Автор работы: Пользователь скрыл имя, 18 Марта 2012 в 13:49, автореферат
Екiншi өзгерiстермен толықтырылған монография әлемдік қауымдастықта жаңа саяси-құқықтық шындықтың туындауымен тығыз байланысты, сонымен қатар ұлттық заңнаманың шұғыл дамуымен, халықаралық құқықпен ұлттық құқық аспектілерінің, кеңеюімен байланысты шығарылып отыр. Кiтапта халықаралық және ұлттық құқық арақатынасы нысаны талданған, халықаралық шарттарды конституциялық қамтамасыз ету, халықаралық құқық нормаларының сот-құқықтық реформасына тигізіп отырған ықпалы, халықаралық құқықтық нормалар және қағидаларының ұлттық құқық сәйкестiгiнiң жетiлдiруіне бағытталған ұсыныстар енгiзiлген.
Ұлттық әдет-ғұрыптық құқықтың позитивтік ұлттық құқық пен халықаралық шарттық және әдет-ғұрыптық құқықтың дамуындағы рөлін білу мақсатында қазақтың әдет-ғұрыптық құқығы мен халықаралық әдет-ғұрыптық құқықтың кейбір элементтерін салыстыруға болатын сияқты. Өйткені заң ғылымдарында заңгерлер мен халықтың ауыз әдебиеті мамандарының күшімен «фольклор құқығы» немесе «халықтар құқығы» ұғымдары қалыптасып келеді. Бұл терминдер бір біріне ұқсас болғанымен, екінші ұғым өзінің мазмұны бойынша көлемдірек. Посткеңестік кеңістікте «халықтар құқығы» мәселесімен өзбек ғалымы Р.А.Тузмухамедов жемісті айналысып жүр, оның «Адам және халықтар құқығының сөздігі» атты еңбегін «Халықаралық қатынастар» баспасы шығарған.
Ондаған мемлекеттерден елуден астам автордың еңбектерінен үзінді жарияланған екі томдық кітаптың жарық көруіне арналған талдама мақалада /17/, Р.А.Тузмухамедов бұл проблемамен халықаралық құқықтың беделді ғалымдары Ян Броунли (Англия), Ричард Фолк (АҚШ), Мохаммед Беджауи (Алжир), Джеймс Кроуфорд (Австралия) және т.б. айналысады деп көрсеткен. Бұл жерде ғалымдар фольклорлық құқық түп тамыры жаппай сауатсыздық заманына кететін ауызша (жазылмаған) құқық болғанына қарамастан, бүгінгі күндері де арамызда бар деп айтады. Айрықша көңілді ғалымдар халықаралық әдет-ғұрыптық құқыққа бөледі.
Халықаралық әдет-ғұрыптық құқық пен ұлттық әдет-ғұрыптық құқықтың арасында ортақ ештеңе жоқ деп санайтын ғалымдар да бар. Мысалы В.И.Менжинский мен Г.М.Даниленко осылай ойлайды. Мұндай ой құқықтың қалыптасуы туралы дәстүрлі пікір алдымен мемлекетішілік құқықтың пайда болғанын, ал мемлекетаралық қатынастар даму нәтижесінде халықаралық құқық пайда болғанын мойындаудан туды деп ойлаймыз.
Біздің ойымызша, бұл посткеңестік жаңа тәуелсіз мемлекеттердің қазіргі даму жолын көрсетеді. Ерте заманда Қазақстан аумағында көшпелі халықтар құқығының қалыптасуы руаралық қатынастар сатысында басталған. Мысалы, қазіргі қазақ халқы автохтондық түркі халқының басқа түрік, монғол, парсы, араб, финдік угор, славян этностарының араласуы нәтижесінде пайда болған. Бұл қазақтардың бүгінгі күні өзінің шығу тегін, жеті атасын, руын білуінің бір себебі болып табылады. Өз руы туралы білу – бұл ХV ғасырдың соңынан қазақ этносына дейін ата бабалары әр түрлі руаралық, тайпааралық байланыстардың (туыстық қатынастар, ынтымақтастық, сауда, жалпы мемлекеттілікке шиеленістер және т.б.) эволюциясынан өткен адамның ежелгі шығу тегі туралы ақпарат.
Біздіңше, ежелгі қоғамның ең алғашқы бірлігі және құқықтың абсолютті басым субъектісі болып адамдардың мығым бірлестігі – ру табылған. Жаңа рулар пайда болуы немесе үлкен рулар бөлінуі, туысқандардың бір бөлігі дербес шаруашылық және нәтижесінде рулық бірлікке бөлінуі нәтижесінде бәсекелес рулар қалыптасты. Бәсекелестік жат рулардың арасында ғана емес, туыстас рулар арасында да қатты жүріп отырды, олар тіпті өлімге дейін баратын. Сондықтан олар ортақ жүріс тұрыс ережелерін қалыптастырды, әйтпесе қантөгіс соғыстарға ұрынатын еді. Солай, қазақ халқының құқығы ең алдымен руаралық, тайпааралық ретінде, яғни протохалықаралық ретінде пайда болды.
Халықаралық құқықтың түп тамыры руаралық, тайпааралық қатынастарды реттеген ережелерден бастау алады деген ой кеңестік заң әдебиеттерінде де кездесті. Халықаралық құқық теоретигі В.А.Василенко айтқандай, бізге жеткен, ғылым мақтанышына айналған бұл қатынастар туралы мәліметтер мемлекеттер пайда болғанға дейін әр түрлі рулар мен тайпалар өзара соғысып, бір біріне елшіліктер жіберіп, келіссөздерге түсіп, шарттар жасасып, сауда қатынастарын орнатып және белгілі бір ережелеге сәйкес басқа да әрекеттер жасап отырған. Ру ішіндегі және руаралық қатынастарды ұйымдастырудың әлеуметтік құралы ретінде ежелгі «құқықтың» қайнар көздері болатын ертеден келе жатқан әдет-ғұрыптық және шарттық ережелер қолданылды. Әрине, ол қазіргі мағынадағы құқық болған жоқ.Әр түрлі ру-тайпалар бір-бірімен жиі байланысқа түсуіне байланысты бұрынғы кездегі құқық руішілік ұйымды қамтамасыз ететін нормалар, сонымен қатар руаралық, тайпааралық байланыстарды реттейтін нормалар ретінде белгілі /19, 288б./. Келесі зерттеуші В.Э.Грабарь, ежелгі римдіктердің ата-бабаларының мемелекетке дейінгі қоғамдық ұйымдарды көпжылдық дәл зерттеудің негізінде, өндіруші күштердің дамуының төменгі сатыларында олардың деңгейіне сай қоғамаралық немесе тайпааралық құқық болған деген шешімге келді.Ол ең алғашқы құқық руаралық болды, руаралық шартта рулардың өзара тәртіптерінің нормалары көрініс тапқан деп жазған /20, 39б./.
Ғалымның пікірі бойынша, протохалықаралық құқықтың, яғни «руаралық» алғаш пайда болуы тек көшпелі халыққа ғана тән емес. Рулар арасында жасап шығарылған тәртіп ережелері сол туысқандық бірлестіктердің ішінен орын алған, егер оларды бұзған жағдайда бүкіл руға сол кездегі ең кең тараған санкция көршілер тарабынан соғыс қаупі төнген. Ру мүшелерінің тәртіп нормалары бірінші кезекте сыртқы факторларға жауап ретінде қалыптасқан: басқа рулармен көршілік қарым-қатынас; географиялық, табиғи-климаттық жағдайлар және т.б. Біздің ойымызша, тек рулардың тайпаларға, кейін тайпалық бірлестіктерге бірігуінің нәтижесінде протоұлттық құқықтың, басқаша айтқанда «руаралық» құқықтың дамуына барлық жағдайлар жасалады.
Осы жағынан қазақ ру-тайпаларының, жүздердің пайда болу және даму мәселелеріне тоқталу керек. Бұл мәселелерді көптеген қазақ және орыс ғалымдары қозғаған. 19 ғасырдың ортасындағы Ш.Уәлихановтың мақалаларында, 1864 жылғы В.В.Вельяминов-Зерновтың «Исследовании о касиовских царях и царевичах» атты күрделі зерттеулерінде, Ш.Құдайбергенов, М.Тынышпаев, А.П.Чулошников, В.В.Востровтың еңбектерінде, қазіргі зерттеуші М.С.Муканов еңбектерінде, қазіргі генеалогиялық және т.б. зерттеулерде қозғалды. Біздің ойымызша, XV-XIX ғасырларда үлкен аумақта тұрып, бір-бірімен бірігуден гөрі байланыс үзуге мүмкіндіктері көбірек болған қазақ жүздерінің біртұтас халық ретінде бірігуі этностардың бірігуіне жақсы мысал бола алады. Туыс тайпалардың біртұтас халыққа бірігуінің бірегейлігіне халықтардың бірігуіне бағытталған қазақ әдет-ғұрыптық құқығының нормалары себепші болған.
Қазақстанда әр түрлі этностар мен өркениеттердің құқық нормалары және кейбір аспектілерінің араласуы мен тұрақты ауысуы байқалады. Соңғы кездері зерттеушілер әр түрлі ғасырларда пайда болған діни, сонымен қатар діни емес сипатқа ие түркі халықтарының заңдық ескерткіштерін тауып, оларды қазіргі тілге аударуда. Олардың ауқымы кең: билеушілердің заңды актілерінен бастап шаруалардың қолхатына дейін. Қазақ елінің мемлекеттік құрылымы мен құқық терминологиясының еуропалық әдет-ғұрыпқа сәйкес келмеуі, түркі халқында мемлекет және құқық болған жоқ деген сөз емес. Олар өзіндік мемлекет және соған сәйкес құқықтық жүйе құрды, олар қазіргі уақытқа дейін тарихи ғана емес, тәжірибе жүзінде де қызығушылыққа ие.
Біздің еліміздің және бірқатар өзге мемлекеттердің мамандары түріктердің мемлекет және құқығының пайда болуын айқындайтын қайнар көздерді жүйелі түрде зерттеп, аударуда, олардың ішінде ежелгі жазба ескерткіштер (жылнама, дипломатиялық хаттар, жазбалар, эпитафиялар және т.б.), мемлекеттік-құқықтық және әлеуметтік өмірдің барлық аспектілері көрініс табатын халықтың ауызша шығармашылығы бар. Осылардың және жақында жарыққа шыққан, қазақ ғалымдары А.А.Гаркавец және Г.С.Сапарғалиев аударған қыпшақ-армян ескерткіштерінің мазмұны түркі халықтарында құқықтың жоғары дамығандығын толық растайды.
А.И.Левшин XVIII жүзжылдықтың басындағы Тәуке ханның Жарғысын зерттей отырып, біздің заңдастырылған жарғылар мен ерте кездегі еуропа халықтарының жарғыларының ұқсастығын байқамау мүмкін еместігін айтады /21, 371б./ және гректерді, римдіктерді, арабтарды, германдықтарды, еврейлерді, скандинавтықтарды және славяндарды атап кетеді. Бұл қазақ құқығының пайда болуына септігін тигізген ежелгі халықаралық байланыстардың куәсі болып табылады.
IX-XII ғасырларда Орталық Азия және Еуропа халықтарына араб өркениеті үлкен әсер етті. Б.д. VII ғасырында Исламның жария етілу уақытынан бастап жаңа дін VIII-X ғасырларда Орта Азияға тарады. Мұсылмандық мораль мен құқықтың әсері айтарлықтай тұрақты болды. Ежелгі діни сенімдер және Исламмен қатар б.д. VI-IX ғасырларында Орталық Азияның түркі халықтарының арасында, оның артынан Орта Азия мен Қазақстанда өзге өркениеттер қалыптастырған діни жүйелер тарала бастады: буддизм, манихейство, христиан және иудаизм. Идеологиялық, мәдени және құқықтық қарсылық және араласу бүкіл орталық еуразиялық кеңістікте байқалды. Олардың ядросы ұлы қыпшақ даласы және ежелгі Русь болды. Сөйтіп X ғасырдың соңында грек епископтары Жаңа Русьте римдік-византиялық үлгі бойынша қарақшыларды өлтіріп, жазалайтын юстицияны енгізу туралы кеңес берді. Князь Владимир олардың кеңесін қабылдамай, қылмыстарды ақшалай айыппұлмен –вирамен жазалауды жалғастырды /22/. “Вира” Русь жеріне X-XI ғасырларда нормандық «wahr – geld» өлім үшін төлем сөзінен енген.
Қазақ әдет-ғұрыптық құқығы да кісі өлтіру және қылмыстардың басқа да ауыр түрлері үшін төлем төлеу нормаларын қамтиды. Қылмыстардың материалдық өтемі ерте кезден сақталған. Орын толтыру заңымен қатар өмір сүрді. Қылмыстар үшін материалдық өтемақы мүмкіндіктерінің құқықта бекітілуіне (құн, айыппұл) Құран талаптары әсер етті. «Бақара» 2-сүресінің 173(178) аяттарында: «О, сенімге келгендер! Сендерге кісі өлімі үшін жаза жазылған:ерікті үшін-ерікті, құ үшін-құл, әйел үшін-әйел.Ал кімге ол бауырымен кешірілсе, әдет-ғұрыпқа сәйкес және оның пайдасына орын толтырылады» (Құран, 45б.) Құранда қылмыс үшін жазаның бір түрі қарастырылған: «ол – Құдайдан қайырымдылық. Ал кім бұдан аттап кетсе, оның жазасы өте ауыр» (2-сүресінің 174 аяты). Ежелгі Рим құқығы өзінің дамуы барысында қылмыс үшін жазаның бір түрін ғана талап еткен: «Nemo debit bis puniri, pro uno delicto».
Бұл қазақ әдет-ғұрыптық құқығы нормаларының алғашқы қайнар көздерін анықтау мүмкін емес жағдайдағы мысалдардың біреуі ғана. Олар ежелгі қазақ халқының бүкіл мәдениеті сияқты антикалық және араб әлемінің классикалық өркениеттерін байланыстырған кеңістікке қалыптасқан. Бұл норма кез-келген мысалдан жасалған және тәуелсіз болуы мүмкін еді және әділ жазаның қолайлы шешімі ретінде де, руаралық қарым-қатынасқа түскен норма, яғни халықаралық-құқықтық әдет-ғұрып болуы да мүмкін еді.
Қазақ әдет-ғұрыптық құқығында сот өндірісі қарапайым болды. Дауласушылар таңдаған би адам өліміне дейін барлық істер бойынша реттеу және шешім шығару құқығына ие болды. Аса маңызды істерді 2 жақтан 6 судьядан 12 судья қараған, бірақ әдетте 1-2 немесе одан да көп судьялар қарады. Әр тарап 1 немесе бірнеше адвокат жалдауға құқылы болды. Судьялар куәларды тыңдады. Егер куәлар жоқ болса, онда тараптар ант беру арқылы айғақ беретін танымал әрі мәртебелі адамдарды ұсынған.
Қазіргі кездегі алқа билер соты сот өндірісінің қазақ ұлттық әдет-ғұрыптарына сәйкес келеді. Ол тараптардың шешендік өнерді қолдана алатын ашық сот талқылауына мүмкіндік береді. Бұл әдіс 1-ші немесе 2-ші тараптың дұрыстығына судьяның ішкі сенімін қалыптастыратын бірден бір құрал болып табылады. Бұл пікір шындыққа жанасады, себебі Қазақстан Республикасы Конституциясының 75-бабына сәйкес, заңда көзделген жағдайда қылмыстық сот өндірісі алқа билердің қатысуымен жүзеге асады. 2000 жылы 25-желтоқсандағы «Қазақстан Республикасының сот өндірісі және судьялардың құқықтық мәртебесі туралы» конституциялық Заңның 1-бабы Қазақстан Республикасының сот билігі тек тұрақты судьялар түріндегі сотқа, сонымен қатар заңда көзделген жағдайлар мен тәртіпке сәйкес, қылмыстық сот өндірісіне қатысатын алқа билерге ғана тиесілі.
2000 жылы 5-шілдедегі Қазақстан Республикасының «Қылмыстық іске қатысушыларды мемелекеттік қорғау туралы» заңында қылмыстық іс жүргізуге қатысушы тұлғалардың, олардың отбасы және жақын туыстарының өмірін, денсаулығын, мүлкін, заңды мүдделерін және құқықтарын мемлекеттік қорғау шараларының жүйесі және қылмыстық істі жүргізуге заңсыз араласудың алдын алу мақсатында олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бекітілген. 3-бапта мемлекеттік қорғаудағы тұлғалардың қатарына судьялардан кейін алқабилер, прокурорлар, тергеушілер және т.б. жатқызылған. Көпшілік халық қатысатын, оның транспаренттілігі қамтамасыз етілген соттың шын мәнінде қызмет етуі, оның халықаралық құқықтың жалпыға танымал нормаларына сәйкес келетіндігін, сонымен қатар, XVIII-XIX ғасырларда Қазақстанда қолданылған нормалар рецепциясын (қалпына келтіру, бір мемлекеттің аумағында бұрын болған мемлекет құрылымының немесе құқықтық жүйесінің жоғалған қасиеттерін қайта қалыптастыру) көрсетеді.
Қазіргі ғалымдарды ойландырып жүрген «бітімге келтіру әділсот» идеясы құқықтық дауды дауласушылардың өздері делдалдарды(отбасы, көрші, қауым, құқық қорғау ұйымдары) қатыстыра отырып шешу мен сезіну процедурасын қамтиды. Бұл идеяның мақсаты болып жәбірленуші мен құқық бұзушы қатар отырып, залалдардың орнын толтыруға, жәбірленушіге көмек көрсетуге, өзін-өзі өзгерту және дамытуға бағытталған бітімге келу әдістерін жасап шығару табылады. Сөйтіп іс сәтті шешілген жағдайда, айыпталушы жауапкершілікке тартылмайды, ол делдалдың және биліктің бақылауында болып, бітімге келу жоспарын жүзеге асыра бастайды /6, 78б./.
Қазақ жерінде бұрынғы кезде үлкен құрметке лайықты мәмілегерлер болған («мәміле»-келісім). Оларға дауларды билер сотына жеткізбей шешу туралы өтінішпен жүгінген. Сондықтан мәмілегерлер сұрақтарды дауға қатысы бар барлық тараптардың мүдделерін қарастыра отырып шешкен. 2005жылы ақпан айында Қазақстанда алғаш рет кәсіби медиаторларды (дауларды және жанжалдарды сотқа дейін шешу істерімен айналысатын адам) шығару жүзеге асырылды. Ерекше «бітімгерлерді» даярлау жобасы ҚР Президент әкімшілігінің қолдауына ие болғаны ғажап емес, ал олардың бас қаржылай көмек көрсетушілері – Еуразия өндірістік ассоциациясы болды. Медиатор-мәмлегерлер кәсіби ар-намыс кодексін қабылдады, дауларды мемлекет ішінде, сонымен қатар халықаралық деңгейде шешуге рұқсат етілген мамандыққа ие болу туралы куәлік алды. Түлектердің арасында Қорғаныс Министрлігінің, Ішкі Істер Министрлігінің, Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан және Алматы облыстары әкімдіктерінің, үкіметтік емес ұйымдардың, кәсіподақтардың және Еуразия өндірістік ассоциациясының өкілдері бар. Қазақстан Республикасының Еңбек конфедерация және үкіметтік емес ұйымдар конфедерациялары Санкт-Петербург университетінің ғалым-практиктерімен бірге бұл мамандықтың сұранысқа ие болатынына және медиация негіздерін оқыту жоғары деңгейде жалғасатынына сенімді /23/.
1993 жылдан бастап Қырғызстанда заңға қайшы келмейтін, әдеттегі құқық негізінде қызмет атқаратын, оның нормаларын қолданатын, сот мекемелерінің жеке түрі әдеттегі құқық соттары (ақсақалдар соты) қайта қалпына келтірілді. Ақсақалдар соты атақ және құрметке ие ақсақалдар немесе басқа азаматтар арасынан ауыл, қала аумағында тұрғылықты жер азаматтарының немесе үкіметтік жергілікті өзін-өзі басқару органдарының шешімі бойынша құрылуы мүмкін. Өз қызметінде ақсақалдар соты Республика Конституциясын, 2002жылы 5-шілдеде қабылданған Ақсақалдар соты туралы заңын және басқа да нормативтік құқықтық актілерді басшылыққа алады. Ақсақалдар соты қызметінің өзегі ар-ұят, өзіндік сенім, қырғыз халқының тарихи әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрінен қалыптасқан мораль және өнегелілік нормалары болып табылады. Ақсақалдар соты кәсіби заңгерлер жоқ, құқықтық ақпаратқа қол жеткізе алмайтын алыс ауылдарда халық омбудсмендері ретінде қызмет ете алады. Ақсақалдар соты азаматтар арасындағы мүліктік мәселелер туралы даулар, ата-аналардың бала тәрбиесіне қатысты міндеттемелерін орындамау туралы, сонымен қатар жер учаскелеріне байланысты даулар, жерді заңсыз пайдалану, әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс материалдарымен айналыса алады. Алайда дұрыс ниетпен құрылған ақсақалдар соты институты ары қарай мемлекет тарапынан қолдауға ие болмады /24/.