Автор работы: Пользователь скрыл имя, 25 Января 2013 в 21:04, доклад
Интеллигенция- (лат. ақылды, түсінетін, ойлайтын, парасатты), зиялы қауым – қоғамдағы ғылыми-мәдени құндылықтарды қалыптастырып, дамытатын және тарататын прогресшіл әлеуметтік топ. Интеллигенция термині ғылыми айналымға алғаш рет Ресейде XIX ғ. 60-жылдары, ағылшын тілді сөздіктерге XX ғасырда енген. Батыс Еуропа елдерінде интеллигенцияның симнонимі ретінде «интеллектуал» термині қолданылады. Қазақ тілінде оның баламасы ретінде «зиялы қауым термині» жиі қолданылып жүр.
Композитор 1843 жылы Көкшетау облысының Қоскөл деген жерінде ауқатты малшының жанұясында дүниеге келген. Ақынның шын аты- Ақжігіт. Қарындастарының ортасында жалғыз ерке ұл болып өскен. Өзінің табиғи қабілеті мен өнер – білімге деген құмарлылығы арқасында Ақан жас кезінен бастап – ақ сауатын ашып, Шығыс поэзиясының үлгілерімен танысып, өз жанынан да ән - өлең шығарып, болашағы бар дарынды ақын - әнші екендігін байқатады. Сөйтіп, «Ақын – Ақан» деген атқа өте ертеден – ақ ие болады. Ал Ақан кішкентайынан өзінің зеректігімен, әрнәрсеге әуестігімен көзге түседі. Он төрт жасынан бастап Ақан даңқы оның туған ауылынан алысқа тарап, кемеліне жеткен ақын, талантты сазгер ретінде танылады. Кәмелетке толған шағында сәнді қымбат киім киіп, жолдастарымен ауылдан ауылға қыдырып, сал – серілік өмірді өткізе бастайды. Көптеген сал – серілер тәрізді Ақан да аңшылыққа құмар болады. Құсбегі, тазшыл, атшыл Ақан жүйрік тазы, лашын, қыран ұстайды. Оның шығармашылық өнерінде өз өмірінің осы қырлары айқын бейнеленеді. Ақанның «Көкжендет», «Бозторғай», «Қараторғай» әндері аң аулайтын құстарға арналса, Алты Алашқа тараған «Құлагер», «Маңмаңгер» әндері өзінің сүйікті сәйгүлігі Құлагерге арналып шығарылды.
Ол он үш жасқа келгенше Бұқардан оқып келген Күнту молладан мұсылманша оқыған. Кейін осы ұстазымен бір шариғатқа таласып, оқуын тастап кетіп қалады. Бұдан кейін Ақан бойына дарыған ақындық, әншілік өнерді барынша дамытып, жалғастыруға біржола ден қояды.
Мағжан жазғандай, сол кезде сұлу киім, жүйрік ат, құмай тазы, алғыр бүркіт Ақанда болады. Қалың қарауылдың ойын-тойының көркі Ақан болады. Біріне бедеу мінгізіп, біріне бүлде кигізіп дегендей, 15-20 жігітті өзі тәрбиелеп, нөкер қылып алады. Осындай сегіз қырлы өнерпаздығы үшін ел арасында «Ақан сері» атанады. Ол әншілік, композиторлық өнерде атақты Біржан салды аға тұтып, ұстаз санаса, Балуан Шолақ, Иманжүсіп, Құлтума, Жаяу Мұса, Естай сынды дүлділдер оның өнер жолындағы ең жақын достары болған.
Ақан сері - өмір шындығын терең жырлаған асқақ ақын, сыршыл лирикалық сезіммен, әншілік-орындаушылық, композиторлық, өнерімен бүкіл қазақ даласына кеңінен танылған ерекше дарын иесі. Оның әндері қазақтың классикалық ән творчествасының алтын қорына еніп, халқымыздың өшпес мұрасына айналған туындылар.
Ақан сері шебер айтыс ақыны да болған, Орынбай, Нүркей, Нұрқожа, т.б. ақындармен сөз сайысына түскен. Ал енді оның «Шоғырмаққа», «Сұрағанға», «Смағұлға» атты сықақ өлеңдерінде Столыпин реакциясы кезіндегі ел ішіндегі күйзеліс сыналса, «Замана адамында» ел билеген әкімдердің теріс әрекеттері әжуа етіледі.
Сері небір нәзік сезім иірімдерін әсем әндерінің сыршыл сазымен, домбыраның сиқыр қоңыржай үнімен жеткізген. «Сырымбет», «Шәмсі Қамар», «Мақпал», «Қаранар», «Ақ көйлек», «Ақтоты», «Іңкәр-ай», «Үш тоты», «Ақсаусақ», «Перизат», «Кепсер» әндері оның жастық шағында шығарған терең тебереністі лирикалық туындылары. «Еркем», «Көкшетаудың биігі», «Әйкөк», «Кеткенің бе, Ақтоқты» әндерінде махаббат мұңын табиғат сұлулығымен шебер ұштастырса, «Көкжендет», «Қараторғай», «Маңмаңгер» сияқты әндерінде саятшылық пен аңшылықты, жорға жүйрік пен алғыр қыранды көз алдына айнытпай елестетеді. Ақанның ән творчествасындағы асқар шындығының бірі – белгілі «Құлагер» әні. Бұл шығарма – мал ашуының ғана емес, жан ашуының, жан күйзелісінің зары.
Ақан сері әндерінің бірең – сараңы болмаса, көпшілігі асқан көркемдікпен жазылған. Ол – шебер лирик ақын. Оның әндерінде сезім дүниесі басым жатады. Ақын өз лирикаларына дәл келетін нәзік бейнелерді таңдай біледі. Ел ұғымындағы әрі көркем, әрі сұлу аяулы нәрселерді талғап ала біліп, соны айшық етеді. Көркем теңеу, метафора тағы басқа да көркемдік, нәзіктікті бейнелейтін сөздер мол болып келеді.
Ақанның сұлулықты сүйіп, сөз маржанын тере білген, оқушысының сезімін тербету арқылы ойын қозғауды мақсат еткен ақын – композитор екенін әр бейнесі дәлелденгендей. Ақан әндерінде туған жерге, табиғатқа, сүйікті сәйгүлікке деген сүйіспеншілік, махаббат тақырыптары жан – жақты ашылып, негізгі арқау болған. Ақанда қыз – келіншектер бейнесіне арналған лирикалық әндер тобы біршама баршылық. Бұл әндерге «Ақтоты», «Үш тоты құс», «Балқадиша», «Сырымбет», «Терқатқан» және басқа көптеген туындыоары жатады. Бұл аталған әндер өзінің мазмұнына қарай өмірбаяндық сипатта шыққан. Шынында, Ақан мен Ақтотының махаббат тарихы халыққа кең тарап, үлкен драмаға толы оқиғасымен белгілі. Бұл жайында А.Жұбанов өзінің «Замана бұлбұлдары» кітабында жазып кеткен.
Оның өлеңдерінде араб, парсы сөздері де аз емес. Ол дін мектебінде өте жақсы оқып, өзінің қабілеті, зеректігініңарқасында аз жылда көп нәрсе біліп, мектептен кеткеннен кейін де өз бетімен оқу үйренуден қол үзбеген. Өйткені оның «Тағырипың» атты ұзақ өлеңінде шағатай тілі, осман, түрік тілдерінде шыққан сүйіспеншілік, ғашықтық жырлары: «Жүсіп – Злиха», «Ләйлі – Мәжнүн», «Сейпіл – Мәлік – Жамал», «Фархад – Шырын» тағы басқалары Шығыстың лиро – эпостарымен жақсы таныстығын және олардан үлгі алып, творчестволық жолмен үйренгендігін аңғартады.
Ақан сері өмірінің соңғы жылдарында жаопы әділеттіліктен түңіліп, алуан түрлі қудалау мен мұқтаждық салдарынан өз баласымен бірге тау – тасты, көл жағалауларында, елсіз жерлерде дүние кезе жүріп, өзінің шығармашылық шеберлігін жетілдіре береді. Бірақ, қарсылас жаулары оның бұл жайын «есінен адасқан» деп танып, кінәләй бастайды.
Өзін қоршаған өмір мен қоғамның, туған халқының эстетикалық және көркемдік болмысын биікке көтерген ардақты әнші Ақан сері 1913 жылы дүние салды.
Композитордың әндері қазақ халқының әншілік – поэтикалық мәдениетінің жоғары орындаушылық дәстүрін жалғастыра отырып, қазақ мәдениетінің тарихында өзіне лайық берік орын алды.
Заманынан озып туған, талайлардан асып туған, жастайынан өнер қуған, шартарапқа өнеге шұғыласын шашқан, қиял есігін еркелеп ашқан, жалпақ даланы жыр мен сырға толтырған, ай маңдайлы, ақ дидарлы, ақ қанатты үрзадаларды, пәкизаттарды, перизаттарды жүрек құштарымен, іңкәр көңілімен, шалқар сезімімен толқыта суреттеген, сұлу, сылқым һәм меңіреу, мылқау табиғатпен бірге оянып, бірге қалғып, бірде күлісіп, біресе бүрісіп ғұмыр кешкен сал-серілердің падишасы – ақпа ақын, саңлақ сазгер, дүлдүл әнші, майталман орындаушы Ақан сері Қорамсаұлы еді.
«Тау-тасты шабыт қылған ақиық» ел еркесі, сахараны ән мен күйге бөлеген өнер керуенінің ай мүйізді ақ серкесінің мінсіз тұлғасы, өнерпаздық келбет-болмысы турасында қазақ фольклоры мен ауыз әдебиетінің жауһар нұсқаларының қажырлы жинаушысы Мәшөүр Жүсіп Көпеев: «Ақан сері – заманының сұңқары, қызыл тілдің ділмәрі, жігіттің құлпы жібегі, сөздің ағытылған тиегі» деп шыншылдықпен сипаттаған.
Ақан сері Қорамсаұлы он үш жасқа келгенше Бұқардан оқып келген Күнтуден діни білім алады. Сонан соң Уәли ахун хазіреттің медресесінен оқиды. Зеректік пен сергектікті, ұшқыр қабілет пен түйсік қуатын сүбесіне құйып берген мәрт табиғат, жомарт жаратылыс Ақанды білім дариясынан емін-еркін сусындатады. Ол араб, парсы, үнді, Орта және Азия халықтарының ертегі-аңыздары негізінде жарланған қисса-хикаяларды жетік білген, терең түсінген. Сондай-ақ Фирдоуси, Омар Хайям, Низами, Науаи, Әбу-л-Хасан Қисай, Абу Шакур Балхи, Хафиз, Сағди, Физули, Руми сынды Шығыс жұлдыздарының інжу-маржан шығармаларын және халық мұраларын төгілтіп жатқа айтқан.
Ақан сері- ойын-сауықтың, той-думанның гүлі. Әрі шешен, әрі тапқыр, әрі кесіп айтатын турашыл болған. Халықтың жуан ортасында қаздай қалқып, қасына жыршы ақындарын, әншілерін, ойыншыларын, домбырашыларын, палуандарын ертіп, топ құрып тізіліп жүрген. Сөйтіп толқыта Ақан жырлаға, байтақ дала тындаған. Кесте тіккен қырдағы, қызғалдақ қыздар сүйсінген. Құрт қайнатқан, бие сауған, сырмақ токыған, тезек терген әйелдер де, жидек терген жеткіншектер де, мал баққан, аңға шыққан, аран салған, шөп шапқан ерлер де сүйегі балқып, жүрегі толқып, қиялы шалқып құлай берілген.
Иә,халық мәдениетінің көрнекті қайраткері Ақан сері, Біржан сал, Орынбай, Арыстанбай, Шөже секілді сұңқарлардың сөзін ұйып тыңдап өссе, Құлтума, Басығара баласы Қанапия, Жарылғапберлі, Жаяу Мұса, Доскей, Естай, Иман Жүсіп, Мәшһүр Жүсіп, Балуан Шолақ тәрізді өнер тарландарымен бірге жүріп, туған елдің аспанында қаршығаша қалықтаған. Асылы, бұлар сегіз қырлы яки ақын, әнші, жыршы, ойыншы, күлдіргіш, сазгер, шешен, батыр, саятшы, зергер, би, спортқа бейімі ала-бөтен үздік жаратылған өнерпаздар. Өнер саңлағы, ел ардағы Ақан серінің өмірі мен өнері туралы Доскей Әлімбайұлы былайша сыр шертеді:
- Ақанды әкесі орысша, қазақша оқытқан – дейдіДоскей – Араб, парсы тіліне де бейімдеген. Өзі зерек, саналы, білгір болған. Жастайынан өлең-жырға, ән-күйге әуес, ынтық болып өскен. Өзі ажарлы, сөзі базарлы болды. Дүниені көрсем, білсем, жүрсем деген құштарлығы, сұлулыққа іңкәрлігі артты. Тон жақсысын кием деді, қыз жақсысын сүйем деді. Ат жақсысын, мылтықтын түзуін жыйды. Иттің құмайына қолы жетті. Сол уақытта қазақ еліне даңқы кең тараған өнер перісі Біржанды іздеп келді. Ақан Біржанға жолығады, әңгіме молығады. Ән тыңдау үшін келген Ақанның ниетін аңғарған Біржан асқақтата шырқайды:
Алып келген базардан темір қақпан,
Қақпан деген ән шықты біздің жақтан.
Сыдырып қойған таспадай сыртың сұлу,
Айналайын анаңнан сені тапқан.
Сал Біржан «Ләйлім», «Айтпай» және «Топай көк» әндерін айтады. Ақын Біржан әнінің әуезіне елітіп, мөлдірлігіне сүйсініп, ақыл-ой дүниесіне жойқын әсер ететіндігіне таң-тамаша қалады. Біржан өнеріне көңілі толған Ақан:
Замандас, Біржан құрбым, ірі екенсің,
Жалғанда жаннатының гүлі екенсің.
Кісідей дәріс оқыған ақылың кәмал,
Ғылымның шалқарының бірі екенсің,-
деп ел еркесіне баға береді.
Жігіттің бағланы Біржан сал қолқа салған соң, Ақан оның «Жалғыз арша» әнін шырқайды.
Ақан Сері ұлтымыздың өміріндегі, тұрмыс-тіршілігіндегі ең мәнді, ең мағыналы, ең көркем салдық пен серіліктің салтанаты мен сауығын, аңшылық-саяткерлік, құсбегілік өнердің ғажайып құпиясын, таратып, өрбітіп айтқанда, Құлагердей сайгүліктің еренін, Қараторғайдай қыран құстың тегеурінді беренін, Базаралыдай құмай тазының ұшқырын алақанына аялап, құрметтеп ұстаған.
Жүйрік мініп жүйткіген қанатты жан аттың түр-түсіне өте-мөте мұқият зейін бөлген. Ылғи да не сүліктей мөлдір қара, не шаңқан ақ боз, немесе бірыңғай құла түстілерді жинауға ұмтылған. Атақты оқымысты Әлкей Марғұланның жазуына ден қойсақ, әйгілі сері қоңыр түнде ақ киім киіп, боз атқа қонса, күндіз сұр түсті киініп, құлаға мінеді, күз айларында үстіне қара түсті киім іліп, қарагер атқа отырады екен.
Мінгенім, Құлагерім, өзің тұлпар,
Қоолыма ұстағаным тағы сұңқар.
Жастықтың арқасында қылдым сайран,
Өзім сал, өзім ақын, емеспін зар,-
Неше ықылым замандар мен дәуірлер өтсе де, тау мүжіліп, төбе болса да, дария құрғап, шөлге айналса да ел аузында, әдебиет, мәдениет әлемінде Ақан сері есімімен егіз – қатар Құлагердей пырақтың тағдыры аңыздай айтылады. Сан бәйгеде бас жүлдені бермеген, талай сәйгүліктерге дес бермеген, айдай жарқырап, жұлдыздай ағып алдынан келген Құлагерді Ақан сері жас сәбиіндей, үкінің балапанындай мәпелеген. Өзінің сырласының, қадірлісінің маңдайын, көзін, қабағын, тұмсығын емірене иіскеп, төгілген жал мен құйрығын бипаздап тарап, мейлінше ләззат алады екен. Ақан сері ән мен жырға шалқыған, сұңқар шүйіп, аң қуған, сұлу сүйіп, қызық қуған сиқырлы суреттей кемел шағын тебірене жырлайды. Құлагердің атақ-даңқы аспанға шарықтап, бүкіл қазақ даласына Сарыарқаның саумал самалындай кең жайылады. Ел санасында мәңгі күңгірт тартпайтын небір астар, жиындар, жәрмеңкелер ұйымдастырылған ғой. Соның бірі – Алтай Аққошқар Сайдалының асында аламан бәйгеге қатынасқан екі жүздей жүйріктердің ішінен Ақан серінің жел жетпес Құлагері жеке дара суырылып озып келеді. Сол сәтте Ақмоланың алпауыты – Жүсіп мырзаның Ақдауыл дейтін аты бәйгеге іліге алмаған соң, Ақанмен өштесіп, кектеседі. Мол дәулетіне, шексіз байлығына масайып, күш көрсетпекші болады. Өрі – қыры бірдей, сайдың тасындай, от-жалындай маздаған ер мінезді, тумысы бөлек, тұлғасы ерен науша жігіт Ақан да берілмеген деседі.
Содан 1876 жылы Ереймен жерінде болған атышулы Керей Сағынайдың асына үш жүз арғымақтың алдында екпіндеп заулап, өрттей лаулап келе жатқан «баспа-бас қызға бермес» аяулы Құлагерді кекшіл, топас Жүсіптің қолшоқпарлары қастандық жасап, айбалтамен қақ маңдайдан ұрып өлтіреді.
Сүйіктісінен оқыста айырылған, қанаты қайрылған, қабырғасы қайысқан сұңқар үнді Ақан сері:
Құлагер, айналайын шабысыңнан,
Атағың елге шыққан дабысыңнан.
Біліп ем өлерініңді, Құлагерім,
Шыңғырған түсімдегі дауысыңнан,-
деп, ботадай боздап, көзінен қанды жас ағып, зар жылайды. Небір асыл сезіміне оранып бөленген асыл сөздерін аямай арнайды. «Өлімі адамзатпен бірдей болған» Құлагердің басын ақ кебінге орап, топыраққа жасырады, қара жерге аманат етіп тапсырады.Үркеккерін, сандалкерін қимаған, оның өлшеусіз сұлулығын жырға қосқан қайран ер жүзіктің көзінен өткендей Құлагердің қырқын да өткізген деседі...
Ақан серінің тағдыры – бір жағынан, сұлу өмірдің иесі сықылды, екінші жағынан, өксік-өкініші, зар-наласы, мұң-шері шаш-етектен мейлінше арманға толы аянышты өмір. «Мақұлықтың да тілін білетін» аяулы Ақан сері, өз сөзімен ойымызды сабақтар болсақ, «жігіттің дүрри жауһар дүрі, дүние жаннатының гүлі» тасындай диірменнің ойнап тұрған отыз жасында опасыз жалғанның буысыз жерге пышақ салған сұмдықтарын бастан кешіреді. Құлагердің қайғысы ғана емес, асылдардың ішіндегі асылы құдай қосқан қосағы Ұрқиясы о дүниеге сапар шегеді. Аққудың көгілдіріндей үлбіреген ару мүсінді Ақтоқтысынан көз жазып қалады. Көк еркесі Көкжендеттей құсы мен төрт аяқтыда теңдесі жоқ жүйрік Алақұмайынан айырылады... Жігіттің бағланы, жұрттың ардағы, тіл біткеннің шешені, суырылып сөйлейтін көсемі тірлігіндегі барша қызықшылықтарынан бірінен соң бірінен жұтап, жұрдай қалу, ажырап қалу, тағдыр тәлкегіне ұшырау, қасіреттің құрсауында күңіренген күй кешу – Ақан серіге мүлде оңайға соқпайды. «Енді Ақанға теңізден терең ой қалды. Қорғасыннан ауыр, түннен қараңғы қайғы қалды... Удан ащы қасірет қалды? – деп баяндайды «Ақан сері» атты зерттеу еңбнгінде иісі түркі халықтарының, Күншығыс елінің атақты ақыны Мағжан Жұмабаев.
Жанындай жақсы көретін қанатты серіктерінен айырылған Ақан сері діндарлық жолға түседі, кербез де сырбаз пан табиғатпен оңаша қалады. Ақынның ендігі сүйеніштері – Табиғат дүниесі мен Шариғат жолы. «Періштенің қызы иеленіпті », «Дию, жындармен» тіл тауыпты дейтін лақап аттар, қызыл сөздер сумаң-сумаң етіп, жер-көкке тарайды. Ақан сері өмірі, құпия, белгісіз сыйларға, ғажайыптарға ауысады. Әлбетте, сахара тіршілігі үшін осындай жанның жаратылыс құшағында жападан-жалғыз күн өткізүі түсініксіз жайт. «Ақанның өмірі – ертегі өмір. Судай сұлу, желдей екпінді, жалпақ жұртқа жат, жұмбақ өмір» (Мағжан Жұмабаев).