Автор работы: Пользователь скрыл имя, 18 Марта 2012 в 13:49, автореферат
Екiншi өзгерiстермен толықтырылған монография әлемдік қауымдастықта жаңа саяси-құқықтық шындықтың туындауымен тығыз байланысты, сонымен қатар ұлттық заңнаманың шұғыл дамуымен, халықаралық құқықпен ұлттық құқық аспектілерінің, кеңеюімен байланысты шығарылып отыр. Кiтапта халықаралық және ұлттық құқық арақатынасы нысаны талданған, халықаралық шарттарды конституциялық қамтамасыз ету, халықаралық құқық нормаларының сот-құқықтық реформасына тигізіп отырған ықпалы, халықаралық құқықтық нормалар және қағидаларының ұлттық құқық сәйкестiгiнiң жетiлдiруіне бағытталған ұсыныстар енгiзiлген.
Ресейде сот талқылауына дейін қаралатын істер бойынша бітімгерлік әрекетін жүзеге асыратын бейбіт судьялар институты қайта құрылды. Олардың іс жүргізу қызметінің осы жағы болашақта бірінші орынға шығуы тиіс. Келісімге келу әрекетінің мәртебесі дәстүрлімен салыстырғанда қалаған нәтижені дайындау және таңдауда деформализацияға, іздеудің дұрыс бағыттылығына, сот талқылауында жағымсыз әсердің жоқ болуына, жоғары демократизацияға, тараптардың белсенді қатысуының жоғарғы деңгейіне ие /25/.
Қазақтың әдет ғұрыптық құқығының басты идеясы - айыпталушыны түрмеге (қазақтарда бұрын соңды болмаған ) қамамай-ақ әділдікті қалпына келтіру .
Қазақ құқығында келісімге келу нәтижесінің бірі - айыпталушының жәбірленушіге келтірген материалдық және моральдық залалы үшін, жасаған қылмысы үшін жаза ретінде «айып» төлеуі. /24/. Мысалы, ұрлық үшін келтірілген шығын жиырма жеті есе айыппұлмен өтелетін. Бұл өте кең тараған және жан жақты нақтыланған жаза түрі болатын, тіпті кісі өлтіру қылмысына да қолданылатын. Кісі өлтіргені үшін жәбірленуші жақтың келісімімен «құн» төленетін, құн көлемі шамамен 500-ден 1000-ға дейін қой (қазіргімен 50-100 мың АҚШ доллары көлемінде) болатын. Бұл тәжірибенің кейбір элементтерін біздің өмірімізге рецепциялау неғұрлым ізгілік (түрмеге қамамау) және қоғам үшін тиімділік әкелетінін айтуымыз керек. Және сыбайлас жемқорлықтың болу мүмкіндігін жою маңызды нәтижелердің бірі болар еді. Айыпталушы (сотталушы) қылмыстық жауапкершіліктен құтылып, заңмен анықталған айыппұл сомасын жәбірленушіге және белгілі бір бөлігін мемлекетке ресми төлер еді.
З.Ж.Кенжалиевтің айтуынша, қазақтардың әдет ғұрыптық құқығы Кеңестік Қазақстанда алдымен құқықтың қайнар көзі ретінде ресми түрде, кейін бейресми түрде 15-17 жыл шамасында болды да, кейін күшпен жойылды /26, 3б./. Қазақстанға кеңестік құқықтық жүйе трансплантацияланды, дегенмен, ежелгі қазақ құқығы мен сот өндірісі туралы тарихи естеліктер, дәстүрлер мен идеялар мүлдем жоғалған жоқ.
Қазір жергілікті жерлерде билер сотын құру идеясы дайындалуда. Біздің ойымызша, қазіргі соттарда билер сотының басты қағидасын қолдануға болады: судьяларды азаматтық істер бойынша дауласушылар тұрғылықты жеріне қарамастан өздері таңдайды. Сонда әділ сотқа адамдар бара бастайды. Бұл судьялардың көрсеткіші және рейтингісі болады, сонымен бірге, адал, парасыз қызмет етуге талпыныс болады. Мысалы, ХІХ ғасырда Абай Құнанбайұлына танымал би ретінде Семейден мыңдаған шақырым алыста тұратындардың өзі жүгінуге келген. Әділдік, шындық, судьяға сырттан қандай бір қысым жасаудың жоқтығы, судья шешімін орындау үшін мәжбүрлеу аппаратының жоқтығы, би шешімдерін орындау туралы дауласушылардың ерікті келісімі халықаралық құқықтың әрекет ету механизмін еске түсіреді.
Сонымен, бұрынғы кеңестік республикалардың, соның ішінде Қазақстан Республикасы қазіргі құқығының өзіндік түп тамыры, құрылымы, мирасқорлығы бар. Мұны ТМД қазіргі ғалымдары да, шетелдік ғалымдар да мойындайды. Ал біз қазақтың әдет ғұрыптық құқығының да, бүкіл әлем таныған қазіргі халықаралық құқықтың да өздеріне ғана тән ерекшеліктерді сақтай отырып, ортақ тұстары бар екендігіне назар аударамыз. Себебі, екі құқық жүйесінің де шығу тегі «руаралық» яғни, халықаралық болып табылады. Сонымен бірге, екеуі де егеменді субъектілердің, яғни, рулардың, тайпалардың немесе мемлекеттердің ерік білдіруі нәтижесінде пайда болады. Әдет ғұрыптық құқық пен халықаралық құқықтың қызмет етуінде басты рөлді соттар атқарады. Мысалы, БҰҰ Халықаралық Сотының шешімдері Статуттың 38 бабына сәйкес «құқықтық нормаларды анықтау үшін көмекші құрал» болып табылады және халықаралық әдет ғұрыптық құқықтың бар немесе жоқ екендігі туралы қорытынды шығаруға критерий болады. Ал ұлттық құқықта құқық нормаларының қалыптасуы мен қызмет етуінде сот прецеденттері маңызды рөл атқарады. Екі құқық жүйесінің негізі жалпы қағидаларға негізделген: тараптардың барлығын қанағаттандыратын өзара тиімді шешімдерді іздеу, сот шешімдерін орныдау еріктілігі, жариялылық және т.б.
Осы қысқа талдау қазақ халқының әдет ғұрыптық құқығының даму тарихы кез келген ұлттық құқықтық мәдениеттің маңызды мәнін куәландыратындығы туралы, қазақ халқының әлемдік өркениеттің дамуына белсенді қатысқаны туралы, әдет ғұрыптық, мемлекеттік және халықаралық құқықтың пайда болу генезисі, тәсілдері мен мақсаттары ортақ екендігі туралы, әдет ғұрыптық құқықтың кейбір институттары мен нормаларын рецепциялаудың пайдалылығы туралы қорытынды жасауға негіз болады.
3.2 Сот билігі туралы халықаралық құқық пен Қазақстан заңнамасының арақатынасы
КСРО құлағаннан кейін жаңа пайда болған нарықтық қатынастар әркімнің өз мүдделерін соттық қорғау құқығы, тәуелсіз, ең алдымен мемлекеттен тәуелсіз және объективті сот талқылауын жүзеге асыратын сот төрелігі механизмін талап етті. Осы мақсатпен барлық ТМД мен Балтық елдерінде 1980 жылдардың аяғы мен 1990 жылдардың басында соттық құқықтық реформа басталды. Посткеңестік елдердің көпшілігінде соттық құқықық реформаның негізгі бағыттары олар қабылдаған әр түрлі актілерде, заңдарда, Президент жарлықтарында, бағдарламалар мен тұжырымдамаларда бекітілген. Ресей Федерациясында 1991 жылы 24 қазандағы Жоғары Кеңестің Қаулысымен Ресей Кеңестік Социалистік Федерациясындағы сот реформасы туралы Тұжырымдама қабылданды.
1992 жылы 23 сәуірдегі Беларусь Республикасы Жоғары Сотының Қаулысымен Беларусь Республикасындағы соттық құқықтық реформаның Тұжырымдамасы қабылданды.
1995 жылы 19 маусымда Украинада «Украинада құқықтық реформаны жүзеге асыру бойынша шаралар туралы» Президент Жарлығы қабылданды.
Өзбекстанда тәуелсіздік жылдары құқықтық мемлекет құрудың маңызды бөлігі болып табылатын соттық құқықтық жүйені қалыптастырудың мүлдем жаңа тұжырымдамасы енгізілді.
Қырғызстанда 1997 жылы 6 қаңтардағы «Қырғыз Республикасында сот жүйесінің қызметін қамтамасыз ету шаралары туралы» Президент Жарлығына сәйкес соттық құқықтық реформаны жүзеге асыру басталды.
1994 жылы 12 ақпанда Қазақстан Республикасы Президентінің Қаулысымен Қазақстан Республикасындағы құқықтық реформаның Мемлекеттік бағдарламасы қабылданды.
Біздің ойымызша, халықаралық құқық талаптарына сәйкес келетін және шетелдік тәжірибе жетістіктерін ескерген соттық құқықтық реформаның басталу кезеңін тәуелсіздіктің үшінші жылында арнайы құжаттың қабылдануынан бастап есептеу дұрыс емес. Себебі, соттық реформа негіздері ертерек, еліміздің тәуелсіздігін қалыптастырған құжаттарда, біздің тәуелсіздігімізді жариялаған құжаттарда, 1993 жылғы алғашқы Конституцияда бекітіліп, 1995 жылғы Конституцияда дамытылды. Бұл құжаттар соттық құқықтық реформаны дамытудың негізгі бағыттарын ғана анықтап қойған жоқ, сонымен бірге, жаңа материалдық және іс жүргізушілік нормалардың пайда болуына, тіпті посткеңестік кеңістіктің жаңа экономикалық, әлеуметтік және саяси шындықтарына бейімделген заңдық ойлаудың жаңа типінің қалыптасуына әсер етті.
Осыған байланысты халықаралық құқық нормаларының құжаттар мен нормативтік құқықтық актілерге имплементациялануының екі деңгейін бөліп көрстеуге болады: а) құқықтық реформаның дамуының негізгі бағыттарын анықтаған және б) Қазақстан Республикасында сот билігі туралы қазіргі заңнаманы қалыптастырған:
бірінші деңгей – бұл 1990 жылы 25 қазанда КазКСР Жоғары Кеңесі қабылдаған «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы» Декларацияның ережелері;
1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Жоғары Кеңесі қабылдаған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңының нормалары;
Қазақстанның бүкіл құқықтық жүйесінің қалыптасуына әсерін тигізген халықаралық құқықтың жалпыға танымал қағидалары мен нормаларына негізделген 1993 жылғы және 1995 жылғы Конституциялар нормалары;
екінші деңгей – сот билігін реформалауға тікелей қатысты ұлттық бағдарламалар, тұжырымдамалар, мазмұны бойынша тиісті халықаралық құқық құжаттарына сай келетін екі Конституция мен тәуелсіздік туралы акті ережелерін дамыту үшін қабылданған нормативтік құқықтық актілер;
Сот төрелігін жүзеге асыруға қатысты халықаралық стандарттарды қамтыған, олардың қағидалары елдің Конституциясы мен қолданыстағы заңнамасында көрініс тапқан негізгі құжаттар жүйесіне мыналар кіреді:
Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысы (1945 жылы 26 маусымда қабылданып, 1945 жылы 24 қазанда күшіне енген);
Адам құқықтарының Жалпыға бірдей Декларациясы (1948 жылы 10 желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясының 217А (ІІІ) қарарымен қабылданған);
Азаматтық және саяси құқықтар туралы Халықаралық Пакт (1966 жылы 16 желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясының 21 сессиясында қабылданған)
Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы Халықаралық Пакт (1966 жылы 16 желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясының 21 сессиясында қабылданған)
1985 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы мақұлдаған соттардың тәуелсіздігі туралы Біріккен Ұлттар Ұйымының негізгі қағидалары;
Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысында адамның негізгі құқықтары мен бостандықтарын ешқандай бөлусіз сыйлау мен көтермелеудегі халықаралық ынтымақтастықты қамтамасыз ету мен әділдікті сақтау үшін барлық жағдайларды жасауға шешім қабылданды.
Адам құқықтарының Жалпыға бірдей Декларациясының ережелерінде заң алдындағы теңдік, кінәсіздік презумпциясы, әркімнің заңға сәйкес құрылған құзіретті, тәуелсіз, әділ сотта әділ және жариялы түрде ісі сотта қаралуға құқығы. Бұл ережелер Азаматтық және саяси құқықтар туралы Халықаралық Пактіде және Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы Халықаралық Пактіде бекітілді, оларда адам құқықтарына, соның ішінде дәлелсіз ұстау негізінде сотталмау құқығына кепілдік беріледі. Пактілерді ратификациялау туралы заң жобалары 2005 жылы 21 маусымда Парламентке келіп түсті, мемлекет басшысы оларды басымдыққа ие деп жариялады.
Сот билігінің біртектес стандарттарының қалыптасуында маңызды рөлді БҰҰ бөліктерінің бірі Экономикалық және Әлеуметтік Кеңестің қызметі атқарады. Бұл орган адамның негізгі құқықтары мен бостандықтарын сыйлау мен көтермелеу мақсатында барлығына арналған ұсыныстар беруге, өз құзіретіне кіретін мәселелер бойынша конвенция жобаларын БҰҰ Бас Ассамблеясына енгізу үшін дайындауға, Ұйымда бекітілген ережелерге сәйкес өз құзіретіне кіретін мәселелер бойынша конференциялар шақыруға өкілетті.
Мәселелерді жедел шешуді қамтамасыз ету үшін Экономикалық және Әлеуметтік Кеңестің құрылымында көмекші органдар құрылды, солардың ішінде 1950 жылы құрылған Қылмыстылықтың алдын алу және құқықбұзушылармен қатынас бойынша сарапшылар Комитеті бар. 1971 жылы ол Қылмыстылықтың алдын алу және онымен күрес бойынша Комитет деп аталды, ал 1993 жылы Қылмыстылықтың алдын алу және қылмыстық сот төрелігі бойынша Комиссия құрылды. Бұл Комиссия Экономикалық және Әлеуметтік Кеңеске қылмыстылықпен тиімді күресу мен құқықбұзушыларға неғұрлым ізгі көзқарасқа бағытталған ұсыныстар мен кеңестер ұсынады. Бас Ассамблея бұл органға бес жылда бір рет Қылмыстылықтың алдын алу және құқықбұзушылармен қатынас бойынша БҰҰ Конгресін өткізуді тапсырды. Бұдан басқа бұл Комиссия қылмыстылықтың алдын алу және қылмыстық әділсот бойынша БҰҰ бағдарламаларын іске асырылуын бақылайды, аймақтық институттардың шараларын үйлестіруге көмектеседі.
БҰҰ Конгрестері қылмыстылықтың алдын алу және қылмыстық әділсот бойынша халықаралық ережелер, стандарттар дайындауда маңызды рөл атқарады.
1985 жылы 26 тамыз бен 6 қыркүйегі аралығында Миланда өткен қылмыстылықтың алдын алу және құқықбұзушылармен қатынас бойынша БҰҰ Жетінші Конгресі «Сот органдарының тәуелсіздігіне қатысты негізгі қағидаларды» (ары қарай Негізгі қағидалар – А.Е.) қабылдады. Және әр елдің саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени жағдайы мен дәстүрін ескере отырып, ұлттық, аймақтық, аймақаралық деңгейде шараларды қабылдап, жүзеге асыру үшін оларды қолдануға кеңес берді.
Негізгі қағидаларда, соның ішінде «Сот органдарының тәуелсіздігі» атты тарауда сот органдарының тәуелсіздігіне мемлекет кепілдік беретіні және ол ел конституциясында немесе заңдарында бекітілетіндігі айтылған. Барлық мемлекеттік және басқа да мекемелер сот органдарының тәуелсіздігін сыйлауы қажет. Сот органдары өздеріне берілген істерді әділ, фактілер мен заңдар негізінде, ешқандай шектеусіз, заңсыз әсерсіз, мәжбүрлеусіз, күш көрсетусіз, тікелей немесе жанама және себепсіз араласусыз шешеді.
Негізгі қағидалар сот төрелігін асыру процесіне заңсыз, санкцияланбаған араласуға, соттар шығарған шешімдерді заңсыз қайта қарауға тыйым салады. Бірақ бұл қағида заңға сәйкес сот шешімдерін қайта қарауға, сот органдары шығарған үкімдерді жеңілдетуге кедергі келтірмеуі тиіс.
Негізгі қағидалар биліктің қалған тармақтарынан сот органдарының өздерінің функцияларын тиісті жүзеге асыруына жағдай жасайтын қажетті құралдарды беруді талап етеді.
Судьяларға өз мүдделерін қорғау үшін, кәсіби дайындығын арттыру үшін және соттық тәуелсіздікті сақтау үшін соттар ассоциациясын немесе басқа да ұйымдар құруға, оларға мүше болуға құқық берілді.
Негізгі қағидалардың мына ережесі маңызды сияқты: «Сот органдары сот сипатындағы барлық сұрақтар бойынша құзіретке ие және өздеріне берілген істің өз құзіретіне жататындығын шешудің айрықша құқығына ие». Бұл барлық деңгейдегі соттардың құзіретіне лауазымдарына қарамастан осы мемлекеттің барлық азаматтарына қатысты істерді, шетелдік жеке және заңды тұлғалар қатысқан істерді енгізу мүмкіндігін, сондай –ақ, республика таныған халықаралық шарттар мен халықаралық құқықтың жалпыға танымал нормаларын және қағидаларын қолдану мүмкіндігін қарастырады.
Бұған қатысты Қ.Х.Халиков өте дұрыс жазған: «соттар өздеріне берілген бөлікте (аудан, қала, облыс) өз құзіретінің шегінде биліктің тікелей өкілі болып табылады. Бұл маңызды ережені бүкіл қазақстандық сот өндірісінің теориялық негізі ретінде мойындау және іс жүзінде жүзеге асыру өте қажет. Соттардың мемлекеттік билік органдары жүйесіндегі орны олардың барлық басқа билік органдарынан тәуелсіздігімен және тек қана заңға бағынатындығымен анықталады. Осы конституциялық ереженің өзі ғана сот жүйесінің кез келген деңгейіндегі, сот билігін жүзеге асыратын сотты биліктің жоғары органының тікелей өкілі ретінде тануға жеткілікті»/27/.