Автор работы: Пользователь скрыл имя, 18 Марта 2012 в 13:49, автореферат
Екiншi өзгерiстермен толықтырылған монография әлемдік қауымдастықта жаңа саяси-құқықтық шындықтың туындауымен тығыз байланысты, сонымен қатар ұлттық заңнаманың шұғыл дамуымен, халықаралық құқықпен ұлттық құқық аспектілерінің, кеңеюімен байланысты шығарылып отыр. Кiтапта халықаралық және ұлттық құқық арақатынасы нысаны талданған, халықаралық шарттарды конституциялық қамтамасыз ету, халықаралық құқық нормаларының сот-құқықтық реформасына тигізіп отырған ықпалы, халықаралық құқықтық нормалар және қағидаларының ұлттық құқық сәйкестiгiнiң жетiлдiруіне бағытталған ұсыныстар енгiзiлген.
Тәжірибе көрсеткендей, бұл Заңның қызметі аясы әрдайым кеңеюде. Заңның күші тарайтын тұлғалар қатарына 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының қатысушылары да енгізілді. Бұл Кеңес өзінің халқына қарсы Қазақстан аумағында жасаған соңғы қылмысы болуы керек. Билікті асыра пайдалану құрбандарына Семейдегі және Қазақстандағы басқа да полигондардағы ядролық қару сынақтарының құрбандарын жатқызуға болады.
Оралмандар - бұлар да құрбандар немесе құрбандардың тікелей ұрпақтары. Кеңес үкіметі кезіңде аштық салдарынан 10,5 млн астам адам қайтыс болды /60/, ал Қазақстанда 2,5 млннан астам қазақ қайтыс болды. Халықтың үштен бірі (2-2,5 млн.адам) аштықтан құтылу үшін шет елге қоныс аударуға мәжбүр болды. Қазіргі таңда шетелдерде 4,1 млн отандастарымыз өмір сүріп жатыр, соның ішінде Өзбекстанда-1,5 млн, Ресейде-740 мың, Түркіменстанда -70 мың, алыс шет елдерде этникалық қазақтардың көбі ҚХР-да 1,5млн адам, Моңғолияда-80 мың, Ауғанстанда-30 мың және Түркияда-25 мың /61/. Шет елдерде тұрып жатқан барлық отандастарымыздың тарихи Отанына оралу құқығы бар. 1990 жылдары Қазақстанға 200 мыңға жуық репатрианттар оралды. Оралмандарды ұйымдасқан түрде көшіру мен оларға жағдай жасау 1998 жылы 16 қыркүйектегі «Этникалық қазақтарды тарихи Отанына репатриациялау Тұжырымдамасы туралы» №900 Үкімет Қаулысында қарастырылды. Оралмандар көшін ұйымдастырып, оларды ары қарай орналастыру үшін жыл сайын иммиграция квотасы бөлінеді, 2003 жылы Президент Жарлығымен 5мың жанұяға квота бөлінді. 2004 жылы 10 мың жанұяға, ары қарай 2010 жылға дейін жыл сайын 15 мың жанұяға квота бөлінген.
Отанынан қуылғандар және кінәсіз құрбандарға қатысты тарихи әділеттілікті қалпына келтіру мақсатында 1996 жылы 30 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Президентінің «1997 жылды жалпыұлттық келісім және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы деп жариялау туралы» №3299 Жарлығы қабылданды.
Бұл тақырып заңгерлер, тарихшылар, этнографтар, демографтар, саясаттанушылар зерттеу үшін әлі жеткілікті. Сондықтан бұл бөлімде біз қуғын-сүргінге ұшырағандардың құқықтарын қорғау саласындағы халықаралық құқық пен ұлттық құқықтың арақатынасын талдауға тоқталамыз. Бұл тарихтың белгілі бір кезеңдерінде билікті асыра пайдалануды тиімді тоқтата алатын күштердің мемлекет ішінде табыла бермейтіндігімен байланысты.
Саяси қылмыскерлер көп уақыт бойы отандық әділет органдары үшін қол жетімсіз болып отыр, бұл олардан зардап шегуші жандардың көбеюіне әкеліп соғады. Сондықтан да бұл жағдай әлемдік қауымдастықтың араласуын қажет етеді. Егемен елдердің саяси жүйелеріне әсер ете алатын беделді халықаралық органдардың араласуы елдегі жағдайды түзете алады. Халықаралық органдар декларацияларымен, жарғы, үндеулер және өзге де әділетті мазмұндаған құжаттарымен шектеледі, олар көбіне елдегі жағдайды өзгерте қоймайды, билікті шектемейді, алайда ұлттық заңнаманы жетілдіру үшін минималды әлемдік стандарттардың үлгісі бола алады.
1985 жылы 29 қарашада БҰҰ Бас Ассамблеясы 40/34 қарарымен қабылдаған «Билікті асыра пайдаланушылар мен қылмыс жасау құрбандары үшін сот төрелігінің негізгі қағидаларының Декларациясы» (ары қарай Декларация) мен Қазақстан Республикасының бұл саладағы негізгі нормативтік актісі - «Ақтау туралы» заңын ұлттық заңнаманың халықаралық құқыққа сәйкестігі тұрғысынан салыстырмалы талдағанда ұлттық заңнама, кеңес үкіметі билігінен жапа шеккен азаматтардың қорғалу деңгейі жайлы толық көрініс береді. БҰҰ Бас Ассамблеясы бұл құжатта (Декларацияда) «әлемде билікті асыра пайдалану мен қылмыс жасаудың нәтижесінде миллиондаған адамдар зардап шегіп жататындарын, олардың құқықтары қажетті деңгейде қорғалмайтынын мойындайды». Сондықтан Декларация мақсаты болып егеменді мемлекеттердің үкіметтері мен халықаралық қауымдастықтың әділеттілікті қамтамасыз ету мен билікті асыра пайдалану құрбандары мен қылмыс құрбандарына көмектесуге бағытталған әрекеттеріне көмектесу табылады. Декларация денсаулық сақтау, соның ішінде психикалық денсаулықты қорғау, білім беру, экономика саласында тұтас әлеуметтік кешенді бағдарламаларды жүзеге асыруға, халдері мүшкіл жандарға көмек қолын созуға, өзгеріп отырған жағдайларға тез бейімделуін қамтамасыз ету үшін заң ережелері мен тәжірибесін үнемі қайта қарап отыруға шақырды. Сонымен қатар, адам құқықтары саласындағы халықаралық құқықтың танылған нормаларын бұзатын актіні, заңды тұлғаның әрекетін немесе басқа да билікті асыра пайдалану әрекеттерін заңсыз деп жариялаған ережелердің орындалуын қамтамасыз етуге және қабылдауға шақырды. Сондай-ақ, құқықбұзушыларды анықтап, қудалау, оларды ұстап беру, жәбірленушіге реституция беру мақсатында дүние мүлкін тәркілеу сияқты сұрақтар бойынша өзара соттық және әкімшілік көмек беру негізінде мемлекеттердің басқа мемлекеттермен ынтымақтастықтарын дамытуы туралы айтылды.
Мемлекеттің адам құқықтары саласындағы халықаралық құқықтың мойындалған нормаларын бұзуы адамды билікті асыра пайдалану құрбаны ретінде тануға алып келеді. Бұл қазіргі заманда аса маңызды, өйткені Қазақстан Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы (Нью-Йорк, 1966 жылы желтоқсан ) Халықаралық Пактіге де, БҰҰ Бас Ассамблеясының 1966 жылы 16 -желтоқсандағы 2200А (XXI) қарарымен қабылданып, 1976 жылы 23-наурызда күшіне енген Азаматтық және саяси құқықтар туралы Халықаралық Пактіге қосылғанымен, әлі ратификациялаған жоқ, дегенмен КСРО Азаматтық және саяси құқықтар туралы Халықаралық Пактіге 1968 жылы қол қойып, 1973 жылы ратификациялағаны белгілі.
Декларацияның 18-бабы назар аудартады, онда «билікті асыра пайдаланудың құрбандары» деп құзырлы органдардың әрекеті немесе әрекетсіздігі салдарынан жекелей немесе топтық дене жарақаттарын алған немесе моральдық залалдар, эмоционалды қасіреттер, материалдық залалдар шеккен, немесе олардың негізгі бостандықтарына өрескел нұқсан келтірілген тұлғалар түсініледі. Бұл жағдайлар ұлттық қылмыстық құқық нормаларын бұзу болып әлі саналмаған, бірақ адам құқықтары саласындағы халықаралық құқықтың мойындалған нормаларын бұзу болып саналған болуы тиіс. Бұрынғы КСРО-да саяси қуғын-сүргін құрбандары негізінен қолдан жасалған қылмыстық істерден, жалған жала жабудан, заңсыз құрылған соттардың үкімдерінен, жоғары билік органдарының антиконституциялық қаулыларынан (бүкіл халықты заңсыз депортациялау кезінде), яғни биліктің заңнаманы тікелей бұзуынан жапа шекті.
Декларацияның берілген ережесі біріншіден, халықаралық құқықтың ұлттық құқыққа қарағандағы прогрессивті рөлі туралы, екіншіден, ұлттық заңнаманы халықаралық құқық нормаларына сәйкестендіру міндеттері туралы, үшіншіден, БҰҰ мүше мемлекеттердің әлемдік қауымдастық алдында өз елінде адам құқықтары мен бостандықтарының сақталуына жауапкершілігі туралы куәландырады. Отандық саясаткерлер геноцид немесе өзге де өз халқына қарсы қылмыстар жасалмаса егемен мемлекеттің ішкі істеріне ешкім араласуы тиіс емес дегенмен келіседі. Бұл енді басқа жағдай, сондықтан бұған әлемдік қауымдастық араласуы тиіс /62/.
Декларацияның 2 - бабы бойынша «құрбан» терминіне тиісті жағдайларда тікелей құрбанның жақын туыстары немесе олардың қарауындағы адамдар, сонымен қатар оларға қиын сәтте қол ұшын беріп сол үшін немесе виктимизацияны болдырмауға тырысқандары үшін өздері жапа шеккен адамдар кіреді. Қазақстан Республикасының «Ақтау туралы» заңы саяси қуғын-сүргінның тікелей құрбандары мен «саяси қуғын-сүргіннен жапа шеккендерді» бөледі. Саяси қуғын-сүргіннен жапа шеккендер деп «бас бостандығынан айыру орындарында, жер аударуда, арнайы қоныстарда ата анасымен бірге болған немесе олардың орнына болған саяси қуғын-сүргін құрбандарының балалары, сонымен бірге, саяси қуғын-сүргін кезінде 18 жасқа толмаған және қуғын-сүргін кесірінен ата-анасының қарауынсыз қалған балалар саналады». Бұл жай ғана терминология емес, әрбір терминнің астарында нақты адамның әлеуметтік мәртебесі тұр және бұл мәртебе адамға сот төрелігінің тетіктеріне қол жеткізуге, ұлттық заңнамаға сәйкес келтірілген шығындар үшін өтемақы алуға мүмкіндік береді.
Декларацияда құрбан мемлекеттен реституция алуы тиіс екендігі және сол мемлекеттің лауазымды тұлғалары мен өкілдері келтірген шығындары үшін жауапкершілікке тартылуы қажет екендігі туралы ережелер бар. Егер өзінің әрекеті немесе әрекетсіздігі арқылы виктимизацияға әкелген үкімет жоқ болса, құрбандарға реституцияны құқықмирасқоры мемлекет немесе үкімет өтеуі тиіс. КСРО-ның негізгі құқықмирасқоры Ресей Федерациясы екені белгілі.
Декларация мазмұнына сүйенсек, КСРО құқықмирасқоры ретінде Ресей посткеңестік кеңістіктегі билікті асыра пайдаланудың барлық құрбандарын реституциямен қамтамасыз етуі қажет. Бірақ бұл экономикалық та, саяси да, құқықтық тұрғыдан да жүзеге асырылмайтын нәрсе. Өйткені біріншіден, Ресейдегі билікті асыра пайдаланудың құрбандарының саны Қазақстандағыдан анағұрлым көбірек. Және егер Ресей қуғын-сүргінге заңсыз ұшырағандарға қатысты әділеттілікті жеткілікті дәрежеде қалпына келтіре алса, соның өзі бұрынғы КСРО саяси қуғын-сүргінсының құрбандарын ақтау ісіндегі үлкен жетістік болып табылады. Екініден, біз анықтағандай Қазақстан да КСРО-ның құқықмирасқор мемлекеті болып саналады. Сондықтан бұрынғы КСРО азаматтары, қазіргі қазақстандық азаматтарға қатысты барлық материалдық шығынды, соның ішінде реститутцияны өтеуді Қазақстан өз мойнына алуға міндетті.
Бұрынғы саяси қамалғандар (сталиннен кейінгі кезеңде босағаннан кейін Ресейге және КСРО басқа республикаларына кетіп қалған кеңес азаматтары) қазіргі Қазақстанның өнеркәсібінің негізін қалағанын және мұнда саяси қуғын-сүргін құрбандарының кішкене бөлігі ғана қалғанын ескеру қажет. Сондықтан сол кездегі кеңес билігі көрсеткен зорлық зомбылық үшін азаматтарды ақтау мен материалдық жағынан көмек көрсету ісінде Қазақстан өзіне барлық жауапкершілікті алуы тиіс. Бұл бір жағынан, жазықсыз жапа шеккен азаматтарға қатысты тарихи әділеттілікті орнату, екінші жағынан, біздің еліміздің КСРО мұрасына мұрагерлікті танытуы болып табылады, ал бұл өз кезегінде ұлттық егемендікті нығайтады.
1989 жылы 24-мамырда БҰҰ Экономикалық және Әлеуметтік Кеңесінің 15- пленарлық отырысында «Билікті асыра пайдаланушылар мен қылмыс жасау құрбандары үшін сот төрелігінің негізгі қағидаларының Декларациясын жүзеге асыру» атты құжат қабылдады. Бұл құжатта мемлекеттерге мынадай шараларды жүзеге асыруға кеңес берді: сот төрелігінің ұлттық жүйесінде Декларацияда бар стандарттар мен қағидаларды қабылдап, жүзеге асыру; құрбандардың өтемақы мен реституция алу үшін сот төрелігі тетіктеріне жүгінуін жеңілдететін заңнама дайындап, қабылдау; келтірілген залалдар мен зиян үшін тиісті өтемақы беру, кедергілерді табып, оларды жою жолдарын іздестіру сияқты құрбандарға тиімді көмек көрсетудің тәсілдерін қарастыру; құқықтық қорғаудың тиімді құралдарымен қоса, құрбандарды қылмыстық сот өндірісі кезінде асыра пайдаланушылықтан, жалған жала жабудан, қорқытудан қорғайтын шаралар қабылдау;
Бұл құжатта қылмыстық сот өндірісі қатысушыларының заңды мүдделері мен құқықтарын қамтамасыз ету саласында қылмыстық істер бойынша халықаралық ытымақтастықты дамытуға баса назар аударылған. Мысалы, өзге мемлекетте виктимизация құрбаны болған тұлғалар қылмыс жасалған соң тез арада және еліне оралған жағдайда тиімді көмек алуы тиіс (4б). 1989 жылы 15-желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясы 44/162 қарарымен бұл құжатты қолдады және мемлекеттерге сот төрелегін іске асыру кезінде БҰҰ адам құқықтары саласындағы нормалары мен стандарттарын тәжірибелік қолдану үшін стратегияны дайындауда осы құжаттың рекомендацияларын пайдалануды ұсынды /63/.
Қылмыстық сот өндірісі қатысушыларын қорғаудың стандарттары мен қағидалары бекітілген, зерттеліп отырған салада жалпы және жеке қолданылатын халықаралық келісімдер мен құжаттар өте көп екенін атап өту керек. Тіпті белгілі деңгейде бірін-бірі қайталап жатады. Бұл жайлы БҰҰ VI конгресінің баяндамасында әділ атап өтілген болатын. Онда халықаралық қағидалар мен стандарттар санының шектен тыс артуы қабылданған құжаттардың практикалық маңызын төмендетуі мүмкін деп айтылды. Бұл стнадарттарды әр түрлі аймақтар мен елдерде ондағы құқықтық дәстүр мен мәдениетке толық сәйкестікпен жүзеге асыру маңызды міндет отыр. Өйткені халықаралық құқықтық нормаларды жүзеге асыру оны қабылдауға қарағанда күрделі және жауапты процедура болып табылады /64, 16б./.
Дегенмен, әр түрлі құқықтық жүйелердің өзара әрекеттесуінің ұлғаюы мен нығаюы, тіпті адам құқықтары саласындағы нормалардың қайталанып болса да пайда болуы ұлттық құқық нормаларын адам құқықтарын қорғау саласындағы халықаралық стандарттарға біртіндеп сәйкес келтіруге мүмкіндіктер тудырады.
Талданып отырған Декларация ережелерін дамыту үшін БҰҰ тағы бірнеше құжат қабылдады. Олардың ішінде төмендегілерді атап өтуге болады: «Азаптау және өзге де қатыгез, айуандық немесе ар ожданды қорлайтын жазаға қарсы Конвенция». 1984 жылы 10-желтоқсанда Бас Ассамблеяның 39/46 қарарымен қабылданып, қол қою, ратификациялау және қосылу үшін ашық деп жарияланған, 1987 жылы 26-маусымда күшіне енген, Қазақстан оған 1998 жылы қосылды; 1989 жылы 24-мамырда БҰҰ Экономикалық және Әлеуметтік Кеңесінің 1989 / 65 қарарымен ұсынылған «Заңсыз, қисынсыз және жиынтық жазаларды тиімді алдын алу мен тергеудің қағидалары».
Берілген құжаттың 1бабында мынадай ереже бар: «Үкімет заң тәртібімен барлық заңсыз, қисынсыз және жиынтық жазаларға тиым салады... Айрықша жағдайлар, соның ішінде соғыс немесе соғыс қаупі жағдайы, ішкі саяси тұрақсыздық немесе мемлекеттегі басқа да төтенше оқиғалар бұл жазаларды қолдануға негіз болып табылмайды. Мұндай жазалар ешқандай жағдайда қолданылмайды. Бұл тыйым атқарушы билік шығаратын қаулылар алдында басымдыққа ие».
Кейбір мемлекеттерде болып жатқан және болуы мүмкін жаппай қуғын-сүргіндер әлемдік қауымдастықты алаңдатуда. Сондықтан «Заңсыз, қисынсыз және жиынтық жазаларды тиімді алдын алу мен тергеудің қағидаларында» басқа мемлекеттердің үкіметтері дипломатиялық араласу, үкіметаралық және сот органдарына шағымдану мүмкіндіктерін кеңейту, жариялы түрде айыптау сияқты шаралар қолдану арқылы заңсыз, қисынсыз және жиынтық жазалардың алдын алуға бар күшін сала алады деп нақтыланған. Мұндай кез келген жаза туралы хабарламаны тексеру үшін және ондай тәжірибені тоқтату бойынша тиімді шаралар қабылдау үшін үкіметаралық тетіктер қолданыла алады.
Декларацияның 4 бабы бойынша құрбандарға аяушылық танытылып, олардың жеке басы құрметтелу керек. Алайда республикада әлі күнге дейін Декларацияның 21бабы тиісті деңгейде орындалмай отыр. Бұл бап бойынша мемлекеттер өзгеріп отырған жағдайларға тез бейімделуін қамтамасыз ету үшін заң ережелері мен тәжірибесін үнемі қайта қарап отыруы, қажет болған жағдайларда саяси немесе экономикалық билікті асыра пайдаланудың ауыр түрлеріне тыйым салатын заңдық ережелерді қабылдап, күшіне енгізіп отыруы тиіс. Және осындай әрекеттер құрбандарын құқықтық қорғау құралдары мен тиісті құқықтарын қамтамасыз етуі тиіс.
Қазақстанда Декларацияның берілген ережесіне сәйкес қуғын-сүргінге ұшырағандар туралы заңнаманы жетілдіруге ұмытылыстар жасалды.Бұған дәлел ретінде 1993 жылы 14-сәуірде Қазақстан Республикасы Жоғары Кеңесі қабылдаған «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы Қазақстан Республикасының заңын күшіне енгізу туралы» Қаулысының кейбір ережелері бол алады. Онда заң шығарушы алдына мынадай сұрақтарды қарастыру қойылған: