Автор работы: Пользователь скрыл имя, 18 Марта 2012 в 13:49, автореферат
Екiншi өзгерiстермен толықтырылған монография әлемдік қауымдастықта жаңа саяси-құқықтық шындықтың туындауымен тығыз байланысты, сонымен қатар ұлттық заңнаманың шұғыл дамуымен, халықаралық құқықпен ұлттық құқық аспектілерінің, кеңеюімен байланысты шығарылып отыр. Кiтапта халықаралық және ұлттық құқық арақатынасы нысаны талданған, халықаралық шарттарды конституциялық қамтамасыз ету, халықаралық құқық нормаларының сот-құқықтық реформасына тигізіп отырған ықпалы, халықаралық құқықтық нормалар және қағидаларының ұлттық құқық сәйкестiгiнiң жетiлдiруіне бағытталған ұсыныстар енгiзiлген.
Негізгі қағидалар мүше мемлекеттерге сот органдарының тәуелсіздігін қамтамасыз ету мен нығайтуға қатысты міндеттерді шешуге көмектесу үшін қабылданды. Қағидалар негізінен кәсіби судьялар үшін қабылданған, бірақ қажет болған жағдайларда кәсіби емес судьяларға да, біздің жағдайымызда билер мен алқа билерге де тең қолданылады.
Негізгі қағидалар сот лауазымына алынған тұлғалардан ең алдымен «жоғары моральдық қасиеттер мен қабілеттер және де құқық саласында тиісті дайындық пен біліктілікке ие болуды» талап етеді. Соттардың лауазымы бойынша өрлеуі де объективтік факторлар, соның ішінде қабілеті, моральдық қасиеті және тәжірибесі негізінде жүзеге асырылуы тиіс.
Судьялыққа үміткерлердің моральдық қасиеттері туралы Қазақстан Республикасы судьяларының ІV съезінде (Астана қаласы, 2005 жыл 3 маусым. ) Мемлекет басшысы да айтқан: «...соттардың өнегелілік және этикалық бейнесіне талапты күшейту қажет. Сот болып қызмет атқару шенеуік, әсіресе заңгер карьерасының жоғары шегі, сондықтан біздің мемлекетімізде соттардың мәртебесінің осындай қағидасын бекітуіміз қажет»/28/.
Қылмыстылықтың алдын алу және құқықбұзушылармен қатынас бойынша БҰҰ Жетінші Конгресі осы қағидалар туралы түсінік пен ұлттық соттардағы істердің фактілі жағдайының арасында сәйкеспеушіліктер жиі болатынын айтты. Сондықтан халықаралық қауымдастық Негізгі қағидаларды бекіткен соң да бірнеше рет сот билігі саласында басқа құжаттарды дайындап, талқылауға жүгінді. Соның ішінде, 1989 жылы 24 мамырда Экономикалық және Әлеуметтік Кеңестің 1989/60 қарарымен «Сот органдары тәуелсіздігінің негізгі қағидаларын жүзеге асырудың процедурасы» қабылданды. Бұған сәйкес барлық мүше мемлекеттер өздерінің сот жүйелерінде конституциялық процесі мен мемлекетішілік тәжірибеге сәйкес сот органдары тәуелсіздігінің негізгі қағидаларын қабылдап, жүзеге асырады. Негізгі қағидалар барлық соттарға, тиісті жағдайларда кәсіби заңгер емес соттарға қатысты да қолданылады.
Экономикалық және Әлеуметтік Кеңестің 1989/60 қарарының V бөліміне сәйкес мүше мемлекеттер 1988 жылдан бастап, әр бес жыл сайын Бас Хатшыға Негізгі қағидаларды жүзеге асыру барысы туралы ақпарат береді. Соның ішінде, қағидалардың таратылуы, ұлттық заңнамаға енгізілуі, ұлттық деңгейде оларды жүзеге асыру кезінде туындаған проблемалар мен қиындықтар, халықаралық қауымдастық тарапынан қажет көмектер туралы ақпарат берілуі тиіс.
Қылмыстылықтың алдын алу және онымен күрес бойынша Комитет Бас Ассамблеяға және Экономикалық және Әлеуметтік Кеңеске негізгі қағидаларды жүзеге асырудың осы процедурасын орындаумен байланысты қызметті жүргізуге, соның ішінде мерзімді баяндамаларды ұсынуға көмектеседі. Осы мақсатпен Комитет Негізгі қағидаларды жүзеге асырумен байланысты қиындықтар мен кемшіліктерді, олардың себептерін анықтайды. Қажет болған жағдайларда Комитет Ассамблеяға және Кеңеске және адам құқықтары мәселесімен айналысатын БҰҰ кез келген тиісті органына Негізгі қағидаларды тиімді жүзеге асыру үшін қажет кейінгі шараларға қатысты ұсыныстар бере алады.
Біздің жас егеменді мемлекетіміз егеменділікті бекіткен алғашқы құжаттарда-ақ өзінің халықаралық құқықтың жалпыға танымал қағидаларын ұстанатындығын жариялады. 1993 жылғы Конституцияның «Конституциялық құрылым негіздері» атты І бөлімінде Қазақстан Республикасында мемлекеттік билік заң шығарушы, атқарушы және сот билігіне бөлу қағидасы жарияланды. Қазақстан Республикасында ең жоғары құндылық болып адам, оның өмірі, бостандығы және ажырымас құқықтары танылатындығы және республика өз қызметін азамат пен қоғамның мүддесі үшін атқаратындығы айтылды.
Бірақ 1993 жылғы Қазақстан Республикасының Конституциясы сот билігі туралы халықаралық құқықтың барлық дерлік ережелерін қамтығанымен, іс жүзінде сот реформасы тым ақырын жүріп жатты және қоғамның қажеттіліктерін қанағаттандырмады. Бұл сол кездегі экономикалық қиындықтармен байланысты болды, себебі кез келген жаңа мемлекеттік құрылыс, соның ішінде сот билігіндегі құрылыс көп мөлшерде қаржылық шығындарды қажет етеді. Енді бір себеп, сол кездегі Қазақстандағы сот билігі біртұтас болған жоқ, ол Конституциялық Сотқа, Жоғары Сотқа, Жоғары арбитраждық сотқа және төменгі соттарға тиесілі болды. Ал Қазақстанның саяси, экономикалық және құқықтық қалыптасуының күрделілігі барлық күшті мемлекет дамуының басым бағыттарына, соның ішінде сот төрелігіне аударуды талап етті. Сондықтан бұл Конституция өтпелі Негізгі Заң рөлін атқарды және бұл оның жағымды тарихи мәнін мүлдем жоғалтпайды.
1994 жылы 12 ақпандағы Қазақстан Республикасындағы құқықтық реформаның Мемлекеттік бағдарламасы негізінен сол кезде қолданыста болған 1993 жылғы Конституция мен халықаралық құқық нормаларына негізделді. Осы құжаттарға сәйкес Бағдарламада адам құқықтары мен бостандықтарының басымдығы, демократиялық қоғам мен құқықтық мемлекет құру шешімі жарияланды және «заңдық жүйені идеологиялық және саяси ұрандарды жамылған кеңестік тоталитаризмнен қалған ақаулардан, социалистік құқықтың, соттың және құқық қорғау органдарының репрессивтік сипатынан тазалауды» міндеті қойылды.
Жаңа іс жүргізушілік заңнама адам құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың тиісті халықаралық актілерін ескере отырып, құқық қорғау органдарының назарын іс жүргізудің жарыспалылығы, ар ождан мен намысты сыйлау, кінәсіздік презумпциясы, сот төрелігінің кез келген сатысында кәсіби заңи көмек пен қорғануға құқық қағидаларын қамтамасыз етуге аударуы, сонымен қатар сот төрелігін іс жүргізудің шектен тыс формальдылығынан айырып, тиімділігін арттыруы тиіс болды.
Сонымен бірге, сот төрелігін айыптау функцияларының элементтерінен айыру, сот қаулыларының заңдылығы мен негізділігін тексерудің апелляциялық тәртібін енгізу міндеттері шешілді. Сот жүйесінің тиімділігін арттыру және соттардың тәуелсіздігін, кәсіпқойлығын, мамандандырылуын толық қамтамасыз ету мақсатында соттар ұйымдасып нығайтылды және оларды жалпы және арбитраждық және тағы басқаларға бөлуден бас тартылды.
Нәтижесінде 1994 жылдан бастап сот реформасы барысында елде кәсіби сот төрелігінің біртұтас құрылымы құрылды, ол Жоғары Сот пен жергілікті соттарды қамтыды. Судьялардың ауыстырылмайтындығы қағидасы бекітілді және соттар корпусының материалдық жағдайы жақсара бастады. Д-р Рольф Книпер айтқандай, Қазақстанда 2001 жылы 1 қаңтардағы редакциямен «Соттар мен судьялардың құқықтық мәртебесі туралы» Заңының жасалуымен соттық құқықтық реформа бір нәтижеге жетті. Яғни, біртұтас сот өндірісі құрылды және ескі мемлекеттік арбитраждық соттар жойылды, сот жүйесінің аясында палаталар бойынша мамандандырылуы қалыптасты. Бұл жеткілікті мөлшерде прогрессивті реформа, тіпті бұдан Ресей Федерация мен Германия да үлгі алуына болады /29/.
Құқықтық реформа аясында қылмыстық заңнаманы ізгілендіру жүрді. Осы мақсаттар үшін 2002 жылы 21 желтоқсанда қылмыстық, қылмыстық іс жүргізу және қылмыстық атқару кодекстеріне өзгертулер мен толықтырулар туралы Заң қабылданды. Заң кейбір пайдақорлық қылмыстарды орташа дәрежедегі қылмыстар санатына көшірді және бұл соттарға бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазаларды кең қолдануға мүмкіндік берді. Жеңіл дәрежедегі қылмыстардың барлығына және орташа дәрежедегі қылмыстардың көпшілігіне бас бостандығын шектеу жазасын тағайындау мүмкіндігі берілді. Қылмыстық қудалауды тоқтату негіздерін кеңейтіп, оған айыпталушының жәбірленушімен татуласуына байланысты сияқты негіздерді қосты. Бір сөзбен, соттық реформаны жүзеге асыру бөлігінде көптеген шаралар іске асырылды және көптеген халықаралық ұйымдар мен тәуелсіз сарапшылар тарапынан оң бағаланды /30/. Қылмыстық ізгілендіру саясатына ұстанып, соттар да жаза ретінде бас бостандығынан айыруды аз қолдана бастады. Бас бостандығынан айырылғандардың үлесі 2000 жылғы 51 пайыздан өткен жылы 45 пайызға төмендеді ( 2000 ж.- 50,8%, 2001 ж.- 47,2%, 2004 ж. – 45,4%). Соған қарамастан бұл жаза түрін ауыр және аса ауыр қылмыстарды жасағандарға қолдану тәжірибесі күшейтілді. Бүгінгі күні мұндай қымыс жасағандардың үштен екісі бас бостандығынан айыруға сотталады (2000ж. – 64,9%, 2001 ж. – 59,2%, 2004 ж. – 73,1%). Ақтау үкімі шығарылғандар саны екі есеге артты (2000 ж. - 201, 2001 ж. - 199 адам, 2004 ж. - 348 адам), бұл соттың азаматтардың құқықтарын нақты қорғаудың институты ретінде бекітілгенін куәландырады. Жылына соттар орташа есеппен екі жүзден астам адамды ақтайды /31/. Заңнаманы ізгілендірумен қатар, ауыр және аса ауыр қылмыс жасағандарға қатаң жаза қолдану, ал алғашқы рет жеңіл және орташа ауырлықтағы қылмыс жасағандар тұлғаларға ізгілік танытудың дифференцияланған жолдары қарастырылуда. Соның нәтижесінде бас бостандығынан айыруға сотталғандар үлесі 2000 жылы 34 мың болса, 2004 жылы 19 мыңға төмендеді деді Қ.А.Мәми. Түрме зерттеулеріХалықаралық Орталығының мәліметтері бойынша 100 мың адамға шаққанда түрмеде отырғандар саны бойынша 2000 жылы біздің республикамыз әлемде төртінші орыннан он екінші орынға жылжыды/32/. Мұны әлемдік қауымдастық қолдауда.
Сот билігі саласындағы ұлттық заңнаманың қалыптасуына еуропа құқығы да әсер етеді. Посткеңестік республикалар ішінен үш прибалтика, үш кавказ республикалары, Молдова, Ресей және Украина Адам құқықтары мен негізгі бостандықтарын қорғау туралы Еуропа Конвенциясының қатысушысы болып табылады. Олар Конвенция ережелеріне сәйкес Адам құқықтары бойынша Еуропалық Соттың арыздарды қарайтын юрисдикциясын мойындады.
Қазақстан жоғары да аталған мемлекеттер сияқты Еуропалық Одаққа да, Еуропа Кеңесіне де кірмейтініне қарамастан, 1992 жылдан ЕҚЫҰ (құрлықтық Еуропаның, Кавказ, Орта Азия мен Солтүстік Американың 50-ден астам мемлекетін біріктіретін) мүшесі және оның осы беделді ұйымға төраға болуы туралы келіссөздер жүріліп жатыр. Еуропа елдерінің лидерлері бұл мәселені оң шешудегі талап ретінде ең алдымен адам құқықтары саласындағы ұлттық заңнаманы еуропа елдері мойындаған стандарттарға сәйкестендіруді қоюда.
Осы жерден қазақстандық заңнамаға Адам құқықтары мен негізгі бостандықтарын қорғау туралы Еуропа Конвенциясы (Рим, 1950 жыл 4 қараша) сияқты құжаттардың нормаларын ескеру талабы қойылады (ары қарай -АҚЕК-А.Е.).
АҚЕК қатысушылары өз юрисдикциясына жататын кез келген адамға құқықтары мен бостандықтарын, өмір сүруге құқығын, қинауға тыйым салуды, құлдыққа және мәжбүрлі еңбекке тыйым салуды, бостандық пен жеке басының тиіспеушілігіне, әділ сот талқылауына құқықты, тек заң негізінде жазалауды және т.б. қамтамасыз етуге келісті. «Әділ сот талқылауына құқық» деген 6 бапта мынадай маңызды норма берілген: «кез келген адам заң негізінде құрылған, тәуелсіз және әділ сотта ақылға қонымды мерзім ішінде әділ және жариялы сот талқылауына құқылы».
Адам құқықтары мен негізгі бостандықтарын қорғау жөніндегі Еуропа Конвенциясында «қылмыстық істі жасады деп күдік келтірілген әр адам заң тәртібімен оның кінәлілігі дәлелденбегенше, кінәлі болып саналмайды» делінген негізгі ереже бекітілді. Сонымен қоса, осы Конвенция қылмыстық іс жасады деп жауапқа тартылған әр адамның құқықтарын нақтылады: өзіне түсінікті тілде өзінің не үшін айыпталғандығын білуге; өзін қорғалуға дайындалу үшін жеткілікті уақыт пен мүмкіншілікке ие болуға; өзін өзі қорғауға немесе адвокат көмегіне жүгінуге; адвокат жалдауға мүмкіндігі, қаржысы болмаса, сот төрелігі талап еткен жағдайда тегін қорғаушы көмегін алуға; өзіне қарсы айғақ беріп жатқан куәлардан жауап алуға немесе осы куәлардан жауап алынуына құқылы, осылармен бірдей жағдайда мұның пайдасына куәлік беретін куәларды шақыру және олардан жауап алуға құқылы; егер ол сот ісі жүргізіліп жатқан тілді білмесе немесе осы тілде сөйлемесе, аудармашының тегін көмегіне құқылы.
1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда қабылданған 1995 жылғы Қазақстан Республикасы Конституцияның VII тараудың 75 бабында халықаралық құқықтың жалпыға танымал нормасын бекітіліп, «Қазақстан Республикасында сот төрелігін тек қана соттар атқарады» жазылды. 1993 жылғы Конституцияға қарағанда біртұтас сот жүйесі қарастырылған: Республика соттары болып заңға сәйкес құрылған Республиканың Жоғары Соты мен жергілікті соттары табылады. Басқа ешқандай, соның ішінде арнайы және төтенше соттар құруға жол берілмейді.
1995 жылы 20 желтоқсанда қабылданған Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасының соттары және судьялардың мәртебесі туралы» Конституциялық заң күші бар Жарлығының 4 бабы бойынша Республика сот жүйесінің бiрлiгi:
1) сот төрелiгiнің конституциялық принциптерiмен;
2) сот билiгiн барлық соттар үшiн сот iсiн жүргiзудiң заңдарда белгiленген бiрыңғай нысандары арқылы жүзеге асырумен;
3) соттардың қолданыстағы құқықты қолдануымен;
4) заңдарда судьялардың бiрыңғай мәртебесiн баянды етумен;
5) заңды күшiне енген сот актiлерiн Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында орындаудың мiндеттiлiгiмен;
6) барлық соттарды тек қана Республикалық бюджет есебiнен қаржыландырумен қамтамасыз етiледi.
Жаңалық болған және кейін 1997-жылы конституциялық бекітілген ереже «заңда көзделген жағдайларда» алқа билерінің қатысуымен қылмыстық сот өндірісін жүргізу болды.
Конституция сот билігінің басқа билік тармақтарынан тәуелсіздігіне жетудің басты шартын бекітті, яғни, 80-бап бойынша соттарды қаржыландыру, судьяларды тұрғын үймен қамтамасыз ету республикалық бюджет қаражаты есебiнен жүргiзiледi. Конституцияның бұл ережесі «Қазақстан Республикасының сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы» Конституциялық заңда одан ары дамытылып, нақтыланды.
«Судьялардың мәртебесі туралы» Заң туралы Еуропалық Хартияны Еуропалық Кеңес 1998 жылы 10 шілдеде Лиссабонда (Португалия) қабылдаған (ары қарай «Судьялардың мәртебесі туралы» Хартия – А.Е.), мәтінде берілген ережеге сәйкес «барлық еуропалық мемлекеттерге арналған ресми құжат» болып табылады. Бұл құжат демократиялық мемлекеттерде құқықтың үстемдігін және тұлғаның еркіндігін қорғау үшін қажетті соттардың тәуелсіздігінің дамуына ықпал жасауға арналған, сонымен бірге негізгі міндеті – тек еуропа мемлекеттеріне ұсыныс беруші заңнамалық акт ретінде емес, басқа да өздерінің сот билігі туралы заңнамасын еуропалық заңнамамен үйлестіру қажет деп шешкен мемлекеттер үшін де кеңес береді. Сондықтан, бұл құжат Қазақстан үшін маңызды.
Кез келген соттарды таңдауға, қызметке тағайындауға, қызметтегі көтерілуге немесе сот лауазымында болудың аяқталуына байланысты шешімдерге қатысты Заң атқарушысы және заң шығару билігіне тәуелсіз органның араласуын қарастырады, ол органның отырыстарына қатысушылардың жартысынан көп бөлігі соттың өте кең өкілдігін кепілдейтін дәл осындай жолмен таңдалынған соттар болып табылады.