың ешбір бабын алып тастамайтын, керісінше, толықтыратын ескертпеде былай делінген: «Халықаралық Пакттің 9-бабының 3 тармағын мойындай отырып, Қазақстан Республикасы мынаны ескертеді, ұлттық заңнамаға сәйкес кез келген тұлғаның қамауға алынғаны жөнінде шұғыл прокурор хабардар болуы тиіс. Сот немесе прокурор қамауға алған әрбір тұлғаның өзінің қамауға алынуы немесе ұсталуы бойынша сотқа шағымдану құқығы бар». Ал 9-баптың 3 тармағы мынадай нормалардан тұрады: «Қамауға алынған немесе қылмыстық айыптау бойынша ұсталған әрбір адам судьяның, немесе заң бойынша сот билігін іске асыруға құқығы бар және ақылға қонымды уақыт ішінде істі сотты қарауға немесе босатуға құзіреті бар басқа лауазымды адамның алдына жедел жеткізілуі тиіс. Сотта ісінің қаралуын күтіп отырған адамдарды тұтқында ұстау жалпыға бірдей тәртіп болып саналмауы тиіс, бірақ босату – сотқа келу, сотта ісінің қарауына қай сатысына болмасын келу, керек жағдайда үкім орындалу кезіне келу кепілдігі берілсе ғана жүзеге асырылады».
Осылайша, азаматтық және саяси құқықтар туралы Халықаралық Пакт осы бабының нормалары мен енгізіліп отырған ескертпе Қазақстан Республикасы Конституциясының 16-бабының 2-тармағына сәйкес келеді: «Заңда көзделген реттерде ғана және тек қана соттың немесе прокурордың санкциясымен тұтқындауға және қамауда ұстауға болады, тұтқындалған адамға шағымдану құқығы берiледi. Прокурорды санкциясынсыз адамды жетпiс екi сағаттан аспайтын мерзiмге ұстауға болады».
Халықаралық Пактілерді ратификациялау бұл барлық ұлттық заңнаманы адам құқығы саласындағы негізгі халықаралық құжаттарға сәйкестендіру бойынша маңызды жұмыстың басталғаны туралы айтып тұр. Осыған байланысты, заңнамашылар көптеген объективтілік қиындықтарға тап болатыны сөзсіз Біздің ойымызша, Қазақстанға өз азаматтарына еңбек ету құқықтарына кепілдік беру мүмкін болмайды, ал адамның экономикалық және әлеуметтік құқықтарының ішіндегі ең маңыздысы адамның еңбек ету құқығы болып отыр. Алайда, халықаралық құқықта, мысалы, 1948 жылғы Адам құқықтарының Жалпыға бірдей Декларациясының 23-бабында еңбек ету құқығы еңбек еркіндігі туралы құқықпен үйлескен. Бұл ережелер 1993 жылғы Конституцияның 19-бабында да бекітілген болатын, онда былай делінген: «Республика азаматының еңбек ету құқығы бар және ол әркімнің еркіне, қабілетіне, арнайы дайындығына сай еркін өндіруші ретінде немесе еңбек шартына байланысты еркін еңбек ету мүмкіндігіне ие болудан тұрады». 1995 жылғы Конституцияның 24-бабының 1-тармағында халықаралық құқықтың екі бөліктен тұратын нормасының бір бөлігі ғана – еңбек еркіндігіне, мамандық және қызмет түрін еркін таңдауға құқық қарастырылған. Нәтижесінде конституциялық норма еңбекке деген еркіндікті ғана емес, сонымен қатар, еңбектен де бас тарту еркіндігін бекітеді. Бұл халықаралық құқық нормалары талаптарынан және мемлекет адамның негізгі құқықтарын – адамның еңбек ету құқықтарын, яғни тұлғаның және оның отбасының лайықты өмірі, қорыта келгенде, қоғам тұрақтылығы мен мемлекеттің өркендеуі тәуелді болатын адам құқықтарын қамтамасыз етуден бас тартты деген сөз.
Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы Халықаралық Пакт Адам құқықтарының Жалпыға бірдей Декларацияның әрбір адам экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтарын да өзінің азаматтық және саяси құқықтарымен бірдей пайдалана алатындай жағдай туғызғанда ғана үрей мен мұқтаждықтан ада еркін адам үлгісі болады деген ережесін бекітеді. Сондықтан, біздің мемлекетімізде де уақыт өте келе барлық азаматтардың лайықты өмір сүрулеріне жағдай жасалынады деген үміт бар.
ТМД-ның кейбір елдерінде еңбек ету құқықтары қарастырылмаған. Мысалы, Қырғызстан Конституциясының 28-бабының 1-тармағында Қырғыз Республикасы азаматтарының «барлық жағдайларда және нысандарда еңбекті қорғау құқығы, қауіпсіздік және тазалық талаптарына сай еңбек жағдайы құқығы, сонымен қатар жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғану құқығы» бекітілген.