Автор работы: Пользователь скрыл имя, 18 Марта 2012 в 13:49, автореферат
Екiншi өзгерiстермен толықтырылған монография әлемдік қауымдастықта жаңа саяси-құқықтық шындықтың туындауымен тығыз байланысты, сонымен қатар ұлттық заңнаманың шұғыл дамуымен, халықаралық құқықпен ұлттық құқық аспектілерінің, кеңеюімен байланысты шығарылып отыр. Кiтапта халықаралық және ұлттық құқық арақатынасы нысаны талданған, халықаралық шарттарды конституциялық қамтамасыз ету, халықаралық құқық нормаларының сот-құқықтық реформасына тигізіп отырған ықпалы, халықаралық құқықтық нормалар және қағидаларының ұлттық құқық сәйкестiгiнiң жетiлдiруіне бағытталған ұсыныстар енгiзiлген.
Мемлекет басшысы 1996-2005 жылдар аралығында 147 заң жобасын тез басымдыққа ие деп жариялады. Оның ішінде «Қазақстан Республикасы сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң, «Алқабилер туралы» заң бар. Бұл республиканың сот жүйесін іс жүзінде мемлекет басшысы қалыптастырғанын көрсетеді. Оған қоса Президент «құқық реформасы бізде артта қалған» деп бірнеше рет ескертті және «соттық құқықтық процедуралардың мөлдірлігін, сот төрелігін жүзеге асырудағы әділдікті қамтамасыз ету мен судьялардың қоғам алдындағы жауапкершілігін қамтамасыз етуді... » шешу міндеттерін қойды.
Президент қойған міндеттерді ары қарай дамыта отырып, Жоғары Сот төрағасы Қ.А.Мәми сот жүйесі дамуының басым бағыттарына сот өндірісін жеңілдету; сот шешімдерінің объективтілігін, тұрақтылығын, орындалуын қамтамасыз етуді; азаматтардың құқықтарын қорғауға кепілдікті күшейтуді; әділ сот төрелігіне кепілдік ретінде судьялардың тәуелсіздігін қамтамасыз етуді; судьялардың біліктілігін көтеруді; сот процесінде адвокат рөлінің күшейтуді; алқабилер сотын енгізудің заңнамалық базасын қабылдауды; сот процедуралардың ашықтығы мен мөлдірлігін қамтамасыз етуді жатқызды.
Мұның барлығы ұлттық заңнаманы халықаралық қағидалар мен стандарттарына ары қарай сәйкес келтіруге жасалған нақты қадам болып табылады. Бұл азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың кепілі ретінде сот билігін нығайтуды талап етеді. Құзіретті, тәуелсіз, объективті сотты қалыптастыру бүкіл қоғамның стратегиялық міндеті болып табылады. Реформа азаматтардың сөзсіз соттық қорғалуын қарастыратын мемлекеттің құқық қорғаушылық механизмінің күшеюіне; соттық бақылаудың кеңеюіне; қамауға алу санкцияны соттың беруі туралы конституциялық ережені іске асыруға және алқабилердің қатысуымен қылмыстық істі қарау мүмкіндігіне әкелуіне тиіс /31/.
Соңғы жылдары сот төрелігін іске асыру сапасы мен жеделдігі жақсарды. Бұған Қазақстан Республикасы Жоғары Сотының төрағасы Қ.А.Мәмидің аудандық соттарда іс қараудың мамандандырылуын енгізу, мамандандырылған экономикалық және әкімшілік соттарды құру туралы ұсынысы көмектесті. Бұл аудандық соттардың судьялардың қызметі жеңілдеді және оларға өз біліктілігін көтеруге мүмкіндік туды. Бір әкімшілік аумақтық бөлініс шегінде тек қана азаматтық немесе қылмыстық істерді қарайтын соттарға бөлу қағидасына сай аудандық соттарды мамандандырылу басталды. Болашақта ювеналдық соттарды құру жоспарлануда. «Қазақстандағы ювеналдық әділет» жобасы Алматы облысының Қарасай ауданында және Алматы қаласында Әуезов аудандарында табысты сыналды.
Алматы қаласының Бостандық аудандық сотында Алматы қалалық сотының төрағасы М.Т.Әлімбековтің бастамасымен көмекші лауазымы ашылды. Ол істі сотқа дейін дайындаумен айналысады және сотта істің талқылануы басталғанға дейін судья екі тараппен кездеспейді. Судья сот талқылауына дейін тараптармен кездесуден босатылған және бұл .
Сот кадрларымен жұмысқа мемлекет назары мен ерекше қамқоры бола бермек. Соңғы төрт жылда сот корпусының саны үш еседен аса көбейді. Қазіргі таңда еліміз соттары корпусының жартысын екі жылдан кем жұмыс стажы бар жас судьялар құрайды (2003-2004 жылдары жергілікті соттарға 608 судья қайта тағайындалды). Республикада судьялардың біліктілігін көтеруді қамтамасыз ететін және осы жоғары және жауапты қызметке үміткерлерді оқытатын Сот академиясы (магистратурасы бар) құрылды. Тек 2004 жылы осында жергілікті соттардың 394 судьясы, сот әкімшілігі Комитеті мен оның аумақтық бөлімшелерінің 144 қызметкері қайта дайындықтан және оқудан өтті.
Қазақстанның практикадағы заңгерлері өздерінің біліктілігін көтеруді міндет етіп және ол үшін мүмкіндікке ие болу керек. Бұндай біліктілікті көтеру бойынша құқықтар мен міндеттер әлемде бар. Құқық қоғамдық қатынастарға сай өзгеріп отыратын болғандықтан бұл қажет. Қазақстанда бұл қажеттілік ушығып кеткен. Себебі қысқа уақыт ішінде көптеген іргелі өзгерістер болды және көп мөлшерде жаңа заңдар қабылданды. Әр түрлі өзгерістерді мойындаудың қиынға соғатынын 1990 жылдары Германияның 20% судьясының өз қызметтерін тастап кеткендерінен көруге болады. Себебі Германияда бір ғана жаңа заң қабылданды, ал судьялар осы азаматтық заңды қайтадан оқудан бас тартты.
Қазақстандағы сот реформасының даулы сұрақтарының бірі – тұтқынға алуға соттың санкция беруі. Және бұл Қазақстан Республикасының Конституциясының 16-бабының 2-тармағында: «заңда көзделген реттерде ғана және тек қана соттың санкциясымен тұтқындауға және қамауда ұстауға болады, тұтқындалған адамға шағымдану құқығы берiледi. Соттың санкциясынсыз адамды жетпiс екi сағаттан аспайтын мерзiмге ұстауға болады» делінгеніне қарамастан болып отыр.
К.Х.Халиков, тұтқынға алу және қамауға алуға соттың санкциясы мәселелерін талқылай отырып, бұл мәселе әлемнің 110 мемлекетінде соттардың айрықша құзіретінде екенін, тек 17 мемлекетте ғана прокуратура тұтқынға алуға санкция беретінін айтады. Егер Ресей, Әзірбайжан, Украина, Литва, Эстония, Грузия сияқты Достастық мемлекеттерінде бұл сұрақ бойынша мәселелерді шешу жолдары сот құзіретіне жатса, тек Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Белорусь, Қазақстан секілді мемлекеттерде тұтқынға алу туралы санкцияны прокурор береді. Ал Қазақстанда бұған соттың құқығы да болу керек. Әрі қарай ғалым тұтқынға алу – латынның «arrestum» сөзінен cот қаулысы деген мағынаны білдіреді,- деп пайымдайды. Сондықтан тұтқынға алу – соттың ерекше құқықтары /39/.
Біз Х.К.Халиковтың болашақта тұтқынға алу мен қамауға алу санкциясы негізінен сот жүзеге асырады деген ойын қолдаймыз. Бірақ заңда көзделген негіздерде оны прокурор жүзеге асырады.
Сот төрелігін тиімді жүзеге асырылуына сот актілерін орындаумен байланысты сұрақтар маңызды әсерін тигізеді. Олардың орындалмауының негізі себебі қарыздар адамда ақшаның, мүлігінің болмауымен ғана байланысты емес, сонымен қатар бұл жұмыстың жоғары деңгейде ұйымдастырылмауында да болып отыр. Әрбір үшінші сот актілері орындалмайды. Сол себепті, әсіресе кәсіпкерлік қызмет саласындағы даулар бойынша негізді шағымдар көп кездеседі. Сондықтан Қазақстан Республикасы судьяларының 4 съезінде Н.Ә.Назарбаев сот орындаушыларының жеке институтын құру туралы идеяны ұсынды. Мұндай институт қазіргі таңда кейбір шет елдерде бар.
Қазақстанның сот реформасын ары қарай дамыту, құқық жүйесін жетілдіру мәселелерін шешу сұрақтары ғалымдар мен практиктердің тығыз ынтымақтастығына негізделу керек. Мұндай әріптестік заң жобаларының жоғары сапасын қамтамасыз ете алады.
Б.Ж.Әбдірайымов қабылданған заңдардың жүзеге асырылуы мен сапасының жақсаруына негізгі жол Жоғарғы Соттың Парламентпен бірлесіп арнайы механизм құруы деп санайды. Бұл бір жағынан процеске судьялардың белсенді қатысуларына мүмкіндік береді, екінші жағынан, депутаттар судьялардың бай сот тәжірибесі мен кәсіби дайындығын пайдалана алады. Ұсынылып отырған механизм құрамына Парламент депутаттары, Жоғары Сот, Үкімет және Президент әкімшілігінің өкілдері кіретін бірлескен консультативтік-кеңес беруші орган үлгісінде болмақ. Бұл орган консультативтік-кеңес беруші функцияны атқарады, оның кварталда бір реттен кем емес өтетін отырыстарында кәсіби білім иегерлері өздерінің тәжірибелерімен алмасады, талқылау жүргізеді және судьялардың заңдарды қолдануда кездесетін қиындықтарын зерттейді. Ал егер заң нормаларында кемшіліктер мен қарама қайшылықтар болса, кеңес мүшесі депутаттар Парламентке заң шығару бастамасымен өз ұсыныстарын енгізе алады. Осылай, өкінішке орай заң шығару бастамасы жоқтығынан заң шығару процесінен шығарып тасталған судьялар корпусының зияткерлік әлеуетін біріктіретін, заң базасын жетілдіруге, заң шығару бастамасы үшін ұсыныстарды қалыптастыру мен зерттеуге көмектесетін жедел орган құрылады /40/.
2005 жылы маусымда Қазақстан Республикасы Парламентіне Адам құқықтары туралы Пактілерді ратификациялау туралы заң жобалары енгізілді. Қазақстан Республикасының ұлттық заңнамасы осы құжаттарға сай келтіріліп қойған. Бірақ Азаматтық және саяси құқықтар туралы Халықаралық Пактіге факультативті Хаттамаға (1966 жылы 16-желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясы 2200А(XX1) қарарымен қосылу және ратификациялау үшін қабылданып, қол қоюға ашылған), Азаматтық және саяси құқықтар туралы Халықаралық Пактіге өлім жазасын жоюға бағытталған факультативті Хаттамаға (1989 жылы 15-желтоқсанда 82 пленарлық отырыста қабылданған) қосылуға әлі бастама болмады.
Қазақстанда өлім жазасын алып тастау мәселесі толығымен шешілуге келе жатса, Бірінші факультативтік Хаттаманы ратификациялау ісі күрделі болып тұр. Бұл құжат Пакіге қатысқан мемлекеттердің азаматтары құқықтық қорғаныстың ішкі құралдарын бітіргеннен кейін Пактіде бекітілген құқықтарын осы мемлекеттің заңсыз бұзуына шағым беру құқығын қарастырады. Бірінші факультативті Хаттаманы ратификациялау күн тәртібінде тұрған жоқ, мұны біздің еліміз құқықтық дауларды саяси мақсаттарға қолдануға мүмкіндік бермес үшін жасап отырған сияқты.
Адамзат алдында жеке тұлғалар мен жеке мемлекеттерге қатысты нақты шешімдер қабылдауға өкілетті бақылау органдарының шағымдарын қарайтын БҰҰ халықаралық сотын құру міндеті тұр /41, 134б./. Страсбург сотында «Сливенко Латвияға қарсы» деген істі қарауы халықаралық сотқа жүгінудің тиімділігін көрсетті. Бұл сотта сонымен қатар Латвияға қарсы Викуловтар отбасының шағымы, Ресей азаматы А. Михеевтің милициялардың азаптағаны үшін шағымы қаралып жатыр.
Халықаралық ұйымдардың қатысуымен болған саясаттандырылған құқықтық қақтығыстар Қазақстанның жаңа тарихында да болды. Мысалы, 2002 жылы 2- сәуірде Қазақстандағы ЕҚЫҰ орталығы Ғ.Жақияновтың Алматыдағы Франция елшілігінде болуымен, М.Әбілязовтың тұтқындалуына байланысты Қазақстан қоғамындағы алаңдаушылыққа өз өкінішін білдірген пресс-релизін жариялады. Бұған Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі тез арада өздерінің жауаптарын ұсынды. Оның пресс-релизінде былай жазылған болатын: «Қазақстан ЕҚЫҰ мүшесі ретінде тұрақты жағдай мен берік бейбітшілікті, қауіпсіздікті, әділдікті және ынтымақтастықты қалыптастыруда адамның негізгі құқықтары мен бостандықтарын толық сыйлау, плюралистік демократия мен заңның үстемдігіне негізделген қоғамды дамыту қажетті шарт екеніне сенімді». Осыған байланысты республика өзінің ЕҚЫҰ Қорытынды актісі мен басқа да адам өлшемдері саласындағы құжаттардан туындайтын міндеттемелерін толық орындайтындығын нақтылады. Және М.Әбілязовтың ұсталуы мен Ғ.Жақияновқа қатысты қылмыстық істің қозғалуында «ешқандай саяси астар жоқ және 1999 жылы Қазақстанның құқық қорғау органдары заңсыз және сыбайлас жемқорлық әрекеттерімен мемлекетке едәуір шығындар әкелген бұрынғы шенеуіктерге қатысты тергеу жүргізуімен байланысты, бұл олардың әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылатындығын көрсетеді».
Бұл шаралар Қазақстан Республикасы Конституциясының 14-бабына (барлығы заң мен сот алдында тең) сай келеді және ЕҚЫК адам өлшемдері конференциясының Копенгагендік Жиналыс Құжатының (1990 жылы 5-29 маусым) мазмұнына қайшы емес. Бұл құжаттың 24-бабында былай делінген: «...қатысушы мемлекеттер адам құқықтары мен негізгі бостандықтарын жүзеге асыру... заңмен көзделген немесе халықаралық құқықтық міндеттемелерден туындамаған жағдайларда шектеу объектісі болмауын қамтамасыз етуі тиіс... Демократиялық қоғамдағы кез келген құқық пен бостандықтың шектелуі заңның қолдану мақсатымен байланысты болуы және осы заңның шегінен қатал түрдле шықпауы тиіс...»/42/.
Бұл жерде айта кететін бір жәйт, заң алдындағы теңдік теріс пиғылды шенеуніктерге өз қылмыстарын жасырып, оны саясаттандыруға құқық бермейді.
Осылай, Қазақстанның ұлттық заңнамасы халықаралық құқықтың барлық талаптарына сай келеді. Бірақ адам құқықтары туралы пактілерді ратификациялауға байланысты ұлттық заңнаманы осы халықаралық құқықтық құжаттарға сәйкестендіру жұмыстары тағы жүргізіледі.
3.3. Халықаралық құқық нормаларын ұлттық соттың қолдану мәселелері
Халықаралық шарттардың нормаларын тікелей пайдалану қажеттілігі туралы көптеген елдердің мамандары мәлімдейді. 2002 жылы 18-20 тамызда қоршаған орта бойынша БҰҰ Бағдарламасы (ЮНЕП) аясында Йоханнесбургте (Оңтүстік Африка) құқықты тұрақты дамыту және рөлі бойынша жаһандық Симпозиумы өтті, оның жұмысына әлемнің 60-тан астам мемлекетінің сот билігі жүйесі өкілдері, сонымен қатар Қазақстаннан да өкілдер қатысты. Симпозиум қатысушылары құқықтың рөлі мен тұрақты дамуы туралы Йоханнесбург қағидалары деп аталатын Судьялардың Бүкіләлемдік Симпозиумының қорытынды құжатын қабылдады. Бұл құжат заңдарды қолдану және орындау арқылы құқықтың тұрақты дамуы мақсатына жетуге бағытталған. Құжатта «... ұлттық, аймақтық және жаһандық деңгейде сот процесіне үлесін қосатын сот органдарының мүшелері мен тұлғалар халықаралық және ұлттық құқықтың сақталуын, жүзеге асырылуын және қолданылуын қамтамасыз етуге көмектесетін басты әріптес болып табылады. ...судьялар ұлттық заңнамадан басымдыққа ие халықаралық шарттардың тікелей қоданылуының міндеттілігін және олардың барлық жерде орындалуын назарға алуы тиіс» /43/.
Халықаралық құқық нормаларын қолдануын өткір және анық түрде ұлттық соттардың қызметінен көруге болады және бұл қазіргі құқықтың дамуының оңды жағымен байланысты, себебі, адамдар сотқа қорғау органы ретінде жүгіне бастады. Мысалы, 2003 жылы республика соттарына миллион істер мен шағымдар түсті, бұл 2002 жылмен салыстырғанда 27,8% көп. Ал 2004 жылы республика соттарына миллионнан астам іс пен шағым түскен, бұл 2000 жылға қарағанда екі есеге көп. Соның ішінде азаматтық істер 3 есе көп (2000 жылы – 322 679, 2001 жылы – 417 730, 2004 жылы – 430 609) /31/.
Сот қызметінде белсенділіктің осыған ұқсас арту процесі нарықтық экономиканың негізін құрған ТМД барлық мемлекеттерінде байқалады. Сол үшін оларда ұлттық соттардың халықаралық құқықтық нормаларын қолдану мәселесі кең ауқымда талқылануда. Бірақ бұл мәселе дамыған демократиялық елдерде де өзекті. Американдық ғалым Дж.Гинзбург бүгінгі күні демократияға бет бұрған көп елдерге үлгі болып отырған американдық конституциялық жүйедегі билікті бөлу және оның үш тармағының теңдігі доктринасы биліктің үш тармағының бір біріне еркін таңу мүмкіндігінен айырады деп айтады. Бірақ олардың арасындағы халықаралық аспектідегі келіспеушілік болған жағдайда судьялар Конституция елдің сыртқы саясатын жүзеге асыру бойынша басты жауапкершілікті атқарушы билікке артып отырғандығын сезіне отырып, «бұл салада президент және оның аппаратының керемет білімі және тәжірибесі бар, ол әрине, халықаралық құқықтың практиканы да қамтиды» деп мойындайды /44, 86б/. Ары қарай Дж.Гинзбург мынадай қорытындыға келді: барлық жағдайларды шешуде өздерінің жеке қорытынды шығару құқықтары барына қарамастан соттар атқарушы билікке жүгінеді.