Автор работы: Пользователь скрыл имя, 18 Марта 2012 в 13:49, автореферат
Екiншi өзгерiстермен толықтырылған монография әлемдік қауымдастықта жаңа саяси-құқықтық шындықтың туындауымен тығыз байланысты, сонымен қатар ұлттық заңнаманың шұғыл дамуымен, халықаралық құқықпен ұлттық құқық аспектілерінің, кеңеюімен байланысты шығарылып отыр. Кiтапта халықаралық және ұлттық құқық арақатынасы нысаны талданған, халықаралық шарттарды конституциялық қамтамасыз ету, халықаралық құқық нормаларының сот-құқықтық реформасына тигізіп отырған ықпалы, халықаралық құқықтық нормалар және қағидаларының ұлттық құқық сәйкестiгiнiң жетiлдiруіне бағытталған ұсыныстар енгiзiлген.
ЕурАзЭО органдарының шешімдері қабылдануы ЕурАзЭО-ның келісуші Тараптардың ұлттық нормативтік құқықтық актілерін ұлттық заңнамаға сәйкестендіруі арқылы жүзеге асырылады. Яғни, ұлт үстілік қадағалау органдары болғанымен, нақты ұлт үстілік құқық түсінігі жоқ. Сондықтан, осы шартты жүзеге асырудағы Келісуші Тараптардың міндеткерліктерді атқаруын қадағалау, Қауымдастықтың шегіндегі басқа да заңды күші бар шарттар мен ЕурАзЭО органдарының шешімдері Қауымдастықтың органдары құзыреті негізінде іске асырылады.
Еуропалық одақта шартты орындаудың нақты жүйесі бар болып, ұлт үстілік жалпы еуропалық құқық қағидасы әсер ететін болса, ЕурАзЭО мен ТМД ұйымдарында шартты орындаудың нақты жүйесі жоқ. Мұнда бірігу шарттары туралы мәселе туындайды. Сол себепті, Еуропалық одаққа жаңа мүшелер қабылдау үшін «Копенгаген критерийлеріне» назар аударған жөн. Ол 1993 жылы Копенгагендегі Еуропалық одақтағы саммитте қабылданған:
1. Саяси салада-демократиялық жүйеге кепілдік беретін, заңның үстемдігін қамтамасыз ететін, адам құқықтарын сақтайтын, сыйластық қағидасын және азшылық топтарды қорғау институттардың тұрақтылығы маңызды роль атқарады.
2. Экономикалық салада-нақты күші бар нарықтық экономиканың болуы, одақ шегінде бәсекелестік пен нарық заңнамаларына төтеп беретіндей деңгейді қамтамасыз ету маңызды фактор.
3. Мүшелік бойынша міндеттемені өз жауапкершілігіне алу, сонымен қатар Еуропалық Одақтың саяси, экономикалық, қаржылай одақтарының мақсаттарын ұстану /45/.
ТМД барлық дерлік мемлекеттер жариялағанымен, нақты із жүзіндегі институттар тек кейбір мемлекеттерде ғана қалыптасты. Олар мемлекеттегі демократиялық жүйені, заңның үстемдігін, адам құқықтары сақталуын қамтамасыз етеді; Ресей мен Қазақстан дүние жүзінде нарықтық экономикалық мемлекеттер деп танылған. Алайда дамыған мемлекеттермен бәсекелес болатын деңгей туралы айту әлі ерте, ал ішкі аймақтық мемлекеттер арасындағы бәсекелестікпен күресу - бірігуді одан ары созуға алып келеді. Мүшелік бойынша міндеттемені өз жауапкершілігіне алу дегеніміз мемлекеттің өз егемендігінің бір бөлігін жоғалтуын білдіреді, ал посткеңестік мемлекеттің көпшілігі мұндайға әзір даяр емес.
Интеграциялау процесінің ұзақ уақытқа созылуының тағы бір себебі, ТМД мемлекеттерінің тек кейбірінде ғана қандай да бір одақ құру үшін егемендікті шектеу Конституцияда нақты көрсетілуі. Мысалы: РФ Конституциясының 79 бабы Ресей Федерациясының мемлекеттаралық қауымдастықтарға мүшелік ете алуын немесе өз өкілеттілігінің бір бөлігінің беруін қарастырады. Алайда аталған жауапкершілік адам және азамат құқықтарына және Ресей Федерациясы Конституциясының құрылымына қарсы келмеуі тиіс. Өзбекстан Республикасының Конституциясына сай, «Сыртқы саясат» тарауының, 17 бабында «мемлекет, халық мүддесі үшін және оның қауіпсіздігі мен тыныштығы үшін достастықтар мен басқа да мемлекетаралық құрылымдарға кіре алады және одақтар құра алады» делінген /46, 579-626 б./.
Қазақстан Республикасы Конституциясында аталған Республикалардың Конституцияларындағыдай ұқсас жағдайлар жоқ, дегенмен оған өзгерістер мен толықтырулар енгізу мүмкіндігі мемлекеттің негізгі заңының 91 бабында көрсетілген. Сондықтан біз Конституцияның 2 бабының екінші тармағын мемлекетіміздің интеграциялық процестерге қатыса алу мүмкіндігі туралы тармақшаны қосуды ұсынамыз. Соның нәтижесінде Конституцияның аталған бабы келесі мазмұнда болар еді:
«Республиканың егемендігі оның бүкіл аумағына таралады. Мемлекет өз аумағының тұтастығына, ешкімнің қол сұқпаушылығына және бөлінбеушілігін қамтамасыз етеді. Қазақстан Республикасы бейбітшілік, қауіпсіздік және өзара тиімді серіктестіктерді күшейту мақсатында түрлі мемлекеттік одақтарға кіруге және одан ерікті түрде шығуға құқылы. Мемлекеттің мемлекетаралық ұймдарға кіруі, ондағы міндеттері және одан шығуы конституциялық заңнамалармен, яғни Конституцияның 62 бап, 4 тармағы бойынша реттеледі».
Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар Қазақстан Республикасы Парламентінің әрбір палата депутаттарының жалпы санының кем дегенде төрттен үш бөлігіндей дауысымен қабылданса, Конституциялық заңдар әр палата депутаттарының жалпы санының үштен екі бөлігі дауыс бергенде қабылданады. Аталған тәсіл шешім қабылдайтын мемлекет тарапынан қолданылатын шешімді қабылдаудың кепілі болып табылады, ол интеграциялану процесінің жеделдеуіне және ұлтүстілік органдардың құзыреттілігінің артуына ықпал етуі мүмкін. Оның айқын мысалы: Еуропалық одақ.
Еуроодақтағы шешім қабылдау бойынша қызмет ететін ұйым Министрлер Кеңесі болып табылады. Ол әрбір қатысушы мемлекеттің өкілінен тұрады.Аталған ұйымда шешімдер негізінен квалификацияланған көпшілік дауыспен немесе бірауыздан қабылданады. Дауыс берудің салмағы әр мемлекеттегі халық саныман тығыз байланысты.
ЕурАзЭО құрамында келесі ұлтүстілік органдар қызмет етеді: Мемлекетаралық Кеңес, Интеграциялық Комитет, Парламентаралық Ассамблея, Қауымдастық соты оның құрамына келісуші мемлекеттердің басшылары мен үкімет басшылары кіреді. Мемлекетаралық Кеңес Қауымдастықтың қатысушы мемлекеттерінің мүдделері туралы принципиалдық сұрақтарды қарастырады, стратегияны айқындайды, интеграцияның даму бағыты мен болашағын жоспарлайды. Мемлекетаралық Кеңес барлық шешімдерді консенсус арқылы қабылдайды, тек Қауымдастықтың мүшелігі туралы шешімді тоқтата тұру мен одан шығу жайлы шешімдер, «Консенсус алу Келісуші Тараптың дауысы» қағидасы арқылы қабылданады. Сол себепті, ЕурАзЭО ең жоғарғы деңгейіндегі шешімдер тек бірауыздан қабылданғанда ғана күшіне енеді. Ал кез келген мемлекеттің қабылданған шешімге қарсылық білдіруі вето ұғымын білдіреді.
Мемлекетаралық Кеңестің стратегиялық шешімдерін Интеграциялық Комитет жүзеге асырады, және ЕурАзЭО тұрақты қызмет ететін органы болып табылады. Оның негізгі қызметтері: ЕурАзЭО органдарының өзара қарым қатынаста болуы, Мемлекетаралық Кеңестің мәжілісіне ұсыныстар дайындау және оның деңгейін анықтау, ЕурАзЭО қаржылық қорын жоспарлап және оның жұмсалуына қадағалау жасау, Мемлекетаралық Кеңес қабылдаған шешімдерді жүзеге асыруды қадағалау.
Интеграциялық Комитеттің өз мәселелерін жүзеге асыру мақсатында келісім шарт нақты өкілеттілік шеңберінде қарастырылады.
Өз мәселелерін жүзеге асыру мақсатында Интеграциялық комитет шешімдерін нақтыланған келісімшарт негізінде және Мемлекетаралық Кеңес арқылы жұзеге асырады; Жыл сайын Мемлекетаралық Кеңеске қауымдастықтың жұмысы жайлы баяндама жасайды және оның мақсаттары мен шешу жолдарын ұсынады, өз әрекеттері туралы есеп береді, ЕурАзЭО қаржысының жұмсалуы туралы баяндайды; Қауымдастықтың мақсатына жетуге бағытталған шараларда қарастырылады, соның ішінде Келісуші Жақтардың нақты сұрақтар бойынша біртұтас саясат ұстануы қарастырылады. Ұсыныстармен Мемлекетаралық Кеңеске жүгіну құқығы бар, ұсыныстар және сұраулармен Парламентаралық Ассамблеяға, ал сұраулармен Қауымдастық сотына жүгіне алады.
ЕурАзЭО тұрақты қызмет ететін органында шешімдерді қабылдау - Интеграциялық комитетте бірауыздан қабылданады, ал квалификациялық көпшілік бойынша үштен екісі дауыс бергенде ғана қабылданады. Онда дауыстар келесідегідей бөліктер бойынша бөлінген: Ресей-40 пайыз, Беларусь пен Қазақстан 20 пайыз, Қырғызстан мен Тәжікстан 10 пайыз. Сол түрде Қауымдастыққа төлейтін қаржылық жарғы да қарастырылған. Дауыстардың әділ түрдегі үлестірілуі азшылық топтағы мемлекеттердің мүдделерін қорғауды өз кепілдігіне алуы керек. Себебі қандай да болмасын бір келіспеушілік жағдайында азшылық топтағы мемлекет өз мүддесін қорғай алуы тиіс.
Бұл вето болуы мүмкін, олар мұндай құқықты өздеріне тиімді емес шешім шығарылғанда қолдана алар еді. Немесе халықаралық шарт шешімдерін ескертулермен қабылдау ескерілуі тиіс. Қатысушы мемлекеттердің вето құқығына ие болуы Интеграциялық Комитетпен қабылданатын немесе қабылданбайтын шешімдер арқылы өнімді жұмыс атқару туралы айту қиын еді. Мұнда мәселе барлық елдермен сөзсіз орындауға міндетті құжаттар барлық қатысушылар мүддесін ескеріп, «Ресейдің диктатқа талпынысы» және талпыныстар туралы Жаңа Тәуелсіз мемлекеттердің қорқынышы деп аталатын «империялық түрді қалпына келтіру» әрекетінің алдын алып, құра алған квалификацияны көпшілік дауыспен қабылданатындай ету туралы мүмкіншілік берілуі тиіс /8, 143-148 б./.
Мемлекетаралық аймақтық бірлестіктерде Ресей мемлекеті қатысуымен құрылған ұйымдар осы елдің көшбасшылық маңызын ескерсе де, Кеңес одағы кезіндегідей, тек аталған елдің орталық нүкте болуын қаламайды. Қатысушы мемлекеттердің заңды кепілдігі барлық қатысушы аймақтық мемлекеттердің бестен төрт дауысын жинауы ескерілуі тиіс. Сонда ЕурАзЭО дауыс беру кезінде Ресей Беларусь және Қазақстан, Қырғызстан мемлекеттерінен қолдау табады. Сонымен қатар, дауыстардың қандай болса да сұраұтар бойынша өз келіспеушіліктері болған жағдайда Беларусь және Тәжікстан немесе Қазақстан және Қырғызстан консенсусті іздеуді жалғастырып, өздеріне қолдануға қолайлы шешім шығара алады.
Халықаралық құқықтық ескертпелерге келсек, халықаралық құқықта мемлекет өзіне немесе басқа бір мемлекеттерге шығын келтірмей өзіне халықаралық құқықтық міндеткерліктер жүктейтін жағдайлардың жүйесі қарастырылған. Бұндай құжат 1969 жылғы 23 мамырдағы халықаралық шарттар туралы Вена Конвенциясы еді, Қазақстан оған 31 наурыз 1993 жылдың 31 наурызы қосылған болатын. Онда ескертпелерге толық бір бөлім арналған. Конвенцияда нақты көрсетілгендей «ескерту» дегеніміз ратификацияны қабылдағанда, шартты қабылдағанда, растағанда немесе қосылғанда болатын мемлекет баяндаған кез келген түрдегі біржақты өтініш. Мемлекет шартты қабылдағанда, растағанда немесе келіп қосылғанда ескертуді алдын ала қарастыра алады, алайда Конвенцияда ескертпеге жатпайтын кейбір жағдайлар қарастырылған. Алайда ескертуге басқа бір мемлекеттің қарсы келуі шарттың күшіне енуіне кедергі жасай алмайды. Басқа мемлекеттің қарсылығы тек шартты қабылдаған мемлекеттің теріс ниетін анықтағанда ғана қабылдануы мүмкін. Алайда ескерту басқа мемлекеттер үшін шарттың мазмұнын өзгертпейді. Конвенция ескерту қабылдаған мемлекетке кез келген уақытта ескертпеден бас тартуға мүмкіндік береді және ол үшін ескертпені қабылдаған мемлекеттің оған келісім беруі жеткілікті. Ескерту - өзінше бір қауіпсіздік жастығы іспеттес, ұлттық қауіпсіздікті, экономикалық, және әлеуметтік мүдделерді қамтамасыз ете отырып, ішкі және сонымен қатар, халықаралық деңгейде де қорғайды, деп И.И. Рогов атап өтеді /47/.
Мысалы, ДСҰ кіргенде арнайы ескертпелер қарастырылған, ол бойынша ДСҰ мүшесі өзіне тиісті міндеткерліктерден бас тартуға және салықтарды жоғарылатуға, отандық өндірушілер қиналған жағдайда шетелдік өндірушілерге квота салуға құқылы. Сол себепті, Қазақстанға ДСҰ кірмес бұрын, мемлекеттің өндірушілік және экономикалық мүддесіне зиян келген жағдайда қорғайтын арнайы нормативтік акт қабылдаған жөн. Осындай әрекеттің мысалын АҚШ көруге болады. АҚШ Президенті Дж.Буш АҚШ сауда жөніндегі 1974 жылғы заңнамасына сай ДСҰ басқа мемлекеттер үшін АҚШ мүддесін қорғау үшін шектеулер қабылдауға құқылы. /48/.
Ортақ валюта енгізіп және ортақ Конституция қарастырып жатқан Еуропалық Одақтың қомақты бірігу тәжірибесін, бұрынғы КСРО кезіндегі ортақ валюта мен Конституциясы болған ТМД (ЕурАзЭк) елдерімен салыстыратын болсақ, онда соңғысы бүгінгі күнгіден де ауқымдырақ әрі, тығыз бірлестіктерді жүзеге асыра алады.
Біртұтас қорғаныс кеңістігі құрылды, біртұтас экономикалық және кеден кеңістігі құрылуда. Сондықтан да 2003 жылы ақпанда Мәскеуде өткен форумда Қазақстан Президентінің 2001 жылы өзара сауда және қаржы операцияларындағы есептеулерді жеңілдету үшін ЕврАзЭС мемлекеттерінің аумағына біртұтас валюта енгізу /49/, туралы ұсынысы таң қалдырмайды. Берілген ұсыныс валюталық одақ құру мен біртұтас валютаның енгізілуі мүмкін деп есептейтін қазақстандық қаржы мамандары арасында қолдау тапты. Бұл айтарлықтай алыстаған кезең болса да, белгілі бір даярлық шараларын өткізгеннен кейін бұл жұмысқа да кірісуге болады. Валюталық одақты ЕврАзЭС негізінде салу міндетті емес. Бұл біртұтас экономикалық критерийлерді орындауға дайын кез-келген мемлекет аумақтарының валюталық одағы бола алады /50/. Бұл арызды ТМД ішіндегі интеграциялау процесінің интенсификациясына шақыру ретінде, сондай-ақ алыс шетелдерде ынтымақтастықты нығайтуға, оны еуразиялық аймақтық интеграция процестеріне қосылуға дейін шақыру ретінде бағалауға болады.
Әлемдік бірлестікте бәсекеге қабілетті еуразиялық мемлекеттердің аймақтық бірлестігін құрудың нақты перспективалары бар. Ұлттық егемендік ірі аймақтық ынтымақтастық, өзара көмек және қауіпсіздік механизмдерінен қуат алады. Интеграциялану процестерінің жылдамдығы көбінесе қатысушы мемлекеттердің басшыларының саяси еркіне, Қазақстанның интеграциялық бастамаларын қорғауға байланысты. Соңғы кезде бұл түсіністікке ие, және осы орайда Ресей Федерациясының Президенті В.В. Путиннің айтқан сөздері сенімді естілді: «Біз бүгін Нұрсұлтан Әбішұлының соңғы ұсыныстарын талқыладық, бізде батыл ой пайда болды: қазақстандық әріптестерімізден кезекті ұсыныс жасауды сұрау және онымен бізге ешқандай деталсыз толығымен келісу тиімді, себебі олар жағымсыз ұсыныс жасамайды» /51/.
Біз атап өткендей, 2010 жылдың басынан бастап Кеден одағы жұмыс істей бастады. Соған сәйкес, белгілі бір ұлтүстілік қызметтерге ие тиісті ұлтүсті орган – Кеден Одағы Комиссиясы құрылды.
Кеден Одағы Комиссиясы 2008 жылғы 24 маусымдағы Қазақстан Республикасының заңымен ратификацияланған 2007 жылы 6 қазандағы Кеден Одағы Комиссиясының Шартына сәйкес құрылды. Комиссия нақты жұмыс істейтін ұлтүсті орган болып табылады. Оған мемлекеттердің егемендік теңдігі қағидасына сәйкес, ерікті мемлекетаралық-шарттық негізде, ерікті түрде Комиссияға мемлекеттік органдардың өкілеттіктерінің бір бөлігін беру қағидасында Кеден одағының дамуы мен міндеттерінің шартын қамтамасыз ету құзіреті беріледі.