Автор работы: Пользователь скрыл имя, 18 Марта 2012 в 13:49, автореферат
Екiншi өзгерiстермен толықтырылған монография әлемдік қауымдастықта жаңа саяси-құқықтық шындықтың туындауымен тығыз байланысты, сонымен қатар ұлттық заңнаманың шұғыл дамуымен, халықаралық құқықпен ұлттық құқық аспектілерінің, кеңеюімен байланысты шығарылып отыр. Кiтапта халықаралық және ұлттық құқық арақатынасы нысаны талданған, халықаралық шарттарды конституциялық қамтамасыз ету, халықаралық құқық нормаларының сот-құқықтық реформасына тигізіп отырған ықпалы, халықаралық құқықтық нормалар және қағидаларының ұлттық құқық сәйкестiгiнiң жетiлдiруіне бағытталған ұсыныстар енгiзiлген.
Американдық ғалым көбіне саяси-құқықтық сипаты бар мемлекетаралық қатынастар туралы ой қозғайды және бұл жерде соттардың атқарушы билік дайындаған сыртқы саясат қағидаларымен ортақтығы туралы әңгіме болуда, ал бұл посткеңестік елдерге тән.
Сот төрелігін жүзеге асыру кезінде соттардың халықаралық құқық нормаларын қолдануын сөз еткенде Ресей Федерациясының тәжірибесі қызық көрінеді. Сот төрелігін жүзеге асыру кезінде соттардың халықаралық құқықты дұрыс және біртекті қолдануын қамтамасыз ету мақсатында 2003 жылы 10 қазанда Жоғары Сот Пленумының «Халықаралық құқықтың жалпыға танымал қағидалары мен нормаларын және Ресей Федерациясының халықаралық шарттарын жалпы юрисдикция соттарының қолдануы туралы» Қаулысы қабылданды. Қаулыда Ресей Федерациясының халықаралық шарттары халықаралық құқықтың жалпыға танымал қағидалары мен нормалары бірге мемлекеттің құқықтық жүйесінің құрамдас бөлігі болады деп жазылған. Сонымен қатар, Ресей Федерациясы құқықтық жүйесінің құрамдас бөлігіне Ресей бұрынғы КСРО-ның мұрагері ретінде мойнына халықаралық құқықтар мен міндеттемелер алған КСРО халықаралық шарттары жатады.
РФ Жоғарғы Сотының Пленумы адам құқықтары мен негізгі бостандықтары саласында негізгі рөл халықаралық шарттарда деп атаған. Сондықтан мемлекетішілік деңгейде халықаралық құқық ережелерін жүзеге асырумен байланысты сот қызметін болашақта жетілдіру керек. Пленум түсінік береді, соның ішінде: «Ресей Федерациясында халықаралық құқықтың жалпыға танылған қағидалар мен нормаларына сай және Ресей Федерациясының Конституциясына сәйкес адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беріледі және мойындалады. Ресей Федерациясы Конституциясының 46-бабының 1-бөлігіне сәйкес әркімге құқықтары мен бостандықтарын сотпен қорғауға кепілдік беріледі. Осыдан анықтасақ, адамдар құқықтар мен бостандықтары жалпыға танылған қағидалар мен халықаралық құқықтық нормаларына сәйкес, сонымен қатар, РФ халықаралық шарттары бойынша Ресей Федерациясының юрисдикциясында тікелей іске асырылады. Олар заңның мағынасын, мазмұнын және қолданылуын, заң шығарушы және атқарушы биліктің қызметін, жергілікті өзін-өзі басқаруды айқындайды және сот төрелігімен қамтамасыз етіледі.
Халықаралық құқық нормаларын қолдану мәселесіне заңгер ғалымдар да араласа бастады. Г.В.Игнатенко Ресей заңнамасында халықаралық шарттардың тікелей қолданылуы туралы нақты нормалардың жоқтығын атап көрсетті. Осы мәселені дамытас отырып, Т.К. Нешатаева (РФ Жоғары Арбитраждық Сотының судьясы) РФ соттарының халықаралық құқық қағидаларына қатысты әрекеті оның жалпыға танымал қағидаларына сәйкес еместігін айтса, П.А.Лаптев (Еуропадағы адам құқықтары бойынша соттағы РФ өкілі) «біздегі сот төрелігінің кемшілігі» ақылға қонымды мезгіл қағидасының бұзылуы деп тұжырымдады /45/.
Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің мүшесі С.Ф.Бычкова «халықаралық құқықтық норма ұлттық заңнама нормасы сияқты халықаралық құқық субъектісінің міндетті тәртібінің үлгісі болып табылады және іске асыу тетігінсіз оны жүзеге асыру халықаралық құқықтық актінің мәтініндегі жай сөз болып қалады. Халықаралық гуманитарлық құқық нормаларын іске асырудың шынайы тәжірибесіне адам құқықтары мен бостандықтарын бұзуды шектейтін тұлғалық одақтастықтың мүмкіншіліктері байланысты болады», - деді.
Беларусь зерттеушісі Л.В.Павлованың ойынша, халықаралық жария құқық саласындағы көптеген шарттар ұлттық құқықтық салада тікелей қолдануға жарамайды. Егер мұндай қасиет дәлдігіне, нақтылығына және мемлекетішілік реттеуге бағытталуына байланысты халықаралық жеке құқық нормаларына тән болса, ал халықаралық жария құқығының нормаларына көп жағдайда жалпылық, абстрактілі нысан тән, бұл оларды халықаралық ынтамақтастықта ғана қолдануға мүмкіндік береді. Сондықтан, егер халықаралық құқықты ұлттық құқық жүйесінің құрамдас бөлігі ретінде немесе оның ережелерінің ұлттық заң нормаларымен қайшылығы кезінде басымдығын жариялап, ұлттық имплементациялық тетік халықаралық шартқа сілтеме жасаса, бұл соттың оған нақты жағдайда жүгінуі тиіс дегенді білдірмейді. Шарт ережесінің мазмұндық жарамсыздығы оны қолдануға жатпайтындай етеді.
Бұл жерде зерттеушінің айтқаны дұрыс екенін мойындаған жөн. Өкінішке орай, бүгінде халықаралық құқық нормаларына жүгіну – сот тәжірибесінде соншалықты кең таралған емес.
Мұның объективті себептерімен қоса субъективті себептері де бар. Объективті себептерге бұрынғы антикалық «заңда көрсетілгеннен басқа қылмыс жоқ» қағидасын ұстанған Қазақстан Республикасының қылмыстық заңнамасы мен Қазақстан Республикасының әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы Кодекстерін жатқызуға болады. Сондықтан тиісті нормативтік құқықтық актілерде көрсетілгендей ҚР қылмыстық заңнамасы мен ҚР әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының тиісті Кодекстерінен тұрады. Қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікті қарастыратын басқа заңдар Кодекске енгізілгеннен кейін ғана қолданылуға жатады. Бұл талап халықаралық құқық нормаларына да қатысты. Қылмыстық сот өндірісі мен қылмыстық құқықтың материалды нормаларына қатысты халықаралық құқық нормаларын тікелей қолдануға болмайды. Тек тиісті нормалар іс жүзінде ұлттық құқыққа имплементацияланғаннан кейін ғана қолданылуға жатады.
Қалған құқық салаларында құқық қолдану практикасы негізделетін тиісті құқық нормалары жоқ болса, белгілі француз компаративисі Р.Давидтің ойынша, істі құқық қағидаларына сүйене отырып шешуге болады. Себебі, құқықтың жалпы қағидалары «белгілі бір кезең мен белгілі бір сәттегі әділеттілік талаптарына бағынады»/48/.
Сондықтан халықаралық құқықтың нормаларын кәсіби судьялармен қатар алқа билері де білуі қажет. Халықаралық құқықтың жалпы танымал қағидалары мен нормаларын тікелей қолдануға келмесе де, сот істі қараған кезде олар маңызды рөл атқарады. Мысалы, 1997 жылы 13 желтоқсанда қабылданған Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу Кодексінің 25 бабында былай делінген: сот, прокурор, тергеуші, анықтаушы дәлелдемелерді іс бойынша жинақталған дәлелдерге негізделген өздерінің ішкі сенімдеріне сүйеніп, заң мен арын басшылыққа ала отырып бағалауы тиіс. Сот пен құқық қорғау органдарының қызметкерлерінің ішкі сезімі оның білімі мен мәдениетіне, және әділеттілікке ұмтылысын қалыптастырады.
Қазақстанда Жоғары сот органының халықаралық-құқықтық құжаттарға жүгінуі практикасын көрсетуге болады. Сотқа дейінгі істі жүргізу кезінде адам құқықтары мен бостандықтарының орындалуын қамтамасыз етуде маңызды орынды «Азаматтық, қылмыстық, отбасы істері бойынша құқықтық көмек және құқықтық қатынастар туралы» 1993 жылғы Минск Конвенциясы (ТМД-ның 12 мемлекеті қатысушысы) мен және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек мәселелерін реттейтін екіжақты халықаралық шарттар алады.
2001 жылы 5 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Жоғары Сотының қылмыстық істер бойынша алқасы Павлодар облыстық сотының 2001 жылы 11 шілдедегі үкіміне қатысты айыпталушы В.В. Желябин қадағалау тәртібімен шағымын қарастырды. Осыған дейін бірнеше рет сотталған (сонымен қатар Ресей Федерациясының сотымен сотталған) айыпталушы (Қазақстан азаматы) қасақана адам өлтіргені үшін ҚР ҚК 96 бабының 2 тармағы «н» тармақшасы бойынша 16 жылға бас бостандығынан, ҚР ҚК 175 бабының 1 тармағы бойынша 2 жылға бас бостандығынан айрылған. ҚР ҚК 58 бабы 3 тармағы бойынша жазаларды ішінара қосу жолымен 17 жылға бас бостандығынан айырып, ерекше режимдегі түзеу колониясында жазасын өтеу ұйғарылған. ҚР ҚК 60-бабына сәйкес оған Челябинск облыстық сотының 1989 жылы 12 шілдеде шығарылған үкімі бойынша өтелмеген жазасы ішінара қосылып, 1 жылға бас бостандығынан айыру жазасы қоса жүктелген. Соның нәтижесінде 18 жылға бас бостандығынан айырылып, ерекше режимдегі түзеу колониясында жазасын өтеуге үкім шығарылған.
Қазақстан Республикасының Жоғары Соты үкімнің күшін жойып, істі қайта қарауға жіберді. Себебі Павлодар облыстық соты Желябинға ҚР ҚК 60 бабы бойынша жаза тағайындау кезінде 1997 жылы 28 наурызда Мәскеу қаласында қол қойылып, 1997 жылы 28 наурызда күшіне енген «Азаматтық, қылмыстық, отбасы істері бойынша құқықтық көмек және құқықтық қатынастар туралы» 1993 жылы 22 қаңтардағы Минск Конвенциясының 76-бабы ескерілмеген. Бұл бапта оған қатысушы мемлекеттер тек арнайы жағдайларда ғана басқа мемлекеттің сот үкімдерін мойындайтындығы жазылған. Сол себепті Ресей Федерациясының Челябинск облыстық сотының үкімі бойынша тағайындалған үкімді қосуын Қазақстан Республикасының Жоғары Соты қате деп анықтаған.
Ресейде де Минск конвенциясының нормаларын соттар қолданады, оған 1999 жылы 29 сәуірде Ресей Федерациясы Жоғарғы Сотының сот алқасының анықтамасы мысал бола алады. Бұл анықтама Ресей азаматы Сайдовпен бірге Қазақстан аумағында қылмыс жасап, кейін Ресейдің Иркутск облысы аумағында қолға түскен Қазақстан азаматы Жагупаровтың ісіне қатысты шығарылған. Ресей Федерациясы
Жоғары Соты Жагупаров пен Сайдовтың ісін 1999 жылы 5 наурызда Иркутск облыстық сотының судьясы қайта тергеу жүргізу үшін Иркутск облысының прокуратурасына жібергенін анықтады. Судья қаулыда былай деп көрсетті: «Минскде ТМД мемдекет басшыларының Кеңесі бекіткен «Азаматтық, қылмыстық, отбасы істері бойынша құқықтық көмек және құқықтық қатынастар туралы» Конвенцияға сәйкес, Қазақстан аумағында жасаған қылмысы үшін Қазақстан Республикасының азаматы Ресей сотымен сотталмауы тиіс». Иркутск облыстық прокуратурасының орынбасары жеке наразылығымен судьяның шығарған үкімінің жойып, істі жаңа сот қарауына жіберу туралы мәселе қойды. Оның пайымдауынша, 1998 жылы 17 шілдедегі Иркутск облыстық сотының анықтамасындағы барлық талаптар орындалды, істі қайта қарауға негіз жоқ.
1999 жылы 29 сәуірде Ресей Федерациясы Жоғары Сотының қылмыстық істер бойынша алқасы шағымды қанағаттандырып, 1999 жылы 5 наурыздағы Иркутск облыстық соты судьясының қаулысының күшін жойды. Істі қайта сотта қарауға жіберді. Мұны былай деп негіздеді: «Қазақстан азаматы Жагупаров Ресей Федерациясының азаматы Саидовпен бірге Қазақстан аумағында қылмыс жасап, екеуі Ресей аумағында ұсталған және Иркутск қаласының тергеу изоляторында отырды. Қолданыстағы заңға сәйкес Саидов («Азаматтық, қылмыстық, отбасы істері бойынша құқықтық көмек және құқықтық қатынастар туралы» Минск Конвенциясы 57 бабының 1-тармағы «а»тармақшасы бойынша) Қазақстанға берілуі мүмкін емес, Қазақстан Республикасының Бас Прокуратурасы Ресей Федерациясының Бас прокуратурасына Жагупаров пен Саидовты қылмыстық қудалау туралы тапсырма берді. Сол себепті Иркутск облыстық прокуратурасы тергеу жүргізді.
Минск Конвенциясының 77-бабына сәйкес « егер бірнеше қылмыстарды жасағаны үшін бір немесе адамдар тобы айыпталса және іс екі немесе одан да көп келіскен тараптардың соттарында қаралуға жатса, оны соңғы тергеу әрекеттері жүргізген тараптың соты қарауға құзіретті. Бұл кезде іс келіскен тараптың сот өндірісі туралы заңнамасына сәйкес қаралады». Сондықтан іс Иркутск облыстық сотында қаралуы тиіс».
Қазақстан Республикасында халықаралық құқықты қолданған тағы бір сот прецедентіне төмендегі істі мысалға алуға болады. 2003 жылы 22-23 сәуірде Қазақстан Республикасы Жоғары Сотының қылмыстық істер бойынша алқасы ШҚО сотының 2002 жылы 13 желтоқсандағы үкіміне апелляциялық шағым түсіруіне байланысты ашық сот отырысында қылмыстық істі қарады. Бұл үкім бойынша Ресей Федерациясының азаматы, бұрын 3 рет сотталған Н.А.Трудоношин 2002 жылы 31 қаңтарда қылмыстық топтың мүшесі ретінде ШҚО Бородулихин ауданы Романовка селосының жанындағы «Семей-Жаңаалтай» трассасында қару қолдану арқылы Қазақстан азаматтарын, дәлірек айтсақ, валюта айырбастаумен айналысатын М.М.Оразғұловты, Е.К.Молтабаевты, Г.С.Мурзинаны, Ж.М.Қантаеваны қасақана өлтіргені үшін және Д.У.Сабденбековты қасақана өлтірмекші болғаны үшін, сондай-ақ олардың 5160000 теңге көлемінде ақша соммасын иеленіп алғаны үшін кінәлі деп табылып, 22 жылға бас бостандығынан айыруға сотталған.
2003 жылы 23 сәуірде Қазақстан Республикасы Жоғары Сотының қылмыстық істер бойынша алқасы шығарған №2а-80-03 қаулысымен Шығыс Қазақстан облыстық сотының 2002 жылы 13 желтоқсандағы үкімінің күші жойылып, істі қайта қарауға жіберді. Себебі сотталушы Ресей аумағында ұсталған және Қазақстан құқық қорғау органдары азаматын ұстап берген мемлекеттің келісімінсіз оны қылмыстық жауапкершілікке тартқан. Бұл Минск конвенциясына (1993 жылы 22 қаңтардағы («Азаматтық, қылмыстық, отбасы істері бойынша құқықтық көмек және құқықтық қатынастар туралы» Минск Конвенциясы (28.03.97ж. өзгертілген) (ары қарай Минск Конвенциясы - А.Е) қайшы келді. Тергеу барысында Ресейлік те, Қазақстандық та тарап аса ауыр қылмыс жасағанын дәлелдейтін көптеген дәлелдер жинағанымен, олар жарамсыз болып танылды, ал бұл өз кезегінде Н.А.Трудоношин қатысқан істің барлық сот өндірісін жарамсыз деп тануға әкелетін еді. Дегенмен, қылмыстық іс материалдарында жақта көптеген қарсы дәлелдемелер жиналып, барлығы ісіне байланысты жарамсыз болып танылды. Тек бір жағдайды ескере отырып, қылмыстық іс материалдарында Н.А.Трудоношинге тағылған айыпты дәлелдейтін басқа да дәлелдемелер болуына байланысты, және оларды жарамсыз еуге негіз жоқ болғандықтан, алқа қылмыстық істі тоқтату мүмкін емес деп санады.
Минск Конвенциясының 6, 72, 80 баптары бойынша Қазақстан мен Ресей қылмыстық іс жүргізу әрекеттерін жүзеге асыру жолымен, соның ішінде екінші мемлекеттің аумағында қылмыс жасады дегенге күдікті өз азаматтарына қатысты қылмыстық қудалауды жүзеге асыру жолымен бір-біріне құқықтық көмек көрсетуі тиіс екенін ескере отырып, сондай-ақ, Минск Конвенциясының 57 бабын ескере отырып, Жоғары Сот алқасы істі Қазақстан Республикасының Бас Прокуратурасына қосымша тергеуді ұйымдастыру үшін жіберуді жөн көрді, қосымша тергеу кезінде ҚР ҚІЖК 527-бабының, Минск Конвенциясының 73 бабының талаптары орындалсын деп шешті.
Қазақстан Республикасы Жоғары Соты алқасының бұл қаулысы сот тәжірибесінде халықаралық-құқықтық нормалар қолданылатындығын куәландырады, ал бұл - құқықтық мемлекет құрудың маңызды шарттарының бірі.
Қазақстан Республикасы Жоғары Соты азаматтық істер бойынша алқасының 2002 жылдың бірінші жартыжылдығындағы аппеляциялық және қадағалау тәжірибесінің нәтижелері туралы анықтамада /49/ көптеген істер жеке шағымдар бойынша қарастырылғанын көреміз. Мұнда арыз берушілер өздерінің іс жүргізушілік құқықтарының бұзылғандығын, азаматтық іс жүргізу заңнамасы мен халықаралық шарттардың нормалары дұрыс қолданылмағанын көрсетеді. Мысалы, 2002 жылы 18 сәуірде Қазақстан Республикасы Жоғары Соты Маңғыстау облыстық сотының 2002 жылы 1 наурыздағы анықтамасының күшін жойды. Бұл анықтама «Вагенборг Қазақстан Б.В.» компаниясының Маңғыстау облысы бойынша және Түпқорған ауданы бойынша Салық комитетіне талап арызын кейін қайтару туралы болған.