Автор работы: Пользователь скрыл имя, 23 Ноября 2011 в 09:15, автореферат
Зерттеу жұмысының өзектілігі. Мәтін – сөз арқылы жеткізілетін, сөйлеудің шығармашылық нәтижесі. Мәтін арқылы барлық тілдік бірліктер іске қосылатындықтан, ол ерекше күрделі тілдік таңбаға жатады. Соған орай мәтінді талдау мен мәтінді тану, оның түзілімі мен құрылымын саралау, мәтінжасам барысындағы тілдік бірліктердің қызметін анықтау бүгінгі таңда өзекті мәселеге айналып отыр.
Жаңа замандық мәтінтанулық зерттеулерде қолжазбалар екіге бөлінеді:
а) автордың өз қолымен жазған; ә) тізімдер немесе тізбелер, яғни автордың өзі емес, басқалардың қолымен жазған қолжазбасы. Көне және ортағасырлық ескерткіштер үшін бұл өлшем өзгереді, онда қолжазба қолмен жазылған мәтін немесе мәтін үзіндісі де, тізім немесе тізбе деп қайтадан көшірілген шығарма аталады. Бір қолжазба бірнеше тізімнен яки тізбеден тұруы мүмкін. Қолжазба да, тізім де автограф болуы әбден ықтимал, яғни қолжазбаны да, тізімді де автор өз қолымен жазуы мүмкін.
Автографтың таза жазба («беловик») және жөнделіп бітпеген шимай жазба түрі («черновик») болады. Сондай-ақ автор тексеріп, жөндеген, корректура жасаған қолжазбалар мен шығарманың жөнделген баспа түрі бар. Қазақ көне мәтіндерінің авторлар өз қолымен жазған мәтіндік қолжазбалары жоқ. Сондықтан шимай жазба немесе таза жазба ұғымдарын да ХҮ-ХҮІІІ ғғ. ақын-жыраулар шығармашылығына қатысты қолдана қою қиын.
Мәтінтануда жиі қолданылатын терминнің бірі конъектура – мәтінге дереккөзсіз, жорамалмен жасалған түзетулер дегенді білдіреді. Конъектуралық жағдайда мәтіннің дұрыс оқылуын қалпына келтіру әрқилы қисынды оймен байланыстырылады. Қисынды дұрысталу мен мәтінді о бастағы қалпына келтіру және оның қалпына келтірілгені туралы түсініктер одан кейінгі басылымдарда қатар берілуі тиіс. Мысалы, Махамбет өлеңдерінде конъектуралық түзетулер кездеседі. Конъектура екі түрлі болады: 1.қарапайым конъектураға әр жылғы басылымдардағы түсініктер, түрлі үзіктер мен абзацтарды жатқызуға болады.
Айталық, қом сулар тіркесімі мен құм, сулар бірыңғай мүшелерінің қолданысының қайсысы дұрыс, қайсысы қате екенін конъектураға байланысты алып көрелік. Қом мен құм қолданысының Махамбет өлеңдерінің мәнмәтінінде қайсысы орынды екені түсіндіру конъектуралық заңдылық бойынша зерттеушінің қисынына қарай жүзеге асады. Ол үшін тұтас өлең мен осы тіркес кездесетін мәнмәтін қарастырылады. Қом мен құмды жазудан кеткен қателік ретінде алмастыруға болар еді. Бірақ 1939 жылғы және 1948 жылғы басылымдар латын және кирилл әліпбиімен жазылғандықтан, олардың қателік ретінде алмасуы мүмкін емес, ешқандай фонетикалық заңдылықтар негізінде алмастыруға да келмейді. Қазақ тіліндегі аймақтық ерекшеліктердің батыс тобында қом сөзінің кездесетіні жайлы факті бойынша ғана қомды қалдыруға болар еді. Бірақ жалаң ғана бұл факт аздық қылады. Сондықтан келесі кезекте мәнмәтін алынады. Бірақ мәнмәтінде құм да дұрыс болып көрінетінін жоққа шығаруға болмайды. Алғашқы басылымдармен салыстырып қарар болсақ, 1939 жылғы және 1948 жылғы басылымдардағы мәтіндерде құм мен сулар сөздерінің ортасына «,» (үтір) қойылып, аралары бірыңғай мүшелер сияқты ажыратылғанын көруге болады. Ал 1925 жылғы басылым араб қаріпті қазақ жауымен терілген және тыныс белгілерінің түрі де аз, сирек қойылған, тіпті ол кезде тыныс белгілерін қоюдың нормаланбағаны әдеби тіл тарихынан белгілі жайт, сондықтан бұл басылымда үтір белгісі жоқ, ал мәнмәтінге екі сөз де үйлеседі.
Қом су сөзі Қазақстанның батыс аймағында, әсіресе Маңғыстауда жерінде кездеседі және осы сөз «тоқталған, бір жерге жиналған су» дегенді білдіреді. Ал тұтас өлеңнің мазмұнына қарағанда, Қоғалы көлдерден кейін, қом сулардың тұрғаны дұрыс болып көрінеді. Себебі ел көшкенде су жағалап немесе су шығатын, суы мол жерді мекендейтіні белгілі. Сондықтан ақылға қонымды варианты ретінде: Қоғалы көлдер, қом сулар Кімдерге қоныс болмаған?! - деп айтқан жөн.
2. Бірақ кейде конъектуралар күрделеніп кетеді. Конъектуралық түзетулер авторлық мәтінді қалпына келтіргеннен гөрі кейінгі тізімдерді (кейінгі басылымдарды) қалпына келтіруде күрделі болады. Себебі кейінгі басылымдардың саны көбейген сайын редакторлық түзетулер, өзгертулер көбейеді, өзгерістер көбейген сайын мәтінді алғашқы нұсқадағыдай қалпына келтіру де қиындай береді.
Егер Махамбет мәтіндеріне қатысты алар болсақ, ондай ақын өлеңдерінің мәтінін өз түсінігі бойынша жақсартып, логикалық қалыпқа салу арқылы өзіндік түзетулер істеген Б.Аманшин конъектураларын күрделі «өңделген мәтіндік конъектураға» жатқызған дұрыс. Себебі Б.Аманшин Махамбет өлеңдерін өз тәртібімен түзіп шыққан. Ол енгізген өзгертулерді былайша жіктеуге болады: а) өлеңдердің орын тәртібін түгелімен өзгертіп, тарихи оқиғаларлардың хронологиялық ретімен, ізімен түзген; ә) кейбір өлеңдерді жойып жіберіп, мәтіннің тұтастығын бұзып, оларды басқа өлеңдердің құрамына енгізген; б) өлең жолдарын өз логикалық қалыбымен өзгерткен; в) жекелеген сөздерді мәнмәтінге осы сай келеді деген өз ойының жетегімен өзгерткен (мысалы, жиылған әскер білінді - жиылған әскер бүлінді); г) өлеңдерге өз тарапынан, өз түсінігіне қарай тақырып берген; д) өз еркіне салып, тыныс белгілерін қойған, т.б.
Қ.Жұмалиев конъектураларына ғалым тарапынан берілген түсініктерді жатқызуға болады, өйткені нақ осы ғалым жарыққа шығарған 1939 жылғы және 1948 жылғы басылымдарда түсініктер көп кездеседі. Бұл түсініктерді глостарға жатқызуға келе ме? Өйткені, мәтінтануда глостар дейтін ұғым бар. Түпнұсқасы жазба түрде мүлде болмаған ақын мәтіндерін (бұл ерекшелік басқа да жырауларға да, ақындарға да тән екенін ескертеміз – Ғ.Ә.) қайта бастыру мәтінді көшірушілермен деңгейлес болса, ал басылымдар тізімдермен («список») қарайласады. Дегенмен, жекелеген сөздердің мағынасын ашу мақсатындағы кейбір басылымдарда кейіннен берілген түсініктер аталған басылымдардағы қоспаларды көшірушілер тарапынан енгізілген түрлі кірікпелерге, глостарға ұқсаттырғанмен, олар шын мәнінде нағыз глостар емес. Өйткені бұл түсініктерде одан бұрынғы яки негізгі басылымдарға сілтемелер берілмейді, себебі түпнұсқа басылымдарда ондай түсініктер мүлде жоқ және бұлар бұрынғы қолжазбаларға жолдар арасына, желімделген қағаздарға жазылған қоспа жазбалар емес, ғалымның берген түсініктемесі.
Келесі кезекте Махамбет өлең мәтіндерінің Б.Аманшин және Қ.Жұмалиев дайындаған басылымдарын мәтінтанулық ұғым ретінде айтылатын мәтін редакциясына жатқызу мәселесі тұрады. Оны білу үшін мәтінді редакциялау немесе мәтін редакциясы дегеніміз не екенін білу керек. Мәтін редакциясы деп мақсатты түрде мәтінді қайта қарастыруды, өңдеуді айтады. Мәтінді редакциялаудан өткізудегі мақсаттар әртүрлі болады. Редакциялау әлеуметтік себептерге және уақытқа, редакция жасалған орынға, редакция жасаушының интеллектісіне байланысты болғандықтан, редакцияланған жазба мәтіндерге атау беріледі. Мысалы, Махамбет өлеңдерінің Халел басылымы, Қ.Жұмалиев басылымы, Б.Аманшин басылымы деп атауға болады. Сол сияқты ұлы Абай қолжазбасы баспаға тұңғыш тапсырған адамның атымен Мүрсейіт қолжзбасы деп аталатыны белгілі. Олардың мақсаты өлең мәтіндерін қайткенде де жарыққа шығару, мұраны жоғалып кетуден сақтау болғандықтан, тұтасымен алғанда, мәтіннің негізгі мазмұнына, көркемдік бояуына айтарлықтай өзгерістерді дарыта алмаған. Сондықтан Махамбет мәтіндерінің редакциясы демократиялық редакцияға жатады.
Ал әр жылғы басылымдарды салыстыра келе, оларды: а) саяси көзқарастардың әсері солғын басылымдар (1925); ә)саяси әсер басым мәтіндер (1935, 1948); б) редакциялық өзгерістер ең көп енгізілген мәтіндер (1974, 1979) деп жіктеп көрсетуге болады.
Махамбет мәтіндеріндегі өзгертулердің кейбірін саясатқа лайықталған өзгертулер дегенімізбен, оның жанры, оқырман таңдауына лайықталып өзгертілуі, тұтасымен түбірлі өзгертілуі болмаған. Негізінен, Махамбет өлең мәтіндерінің цензураға лайықталған басылымдарына кеңестік дәуір мәтіндері жатады. Бұл мәтіндердегі мұсылманшылыққа, орыс армиясына, орыс патшасына қатысты айтылған жекелеген сөздер мақсатты түрде өзгертілген. Мәтіндердің құрылымы ең көп өзгертілген уақыты кеңестік кезеңге тап келеді және аса көп өзгертілгені Б.Аманшин нұсқасы саналады, осы нұсқалар ақын мәтіндерін қайтадан өңдеген әрі түпнұсқадан мейлінше ауытқыған мәтіндерге жатады.
Сонда Махамбет өлеңдерінің негізгі, түпнұсқалық я болмаса канондық мәтіні қандай? Классикалық филологиядағы канондық мәтін дегеніміз – мәтін дереккөзін зерттеудің белгілі бір кезеңіндегі шығарманың барлық басылымдарына негіз болатын, соңғы редакцияланған түпнұсқалық, авторлық мәтін. Абай тілін зерттеушілер үшін Мүрсейіт қолжазбасы канондық мәтін болса, махамбеттанушылар үшін 1925 жылғы басылым канондық мәтін болып саналуы тиіс. Мәтін түрлерінің канондық мәтіннен өзге көшірме деп аталатын түрі бар. Мәтінтанулық ұғымдардың ішінде көшірме статусы жағынан мәтіннен төмен болғанмен, түпқолжазбадан толығымен айнытпай көшіріліп, қайталап жазылатындықтан, тілшілер үшін маңызды болып табылады. Көшірмеде көшірме жасаған адамның тарапынан кеткен механикалық қателер, мақсатты түрде емес, еркінен тыс жіберіп алған қателер, әдейі емес, байқаусызда орын алған қателіктер болады. Бірақ оның бәрі де мұндай қолжазбаларды көшірме деп айтуға кедергі бола алмайды. Кейде көшіруші тарапынан мәтінде бар иллюстрациялар көшірілмей қалып қойып жатса, кейде, керісінше, көшіруші өз тарапынан иллюстрациялар енгізуі мүмкін. Міне, бұл мәтін мен мәтінтануға байланысты зерттеу кезінде лингвистикалық сараптама жасауда зерттеушінің ескерусіз қалдырмайтын нәрселері. Мәтін мақсатты түрде өзгертілмесе, оның жаңа редакциясы туралы қандай да болмасын пікір айту ерте. Тіпті жартысы жоғалған мәтіннің жартысын сол күйінде жариялауға болады, мұндайда ол тек кінаратты мәтін ғана болып шығады және ол қазіргі кінаратты мәтіндерден өзгеше түсіндіріледі, бірақ әлдекім өз тарапынан мәтінді өзінше аяқтағысы келсе, немесе мән-мағынасына айтарлықтай өзгеріс кіргізсе, сонда ғана мәтіннің жаңа редакциясы туралы пікір білдіру дұрыс. Осылайша мәтіннің тілдік сипатын тірілту арқылы: а) кейінгі көшірілген мәтіндерде жөн-жосықсыз пайда болған өзгерістерді анықтауға; ә) сыртқы факторларды, қоғамдық-саяси ықпалдарды анықтауға; б) жалған шығармалардың пайда болуының жолын кесуге; в) әр дәуір, белгілі бір кезеңнің нақты ерекшеліктері өзге де қолжазбалардың тілдік құрамын талдауға, сапасын анықтауға, тарихи ерекшеліктерін тануға мүмкіндік туады.
2.2 Мәтіндегі тілдік ауытқулар (Махамбет өлеңдері нұсқалары бойынша салыстырмалы талдау). Махамбет мәтіндері нұсқаларындағы лексикалық ауытқулар. Жоғарыда көрсетілген айырым-өзгешеліктерден басқа бұл топқа жататын мынадай ауытқуларды санамалап кетуімізге болады: Кәпір (1, 2,4-нұсқалары)//қатын (1939); Сұу бүркіт (1925)//су бүркіт (1948)//со бүркіт (1989); Доп салмай (1,2,4-нұсқалар)//оң салмай (3-нұсқа); Орыс добын (1,3,4-нұсқалар)//қанның тобы (2-нұсқа); Орыс-ноғай (1925)//қан әскері (2-нұсқа)//хан әскері (3,4-нұсқалар); Садағы болат (1925, 1974) //сағағы болат (1989); Мүкемелім (1925)//mukabalьm (1939) // мүкәмбәлім (1948)// мүкаммәлім (1962)//мүкәммалым (1974) // мүкаммалым (1989); Арайна (1-нұсқа)//Әрәйнә (2,3-нұсқалар)//Әрайна (4-нұсқа) т.с.с. Осы түрлі нұсқалардағы айырым-өзгешеліктерді айқындай отырып мәтінге түрлі “тазартулар” жасауға болады: Біріншіден, идеологиялық тазарту жасау шарт. Оған Алла (Алда –жергілікті ерекшелік), Тәңір, Жаратқан, кәуір (кәпір сөзінің ауызекі варианты), орыс секілді сөздер бір кезде саяси әсіре мән беріліп, орынсыз бұрмаланған сөздер жатады. Оларды қалпына келтіру керек. Екіншіден, көзге айқын көрініп тұрған баспаханалық, корректорлық қателерден тазарту. Мәселен, арғымақ (арғымат емес), бұла (бала емес), сағағы болат (сабағы болат емес), күлік (көлік емес), көн садақ (көл садақ емес), т.б. Бірақ, бұл тұста да ойласар мәселе бар. Мәселен, таптан озған // топтан озған. Әрине, қазіргі тіл нормасымен алғанда, екінші топтан озған деген тіркесімнің алуына еш дау жоқ секілді. Әйтседе, 1925, 1939 жылдардағы мәтінде тап лексемасының “класс”, “үстем тап” деген мағынада топ сөзінен кейінірек бөлініп шыққанын (ғылым//ілім, өкімет//үкімет деген сияқты) ұмытпауымыз керек. Мәселен, “Қазақ” газеті, “Айқап” журналдарында топ деген сөз жоқ, тек тап қолданылады. Ол тұлға, біздіңше, тіліміздегі сөз табы деген тіркесімде көрініс беріп тұр. Үшіншіден, аныт (екі буын), жаурыннан сияқты қазіргі орфография тұрғысынан қате жазылған сөздер өлең жолындағы дауысты буын санын реттеп тұр. Төртіншіден, мәтінтанушы мағынасы күңгірттенген, тіптен мүлде ұмытылған бүлген, күдеріден, керіскедей, Кетбұғы, Әрәйна, арайма, т.б. архаизм сөздер мен көне тұлғаларға талдау жасауға, оны адресатқа түсіндіруге міндетті. Бұл – мәтінтанудағы ең қиын да күрделі мәселе. Бесіншіден, мәтінтанушы мәтін нұсқаларындағы әрбір ауытқудың уәжді-уәжсіздігін таразылау керек. Мәселен, Махамбет өлеңдері санатында 1925 жылы жарық көріп, кейінгі нұсқаларда уәжсіз алынып тасталған Еріккенде ер едік, Ерінгенде би едік – секілді жолдарды қайта қалпына келтіру керек.
Нұсқалардағы фонетикалық, орфографиялық және емлелік ауытқулар.1925 жылы ақын өлеңдері араб графикасымен жарияланғаны белгілі. Ал араб қаріпті жазудың өзіне тән ерекшеліктер қатары бар. “Емле – жазу үшін шығарылған нәрсе, жазу – тіл үшін шығарылған нәрсе. Олай болса, тілді бұзып емлеге ыңғайлау емес, емлені тілге ыңғайлау керек”, – деген А.Байтұрсынұлы (13, 395 б.) араб графикасын қазақ сөзіне барынша ыңғайлағаны белгілі. Соған қарамастан, төте немесе жадитше (жаңаша оқу) жазу негізінде хатқа түскен алғашқы басылымда да көңілге қонбайтын кемшін тұстардың барлығы салыстыру барысында байқалды, оның себебін сол тұстағы емлелік нормаланбаудың деңгейінде түсіндіруге болады.
«Жазуды сыңар езу ультрафонетик жолымен жазатын болған соң, естілуі әр жолы әр түрлі, кейде болып, кейде түсіп қалып отыратын көмескі дауыстылардың емлесі мүлде шатасып, былығып кетті. Мәселен, бір кісі бір жерде “асра”, “жамра”, “Ахмет”, “көбрек”, “ру”, “рет”, “Абралы” деп, бұ сықылды сөздердің дауысты “ы”, “і”-лерін жоғалтып айтатын болса, екінші бір сол кісіні” өзі-ақ сол сөздерді “асыра”, “жамыра”, “Абыралы”, “Ахымет”, “көбірек”, “ұру”, “ірет” деп айтады. Соған қарап, емле о сықылды сөздерді қалай жазсаң да еркің дейді, ондай сөздердің жазуында тұрақты жол көрсетпейді, соған қарап, қазақ тілінің еш емлесі жоқ деп түсінуге болады», – деген еді Қ. Жұбанов (14, 335-341 бб.).
Махамбет
өлеңдерінің емлелік
Орыс графикасы негізіндегі қазақтың жаңа алфавиті мен орфографиясының жобасы СССР Ғылым академиясының Қазақстандағы филиалының қазақ тілі секторы С.А.Аманжоловтың басшылығымен жасалып, ғалым авторлығымен 1940 жылы латын графикасымен емле ережелері жарық көреді. Солардың ішінде ы, ый-дың жазылуына байланысты тұстар ерекше назар аударттады. Сонымен бірге ы - дыбысының тұрақсыздығынан сөз ортасындағы, сөз соңындағы ы қолданылатын жерлерде ол түсіріліп отырады. Ы, і фонемалары қазақ тілінде мағына ажырататын болғандықтан, екі фонема болып саналады, екеуі екі әріппен таңбаланады, осы екі әріптің қосымша функциясына байланысты Қ.Күдеринова былай деп көрсетеді: «...ы,і қысаңдарының фонемалық қасиетінен бөтен, қазақ тілінің буын сатысынан қалған дауыссыз дыбыстың жуан-жіңішкелігін білдіретін немесе екі дауыссыз дыбыс ортасында міндетті түрде бір дауысты дыбыс жазылу керек деген идеяны ұстану үшін таңбаланатын қосымша функциясы бар» [15, 162 б.]. Бұл жөнінде А.Байтұрсынұлы да жазған болатын: «Оқуға кемшілік болмаса, сөздің мағынасына кемшілік болмаса, жазуға жеңілдігі болса ы дыбысының харіфін жазбағанда не залал көреміз деген ойым еді», - дейді. [13, 386 б]. Қ.Жұбанов жазу барысында бір буынды сөздерді ы-мен жазып, екі буындағы сөздерде ы-ны жазбауды ұсынады [14, 138 б.]. Осымен байланысты Махамбет мәтіндерінде ауытқулар қалыптасқан. Мәселен, “ы”, “і” – дыбыстарының бірде түсіріліп, бірде қосылып жазылуына байланысты пайда болған ауытқулар: Жез қарғыдан айрылып (1989)//Жез қарғыдан ай[ы]рылып (1925); Аруанадан туған мая бар(1989)//Ар[ы]уанадан туған мая бар (1925); Бауырынан//баурынан сөзіне қатысты әр түрлі жазылу тек 1974 жылғы басылымда орын алған.
Информация о работе Мәтін кеңістігі: семантикалық, этимологиялық аспект