Автор работы: Пользователь скрыл имя, 14 Марта 2012 в 11:06, лекция
1. Бейнелеу өнерінің әдістемесі пән ретінде
2. Бейнелеу өнерін оқыту әдістемесінің даму тарихы
Соның ішінде қазақтың ұлы педагогы Ыбырай Алтынсарин (1841-1889 ж.ж.) қазақ балаларын оқыту, оларға білім беру жайлы оқыту әдістері мен тәсілдерін зерттеді. Оның ғылыми-әдістемелік анықтамасы бойынша оқыту әдістері - бұл балалардың сабаққа, ғылымға, өздігімен білім алуға ынталарын арттыратын, сезімін оятатын жол.
Оқыту және тәрбие беру барысында осындай дидактикалық озық тәжірибелерді зерттеп, жинақтап, оларды педагогтық өз іс-тәжірибесінде орынды пайдалана білу педагогикалық жетістіктің негізі, жетекшісі болатындығы сөзсіз.
Ал енді оқыту мен тәрбие берудегі дидактикалық принциптерге келетін болсақ, ол оқытуға қойылатын талаптардың белгілі жүйесі. Оқыту жүйесінің заңдылықтары оның принциптерінде бейнеленеді. Принцип - латын сөзі, "негізгі", "бастапқы" деген ұғымды білдіреді.
Сонымен, мұғалім өзінің педагогикалық тәжірибесінде мынадай дидактикалық принциптерді ұстанады.
Оқу барысында игерілетін әр тақырып, әр мөселе ғылыми дәлелдерге негізделіп берілуі керек, ол оқушылардың қоршаған ортадағы заттар мен құбылыстар туралы шынайы көзқарасының, дүниетанымдың және адамгершілік қасиеттерінің қалыптасуына әсер етеді. Сондықтан да оқыту әдістемесінің негізінде гылымилық принцип орын алуы тиіс.
Бейнелеу өнері мұғалімінің міндеті - бейнеленуші табиғат көрінісінің немесе нәрсе құрылысының заңдылықтарын және оларды жазықтық бетінде бейнелеу заңдылықтарын түсіндіріп көрсету арқылы оқушылардың сурет салу барысында ойлану дағдысын қалыптастыру. Ол оқушылардың бейнелеу өнері пәнін басқада математика, дүниетану сияқты адамның жан-жақты дамуына әсер ететін ғылыми танымдық пән ретінде тануына мүмкіндік жасайды. Мектептегі бейнелеу өнері оқушылардың алдына бірнеше оқу міндеттерін қою қажет, ол оқушылардың қоршаған ортаны зерттеу арқылы танымдық көзқарасын, білімін тереңдетіп дамытады, өз бетімен ізденіске тәрбиелейді. Бұл міндеттер бейнелеу өнеріне оқытудың негізі болып табылып, ол оқушылар алдына белгілі бір жүйемен, бірізділікпен қойылады. Бейнелеудің ғылыми негіздері перспектива, тұстану, жарық-көлеңке, анатомия және т.б ұғымдарға бағытталады.
Суретті тұрғызудағы перспектива заңдылықтарын әңгімелей отырып, оқушылардың жұмыс барысында сызықтық, кеңістіктік перспективалардың сақталуын қадағалап, талап етеді. Заттардың құрылысына талдау жасап, оқушылардың оны бейнелеуде пайдалана білуі қадағаланады. Оқушылардың сурет салу мақамы әр түрлі болуы мүмкін, бірақ бейнені қағаз бетіне орналастыру, кеңістікті, көлемді көрсету, пропорцияны сақтау талаптары сақталуы тиіс, өйткені ол сурет салудың ғылыми дәлелденген негіздері болып табылады. Қоршаған орта шынайылығын көркем қабылдау барысын ғылыми негізсіз ұйымдастыру мүмкін емес. Осыған орай П.П. Чистяков: "Жоғарыда, шынайы живопись өнері ғылымсыз күнелтуі мүмкін емес, ғылымның ең биік көрсеткіші өнерге айналады", - деп жазған болатын. Белгілі суретшілердің өз іс-тәжірибесінде ғылымды кеңінен пайдаланғандығын тарихтан білеміз, оған Леонардо да Винчи, Дюрер т.б. әйгілі суретшілердің перспектива, пропорция, анатомия жөніндегі ғылыми зерттеу жұмыстарын атап айтуға болады. Олардың бейнелеу өнерінде ашқан кейбір ғылыми жетістіктері қазіргі кездегі оқыту әдістемелерде кеңінен пайдаланылып келеді.
Танымдық ғылыми мәліметтер, әсіресе, тақырыптық бейнелеу, сәндік сурет және көркем құрастыру сабақтарында оқушылардың композиция жасауда шығармашылық жұмыстарын ғылыми дәлелдерге сүйене отырып, ойланып бейнелеуіне мүмкіндік жасайды.
Оқушылардың тақырыпқа қызығушылығын оятып, тек оны бейнелеп қана қоймай, сонымен қатар сол мәселе жөнінде қосымша ізденіп білуге талаптандырады.
Мысалы, "Ғарышқа саяхат" тақырыбында сурет салу сабағында ғарыш әлемі, ғарыш денелерінің атаулары, олардың орналасуы жөнінде ғылыми дәлелді әңгімелер айтылады. Ғарыш кемелері, олардың құрылысы жөнінде мәліметтер беріледі. Бұл мәліметтер оқушыларға танымдық білім беріп, өздерінің тақырыптық композицияларын ойластыруда ғылыми негіздерді пайдалануға көмектеседі. Графикалық суреттер салуға қарағанда кескіндемелік жұмыстарға оқыту үлкен қиындықтар туғызатындығы бейнелеу әдістемесінен белгілі.
Мысалы, көк құмыра мен сары алмадан тұратын оқу натюрмортын бейнелеу сабағында оқушы гуашь бояуымен көк құмыраға сары алмадан түскен қызғылт-сары рефлекс түсіріп жалпы үйлесімді әдемі жұмыс шығаруы мүмкін. Мұғалім жұмысты қарап алғашқы пікір бойынша "өте жақсы" деген бағаға бағалауы да мүмкін. Бірақ ол жұмысты ғылыми-әдістемелік тұрғыдан талдап қарайтын болсақ, оқушы жұмысынан кемшіліктер табуға болады, өйткені ол жұмысты тұстанудың ереже-заңдылықтарын дұрыс сақтамай орындаған. Түстану заңдылығы бойынша көк құмыраға сары алмадан түскен "шағылыс жарығы" (рефлекс) қызғылт сары емес, жасыл түс болуы тиіс. Оқушы көк құмыраға қызғылт сары шағылыс жарығын тек гуашь бояуының өзіндік қасиетіне байланысты түсіру арқылы қол жеткізген, егер жұмыс акварель бояуымен орындалса, онда көк түстің үстіне жағылған қызғылт сары бояу кір түс шығарар еді. Бұл жағдайда мұғалім оқушыларға тұстану және қосымша түстер заңдылықтарын түсіндірмеген. Оқытудың ғылыми принциптілігін сақтай отырып, мұғалім оқушыларға бояулардың негізгі қасиеттерін, қосымша түстер заңдылықтарын көрнекі кестелер арқылы көрсетіп түсіндіруі керек еді.
Өкінішке орай, кейбір жағдайда өнердегі ғылыми негізсіз, білімсіз яғни санасыз іс-әрекеттер қоршаған ортаны, заттарды шығармашылық тұрғыдан бейнелеу деп танылып бағаланады. Әрине оқушыларды соның ішінде бастауыш мектеп оқушыларын тек заңдылықтарға ғана жүгіндіріп, олардың сезімдік әсерін шектеуге де болмайды. Бейнелеу өнеріне оқыту әдістемесінде оқушының сезімдік әсері мен ғылыми дәлелдердің жігін үздіксіз ұштастыра білу мұғалімнен үлкен әдістемелік шеберлікті талап етеді.
Бейнелеудегі ғылыми дәлелсіз, ғылыми мәліметтерсіз тек сезімдік әсерге сүйену оқушылардың қоршаған орта, ондағы құбылыстар жөнінде жалған көзқарастарын қалыптастыруы мүмкін.
Осыған орай П.П. Ростовцев: "Заттар сезімнің арқасында пайда болмайды, сезім заттар арқылы пайда болады" деген болатын. Бейнелеу өнерін ғылыми негізсіз оқыту оның басқа пәндермен қатынасын, байланысын ажырата түседі, яғни мектептегі оқыту мен тәрбие процесінің бірізділігін жояды.
Өнер туралы әңгіме сабағында белгілі классикалық бейнелеу өнерінің композициялық шешімін, түстік үйлесімін, тақырыптық мазмұнын өнертану ғылымының заңдылықтары бойынша талдау жүйесін түсіндіріп көрсетеді. Сонымен қатар бейнелеу өнерінің әр кезеңдердегі кубизм, сюрреализм, абстракционизм секілді ағымдар туралы түсінік беріліп, осы ағымдарда орындалған шығармашылық жұмыстардың философиялық мағынасын оқып қабылдауды үйретеді.
Ол оқушылардың бейнелеу өнері туындыларын қандай ағымда орындалмасын оларды тек қызықтаушы рөлінде емес, үлкен ғылыми қағидаларға негізделген көзқараспен қарап қабылдауға тәрбиелейді, эстетикалық талғамдарын арттырады, философиялық дүниетанымдарын қалыптастырады.
Өнер тарихында белгілі орын алған П. Пикассо, С. Дали т.б. дәстүрлі емес бейнелеу өнері нақыштары мен өлемге әйгілі шығармалар қалдырған суретшілердің тақырыпты ашудағы қолданған композициялық шешімі мен бейнелеу нақышын таңдап алудағы әсер етуші сыртқы (қоғамдық сана, идеология, тарих) және ішкі (суретшінің философиялық дүниетанымы, шығармашылық шеберлігі, таланты т.б.) күштер жөнінде ғылыми зерттеулерді әңгіме етуге болады.
Осы секілді Қазақстан бейнелеу өнеріндегі "қазақ сюрреализмін" дүниеге әкелушілердің бірі Е. Төлепбаевтың шығармаларындағы ұлттық психология және философиялық дүниетаным көріністерін ашып көрсетіп өнертану негіздерін меңгертеді.
Заттан қарап сурет салу сабақтарында оқушылар затты байқап, танып жазықтың бетіне сыртқы бейнесін бейнелеп қана қоймай, оның қаңқасының құрылысын да зерттеп таниды. Мысалы, текшенің (куб) бейнесін жазықтық бетіне бейнелеместен бұрын оқушы бірінші оның көлемін анық байқап, оның негізгі қырларын және сол қырлар құрап тұрған жазықтық беттердің кеңістікте орналасу бағытын дұрыс қарап, жалпы текшенің сызықтық құрылысын елестетіп, тек содан кейін ғана жазықтық бетіне көмекші сызықтар арқылы бейнелей бастайды.
Мұғалім осылай текшені сыныпқа көрсетіп, оның құрылысымен танысып, зерттеуге мүмкіндік жасаған соң оны бейнелеуді тапсырса, онда оқушылар өз мүмкіндігінше жазықтың бетінде текшенің көлемін көрсетіп бейнелеп шығады.
Ал егер оқушыларға ешқашан көрмеген нәрсені бейнелеу тапсырылса, онда оқушылардың көпшілігі зат бейнесін жазықтық бетінде дұрыс көрсете алмайды. Өйткені олардың санасында көрмеген затқа байланысты образдың елесті құрастыру қиынға түседі. Кез келген зат бейнесін жазықтық бетіне дұрыс түсіру үшін, алдымен бейнелеуші сол заттың құрылысы, көлемі, қоршаған ортадағы орны, дүниетанымдық мәні жөнінде білікті болуы қажет екендігін айтуға болады. Бейнеленуші зат жөніндегі біліктілік оқушының сол затты жазықтық бетіне бейнелеуді саналы түрде ойланып, заттың сыртқы бейнесін ғана емес, сонымен қатар ішкі құрылысын да елестете сезінуіне мүмкіндік жасайды. Осыған орай ұлы Микеланджело "Суретші қолмен емес, баспен салады" деген болатын.
Сонымен, адам баласы бейнелеу арқылы қоршаған әлемді таниды және оны зерттейді. Қоршаған орта шындығын тану, қабылдау ғылымға және өнерге негізделуі қажет.
Бейнелеуге мектепке дейінгі және төменгі сыныптар оқушылары үнемі үлкен құлшыныспен, ынтамен қатысып, ал сынып сатысы жоғарылаған сайын бейнелеуге ынталы балалардың қатары біртіндеп азая бастайтындығы белгілі. Бұл жағдайдың себебі сабақта оқушылардың алдына сыныптар сатысы жоғарылаған сайын ұсынылатын оқу материалдарының ғылыми дүниетанымдық негізсіз берілуі.
Бейнелеу заңдылықтарына (композиция, перспектива, түстану, пропорция т.б.) байланысты, жалпы дүниетанымдық мәселелерге байланысты материалдардың ғылыми деректерсіз берілуі оқушылардың бейнелеу өнеріне қызығушылығын төмендетеді. Сондықтан оқушылардың сынып сатысы жоғарылаған сайын берілетін білім қоры мен оның сапасы оқушылардың рухани сұранысын қанағаттандыратын, қызығушылықтарын оятатын ғылыми жаңалықтарға негізделген мәліметтер болуы тиіс. Мысалы, сәндік сурет және көркем құрастыру сабақтарында бастауыш сынып оқушылары ою-өрнектердің атауларымен танысып, олардың қарапайым түрлерінен композиция құрастырумен шектелсе, жоғарғы сыныптарда ою-өрнектердің этнографиялық зерттеулер нәтижесінде анықталған ғылыми деректермен танысады. Әр ою-өрнектің атауы, нышандық белгісі халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан тұрмыс-тіршілігіне, философиялық дүниетанымына, салт-дәстүріне байланысты пайда болғандығы жөнінде мәлімет алады. Ою-өрнектердің географиялық аймақтарға байланысты өзіндік ерекшеліктері болатындығы туралы, олардың композициялық жүйесінен белгілі бір хабарды, әлеуметтік жағдайды тануға болатындығы жөнінде мәліметтер беріледі.
Ұлттық ою-өрнектердің мән-мағынасы туралы білім оқушылардың композициялық сәндік суреттерін саналы түрде ойластырып құрастыруына және ұлттық сәндік қолөнер шығармаларын оқып талдай білуіне мүмкіндік жасайды.
Көркем құрастыру сабақтарында әр түрлі материалдарды өңдеу кезінде, сол материалдардың физикалық қасиеттері мен өндірілу немесе жасалу жолдары туралы мәлімет оқушылардың материалтану білімдерін қалыптастырады және ол мәліметтер материалдарды құрастыру, көркемдеу, өңдеу жұмыстарында қолданылады. Материалдардың қасиетін ғылыми негізде білу сол материалдармен жұмыс істеу әдіс-тәсілдерін, құрал-саймандарды таңдап алуға және материалдың көркем образ жасауға мүмкіндігін анықтауға жағдай жасайды. Осындай жұмыстар барысында оқушылардың алдына белгілі бір мәселе қойып, сол мәселені зерттеп, тәжірибе жасау арқылы тапсырылады. Зерттеу, тәжірибе жасау барысында оқушылар алдыңғы сабақтарда материалдың қасиеттері жөніндегі алған ғылыми негіздерге оралады.
Сөйтіп, педагогика ғылымында көрсеткендей ғылыми білім беру - жеке адамның дүниетанымын қалыптастырып дамытудың тірегі. Міне, осының нәтижесінде білім әр адамның көзқарасына, сеніміне айналады.
2. Көрнекілік принципі
Бұл оқу тәрбие жұмысындағы ең көп қолданылатын және ең көне дәуірден келе жатқан принциптердің бірі болып саналады. Ол адамның қоршаған ортадағы болып жатқан іс-қимылды, заттарды көру арқылы сезініп, ой елегінен өткізіп, белгілі бір қорытынды жасау қасиетіне негізделеді.
Педагогика ғылымында көрнекілік принципін алғаш болып зерттеп, осы салаға қомақты үлес қосқан педагог ғалымдар Я.А.Коменский, К.Д.Ушинскийлерді атауға болады.
К.Д. Ушинский көрнекілік принципі жайындағы ілімді жетілдіре келіп, "көрнекілік - балалардың психологиялық ерекшеліктеріне жауап береді, балалар заттың пішіні, дыбысы, бояуы арқылы ойлайды",- дейді.
Көрнекілік принциптің оқу материалдарын, соның ішінде теориялық ереже, заңдылықтарды терең түсінуде, берік есте сақтауда алатын орны ерекше.
Тақырыпқа байланысты әр түрлі көрнекіліктерді пайдаланудың нәтижесінде сабақ оқушыларға әрі түсінікті, әрі қызықты болып өтеді. Көрнекілік дерексіз (абстрактылы) ұғымды шынайы қабылдап игеруге әсер етеді. Мысалы, перспектива заңдылықтарын кесте сызбалары арқылы және оны суретшілер шығармаларынан көрсету арқылы түсіндіру жақсы нәтиже береді.
Бейнелеу өнеріндегі заттан қарап бейнелеу көрнекілік оқытудың бір түрі болып табылады. Заттан қарап бейнелеу барысында оқушылар бейнеленуші заттарды, құбылыстарды тікелей көрнекі байқап эмоциональды қабылдап сезінуінен басталады. Сондықтан да бейнелеуге қойылған заттардың көлемі, түсі, орналасуы оқушылардың көңілін аударатындай болуы керек.
Бейнелеуге қойылатын заттардың көлемі, түсі, орналасуы тартымды болумен қатар олардың бір-бірімен мазмұндық үйлесімділігі де болуы маңызды.
Мұғалім сыныпта бейнеленетін заттарды оқушылардың жас ерекшеліктеріне байланысты таңдап алады және оны қай жерге (көз деңгейінен жоғары немесе төмен) орналастыратындығын, қандай жарық көзін (жасанды, табиғи) пайдаланатындығын терең ойластырады, өйткені бейнелеуге қойылатын заттардың орналасу деңгейі, жарықтану жағдайы сабақтың мақсатына байланысты болады.
Көрнекілік болмысты (натура) байқау мен зерттеуге тығыз байланысты, өйткені ол заттар және құбылыстар жөніндегі дұрыс пікірдің қалыптасуына ықпал жасайды, яғни ол бейнені жазықтың бетіне сапалы орналастыруға әсер етеді. Негізінен көрнекілікті оқытудың алғашқы сатысында пайдаланудың маңызы зор. Мысалы, оқушыларға перспектива заңдылықтарын алғаш таныстырғанда мұғалім бірінші көкжиек сызығы бейнелеушінің көз деңгейінің тұсында болатындығын және көз деңгейінің жоғары немесе төмен өзгеруіне байланысты көкжиек сызығы да өзгеретіндігі жөнінде ауызша баяндаған соң оны көрнекі көрсеткен жөн. Мысалы, оқушылар терезеге қарап түрегеліп, содан соң қайта отырады, сонда олар терезе ойығының арғы жағындағы көріністің өздерімен бірге жоғарылап немесе төмендеп қозғалатындығын байқайды. Оқушылар көкжиек сызығы туралы түсінік алған соң, кеңістіктегі заттар сол көкжиек сызығы бойынан белгіленетін түйіндесу нүктесіне қарай барған сайын кішірейіп кететіндігін көшенің немесе электр бағаналары жағалай орнатылған темір жол желісі бейнеленген иллюстрациядан көрсетіледі. Осында сонымен қатар шаршының, шеңбердің кеңістіктікте орналасуына байланысты перспективалық өзгерістерге түсетіндігін көрнекі көрсетеді. Перспектива заңдылықтарын көрнекіліктен көрсеткенде алдымен оған оқушылардың көңілін жалпылама аударып ондағы кеңістіктің, заттардың шынайы болып көрініп тұрғандығы айтылады. Содан соң осы кеңістік шынайылығын беріп тұрған перспективаның негізгі заңдылықтарымен жеке-жеке таныстыра бастайды.