Автор работы: Пользователь скрыл имя, 02 Марта 2013 в 21:54, курсовая работа
Қазақ жері ұзақ уақыт бойы Ресейден қоныс тепкен саяси жер аударушылардың мекені еді. Қазақстандағы саяси жер аударушылардың орталықтарының бірі – Семей шаһары болды. Қаланың мәдени – рухани даму тарихы тікелей осы кезең тарихымен байланысты. Оның түптамыры өте тереңде жатыр. Патша өкіметінің шешімімен қазақ даласына жер аударылып келген желтоқсаншылар, жазушылар, студенттер, ғалымдар мен поляк революционерлерінің барлығыда Семей аймағының тарихын зерттеуге, жергілікті халықтың рухани – мәдени құндылықтарын арттыруға ат салысып, қаладағы ағартушылық саланың қалыптасуына негіз жасады. Олардың жүргізген қарқынды жұмыстары қала жастарының ғылым мен қоғам мүддесін көздейтін мақсаттарының бірі білім алуға деген құштарлықтарын арттыра түсті.
КІРІСПЕ
1 СЕМЕЙ – ҚАЗАҚТЫҢ РУХАНИ ОРТАЛЫҒЫ
1.1 Кеңес өкіметіне дейінгі Семей өңіріндегі мәдени мұралардың
қалыптасуы мен дамуы
1.2 Семей - өнер мен білімнің қайнар бұлағы
2 СЕМЕЙ – АЛЫПТАР ДҮНИЕГЕ КЕЛГЕН ҚАСИЕТТІ ТОПЫРАҚ
2.1 Абай, Шәкәрім, Мұхтар
2.2 Ұрпақтар сабақтастығы
2.3 Семей өңірінің бүгіні мен болашағы
ҚОРЫТЫНДЫ
ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
ҚОСЫМША
Жастар тәрбиесінде Абайдың өзінің жеке басынан көрінетін кімге де болсын үлгі боларлық қасиеттермен қатар ақынның өнерге, білімге, ғылымға шақыра жазылған тақырыптарға өлеңдері творчестволық тұрғыдан келіп, саралауды, талдауды қажет етеді. Бұл тақырыптағы өлеңдерінде ақын ғылымға ұмтылған жол сілтеумен бірге, олардың өзге жұрт үлгі тұтарлық бейнелерін жасайды. Мектептен бастап оқылатын «Ғылым таппай мақтанба» өлеңінен басталып, біріне – бірі жалғасып, бірін – бірі толықтырып жататын осы тақырыптағы топтама өлеңдерін ақынның жастар алдына қойған міндет – талаптары деп ұғамыз.
Ақынның бірнеше қара сөзі қазақтың мақал – мәтелдерінің мәнін түсіндіруге арналған да, сол мақалдардың ішіндегі ең теріс дегендердің астарлы сырларын сынға алады. «Ата – анадан мал тәтті, алтынды үйден жан тәтті», - дейді. Ата – анасынан мал тәтті көрінетұғын антұрғанның жанынан да малы қымбат екен. Ата – анасын малға сатпақ ең арсыздың ісі емес пе?» –дейді ол. Сонымен бірге ақын мағынасы тереңде жатқан мақал – мәтелдерге де тоқталып «Азат басың болсан құл, қолдан келмес іске ұмтыл», - деп, тыңдаушысын еңбекке, адал іске ұмтылуға үндейді. Сол еңбек, ғылым, білім арқылы өмірден керегіңді ізде деген қорытынды шығарады.
Абайдың танымдық мұрасы қарапайым халық немесе тек жастар үшін ғана жазылған десек, жеткізбей айтқандығымыз. Олай дейтініміз: қолына қалам ұстаған ақын – жазушы болсын, өнердің, ғылымның қандай да бір саласында еңбектеніп, ізденіп жүрген жастардың қай – қайсысы болсын, өз туындыларына деген идеяны Абай мұрасынан тауып, содан нәр алып, сусындайтыны анық.
Абай музыка саласында да мол мұра қалдырып, қазақтың музыкалық өнерін дамытты. Қазіргі уақытта ақынның 27 әнінің 36 нұсқасы нотаға түсірілген. Абай қазақтың ән – күй шығармашылылығын ерекше бағалаған. Абай тек тыңдаушы ғана болмай, өзі де ән шығарған. Абайдың ән шығармашылығы қазақтың халық музыкасының тарихында ерекше орын алады. «Сегіз аяқ», «Желсіз түнде жарық ай», «Қараңғы түнде тау қалқып», т.б. әндері арқылы ол халықтың ән шығармашылығын сан жағынан байытып, қазақ әніне де жаңа әуен – ырғақ, жаңа үн, өлшем мен түр ала келген жаңашыл композитор болды. Абайдың басқа халық композиторларының ерекшелігі – қазақ әндерімен қатар, орыстың халық музыкасына, М.И.Глинка, А.Г.Рубинштейн сияқты классиктердің вокалдық шығармашылығына құлақ түруі, содан үйренуі. Абай орыс классиктерінің шығармаларын аударып қана қоймай, сол аударма өлеңдерге ән де шығарған. Абай әндерінің келесі бір саласы – аударма өлеңдердің негізінде шыққан әндер тобы. «Татьянаның хаты», «Онегиннің хаты» әндері – кезінде қазақ даласына кең тараған шығармалар. Бұл сияқты әндер Пушкин поэзиясын қазақ тілінде өлеңмен де, әнмен де насихаттау ниетінен туғаны байқалады.
Абай мұрасы қазақ мәдениеті мен әдеби тілінің дамуына үлкен ықпал жасады. Оның шығармалары басқа тілдерге аударылу арқылы дүние жүзіне тарады. Шығармалары орыс, өзбек, ағылшын, қытай, чех, т.б. әлем тілдерінде басылып шықты. Қазақ әдебиеті тарихы салаларының бірі – абайтану ғылымы ақын мұрасын кең ауқымда зерттеу мәселесімен шұғылданады. Абайтану ғылымдарының іргетас шаңырағын көтерген, ұлы қазақ адамы жайлы әлемге әйгілі «Абай жолы» эпопеясын дүниеге әкелген, бар саналы ғұмырын Абай шығармашылығын танып, білуге, насихаттауға арналған ұлы жазушы, даңқты ғұлама ғалым М.О.Әуезов болды. Мұхтар Әуезов пен Жүсіпбек Аймауытов 1918 жылы Семей қаласында «Абай» атты журнал шығарғаны әдебиетші – ғалымдар арасында ғана белгілі болып, көпшілік ол журналдан бертінге дейін бейхабар болып келді. Журнал 1918 жылы 4 ақпаннан Семей қаласында айына екі рет араб графикасымен шығып тұрып, 12 номірі шыққан соң «ұлтшыл басылым» ретінде жабылған. Араға 73 жыл салып, қайта жалғасқан «Абай» журналы сол Семей қаласында 1992 жыл – мешін жылы қайыра жарық көре бастады.
Елімізде ұлы ақынға жасалған құрмет ерекше. Абай атындағы қала (Қарағанды облысында), аудан (Шығыс Қазақстан облысы), Семей, Қарқаралы қалаларында, Жидебайда әдеби мұрасын студент жастарға тереңдей таныстыру мен оның шығармаларын ғылыми тұрғыдан зерттеу мақсатында 1969 жылы Алматы МУ-нің (бұрыңғы ҚазПИ-дің) қазақ әдебиет кафедрасы жанынан Абай кабинеті ашылған. Алматы, т.б. қалалардағы театрларға, көшелерге ақын аты берілген. Абай атында шың, асу бар. Абай қоры жұмыс істеп, ақын туралы фильмдер, көркем шығармалар, зерттеулер жазылған.
Абай – қай заман болмасын, өзінің ақыл – парасатымен әлемдік ойды билеп тұрған кемел тұлға. Қазақтың жайын Абайдан асырып айтқан ешкім жоқ. Біздің «ащы айтып ашындыра алмадымыз, тұщы айтып тұщындыра білмеуіміз жеке басымыздағы азаматтық ой – сезімнің жүтаңдығымен тікелей байланысты» емес пе екен?! Ендеше, көкірегінде сәулесі бар әрбір жан ұлы Абайға үңілсін. Өйткені «адам өткенге қарап өседі, бүгінге қарап бой түзейді, болашақты болжап күн кешеді».
Өткенде қиын жағдайда өмір сүріп, халыққа аянбай еңбек еткен саңлақтар қатарынан көрінетін Шәкәрім Құдайбердиевтің жарқын бейнесі жас Тәуелсіз Қазақстан тұғырында күн санап биіктей түсуде.
ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың алғашқы аралығында өмір сүріп, қазақтың қоғамдық, әлеуметтік рухани, мәдени, әдеби өміріне кейде айтарлықтай белсене, кейде баяу араласып, ізгілік, адамгершілік, демократтық, ағартушылық идеяларды уағыздаған Шәкәрім Құдайбердиев мол, көркем мұра қалдырды. Ол – ақын, прозаик, аудармашы, философ, тарихшы, сондай – ақ өз өлеңдеріне ән шығарған композитор да болды, журналистикаға да ат салысты.
Шәкәрім Құдайбердиев өмірбаянының алабөтен бір ерекшелігі – оның ұлы Абай Құнанбаевқа ең жақын адамдардың бірі болуы, одан тікелей тәрбие алуы, Абай дәстүрін жалғастырушы, дамытушы бола білді [26, 46 б.].
Абай мен Шәкәрімнің демократтық, гуманистік көзқарас, ой тұжырымдар үйілесімділігі, Абай жасаған көптеген дәстүрді жалғастырушы, дамытушы болуы – Шәкәрім мұрасының тамаша бір қызықты қыры. Шәкәрім бір кезде ел билеу ісіне де араласады. Ел арасындағы қарым – қатынастарды жөндеуге, тартыс – таластарды, арыз – жалаларды тексеріп, әділ шешуге, сөйтіп, адамшылық, жарастық, татулық жолын іздеуге Шәкәрім біраз уақыт күш – жігер жұмсады. Ол қазақ қоғамының рухани дамуына сөз өнерімен қызмет етуді, көпшілік сана – сезімнің өсуіне көмектесуді, жастарды ғылым – білім, өнер - өнеге баулуды нысана етеді. Қазақ елінің ғылым мен мәдениет биігіне көтерілуіне өзінше үлес қосуды мақсат еткен ақынның енді қауымға, қоғамға сөз өнерімен ықпал етуді көздегені оның «Ақындарға», «Ажалсыз әскер», «Ескі ақындар», т.б. туындыларында айтылған. Сөйтіп, өзі айтқандай, «жолдасым – қағаз, қарандаш», «қажымайтын кәрілік жеңгенше» басып, бар шаруаны өзі істеп, оңаша жүрген Шәкәрім туралы қаныпезерлер «ол бандиттермен сыбайлас», «есі ауған» деген сияқты өтірік - өсек, наужет – лақап таратып, оны түрмеге де жаптырған. Алайда оның бәрі жала екені анықталып, Бақанас түрмесінен босатылды. Өмірінің соңғы жылдарын тауда жалғыз өткізген Шәкәрім 1931 жылы қазанның 2-де асыра сілтеушілердің қолынан қаза табады. Олар ақынның сүйегін құдыққа тастайды, туыстары кейін сүйегі тауып алып, жерлеген. Кемеңгер қартты өлтірген жауыздар қылмыстарын бүркеу үшін оның соңынан неше түрлі жала жауып, қара қағаздар жазып, «шегелеп», Шәкәрім атын тарихтан өшіруге бар күштерін жұмсаған. Қанішерлерді жазалаудың орнына, оны қолдаушылар табылған. Адамзат тарихында ақ пен қара, әділдік пен зұлымдық алысып келсе, сол зұлымдылықтың бір құрбаны Шәкәрім болды. Оның аты да, бай мұрасы да зұлымдық пен қаскөйлік шырмауынан көпке дейін арыла алмады. Оған ұзақ жылдар бойы ұлтшыл, совет үкіметіндегі бай – кулактарға жақтас деген жөнсіз кінә тағылып, аты аталмай келді.
«Қалқаман - Мамыр» поэмасын Шәкәрім «қазақ тілінде жазылған тарихи хикая» деп атап «мұтылған» деген бүркеніш атпен (псевдоним) жариялаған. Шығарма Семей қаласындағы «Жәрдем» баспасында 1912 жылы басылып шыққан. Қазақ әдебиеті тарихында, Шәкәрім творчествосында өзіндік ерекше орны бар шығармалардың бірі – «Еңлік - Кебек» поэмасы. Поэма 1912 жылы Семейде «Жәрдем» баспасында «жолсыз жаза яки болған іс» (Самосуд или случайность) – «Еңлік - Кебек» деген атпен жарық көреді. Махаббат жолында құрбан болған, бас бостандығын аңсау мен зұлымдыққа қарсыласудың бейнесі болған Еңлік қыз бен Кебек батыр әманда ел есінде сақталады, зиратына 1780 жылы ескерткіш мұнара қойылады, соғыс алдындағы жылдарда олардың бейіті басына – жаңа ескерткіш орнатылады. Семей облысының Абай ауданы Ералы жағалауының шығыс жағындағы, Семей – Қарауыл тас жолынан 5 шақырым жердегі Еңлік – Кебек қабірі – махаббат мұнарасы ел мәңгілік бас иіп, қастерлеп өтетін ескерткішке айналған.
Бүгінгі таңда барлық салада егемен ел болдық, еркіндік алдық. Ең бағалысы, ең қымбаттысы – рухани бостандыққа қолымыз жетті, ақиқат, әділдік үстемдік алды.
Ұлт бостандығы, қазақстан халқының, қазақ елінің болашағы жолында өмірін арнай, сол жолда жазықсыз құрбан болған біртуар арыстарымыз, ұлт көсемдері, қоғам қайраткерлері, даңқты ағартушы – тарихшылар, ақын – жазушылар туған халқына қайта оралды. Солардың бірегейі – Шәкәрім Құдайбердіұлы. 1981 жылы 1 сәуір күні Қазақстан Орталық партия комитетінің бірінші хатшысы Д.А.Қонаевтың атына Абай, Шәкәрім туған Абай ауданының бір топ ардагерлері халқымыздың дарынды ұлы Шәкәрімнің еңбегін жарыққа шығарып, халық игілігіне айналдыруды сұрап хат жазды [49, 4 б.].
Кейіннен Қазақ ССР Министрлер Советінің төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың және Орталық партия комитетінің хатшысы Өзбекәлі Жәнібековтың тікелей ұсынысымен 1987 жылдың желтоқсанында «Шәкәрімнің творчестволық мұрасын зерттеу» жөнінде комиссия құрылды.
Комиссия 4 ай жұмыс жасап, қорытындысын Орталық Комитетке ұсынды. Ол республикалық газеттерде «Ақын Шәкәрімнің творчестволық мұрасы жөнінде» деген тақырыппен жарияланды. Іле – шала «Социалистік Қазақстан» газетінде Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының сол кездегі директоры Шерияздан Елеукеновтың Шәкәрім туралы «қайтып оралған қазына» деген атпен көлемді мақаласы жарияланды.
1988 жылы 14 сәуірде Орталық Комитетінің бюросы «Шәкәрім Құдайбердіұлы – ұлы Абайдың талантты шәкірті, оның реалистік дәстүрін жалғастырушы ірі ақын және ойшыл. Шәкәрімнің творчестволық мұрасы мол да, мағыналы және ХІХ бен ХХ ғасыр басында қазақ әдебиетінде ерекше орын алады. Шәкәрім шығармалары қоғамызды рухани байыту ісіне, оның гуманистік және адамгершілік мұраттарын бекітуге қызмет етеді. Бұл мұра ұзақ жылдар «үнсіздік» пен нақақ жаладан кейін халыққа толық оралуға тиіс» деп шешім қабылдады. Сөйтіп, тоталитарлы үстемдік кезіндегі репрессияның құрбандығына ұшыраған ұлт көсемдерінің алды болып, Шәкәрім Құдайбердіұлының адал да жарқын есімі 1988 жылы 14 сәуірдегі Орталық Комитет бюросының қаулысымен өз халқына қайта оралды.
Шәкәрім Құдайбердіұлының өмірі, мол әдеби мұрасының мазмұны мен жанрлық түрлері, ұстанған бағыт – бағдары мол әдіс - әрекеттері тірі кезінде де, кейінде де зиялылар назарына болғаны, баспа арқылы бұрын – соңды айтылған ой – пікірлер келешектегі ақын шығармашылығының, ғылыми өмірбаянының зерттелуіне жәрдемін ағартушылық – демократтық ізденістер нәтижелерінің бірі – қазақ журнал, газеттері шыға бастауын қуана қарсы алғандардың бірі – Шәкәрім.
Шәкәрім Құдайбердіұлы қалдырған мол мұраның идеялық мазмұн байлығы, тақырыптық ауқымы, жанрлық молдығы, көркемдік әсерлігі, стильдік өзгешеліктері, тілдік шеберлігі, басқа да тасып жатқан сыр – сипаттары, сан алуан қырлары әдейі, дәйекті зерттелетін кезең туды.
Қоғамдық ғылымдардың
сан салысындағы мамандар бұл
мұраны комплексті ғылыми зерттеуге
кірісіп, таяу жылдарда іргелі ғылыми
– зерттеу еңбектер жазылып, зерделенуде.
Шәкәрім Құдайбердіұлы
Халықтың рухани мұрасы – оның ең қымбат байлықтарының бірі. Сондықтан тарихты ақиқат тұрғысынан түсіндіре білу, бұрыңғы қол жеткен мәдени мұраға ұқыптылықпен қарап күте білу – сөз жоқ сол қоғамның және ол қоғамды өмір сүріп, еңбек еткен адамдардың мәдени дәрежесімен тікелей диалектикалық байланыста болады. Уақыт өткен сайын әр дәуір ұрпақтары бұрынғы тарих шежірелерінің қажетінше қайта қарастырып жаңа заман тұрғысынан баға беріп отырады. Қазіргі кезеңде қоғамдық, жалпы гуманитарлық білімдер саласында бізге байыпты философиялық қорытулар, негізделген экономикалық және әлеуметтік болжамдар, терең тарихи зерттеулер өте қажет екендігі, жас ұрпақтардың соларды оқи, біле игере жүруі қажеттігі дау туғызбас. Осы тұрғыдан алғанда, жан – жақты зерттеулерді қажет етіп жүрген үлкен істердің бірі – ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы зиялыларымыздың өмір жолын, жалпы шығармашылығын жаңаша қарап, бағалау болып табылмақ. Бұл зиялылар шоғыры ішіндегі қазақ халқының біртуар ұлы Мұхтар Омарханұлы Әуезов қалдырған қымбат мұралар әр қырынан көрініп, керегінше зерттеліп, бүгінгі өскелең ұрпаққа кеңінен таныстырылу үстінде [31, 189 б.].
Мұхтар Әуезов – ұлы жазушы, қоғам қайраткері, ғұлама ғалым, Қазақстанның еңбегі сіңген ғылыми қайраткері. Ол бұрынғы Семей уезі, Шыңғыстау болысының №8 ауылына қарасты Аяққараған деген жерде дүниеге келген. Алты жасында атасының үйретуімен Абайдың өлеңдерін жаттап, ауыл мектебінде сауатын ашқан. 1908 жылы Семейдегі Камалиддин Хазірет медресінде оқып, 1909 жылы әкесі Омарханның қайтыс болуына байланысты Семей мұғалімдер семинариясын бітірген Әбіш Қасенов деген мұғалімнен бір жыл дәріс алады. 1910 жылы Семей қалалық бес кластық орыс училищесіне оқуға орналасады. Училищені 1915 жылы аяқтап, Семей қалалық мұғалімдер семинариясына түседі. Семинарияда оқып жүріп те шығармашылықпен айналысады. Ш.Құдайбердіұлының «жолсыз жаза» дастанының негізінде «Еңлік - Кебек» пьесасын жазып, оны 1917 жылы маусым айында Ойқұдық деген жерде Абайдың қызы Кенже мен Әйгерімнің тіркестіріп тіккен киіз үйінде сахнаға шығарады.
Ресейдегі саяси төңкерістер, Уақытша үкіметтің Алашорда халықтық кеңесі мен үкіметінің құрылуы Әуезов өміріне де үлкен өзгерістер әкеледі. Ол Семейде «Алаш жастары» одағын құрып, түрлі үйірмелердің ашылуына ұйытқы болады. 1920 жылғы қарашадан 1921 жылы мамырға дейін Семей облыстық атқару комитеті қазақ бөлімінің және облыстық соттың менгерушісі міндетін атқарады.