Мәтін кеңістігі: семантикалық, этимологиялық аспект

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 23 Ноября 2011 в 09:15, автореферат

Описание

Зерттеу жұмысының өзектілігі. Мәтін – сөз арқылы жеткізілетін, сөйлеудің шығармашылық нәтижесі. Мәтін арқылы барлық тілдік бірліктер іске қосылатындықтан, ол ерекше күрделі тілдік таңбаға жатады. Соған орай мәтінді талдау мен мәтінді тану, оның түзілімі мен құрылымын саралау, мәтінжасам барысындағы тілдік бірліктердің қызметін анықтау бүгінгі таңда өзекті мәселеге айналып отыр.

Работа состоит из  1 файл

garif1 (1).doc

— 456.00 Кб (Скачать документ)

        Үшінші кезеңде (2006-2007) мәтінтанымдық зерттеулердің принциптері бойынша белгілі бір мәтіндердегі ауытқулардың болатынын дәлелдеу үшін әр жылғы басылымдар салыстырылып, ауытқулардың пайда болуының нақты себептері көрсетіліп, теориялық еңбектерге сүйене отырып, түсіндірілді. Тілдік зерттеулер үшін аялық білім мен тарихи-заттық фонның маңызы зор болатыны айқындалды.

        Төртінші кезеңде (2008-2010) көне мәтін мен жаңа мәтіндер арасындағы сабақтастық тілдік қайталаулар арқылы көрсетіліп, тілдік бірліктердің, жекелеген сөздердің мәтінтүзіліміндегі маңызды бөлшектер екенін дәлелдеу мақсатында этимологиялық талдаулар жасалды, нақты автордың шығармалары негізінде түсіндірме сөздік түзілді. 

   Зерттеу жұмысында пайдаланылған  теориялық-әдістемелік  еңбектер. Зерттеуде мәтін туралы орыс және шетел лингвистикасындағы С.Л.Рейсер, И.Р. Гальперин, В.В.Виноградов, Д.С. Лихачев, Н.С.Валгина, т.б., қазақ тіл біліміндегі мәтін лингвистикасына, мәтінтанымға арналған Ә.Қайдар, Р.Сыздық, А.Ибатов, Б.Әбілқасымов, Б.Сағындықұлы, Б.Шалабай, Ф.Оразбаева, Г.Әзімжанова, Г.Смағұлова, Б.Момынова, С.Әлісжанов, А.Әділова, т.б. ғалымдардың зерттеулерінің нәтижелері теориялық-әдістемелік еңбектер ретінде басшылыққа алынды.

   Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы:

        - мәтін ұғымын толық сипаттай алатын және мәтін сипатын толық жеткізу құзіреті төмен анықтамалар мен түсініктер жүйеге келтірілді, мәтінтанымдық тұжырымдар мен мәтіннің типтері туралы көзқарастар мен пікірлер негізінде қазақтың ескі мәтіні түсінігі нақтыланып, зерттеудің ерекшеліктері анықталды, кейінгі жаңа мәтіндердің тілдік сипаты айқындалды;

        - мәтінтүзілімі, мәтін құрылымы мен мәтінді талдау, мәтінді қабылдау ұғымдары және мәтінтаным, мәтін санаттары категориясы мәтіннің күрделі және кешенді талдауды қажет ететін сала екенін дәлелдейтіні тілдік сараптаулар барысында нақтыланды;

        - мәтін талдау мен мәтінтанымның ұқсастықтары мен айырмашылықтары санамаланды және мәтіннің түзіліміндегі, мәтінді талдау мен мәтінтанымдағы тілдік бірліктердің қызметі мен маңызы, мағынасы сараланып көрсетілді, олардың мәтін санаты мен негізгі белгілерін айқындаудағы  рөлі нақтыланды;

        - мәтіннің тілдік тетіктері көрсетіліп, қазақ тіл біліміндегі мәтінтаным мен мәтін талдаудың принциптері негізінде теориялық бастау-көздері жүйеленді және мәтіннің, мәтінтанымның басты ұғымдары мен терминдердің түсініктері беріліп, қазақтың ескі мәтіндерін зерттеу, тану принциптерінің мәтінтанымдық зерттеулердің дәстүрлі принциптеріне қарағанда өзгешелігі ғылыми негізделді;

        - «ауызша-жазбаша» мәтін деген қазақ мәтінінің  ерекшелігі алғаш рет анықталып, осы жаңа ұғымның тілдік болмысы нақты мәтіндерді талдау арқылы көрсетілді және ғылыми тұрғыдан түсіндірілді;

        - мәтінтанымдық зерттеу принциптері бойынша лексикалық, фонетикалық, морфологиялық ауытқулардың пайда болу себептері әртүрлі тілдік және тарихи жағдаяттар мен заттық-тарихи фон арқылы анықталды, оларды түсіндірудің жолдары мен тәсілдері адресат пен адресанттың білім аясына сай санамаланып берілді;

         - мәтіннің семантикалық кеңістігінің ерекшеліктері және автор бейнесінің мәтін құрылымындағы міндетті компонет ретіндегі орны мен қызметі айқындалды;

        - мәтіндік концептуалдық кеңістік пен мәтіндік концептілік өрісті айқындайтын тірек бірліктердің мәні ескі мәтіндердегі мағынасы күңгірт сөздерге этимологиялық талдаулар жасау арқылы нақтыланып, мәтінішілік мәні ашылды.

        Зерттеу жұмысының теориялық маңызы. Зерттеуден алынған нәтижелер мен тұжырымдар қазақ тіл білімі ғылымының фонетика, лексикология,  синтаксис, лексикография, этнолингвистика, мәтін теориясы, семантика және  функционалды грамматика салаларының дамуына септігін тигізеді. Сонымен бірге ұлт тілі мен ұлттық тілдік мұралардың  табиғатын тануда ерекше маңызды, жұмсалым кезіндегі мәтіннің прагматикалық ықпалын тереңнен түсініп-білуге, мәтіннің құрылымын кеңінен ұғынуға, мәтінді қабылдауды ауқымды түсінуге, мәтіндік ішкі құрылымды, мәтін құрылымындағы автор мен оқырман тұлғасын тануға, мәтіндік кеңістік ұғымын, тілдік бірліктердің мәтін ішіндегі қызметін көрсетуге, сол арқылы мәтін құрылымы мен мәтін түзілімінің, сондай-ақ мәтінтанудың мәселелерінің шешімін табуына үлес болып қосылады.  

        Зерттеу жұмысының  практикалық маңызы. Зерттеу материалдары мен нәтижелерін жоғары оқу орындарының филология факультеттеріндегі «Қазақ тіл білімінің лексикологиясы мен фразеологиясы», «Этнолингвистика», «Қазақ әдеби тілінің тарихы», «Лингвомәдениеттану», «Мәтін теориясы», «Көркем мәтіннің линвгистикасы» пәндері бойынша жүргізілетін дәрістерде, семинар сабақтарында, элективті курстарды оқытуда, сөздіктер түзуде және тіл біліміндегі мәтін және мәтінтанымға, мәтін талдауға байланысты жүргізілетін кешенді зерттеулерге теориялық және практикалық негіз ретінде пайдалануға болады. 

        Қорғауға ұсынылатын  тұжырымдар:

        - қазақ тіл біліміндегі мәтін теориясы мәтін талдау мен мәтінтанымдық зерттеулерде мәтінді теориялық жақтан  толық сипаттауда мәтінді тану мен мәтін түзілімінің, мәтінді талдаудың ұқсастықтары мен айырмашылықтарын ескеру керектігі анықталды;

        - қазақтың көне мәтіндеріне ғылыми тілдік талдау көне мұраларға тілдік талдау жасаудың дәстүрлі ұстанымдарынан бөлектігі, сондықтан қазақ мұраларына тілдік жасау «ауызша-жазбаша мәтін» ұстанымы бойынша жүзеге асатыны дәлелденді;

        - ал ауызша туып, жазуға кеш түсірілген өлең мәтіндерінің кейінгі басылымдарындағы фонетикалық, лексика-семантикалық, морфологиялық ауытқулардың түрлі себептер (әлеуметтік-тарихи, саяси, техникалық т.б.) арқылы қалыптасатыны, мәтін түзілімінің заңдылықтары жанрлық ерекшеліктерден туындайтыны анықталды;

        - динамикалық бірліктердің жиынтығы көркем мәтін элементтері арасындағы қатынас типтері жеке автордың «идиолектісін» қалыптастырса, автор идиолектісіне сай келетін басты әрі айрықша элементтерді анықтауға мүмкіндік туғызып, мәтінтанудағы, мәтінтүзіліміндегі, мәтін талдау кезіндегі автордың идиостилі аса маңызды және типтік қатынастарды белгілі бір жанр, әдеби мектеп болмаса белгілі бір кезеңге тән айрықша сипатты белгілерді айқындау үшін пайдалануға болатыны айқындалды;

        - мәтіндік кеңістікті және оның ерекшелігін көрсету мәтін теориясының, әсіресе мәтінтанымның маңызды компонентін танумен тең, себебі осы кеңістік мәтіндегі сөздің семантикалық қозғалысын және мағынасы көмескі сөздердің мәнін мәтін арқылы ашып, бірліктердің семантикасын прагматикалық және функционалдық жақтан түсіндіруге, сөздің этимологиясын анықтауға қызмет етеді;

   - мәтінді қабылдау – жалпы коммуникация  теориясынан туындайтын күрделі  психолингвистикалық проблема, соған орай жазба мәтінді оқу кезінде қабылдаушы оның «мазмұнын ұстап қалу үшін», мәтін бөліктеріндегі үзік-үзік ойлардан (ақпараттардан) жалпылама мазмұнды-концептуалды  ақпарат алатыны, ал адресаттың адресантпен «диалог құруы» оның өмірлік тәжірибесіне, әдеби талғамы мен танымына, т.б. экстралингвистикалық факторларға, білім аясына байланыстылығы дәлелденді;

   - қабылдау кезінде мәтіннің оқырман тарапынан интерпретациялануына актуалды семантикалық кеңістік қатысатындықтан, зерттеуші де, оқырман да құбылыстық ұғымды қайта талдау, түсіну барысында мәтіннің семантикасын аша  алатынын, соған орай мәтін семантикасын зерттеу мәтіндік универсалийлерді, атап айтқанда, «адамды», «уақытты», «кеңістікті» зерттеумен тең түсіп, антропоцентристік бағытпен біртұтастықтағы адам универсалийін ерекшелейтіні дәйектелді.

   Зерттеу жұмысының талқылануы мен жариялануы. Диссертациялық жұмыстың негізгі теориялық мәселелері мен тұжырымдары акад. Р.Сыздықтың 80 жылдық мерейтойына арналған «Қазақтың ұлттық әдеби тілі: бүгіні мен болашағы» атты ғылыми-теориялық конференцияда (Алматы, 2004), «Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру – әрбір азаматтың парызы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда (Орал, 2005), қоғам қайраткері, этнолог Ө.Жәнібектің туғанына 75 жыл толуына байланысты өткізілген ғылыми-теориялық конференцияда (Түркістан, ХҚТУ, 2006), «Тіл және жаһандану: бүгіні мен болашағы» деген халықаралық ғылыми-теориялық конференцияда (Алматы, 2008), «Язык и межкультурная коммуникация» атты Ресей Білім беру федерациясының ұйымдастыруымен Ярослав Мудрый атындағы Великий Новгород мемлекеттік университетінде өткен   халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда (Великий Новгород, 2009), «Қазақ мемлекеттілігі және түркі әлемінің тарихи-мәдени құндылықтары» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда (Шымкент,2009), «М.О.Әуезов және әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті» атты дәстүрлі халықаралық ғылыми-теориялық конференция -да (Алматы,2009), «Қазақ тілін коммуникативтік, функционалдық бағытта зерттеу және оқытудың инновациялық технологиялары» атты проф. Р.Әмірдің 80 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-теориялық конференцияда  (Алматы,2010),  «Татарская культура в контексте Европейской цивилизации» атты халықаралық ғылыми конференцияда (Қазан, 2009), «Язык и культура: ХХІ века» атты 1 Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда (Россия, Омск,2010), «Тіл және мәдениет: тілдің антропоөзектік парадигмасы» атты проф. Ж.Манкееваның 60 жылдығына арналған республикалық ғылыми-теориялық конференцияда (Алматы,2010), «Адам. Тіл. Мәдениет» атты проф. Г.Смағұлованың 60 жылдық мерейтойына арналған халықаралық ғылыми-теориялық конференцияда (Алматы,2010), «Абай мұрасы – адамзаттың асыл қазынасы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда  (Семей, 2010) және зерттеу нәтижелері Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Хабаршысында, Қырғыз Республикасы Бишкек қаласында шығатын «Тил, адабият жана искусство маселелери» журналында,  әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Хабаршысында, «Тілтаным» журналында, Павлодар Мемлекеттік университеті Хабаршысында, Санкт-Петербургтің СПбГУ баспасынан шыққан «Славянский мир» сериясында, ҚХР, Бейжиң қаласындағы «China Minzu University Press» журналында, «Қазақстанның ғылыми әлемі» журналында, «Вестник Казахстанско-Американского свободного университета» (Өскемен) ғылыми журналында  мақала түрінде жарық көрді. Жұмыстың жалпы мазмұны бойынша 37 мақала (оның 6-ы шетелдік басылымдарда) жарияланды.  

   Зерттеу жұмысы А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл  білімі инстиутының «Лингвистикалық  жұма» семинарында, осы институттың Тіл мәдениеті бөлімінің кеңейтілген мәжілісі мен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің қазіргі қазақ тілі теориясы мен әдістемесі кафедрасының мәжілісінде, қазақ тілінің теориялық мәселелері туралы ғылыми-әдістемелік семинарында талқыланып, қорғауға ұсынылды.

        Зерттеу жұмысының  құрылымы. Диссертация кіріспеден, төрт тараудан, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.  

   НЕГІЗГІ БӨЛІМ 

        Диссертациялық жұмыстың бірінші бөлімі «Мәтін лингвистикасының шығу негіздері мен зерттеу бағыттары, әдіс-тәсілдері»  деп аталып, алты тармақшаға жіктелген.

   1.1 Қазақ тіл біліміндегі  мәтін лингвистикасы  және оның негізгі   принциптері мен  теориялық бастаулары. Мәтінталдау мәтінтудырушы тілдік тұлғадан бастап, көркем шығарманың өзін түзуші белгілерді, мәтінтүзілімге қажетті тілдік бірліктерді, мәтіннің типтері мен түрлерін анықтауды, мәтіндік бөліктерді талдаумен бірге, қабылдаушының тілдік құзіреті қарастырылатын, түрлі тілдік кеңістігі зерттелетін маңызды сала болса, мәтінтанулық зерттеулердің өзге де ерекшелігі болатынын айту керек. Мәтінтанулық зерттеулердің маңыздылығы шығарма иесі мен ол дүниеге әкелген туындының тілдік сипатын ашу, салыстырмалы және тарихи тұрғыдан талдау – тұтас бір тарихи кезеңге тән тілдік (лексика-грамматикалық, фонетикалық) және көркемдік-стильдік ерекшеліктерді анықтаумен бара-бар. Яғни мәтінтану да, мәтінді талдау да қай жағынан болмасын өзара бір-бірімен байланысты және қашан да болмасын тілдік бірліктердің қолданыстағы немесе әрекетті жағдайдағы мағынасы мен құрылымын тануда әлеуетті. Әсіресе, мәтінтану («текстология») ғылымдағы нақтылықтың, дәлдіктің көрсеткіші іспетті аса маңызды сала болумен бірге өткен мен бүгіннің арасын жалғастырудың құралы, тіл тарихының ұзақ та күрделі жолының нақты көрсеткіші. Мәтінтану барысында ұстанатын принциптер жаңа және көне мәтіндерді тануда әртүрлі жолды ұстанудан барып туындайды.

   Дегенмен, қазақ көне мәтінінінің проблемасы классикалық филолологияда ұстанымға айналған дәстүрлі мәтін зерттеу әдістемесіне сәйкеспейді. Хат мәдениеті ерте дамыған елдерде ең басты принцип – жазба нұсқа (автограф, тізбе т.б.) болуы. Ал қазақ мәдениетінде, басқасын айтпағанда, ұлы Абайдың да өз қолтаңбасы жоқ, зерттеушілер Мүрсейіт қолжазбасына сүйенеді. ХХ ғасыр басындағы қуғын-сүргінге түскен қазақ оқығандарының да көбінің қолтаңбалары сақталмаған, фольклорлық мұра мен аты бүгінге жеткен ақын-жырауларымыздың негізгі туындылары ел аузынан ХІХ ғасырдың аяғы, ХХ ғасырдың басында ғана жазылып алынған, кітап болып шығуы тіптен бертін. Сонда автографы жоқ, бірақ бізге жеткен мұраларды қалай зерттеу керек?  Осы орайда, қазақ филологиясына «ауызша-жазбаша мәтін» деген жаңа әдістемелік бағдар ұсынуға болады. Әрине, осы қос ұғымды атаудың соңғы «жазба» сыңарын анықтап, түсіндіретін классикалық ұғымдағы автографтар (қолжазба, тізбе немесе тізім, көшірме), әр жылдары жарық көрген басылымдар болмақ. Оның үстіне, басылым неғұрлым көне, жарық көрген уақыты әрірек болған сайын – соғұрлым мәтінтану тұрғысынан бағалырақ болмақ.

   ХҮ-ХҮІІІ  ғасырлардағы жыраулар мектебінің өзіндік жаттау, елге жаю (тарату) дәстүрі болғаны сөзсіз. Өйткені, онсыз бұл мұралар ауызша түрде дәл қазіргі жүргендей «көнеліктерді» бойына сақтай отырып, жетпес  еді. Ал ол «көнеліктерді» есте ұстаудың, сақтаудың, таратудың, кейінгі ұрпаққа жеткізудің өзіндік тілдік құралдары мен амалдары болған.  Ертеректе өмір сүрген ақын-жыраулардың авторлық мәтін үлгісі мен оның жазбаша нұсқасы аралығында бір ғасырлық (кейде одан да көп) кеңістік, уақыт  жатқандықтан, «ауызша-жазбаша мәтіннің» өзге жазба мұралардан, қазіргі жазба мәтіндерден айырмашылығы болатынын айту керек. 

   1.2 Мәтін ұғымы мен  мәтінтанулық зерттеулер  жайында. Мәтіннің тілдік зерттеулердегі орны зор екені мәтінге берілген анықтамалардан байқалады және осы бағыттағы ғылыми ойлардың бір арнаға тоғысуы тілді танудағы мәтін қызметінің ерекше екенін көрсетеді. Мәтінге берілген анықтамаларды тарихи мәтіндерге және тарихи емес мәтіндерге берілген анықтамалар деп екіге бөлінеді. Мәтінтану теориясында мәтін авторының, мәтінді қайта көшіріп жазу барысында статусы, мәтін-тізімнің дәлдігі мен нақтылығы әр тізімнің көшірушісіне байланысты, ол автормен тең болмағанмен, тілдік нақтылықты сақтауына, тарихи фон мен прецедентті есімдерді дәл жеткізуіне қарай маңызды рөл ойнайды, сондықтан тізімнің құндылығы мен құнсыздануында көшірушінің қызметі ерекше. Ал жаңа мәтін авторларының авторлық мәртебесі өзгермейді, бұл арада көшіруші қатыспайды. Өйткені ондай мәтіндер өз уақытының жемісі, өз уақытында жарыққа шығады. Тарихи мәтіндерде уақыт өткен сайын қоспа элементтердің көбейіп отырады. Тарихи мәтіндер үшін қалыпты жағдай саналатын қоспаларға жаңа мәтіндерде орын болмайды, өйткені мәтіндерге енгізілген қоспалар авторлық шығармашылыққа жасалған қиянатпен пара-пар саналады. Бұл арада қазақ әдеби тілі тарихындағы авторлы мұралар мен мұра болып саналатын фольклорлық шығармалардың тарихи нақтылыққа қатысы екі түрлі екенін ескерткен жөн. Міне, анықтамаларда осы мәселелер қамтылуы тиіс.

   Осыны ескере келгенде, мәтінге беріліп жүрген анықтамаларды құрылысына қарай: а) ықшам, соған қарамастан бейнелі формаулировкалы анықтама және ә) мәтінге тән басты белгілер барынша қамтылған анықтамалар деп екіге бөлуге болады.

   Мәтіндік  анықтамалар түрлі тіл деңгейлері мен мәтіндік өзіндік ерекшеліктерге қарай әлденеше аспектілер бір арнаға тоғысқан анықтамалар болып келеді. Олардың ішінде мәтінді менталды тұтастыққа, лексикалық, логикалық және грамматикалық байланыс типтерімен ұйымдасқан және ақпар жеткізетін сөйлемдердің жиынтығынан тұратын құрылымдық-семантикалық тұтастыққа, қарым-қатынас бірлігіне, мәдениеттің өмір сүру  түріне, жеке адамның логика-психологиялық жай-күйіне, идеяның сөзге айналу трансформацияның интегральды бағдарына (риторикаға байланысты), т.б.  жатқызатын анықтамалар бар. 

Информация о работе Мәтін кеңістігі: семантикалық, этимологиялық аспект